..."/>
САЯХАТ

Қар көшкінінен тірі қалған адам

Мына суретті мен қар көшкініне тап болып, досым екеумізге Құдай екінші рет мүмкіндік берген кезде түсірдім. Мыңдаған тонна қар құрсауында қалған біз әрең аман қалдық. Басып қалған қардан шығу үшін бір сағат уақыт кетті. Оқиға 2011 жылдың 4 ақпанында Пәкстанның Гашербрум II тауының шыңын бағындырып, түсіп келе жатқан кезімізде болды. Сол уақыттан бері бұл сурет «National Geographic» журналының мұқабасына басылып, түрлі постер мен билбордтарға ілініп, интернетте таралып кетті. Осылайша, ол менің «брендіме» айналып, көптеген табысты жұмысқа жол ашты. Бірақ арада жылдар өте келе, «өлімнен қашып құтылған батыр таушылар» деп аталып кеткен бұл сурет мені әбден жалықтыра бастады.

Тауға өрмелеуді қаһармандық әрекет деу маған бұрыннан түсініксіз болатын, дегенмен кей адамдар неге солай ойлайтынын білемін. Гималай шыңының баурайында тұрған кезде жоғарыға шығу қаншалықты күшті, төзімділікті, батылдықты әрі мұқияттылықты қажет ететінін бірден түсінесіз. Бірақ мен қаһармандық өзіңнің шың басына шыға алатыныңды тексеру үшін басыңды қатерге тіккенге қарағанда әлдеқайда асқақ мақсатты талап ететін әрекет деп есептеймін. Әрине, тау спорты көптеген елдің, соның ішінде Пәкстанның да экономикасының дамуына демеу болатынын түсінемін. «Алыстағы шыңдарға өрмелеу адамның психикасына оң әсер етіп, өмірге деген құштарлық сезімін оятады» дерсіз. Алайда өз-өзімізді алдамай-ақ қояйықшы: тау спорты – қымбат әрі қауіпті демалыс.

Гашербрум II тауына шығу ойымда жоқ еді. Мені тауға өрмелеуші екі ардагер – Симон Моро мен Денис Урубко өз экспедицияларына шақыр­ған. Солтүстік Америка мен Альп тауларындағы шыңдарды бағындырған соң, соңғы тұрағымды Гималайдың жаттығу алаңына келіп тоқтатқан жас өрмелеуші едім. Симон мен Денис тауға өрмелеу­шілердің ішіндегі ең беделділері болатын. Олар дүниенің ең қауіпті әрі биік тауларына шығатын.

Олар мені қысқы мезгілде Гашербрум II шыңына шығуға шақырғанда қалай толқығанымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Таушылар өрмелеуші жолдасын аса қырағылықпен таңдайды. Бұл шешім экспедиция кезінде аман қалуыңды анықтайды. Қасыңызға ұзақ жалғасқан бейнетке төзетін әрі шұғыл жағдайда көмекке келе алатындай адам керек. Аяз бетті қарығанда, аштық қинағанда, саусақтар мен башпайлардан жан кеткенде де алға қарай ұмтылдыратын жігер керек.

Аты аңызға айналған бұл екі таушының менен өз экспедицияларына қосылуымды сұрауы, құдды бір дін қызметшісі етіп қабылдағанға ұқсас болды. Бұл біртүрлі естілуі мүмкін, дегенмен көптеген таушы үшін тауға өрмелеу – дін іспетті ұғым. Бұл жол мені қиын жасөспірім кезеңнен аман-есен алып шыққан. Жоғары сыныпқа кіргенде оқуды тастап, арақ пен есірткіге тәуелді болып, біраз уақыт көшеде өмір сүрдім. Тауға шығу менің жұбанышым еді.

Қаншалықты көп өрмелесем, соншалықты өмірімнің берекетін қашырған сенімсіздіктен, ашу-ызадан алыстағандай болатын. Осы кезде терең дем алып, қанағаттанып әрі өмірдің ләззатын сезінем. Бірақ кейін таудан төмен түскен кезде менің ішкі жан-дүниеме күйзелісім қайта оралады.

Біз ашық ауа райының аз ғана уақытын пайдаланып көп күш жұмсаған соң шыңға жеттік. Қысқы өрмелеудегі өзектілік – уақытты дұрыс пайдалана білу, сұрапыл қар борандардың ортасынан дұрыс өте білу. Бірақ шыңға жету – мақсаттың жартысы ғана. Нағыз қиыншылықтар көбінесе альпинис­тер миналы алқаптай бетін жұқа қар қабатымен жасыр­ған терең саңылаулар, көп тонналық күркіреген қар көшкінін кез келген уақытта түсіру қаупі бар жолдармен төмен түскенде басталады.

Үшеуміз бір жіппен қосақталып алып бізге бағытталған бораннан құтылармыз деген үмітпен асығып келе жатқанбыз. Сол кезде мен бір күркіреген дыбыс естідім. Таудың жолсеріктері қар көшкініне тап болғанда төбеге қарай суда жүзгендей жүзіңдер деп үйреткен болатын. Қолымды созып, аяғыммен тепкенім еміс-еміс есімде. Бірақ кешікпей мені кір жуатын машинаға салып қойғандай айналдырды. Көзіме алма-кезек көк аспан мен түнек көрінді. Ауыз-мұрным қарға толып, шалбарымды қар дүмпитіп тастады.

Сол кездегі бастан өткерген үрейді айтып жеткізу қиын. Өзіңді қорқынышты құбыжықтың аранына түскендей, есіңнен танғанда тау сені жұта салатындай сезінесің. Бірақ біз барлығымыз аман қалдық.

Осы жолғы Гашербрум ІІ шыңына жасаған саяхатым мені күйзелістен шығарудың орнына қайта сағымды сындырғандай болды. Қазір мен жиі қара терге түсемін. Аяқ астынан ашуланып мазасызданатын болдым. Жас кезімдегі қасіретім еселеніп, күшейіп қайта айналып келгендей сезілді. Бұдан құтылу үшін ішімдікке салынып, әйелімнің көзіне шөп салатын болдым. Осы жағдай арымды мазалап, қайғыма масқаралық пен өз-өзімді жек көруді қосты. Осының барлығы жұртқа қарабет қылды. Ақыры ажырасып тындым. Негізгі кәсіби демеушімнен айырылып, жақындарымның көңілін қалдырдым. Жаман мінез бен қате шешімдерге еш кешірім жоқ. Бірақ кейде бейберекетсіздігім сәл де болсын айқындылыққа жол ашатын.

Ақыры бір терапевт менің посттравмалық жүйке бұзылуынан қиналып жүргенімді айтты. Көп адамның қолдауымен, махаббатың арқасында ақырындап өзімді бұл қиыншылықтан шығарып алдым. Мен ол суреттен әлі де қашып құтыла алмаймын. Бұл сурет бұрынғы «өзімнің» елесім болып әрдайым қаншалықты әлсіз екенімді есіме салу үшін соңымнан қалмай ере беретін сияқты сезіледі. Біз қандай бейшарамыз десеңізші…

Авторы: Кори Ричардс


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля