Кейде үйден естелік ретінде тек төсек жаймасы ғана қалуы мүмкін.
Соғыс оты қайта тұтанғанда, оңтүстік судандықтар көтере алатын ғана жүктерін артынып, үйлерін тастап кете барған.
2011 жылы Судан дүниежүзіндегі ең жас мемлекет атанды. Алайда 2013 жылы елде Азаматтық соғыс басталды. 2016 жылы бейбітшілік туралы келісім бұзылғанда, босқындар шекара асып, Угандаға бас сауғалады. Мұнда оларға жұмысқа орналасып, егіншілікпен айналысып, балаларының мектепке баруларына рұқсат етілген. Араларында кейбіреулері – алғаш рет, өзгелері – екінші рет, тіпті біреулері үшінші рет атақоныстарын тастап кетуге мәжбүр болған. Көршілес елдің қонақжайлығының көрінісі ретінде, 2017 жылдың тамызында миллионыншы босқын Угандаға табан тіреген.
Лорек сұраған соң Бидибиди тұрғындары бетіне құстың, гүлдің және түрлі үлгілердің бейнелері кестеленген матаны, яғни милаяны алып шықты. Әйелдер бұл өнерді аналары мен әжелерінен үйренген. Жайма төсектің бетін жабуға, қабырғаға ілуге қолданылып, көбіне жасау ретінде әкелінеді екен.
Көптеген босқын үшін милая – бұрынғы үйлерінен қалған жалғыз естелік әрі күнкөріске талшық боларлық дүние. 38 жастағы Роуз Яун Бидибидиде милая тігіп сататын әйелдер тобын құрды. «Бас қосқанда біз әңгімелесіп, ой бөлісіп, табысымызды талқылаймыз», – дейді ол Лорекке. Мата жеткілікті болса, алпыс әйел аптасына екі жайма тігетін көрінеді.
Ауыл әйелдері өз балаларымен қатар бөтен балаларды да бағады. Кейбірінің күйеуі атақоныстары – Оңтүстік Суданды қорғау жолында шейіт болса, кейбіреуінікі жерлерін қорғау үшін елде қалып кеткен. Қос тараптың бейбіт қатынас орнатпақ болған әрекеттері сәтсіз аяқталғанына қарағанда, босқындар үшін Отанға оралуы екіталай болып көрінеді. Бір кейуана Лорекке: «Бейбітшілік орнамай елге оралудың еш мәнісі жоқ, сондықтан осында ерлерімізсіз қалуға мәжбүрміз», – деді.
Авторы: Нина Строчлик
Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationa