2016 жылдың көктемі болатын. Редакцияға Майра Қабимолдина деген оқырманынан хат келді. Автор онда өзінің Шығыс Қазақстан өңірінде туып өскенін, 60 жылдардың ортасында сондағы Марқакөлге жақын елдімекенде мектеп бітіргенін жазыпты. «Мемлекеттік емтихан аяқталған соң экскурсияға шықтық, – дейді ол одан әрі. – Таудағы қаптал жолмен жүріп отырып асуға жеткенбіз. Сонда жолбасшымыз өзіміз көтерілген соқпақ сорабын 1914 жылғы бірінші дүниежүзілік соғыста қолға түскен австриялық тұтқындар салғанын айтқан еді. Біраздан соң аңғардағы Алатай қыстауына жетіп, Қарақаба өзенін бойлап жоғары жүргеніміз есімде. Міне, сол сәтте беткейдегі жартаста бейнеленген бойжеткеннің суреті көзімізге шалынбасы бар ма?! Иен таудағы бұл не ғажайып?.. Оны кім, қашан салды? Тастағы осынау қыз сұлбасының астарында қандай құпия жатыр? Міне, сол сәтте біз осындай сұрақтарға жауап іздеп, көп уақыт дауласқанбыз. Ауылға келіп қариялардан сұрастырамыз деп жүргенде аттестатымыз қолымызға тиіп, оқуға аттандық. Сөйтіп жартастағы қыз суретінің тарихына мойын бұра алмадық».
Автор осыны баяндай келіп, арада 50 жыл өтсе де Алтайдың Алатай аңғарындағы өзі көрген ғажайыпты әлі де ұмытпағанын, қазір басқа жерде тұрып, өмір сүріп жатса да сол жұмбақ жайтты жиі еске алатынын жазыпты. «Ой саларлық оқиғасы бар хат екен», – дегенбіз сонда біз оған іштей. Сөйткенбіз де редакциялық алқа мүшелерінен пікір сұрағанбыз. «Іздеп барып көру керек. Табылса, аман-есен тұрса ғана елді хабардар еткеніміз жөн шығар», – деген-тін әріптестеріміз. Өстіп жүргенде өткен жылы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарық көрді емес пе. Міне, сондағы: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді», деген тұжырымдамалық ойға байланысты осыдан бір жыл бұрын газет оқырманы хабарлаған жоғарыдағы тақырып бойынша сапарға шығуға тура келді.
…Көлікте үш адамбыз. Атап айтқанда: басылымымыздың Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі Азамат Қасым мен Күршім аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Саят Мәденов және осы жолдардың авторы. «Енді аздан кейін бізге тағы бір адам қосылады, – деді Азамат толассыз жауған жаңбырдан миы шыға езілген жолға қарап қойып. – Ол – Төсқайың ауылдық округінің әкімі Әлижан Беткенбаев. Көнекөздер баратын жерімізді білетін әрі тастағы қыз суретінен хабары бар адам міне, сол кісі дейді. Осыдан екі апта бұрын Әлекеңнің өзімен де сөйлескенбіз. Белгісіз бейнені ағамыз соңғы рет 1989 жылы көріпті. Содан бергі сойқан суықтар мен қалың қар көшкіндерінен аман қалса, табуға тиіспін деп отыр».
Осылай әңгімелесіп келе жатқанымызда тау етегіндегі тұман арасынан Бұғымүйіз ауылы мен оның бер жағындағы көпірде тұрған Әлижанның сұлбасы да көрінген. Жолбасшымызбен амандасып, онымен арадағы аз-кем таныстықтан соң Саят көлікті беткейге бұрды. Серіктестеріміздің айтуынша бұл ХХ ғасырдың басындағы бірінші дүниежүзілік соғыстағы орыс-герман майданында қолға түскен тұтқындар күшімен салынған жолдың басы екен. Сүрлеу сорабы тар әрі тайғақ. Жаңбыр сіркіреп жауып тұр. Тоқтар емес. Төңіректі қалың тұман қымтап алған. Мұндай ауа райы кезінде тауды бұзып, тасты қашап жасаған мына қаптал жолдың әр мүйісі мен бұрылысының өте қауіпті екенін ешкім айтпаса да іштей өзің сезіп, түсінесің. Соған қарамай біз мінген «Нива» көлігі өрге қарай тырмыса жылжып келеді. Өстіп отырып Төрқуыс жайлауына жеттік. Одан Дара аңғарын көз ұшында қалдырып, Алатай алқабына апаратын асуға да аяқ бастық-ау!
…Етекке түсіп, ескі қыстаудың жанынан өте бергенде, басын Катон жақтан алатын Қарақаба өзені қайтадан алдымыздан шықты. Тау ішін жаңғырықтыра арқырап-күркіреп аққан оның долы екпініне әрең шыдас беріп тұрған ағаш көпірге жақындағанбыз. Сол сәттен бастап-ақ жолбасшымыз Әлижаннан маза кетті дейсіз. Жолдың қос қапталына алма кезек көз сала отырып 4-5 шақырымдай жер жүрген соң: «Осы жерге тоқтаңдар!» – деді ол. Көліктен жапатармағай түскен бәріміз төңірекке көз салдық. Ештеңе көрінбейді. Әлижан болса оң жақтағы мүйіске барып, сондағы жартас маңайын шарлап жүр. «Осы жер сияқты еді, – деді бір мезетте күмілжи тіл қатып. – Иә, тастағы қыз суреті мына бұрылыстан өте бергенде бірден көзге шалынатын. Соңғы рет, яғни, бұдан 28 жыл бұрын көргенімде осы маңайда тұрған. Әлде… иә, әлде… Ана бір жылдардағы қаһарлы қыста жауған 2 метрлік қалың қар көшкіні мына мүйістің бір бөлігін опырып түсіріп, етекке алып кетті ме екен?..».
– Абыржымаңыз. Іздеген жоғымыз мүмкін алдымызда шығар. Өйткені бұл бағыттағы жұмысымызды жаңа ғана бастадық қой, – деді Азамат.
– Иә, – деп қостадық біз оны. – Үмітімізді үзбей, әлі де ілгері жүріп көрелік. Табылып қалар…
Осындай оймен тағы да екі көпірден өттік. Бір кезде аңғарды азан-қазан етіп ағып жатқан өзеннің жағалауындағы құз-қияның бәрі бітті. Жол енді аласа бел-белестерге ұласты. Сөйтсек бұл Марқакөлдің Катонқарағаймен шектесетін ең шеткі тұсы екен.
Адасқанымызды біліп кері қайттық. Ендігі бар үміт алғашқы жүріп өткен жол бөлігіндегі жақпартастарда. «Байқамай өтіп кеткеніміз жоқ па? Сайдың екі жағындағы беткейлерге мұқият қарап отырайық», – дейміз бірімізге біріміз. Өстіп отырып Әлижан алғаш аялдаған, бірақ ештеңе таба алмаған баяғы мүйіске келдік. «Осы жерде болатын. Көктемгі қар суынан құлап, мына көшкіннің астында қалмаса», – деді көліктен түскен ол әу бастағы сөзін қайталап. Сөйтті де жерге еңкейе бастады. Ойы беткейдегі сырғып түсіп, жол жиегінде үйіліп жатқан қалақтастарды аударыстырып көру болса керек.
Осы мезетте: «Әй! Біз іздеп жүрген тастағы қыз суреті тұр ғой, әне!» – деген Саяттың даусы саңқ ете түсті. Мына сөзге сенерімізді де, сенбесімізді де білмеген біз алдымен әріптесімізге қарадық. Содан соң барып ол нұсқаған жаққа жасқаншақтай көз тіктік. Бар ойымыз өз құлағымызбен естіген жақсы хабармен жүрегімізді жылытып, одан туған қуанышты өн бойымызға өбектеп ұстап тұру. Сөйтіп үміт жібін үзіп алмай, жан-тәнімізбен оның шындыққа айналуын тілеу. Осындай сезіммен жоғарыға қарасақ… О, тоба! Жолбасшымыз айналсоқтап жүрген жартаспен іргелес, бірақ одан 25 метрдей биіктеу тұстағы қияда қалың шашы иығын жапқан, қынама белді қамзолы бар дөңгелек жүзді бойжеткен бізге қарап тұр. Қыздың кескін-келбеті мен болмыс-бітімі алдымен тасқа өткір аспап арқылы сызық ретінде салынған. Содан соң барып сол ізді бойлай ақ және сары бояу жүргізілген.
Етекте тұрған біз міне, осыны көріп, көңілге түйгеннен кейін белгісіз бейнені өзімізше алыс-жақыннан байқап қарай бастадық. Сондағы анық көз жеткізген бір нәрсеміз ол тастағы қыздың қай жағынан барлап, бақыласаңыз да адамға тіке қарап тұратындығы дер едік. Иә, оған 50 метрдей қашықтықтағы жол үстінде тұрып қарсы алдыдан немесе оң жақ пен сол бүйірден мойын бұрсаңыз, бәрібір сізге бұрылып, жанарын тіктеумен болады. Содан соң беткейді қиялай жүріп отырып, бойжеткен бейнеленген жақпартасты фотоға түсіргенімізде, суреттің ұзындығы 1,5, ең жалпақ деген ені 0,5 метрге жуықтайтынын білдік. Тағы бір таңғалғанымыз, тастағы қыз сұлбасының біз жақындағанда көмескі, бұлдыр тартып, ал етекке қарай түсуге қам жасап алыстағанымызда, бар болмысымен ашылып, анық көрінгендігі болды.
Несін жасырайық, іздеген жоғымыз табылып, оны қайта-қайта көріп, сан мәрте суретке түсіргеннен кейін аңғардағы осы мүйістен кеткіміз келмей-ақ қойғаны. Таңертеңнен бері нәр татпағанымыз есімізге түсіп, көлемі киіз үйдей кәрі самырсын түбінде жүрек жалғауға отырдық. «Сонда бұл суретті кім, қашан салған?» – дейміз жолбасшымыз Әлижаннан сыр тартып. «Австриялық тұтқындардың бірі, – деді ол. – Әкем Карлханның айтуына қарағанда, патшалық Ресей тұсында 1913-1914 жылдардан бастап Катон мен Марқакөл тауларын жиектеп өтетін тас жол салу ойластырылады. Мұны жүзеге асыру үшін оған жауапты шенеуніктер Ертіс өзеніндегі кеме баржасымен 2000 адамдық жұмыс күшін Боран айлағына әкеп түсіреді де Теректі қыратынан жұмысты бастап кеп жібереді. Ішкертіннен, яғни Ресейдің батыс түкпірінен жеткізілген бұл адамдар бірінші дүниежүзілік соғыста қолға түскен міскіндер еді. Оларды ішім-жем, қоналқалық баспанамен қамтамасыз ету сол кездегі жол құрылысына жақын отырған қазақ ауылдарына жүктеледі. Тұтқындарға деп дайындалған киіз үй, жаппа және қой-ешкілерді лагерьге алып кетуге келген кезекті бір конвойдың құрамында австриялық жігіт болады. Оның көзі сайдағы бұлақ басында тұрған қазақ қызына түседі. Жастыққа тән ішкі сезім бұлқынысы оны кейін ауылға жиі алып келе береді. Өзі тұтқын, діні басқа және бұрын-соңды ешкім көріп-білмеген бұл бейтаныс жаннан ел іш жияды. Сөйтіп қыздың ауылы жол құрылысынан алыс жердегі тау баурайына қоныс аударады. Жігіт болса ғашықтық сезімінен айыға алмайды. Бойжеткенді үнемі көз алдына елестетіп, жұмыстан қолы қалт еткенде, лагерьдің қарсы бетіндегі жартасқа оның бейнесін салып қалдырады».
– Сонда мұны қай кезде болған оқиға деп пайымдауға болады?
– Өзіңіз ойлап қараңыз. Бірінші дүниежүзілік соғыс 1914 жылы күзге таман басталса, Батыс майданында қолға түскен тұтқындар ол кезде мұнда бірден әкелінбегені анық. Себебі жердің түбіндегі Галиция қайда, қиыр шеттегі Алтай қайда? Соған қарағанда 1915-1916 жылдар шығар деп шамалауға болады.
– Өзіңіз тастағы бұл қыз суретін қашан, қандай жағдайда көрген едіңіз? Оны сізге ең алғаш айтқан кім?
– Әкем. Иә, мына жартасқа әкелген де, көрсеткен де сол кісі. 12-13-тердегі бала кезім болатын. Жайлаудағы шопандар тойынан араларында біздің отбасы мүшелері бар бір топ адам қайтып келе жатқан. Солардың ішінен ауданда прокурор қызметін атқаратын ағай әкеме қарап осы жерді сұрады. Мен ең алғаш белгісіз бейнені міне, сонда көргенмін. Екінші рет 1989 жылы деп жоғарыда айттым ғой. Ол кезде Семей зооветеринарлық институты 4-курсының студенті болатынмын. Бір айлық өндірістік тәжірибеден өту кезінде Моңғолиядан өзіміздің М.И.Калинин атындағы ет комбинатына мал айдап әкелуге тиіс едік. Сол тапсырмамен шекараның арғы бетіне барып, одан алдымыздағы сиыр табындары мен қой отарларын жая отырып ілгері жылжып келе жаттық емес пе. Алатайға жақындағанда бала кезіміздегі көрген жартас есіме түскені. Сонда мына мүйістен өтіп бара жатып, жұмбақ суретті асықпай барлағаным бар. Содан кейінгі келіп тұрғаным осы.
– Ал әкеңіз… Карлхан ақсақалды айтамыз да. Ол кісі иен таудағы бұл бейнені қашаннан бері біледі деп ойлайсыз?
– Соғыстан кейінгі бала кезінен. Қария қазір 77-де ғой. Егер ақсақалдың сол кездегі балалық шағын шартты түрде 11-12-лерде еді деп алсақ, ол 50-жылдардың басына сәйкес келеді.
Әңгіме аяқталды. Себебі бұл тақырыпта енді Әлижаннан сұрайтын ештеңе қалмаған сияқты. Осыны ойлаған біз қайтуға жиналдық. Жүріп келеміз. Алдымызда жол… Тағы да жол. Ал көңілімізде, иә, көңіл түкпірінде тастағы қыз суреті. Ол соншалық бір шедевр немесе көркемөнердің керемет классикалық үлгісі емес. Бар-жоғы тас бетіне сызылған қазақ қызының сұлбасы. Ерекшелігі – одан туған әдемі аңыз. Мүмкін ақиқат та болар… Мәселе, сол әфсананың Алтай аймағында әлі айтылып келе жатқандығы. Содан соң, иә, содан соң оның құндылығы бұл жәдігердің бір ғасыр уақыт өтсе де жойылып кетпегендігі. Сөйтіп бүгінгі күнге жеткендігі. Біздің білгеніміз әзірше осы. Қалғанын осы мақаланы оқыған ел-жұрт өз естігендері болса толықтыра жатар деп ойлаймыз.
Авторы: Жанболат АУПБАЕВ