..."/>
САЯХАТ

Қазқонақ

1928 жылы мәскеулік палеонтолог Юрий Орлов Павлодар қаласының солтүстік батысындағы Ертіс өзенінің оң жағалауынан ерекше бір қорымды табады. Ол жалпы көлемі 2 гектардай алқаптағы 6-8 метрлік жер қыртысының астында 3-4 метр қалыңдықты құрап, төбе-төбе болып үйіліп жатқан ежелгі заман жануарларының сүйектер жиынтығы еді. Бұл маңайды тұрғылықты халық о бастан-ақ «Қазқонақ» («Гусиный перелет») деп атаған. Оның себебі, күзде жылы жаққа бет алып, ал көктемде кері оралатын қанаттылар осы жерге келіп, дамылдайды екен. Ю.Орлов пен ол жұмыс істейтін Бүкілодақтық Палеонтология ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері жоғарыдағы археологиялық қазбадан кейін не істеген дейсіздер ғой. Олар 1930-1935 жылдары осы төңіректен бұдан басқа да жаңалықтар ашылып қала ма деген үмітпен тағы да экспедиция жасақтап, тынбай еңбектенеді. Соның нәтижесінде ғалымдар аталмыш өңірден тек құстар ғана емес, 20-ға жуық бұғы, 40 керік, 130 мүйізтұмсық пен 200 гиппарион жылқысы және сол ежелгі заманда Ертіс өзені жағалауын мекен еткен тасбақа, қылыш тісті жолбарыс қаңқаларына кезігеді.

Қазқонақ алабынан табылған жан-жануарлар сүйектері ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы палеонтологтар үшін үлкен олжа болады. Бұл ежелгі дүние тіршілік иелерінің өмір сүрген уақыты шамамен 7-10 миллион жыл бұрынғы неоген дәуіріне барады екен. Осыдан кейін экспедиция мүшелері Ертіс өзенінің жағасындағы жұмыс нәтижесіне одан сайын қызығып, бастаған жұмыстарын тағы да жалғастырады. Өкінішке қарай, ғалымдардың маңдай терімен келген тамаша іс өзінің нақты бағасына ие бола алмайды. Неге десеңіздер, археологтар тапқан жоғарыдағы құнды жәдігерлер – 16 тонна аң-құс сүйектері республикадан тыс жерлерге әкетіліп, ешқайсысы жөнді сақталмайды. Талан-таражға ұшырайды. Ол кезде Павлодарда қандай да бір қазба жұмыстары нәтижесінде табылған олжаларды зерттеумен айналысатын ғылыми мекемелер мен өлкетану мұражайы жоқ еді. Тек 1960 жылы ғана Мәскеу палеонтолог Ю.Орловтың бастаған жұмысын өз республикамыздағы Зоология ғылыми-зерттеу институтының палеобиология бөлімі экспедициясына жалғастыруға рұқсат береді. Бұл мекеменің қызметкерлері де қазба жұмыстары кезінде аталмыш аймақтағы омыртқалы жануарлардың көптеген сүйектерін табады. Осы орталық мамандарымен тізе қоса қимылдаған облыстық тарихи-өлкетану мұражайы ұжымы болса, олар Қазқонақ алқабына арналған экспедицияны жүйелі ұйымдастырып, аталмыш жердің толық анықтамасын жасауға қол жеткізеді. Ақыры 1971 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі ондаған мың аң мен құстың сүйегі жатқан бұл өңірдің ел мен жер тарихы үшін маңыздылығын ескере келіп, оны мемлекет қорғауына алады.

Мамандар сонда, яғни 1983 жылы бізге осыларды баяндай келіп, дүние жүзіндегі зоологиялық және орнитологиялық қазба жұмыстарында өте сирек кездесетін құбылысқа ие аумақты аман сақтап қалуда бір нәрседен қатты алаңдайтындықтарын айтқан болатын. Ол – Ертіс өзені суының уақыт өткен сайын Қазқонақ алабына жақындай түсуі екен. Арада 27 жыл өткен соң, яғни 2010 жылы барып көргенімізде аталмыш жерді су шаю қаупінен басқа, онда екінші проблеманың пайда болғанын байқадық. Бұл облыс орталығындағы химия қалашығының өсіп, өзіміз сөз етіп отырған тұсқа қарай қанат жаюы дер едік. Ал ол шағын ауданнан шыққан күл-қоқыс ше? Олар жер астында төбе-төбе болып үйіліп жатқан, археологиялық қазба жұмыстары әлі аяқталмаған аумақтың үстіне төгіле бастаған.

Мұндағы жағдай күні кешеге дейін осылай болып келді десек, еш қателеспейміз. Олай деуімізге былтырғы мамыр айында «Қазақстан – Павлодар» телеарнасында көрсетілген хабар негіз болып отыр. Онда облыс әкімі Болат Бақауовтың қаладағы зиялы қауым өкілдерімен кездесуі бейнеленген еді. Көп ұзамай сол кештен «Казахстанская правдада» хабар да жарияланды. Сондағы сұрақ-жауап кезінде оған Қазқонақ алабындағы жағдай туралы сауал да қойылмай қалған жоқ. Бұған өңір басшысы былай деді: «Бұл жағдайды сіздер мен біздер әңгіме еткелі қашан. Енді сөзден іске көшетін кез келді. Осыған байланысты біріншіден, қаланың қазіргі картасынан Қазқонақтың аумағын нақтылап тұрып белгілеп алуымыз керек. Сосын оны ежелгі замандағы аң-құстардың сұлба-силуэті бар дуалмен қоршап, ол жерге баратын бір ғана қақпа қалдыруымыз қажет. Осымен бір мезетте аталмыш алқаптың тарихи маңызы бар болғандықтан мемлекет қарауына алынғандығын білдіретін билборд ілу жұмысы мен аумақ айналасын күл-қоқыстан тазартуды қатар жүргізсек дейміз. Бұған қаладағы жоғары оқу орындарының студенттері мен «Жасыл ел» қозғалысының жасағын жұмылдыруға болады. Осыған байланысты біз облыс орталығындағы университет, институт ректорлары мен колледж, училище директорларынан жанды іс қимылға толы көмек күтеміз».

Осылай деген әкім Қазқонақ алабын қызықтап келіп көретін туристер мен энтузиастар болса, олар жүретін ойлы-шұқырлы жерге Баянауылдың жалпақ тастарын әкеп төсеп, жаяу жол салудың артық емес екендігіне де тоқталды. Сөзінің соңында қала әкімдігіне аталмыш аумақты көгалдандыруды дереу қолға алып, оны жүйелі жүргізуге күш салуды тапсырды.

Қарап отырсақ, содан бері міне, бір жылдан астам уақыт өтіпті. «Осы мерзім ішінде жоғарыдағы жақсы ой жүзеге асты ма? Ол ізгі ниеттің орындалу барысы қалай?» деген сауал келді көкейімізге. Мәселенің жай-жапсарын білуді, атап айтқанда, ел мен жер үшін үлкен маңызы бар Қазқонақ алабын қоршап, анықтамалық тақта ілу, оның төңірегін тазартып, көгалдандыру және жиек жол жасау жағдайын көріп қайтуды осы өңірдегі меншікті тілшіміз Фарида Бықайдан сұраған едік. Әріптесіміз былай деді:

– Иә, өткен жылдан бері мұндағы жұмыс жанданды. Оған негіз болған нәрсе, облыс әкімінің ел алдында берген уәдесі. Соның нәтижесінде Қазқонақ айналасына 1000 метрлік қоршау тұрғызылды. Көрнекі жерге осы табиғи ескерткіштің тарихи маңызы сипатталған ақпараттық тақта орнатылып, электр жарығы тартылды. Ой-шұқырлар тегістеліп, туристер жүретін жиек жол жасау да ұмыт қалған жоқ. Сөз орайында көгалдандыру жұмыстарына ерекше мән берілгенін атап айтқан жөн. Атқарылған осы істерде «Жасыл ел» қозғалысының жасағы мен Павлодар педагогикалық мемлекеттік институты студенттері ерекше белсенділік көрсетті. Жоғарыдағы жұмыстардың бәрі өңір кәсіпкерлері мен энтузиастардың демеушілік қаражаты есебінен жүзеге асты. Ал биыл Қазқонақ алабына деген жанашырлық өз жалғасын тауып, ол көктемдегі сенбілікте айрықша көрінді. Өзіміз сөз етіп отырған төңіректі тазалап, ретке келтірудегі сол күнгі жұмысқа 200-дей студент қатысты. Оның соңы елдік рухты көтеріп, жастардың ой-өрісін дамытатын әртүрлі ойын-сауық бағдарламасына ұласты.

Сөзімізді Павлодар география үйінің директоры Александр Вервекиннің пікірімен қорытындылайық. «Соңғы 25 жылдан бері Қазқонақ алабын сақтау жөнінде әртүрлі жиындарда қаншама ұсыныстар айтылды десеңізші, – деді ол. – Табиғат жанашырларының сан рет көтерген жоғарыдағыдай мәселесіне қарамастан, іс алға жылжымай-ақ қойған еді. Ал өткен жылдан бергі қимыл-қозғалыс көңілімізге қуаныш ұялатып отыр. Сөзден іске көшкен деген, міне, осы. Соған көңілімізді демдеп, істі ілгері жылжытушы әкімдік, қоғамдық ұйымдар басшылары мен белсенділеріне ризашылық білдіреміз».

Авторы: Жанболат АУПБАЕВ

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля