..."/>
ЗЕРТТЕУ

Тері түсі

Генетикалық кодтың төрт әрпі – A, C, G және т угандалық Раян Лингармиллардың бойында көрсетіл-ген. ДНҚ ашқан ақпарат: адамзаттың арғы тегі қара құрлықтан екен.

Нәсіл дегеніміз не? Адамдардың ақ-қара болып бөлінуіне не себеп? Ғылымға сүйенсек «нәсіл» терминінің негізі жоқ.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Америкадағы атақты ғалымдардың бірі – дәрігер Самуэль Мортон еді. Ол бас сүйек коллекциялайтын.

Ол әр бассүйекті өлшеуде бір процедура қолданатын: бассүйектің ішін бұрыш дәнегін толтыратын, кейін оның орнына қорғасын бытыра қолданды. Дәнекті кері шығару арқылы ми қауашағының көлемін есептейтін.

Мортон адамдар бес нәсілге бөлінеді деп сенетін. Бұл нәсілдердің өзіндік сипаттамалары мен өз орындары бар. Мортон ақ нәсілділер не «кавказдықтар» ең жоғары интеллектке ие деп дәлелдеп баққан. Шығыс-­азиялықтарды «моңғолдар» деп атаған Мортон оларды «ақылды әрі мәдениетке жақын» болса да деңгейі бір саты төмен деп, содан соң – оңтүстік-шығыс азиялықтарға, кейін байырғы америкалықтарға орын берді. Соңғы орын қара нәсілділерге тиесілі болды. Азамат соғысына дейін құл иеленушілер Мортон тұжырымын өздеріне ту етіп ұстады.

«Оның ықпалы зор болды», – дейді Пол Вольф Митчел маған бассүйектер коллекция­сын көрсетіп тұрып. Пол Пенсильвания университетінде антрополог болып істейді. Біз Мортонның кавказдықтар қабілетін асыра сілтеуге себепкер болған ерекше ірі бассү­йекке қарап тұрғанбыз. 1851 жылы Мортон дүние салған соң Оңтүстік Каролинада шығатын Чарльстон медициналық журналы оны «негр­лерге ең төменгі нәсіл деп «шынайы» баға бергені» үшін мақтаған да болатын.

Ғылыми расизмнің атасы Самуэль Мортонның бассүйек коллекциясы оның адамдарды бес катего-рияға бөліп қарағанын көрсетеді. Солдан оңға қарай: екі америкалық қара нәсілді әйел мен ақ нәсілді ер адам; Мексикалық байырғы тұрғын; Қытайлық әйел; Малайзиялық ер адам.

Бүгін Мортонды «ғылыми расизмнің атасы» деп атайды. Соңғы ғасырларда болған соншама жан түршіктірер қантөгістің түпкі себебі – бір нәсіл басқасынан артық не кем деген ойдан туындағанын байқауға болады. Сондықтан оның коллекциясын аралап көру – есте қаларлық нәрсе. Әлі де болса, біз Мортон қалдырған мұрамен өмір сүрудеміз: нәсілге бөліну саясат пен қарым-қатынасымызды айқындап отыр.

Ғылым Мортонның нәсілшілдік тұжырымының мүлде қате екенін әлдеқашан дәлелдесе де, ахуал осы болып тұр. Мортон адамдар арасындағы тұқым қуалау­шылық қасиетін таптым деп ойлады. Бірақ оның дәуірінде – Чарльз Дарвин эволюция теориясын ұсынғанға дейін, ДНҚ табылмас бұрын ғалымдар адамның мінез-құлқы ұрпаққа қалай берілетінінен мүлде хабары жоқ-тұғын. Зерттеу­шілер: «Қазір нәсілдің жалпы санатқа бөлінуі қате нәрсе», – деп айтады. Ғалымдар адамның алғашқы кесімді геномын жинамақ болған кезде өздерін түрлі нәсілге жатқызған адамдардан сынамаларды әдейі жинаған. 2000 жылы нәтижелер жарияланған кезде, ДНҚ бірізділігін анықтау ілімінің ізашары Крейг Вентер нәсіл тұжырымдамасының ешбір генетикалық не ғылыми негізі жоқ екенін байқады.

Генетикалық зерттеу адамдар жайлы екі үлкен шындықтың бетін ашты. Біріншісі – барлық адам баласы бір-біріне өте жақын, бұл тығыз байланыс аз ғана шимпанзенің байланысынан да күшті. Барлық адамның ген коллекциясы бірдей, бір-бірінен айнымайтын егіздерді есептемегенде, бүкіл адамзат генінде  шамалы ғана өзгешелік байқалған. Осы генетикалық айырмашылықты зерттеу ғалымдарға халықтардың туыстық тармағы тәріздес тізбекті қайта құруға мүмкіндік берді. Бұл екінші үлкен шындықты ашты: бүгін жер басып жүрген барша адамның түп-тамыры – африкалық!

Кари Волински, National Geographic Creative қызметкері (шимпанзе)

Мына екеуінің ДНҚ деректері шамамен 99 пайызға бірдей.

Кез келген екі адамның гені, әрине, одан да ұқсас келеді. Бірақ адамдар дене түгін жоғалтқаннан бері біздің тері түсіміз айтарлықтай өзгерді. Оған жауапты – ДНҚ құрылымындағы болмашы өзгерістер. Қара пигментация ата-бабаларымызға Африканың шыжыған күнінен қорғануға көмектес­кен. Африкадан күн сәулесі аз түсетін аймақтарға көшкен кезде ақшыл тері артықшылыққа ие болды.


Адам баласы, яғни Homo sapiens Африкада пайда болған, дәл қашан және дәл қай жерде екенін ешкім дөп басып айта алмайды. Ең таяу уақытта Мороккода табылған қаңқа қалдықтары бойынша анатомиялық тұрғыда қазіргі адамға ең жақын түр шамамен 300 мың жыл бұрын пайда болған делінеді. Сосын 200 мыңдай жыл біз Африкада тұрдық, бірақ сол уақыттың өзінде адамдар тобы құрлықтың түрлі бөліктеріне көше бастағанда бір-бірінен оқшауланып, жаңа халықтар шыққан.

Барлық тіршілік иесіндегі генетикалық өзгерістер кездейсоқ мутацияның салдары болып табылды. Мутация көп не аз бірақ тұрақты темпте болады. Сондықтан адамдар тобы неғұрлым ұзақ сақталған сайын, олардың гені соғұрлым көп өзгеріске ұшырайды.  Сонымен қатар екі топ бір-бірінен неғұрлым ұзағырақ оқшау қалса, олар соғұрлым ерекшеленетін мутацияларға ие болады.

Бүгінгі африкалықтардың генін талдау арқылы зерттеушілер қара құрлықтың оңтүстігін дәл қазір мекендейтін Хоэ-Сан тайпасы адамзат ағашының ең қарт бұтағы екенін анықтады. Орталық Африканың пигмейлері де – ерекше топ ретінде терең тарихы бар халық. Бұл екеуі де он мыңдаған жыл, тіпті адамдар Африкадан басқа құрлыққа кеткен кезден бұрын бір-бірінен оқшау тірлік етіп келеді.

Бүгін барлық африкалық емес халықтар, генетика іліміне сүйенсек, Африкадан, бәлкім, 60 мың жыл бұрын кеткен мыңдаған адамнан тарайды. Осы мигранттар бүгін Африканың шығысындағы халықтарға, соның ішінде хадзаларға ең жақын топ еді. Өйткені ол Африка халқының шағын ғана бір тармағы болатын, мигранттар өздерімен бірге оның генетикалық қасиетінің бір бөлігін ғана әкеткен.

Әйтеуір, жол бойында, бәлкім, Таяу Шығыс­та сапар шеккендер адам баласының басқа топтарын – неандертальдықтарды кезіктіріп, олармен жыныстық қатынасқа түскен. Әрмен қарай олар басқа топ – денисовтықтармен кездескен. Екі топ та одан көп уақыт бұрын Африкадан көшіп барған гомининнен тарап, Еуразияда пайда болған деп есептеледі. Сондай-ақ кей ғалымдар 60 мың жыл бұрын Африкадан көшкендер іс жүзінде қазіргі адамдардың екінші толқыны болған деп есептейді. Егер солай болса, екінші толқын біріншіден асып түскен.

Өзге құрлыққа қарағанда Африкада алуандық көп.

Өйткені қазіргі адамдар Африкадан шыққан және ол жерде ең ұзақ тұрып келді. Мұны жақтаушылар кейде Африканың лингвистикалық түрлілігін алға тартады: мұнда екі мыңнан астам тіл бар. Фотограф Р.Хаммонд бес тіл өкілін суретке түсіргенімен оның портреттік фотолары түстер спектрін көрсетеді: Оңтүстік-африкалық Хое-Сан тайпасынан кениялық Туркана өкіліне дейін. «Біртекті африкалық нәсіл мүлде жоқ», – дейді Пенсильвания университетінің генетигі Сара Тишкофф. Шамамен, 60 мың жыл бұрын Африкадан көшкен адамдар геннің бір бөлігін ғана алып кеткен.


Осы мигранттардың ұрпақтары дүниежүзіне таралды. Шамамен, 50 000 жыл бұрын олар Аус­тралияға, 45 000 жыл бұрын Сібірге және 15 000 жыл бұрын Оңтүстік Америкаға ат басын тіреді. Мекен ауыстырған сайын олардан жаңа топтар шығып, олар бір-бірінен географиялық тұрғыда оқшау қалды және генетикалық мутацияның өзіндік ерекше топтамасы пайда болды.

Осы өзгерістердің басым бөлігінің пайдасы да, зияны да болмады. Жаңа ортаға бе­йімделуге пайдалы болған мутация болып тұрды. Табиғи сұрыпталудың қысымына ұшырағандардың арасында мұндай мутация тұрғындарға тез тарады. Биік жерлерде оттегі деңгейі төмен, сондықтан Эфиопияның таулы аумақтарына, Тибет не Анд үстіртіне қоныстанғандар үшін мутация пайдалы болды, өйткені олар ауыр ауаға бейімделе алды. Сол сияқты эскимостар майлы қышқылдары мол теңіз диетасына үйренді, бұған олардың бо­йындағы генетикалық өзгерістер көмектесті.

ИДАР (EDAR) деп аталатын гендегі ахуалды есептемегенде, табиғи сұрыпталу мен мутация­ның өзара байланысы түсінікті. Шығыс Азия халықтары мен байырғы америкалықтардың басым бөлігінде 370A деген атауымен белгілі ген нұсқасының кемінде бір көшірмесі, ал көбінде екі көшірмесі бар. Бірақ африкалықтар мен еуропалықтар арасында ол сирек кездеседі.

Пенсильвания университеті жанындағы Перелман медицина мектебінде істейтін генетик Яна Камберов ИДАР генінің қызметін түсінуді үміт етіп, тышқандарға оның шығыс-азиялық нұсқасын енгізген. Бұл тышқандар сырт келбеті бірдей көрінетін сүйкімді «туыстарынан» айырмашылықтары аз сияқты болса да, айтарлықтай өзгеше. Олардың қылдары қалыңырақ, тер бездері көбірек, сүт бездерінің айналысындағы майлы қабаты кішілеу келеді.

Камберовтің тышқандары кейбір шығыс-­азиялық және байырғы америкалықтардың неліктен шаштары қалың және тер бездері көбірек екенін түсінуге көмектеседі (ИДАР-дың адам көкірегіне әсері белгісіз). Бірақ олар эволюциялық түсінік бере алмайды. Камберов, бәлкім, қазіргі шығыс-азиялықтардың ата-бабалары бір кезеңде климат өзгерісін бастан кешіп, соның нәтижесінде тері бездері көбейген болар дегенді алға тартады. Не болмаса, қалың шаш оларды паразиттерден қорғаған болар, яки 370A гені Камберов әлі де таппаған басқа артықшылықтар тудырған болар, ол анықтаған өзгерістер, шындығында, тек салдар да болуы мүмкін. «Уақыт машинаңыз болмаса, оны біле алмайсыз», – деп күрсінеді Камберов.

Көбіне ДНҚ-ны мәтінмен салыстырады, мұндағы әріптерді химиялық (нуклеиндік) негіз деп алсақ, А – аденин, С – ситосин, Г – гуанин және Т – тимин. Адам геномы үш миллиард негізгі жұптан тұрады – А, С, Г және Т әріптері толы беттер шамамен 20 мың генге бөлінеді. Шығыс-азиялықтардың шашын қалың еткен мутация – бұл Т-дан С-ға дейін, дара гендегі жеке негіздің өзгерісі.

Сол сияқты, еуропалықтардың терісін ақшыл етуге ең «жауапты» болған мутация – SLC24A5 деп аталатын гендегі өзгеріс. Аталған генде шамамен 20 мың негізгі жұп бар. Бір позицияда, төменгі Сахара аймағындағы африкалықтардың көбінде Г негізі болса, еуропалықтарда А негізі болады. Шамамен, он жыл бұрын патолог әрі генетик Кейт Ченг Пенсильвания штатының университеті жанындағы медицина колледжінде данио балығын зерттеу арқылы осындай мутацияны анықтады. Бұл балық жолақтары ашығырақ түрін шығару үшін өсірілген болатын. Кейін анықталғанындай, еуропалықтарда пайда болған гендік өзгерістей, бұл балықтардың да пигменттік гендері мутацияға ұшыраған.

Ежелгі сүйектерден алынған ДНҚ-ны зерттей отырып, палеонтологтар Г-дан А-ға дейінгі алмасуды Батыс Еуропаға салыстырмалы түрде жақында, яғни шамамен 8 мың жыл бұрын Таяу Шығыстан көшіп келген адамдар әкелгенін көрсетті. Сондай-ақ олар өздерімен бірге жаңа ауылшаруашылық технологиясын да әкелген. Бұл, бәлкім, сол дәуірдегі Еуропадағы адамдар – Ласкодағы әсерлі үңгір суреттерін салып кеткен аңшы-жинаушылардың тері түсі, мәселен, ақ емес, қоңырқай болған дегенді білдіреді. Ежелгі қаңқаларға жүргізілген ДНҚ сараптамасының нәтижелері осы қоңырқай терілі еуропалықтардың көздері көк болғанын айтады, бұл – бүгінде сирек кездесетін комбинация.

«Генетиканың көрсететіні – сол, араласу мен алмасу қайта-қайта болған және біздің бұрынғы нәсіл туралы тұжырымымыз әуел бастан қате деуге болады», – дейді Гарвард университетінің палеонтологі Дэвид Рейх. Оның осы тақырыптағы жаңа кітабы «Біз кімбіз және мұнда қалай келдік» деп аталады. Рейхтің айтуынша, нақты бір географиялық мекенге байланысты қатып қалған сипат жоқ, өйткені көп жағдайда халықтар арасындағы айырмашылықты изоляция қаншалықты жиі тудырып отырса, миграция мен араласу оларды соншалықты «өшіріп» отырған.

Неандертальдық қалдық ізі бар.

Африкадан шыққан алғашқы адамдардың кейбірі неандертальдықтармен араласқан. Нәтижесінде, барлық африкалық емес халықтарда да неандертальдық ДНҚ-ның аз мөлшері бар. Бұл гендер есебінен олардың иммундық жүйесі мықты, Д дәруменін сіңіруі жақсырақ, алайда шизофренияға шалдығу және бел айналасына артық май жинау қаупі көбірек.


Бүгінде дүниежүзі бойынша адамның тері түсі аса құбылмалы келеді. Айырмашылықтың басым бөлігі географиялық ендіктермен байланысты. Экватор маңында күн көзінің көп түсуі қара теріні ультракүлгін сәулелерге қарсы пайдалы қалқан етеді, күн жетіспейтін полюс­терге қарай бозшыл тері Д дәруменін өндіруге ықпал етеді. Тері реңін анықтауға бірнеше ген бірге қатысады және түрлі топтар түрлі гендік өзгерістің кез келген санына ие болуы мүмкін. Ченг мұның себебін анықтау үшін данио балығын пайдаланды.

«Біз әдетте тері түсіне қарай адам танимыз», – дейді Хизер Нортон. Цинциннати университетінің молекулярлық антропологі пигментацияны зерттеумен айналысады. «Сондықтан көзге көрінетін осы айырмашылықтардың негізгі себебі менің бойымда А геномы, ал оның бойында Г геномы болуынан екенін адамдарға түсіндірудің маңызы зор деп ойлаймын».

