Дэвид Дубиле: Мангр аралдары, сақиналы бұлақ пен рифтерден қалыптасқан Ханшайым бағы ұлттық теңіз қорығы Кубаның құрлықтағы аумағынан оңтүстікке қарай шамамен 100 шақ. қашықтықта орналасқан. Алдыңғы жоба аясында біз осы жерде жұбайым әрі фотограф-серіктесім Дженнифер Хайеспен бірге балықтар мен акулаларды, қолтырауын мен маржан кедертастарын құжаттаған болатынбыз. Біз сол кезде.
2200 шақ. жерді алып жатқан ұлттық саябақ ғаламдық жылынудың әсеріне ұшырайтынын әсте білгенбіз. Сондықтан он бес жылдан соң оның жай-күйін білмек болып сол жерге қайта бардық.
Біз суасты мангрлар жолына тап болып, мен Cassiopeia-ны, яғни төңкеріліп жатқан медузаны, ал Дженнифер айналаны «шыртылдатып» түсіріп жаттық. Кенет фотоаппарат объективі арқылы алып Америка қолтырауынының ағыспен төмен қарай жүзіп бара жатқанын көріп қалдым. Оны түсіруге ұмтылғанымда әлгі қолтырауынның Дженнифер екеуіміздің арамызды кесіп өтпекке беттегенін байқадым.
Мен қолдағы құралдармен қатты дыбыс шығарып, Дженниферге қарай жүзе жөнелдім. Қас қағым сәтте оның жанына барып, оған «қонағымыздың» бар екенін ескертейін деп үсті-үстіне камераны басып жарқылдата бастадым. Менің белгімді бірден байқаған ол қолтырауынға бетімен бұрылып тұра қалды.
Дженнифер Хайес: Сөйтіп, Америка қолтырауынымен бетпе-бет келдім. Бойымды түрлі сезім жаулады. Дегенмен саспадым…
ДД: Ол маған «ок» деп ымдады. «Сәлем, сұлуым!» – деп сөйледі де қолтырауынды суретке түсіру үшін оған жақындай түсті. Мен оның қолтырауынға зор құрмет көрсетіп байсалды амандасқанына қызыға қарап тұрдым. Ол еш мүдірместен мүмкіндік болып тұрғанда сәтті кадрды ұстап қалуға кірісті.
ДХ: Ешқандай қауіпті сезінгенім жоқ. Бірнеше күн бойы сол қолтырауындардың ары-бері жүзгенін, мангрларды күзеткенін, көз алдымызда ұйықтағанын бақылап келдік. Өзімді олардың мінез-құлықтарымен таныс адамдай сезіндім. Онымен қоса, менде қажет болған жағдайда қалқан бола қалатын SEACAM атты суасты тұрағым да бар болатын.
Бірақ ашығын айтайын, дәл сол уақытта, өзімді өте еркін сезіндім. Өзге ортада Ніл немесе тұзды су қолтырауындарымен өзімді дәл осылай сезінбеген едім.
ДД: Адамдар Дженнифердің қолтырауынмен түскен суретін көргенде таңданыстары мен қорқыныштарын жасырмайды. Бірнеше суретке түскен қолтырауын бізге деген қызығушылығын жоғалтып, өз жолымен кете берді. Ал біз медузаны іздеуге бет алдық.
ДХ: Көп адам менен: «Дэвид саған көмектесудің орнына жай ғана суретке түсіріп тұрғанына ренжіген жоқсың ба?» – деп сұрайды. Бұған менің берер жауабым мынау: егер ол мені суретке түсірмегенде, керісінше қатты көңілім қалар еді. Мен осы бір жаратылыстың әлеміне қонақ болып келдім және оны зерттеуді міндетім деп ұқтым. Айтарым, одан қорыққаным жоқ, керісінше, осынау көне жаратылыс иесін көргеніме қуандым.
ДД: Біздің жұмысымыз үнемі қауіп-қатерге толы. Алдымыздан жыртқыштар кездескенде өзіміздің де, жануарлардың да қауіпсіздігі үшін, сүңгу операциясын тоқтататынбыз.
АВТОРЫ: Дэвид Дубиле және Дженнифер Хайес