Анита Фоман Батыс Честер университетінде ДНҚ зерттеу жобасына жетекшілік етеді. Ол «түрлі-түсті» студенттеріне дәріс оқиды. Бір-екі апта бұрын олар өздерінің ата-бабалары туралы сауалнама толтырып, артынша генетикалық сынақ үшін түкірік сынамаларын тапсырды. Қазір студенттер компьютерлері арқылы сынақ нәтижелерімен танысып отыр.

Өзін нағыз үндіспін деп жүрген жас келіншек оның ата-бабаларының бірі ирландия­лық болғанына таңғалып отыр. «Бойымда байырғы америкалықтардың қаны бар» деп келген жас келіншек өзге шындыққа тап болды. «Менің тегім Таяу Шығыспен байланысты деп күткен едім», – деп қайран қалды үшіншісі.

Метиспін деп жүрген бір жігіт ата-бабасы толықтай дерлік еуропалық болып шыққанына ашулы. Христиан отбасыларында тәрбиеленген бірнеше студент еврей атанды.

«Шаң басып, шетте қалған осы шындықтың бәрі геннен шығады», – дейді Фоман. Тіпті афро-америкалық Фоманның өзі сынақ нәтижелерін көріп, жағасын ұстады: оның ата-бабасының кейбірі – Ганадан, енді бірі – Скандинавиядан болып шықты.

«Мен өзімді айтарлықтай қоңырқай түстімін деп ойлаймын. Ата-бабамның ширегі еуропалықтар болып шыққанына таңғалып отырмын. Бұл жоба нәсілдер туралы ұғым қолдан жасалғанын дәлелдеді», – дейді ол.

Әрине, нәсіл ұғымының ойдан шығарылуы қарым-қатынасқа әсер етпей қоймады. Бұл зерттеулер расизм құрбандарына жұбаныш та болмайтыны түсінікті. Өкінішке қарай, нәсіл белгісі әлі күнге дейін адамдардың қатынасын, кейде мүмкіндіктері мен тағдырын анықтайды.

Адамның шыққан тегі әлдеқайда қызық тақырып.

Қазір генеологиялық импульсті заманауи генетика күшейте түседі, ол жекелеген оқиғаларды адамзаттың ұлы көшімен байланыстырады. Мына алты адам National Geographic құралының көмегімен ДНҚ сараптамасынан өтті. Нәтижелер, шынымен, олардың «нәсілдік» мұрасы бірдей екенін көрсетеді: пайыздық көрсеткіштер жоғарыда берілген. Бірақ олардың нәтижесі ерекше. Бренда Юрковски сараптамадан бұрын. Сынақ адам тегінің жекелеген тұлғасы емес, шыққан жерін көрсетеді, ол ата-бабаларының арасында Томас Джефферсон мен Салли Хемингс болғанын білетін. «Мен – квартеронмын», – дейді ол.


Зерттеушілерге ежелгі адамдардың миграция жолдарын анықтауға және жеке тұлғаларға өз тегінің үрім-бұтағын көруге мүмкіндік берген генетикалық талдау адамдардың өзгешелігі туралы ойлаудың жаңа жолдарын таныс­тырды. Кемінде Фоман солай деп үміттенеді. ДНҚ зерттеу жобасы қатысушыларды өз тегінен жан-жақты хабардар етті. Әдетте, нәтижелер олардың ойлағанынан басқаша болып шығады. Бұл өз кезегінде, түптеп келгенде, бәрімізге ортақ ұзақ шырмалған және көбіне қатыгез тарих туралы сыр шертеді.

«Нәсіл ұғымының қолдан жасалғаны біз ешқандай топқа бөлінбейміз не ешбір түрлілік жоқ дегенді білдірмейді, – дейді Фоман, – бірақ егер біз нәсілдік категорияларын алып тастасақ, одан бетер пайдалы жаңа категория мен қатынас қалыптастыра алар едік».

Авторы: Элизабет Колберт, Фото: Робин Хаммонд


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля