Жер бетінде адам саны көбейген сайын азық-түлікпен қатар, энергия көздеріне де сұраныстың артып отыратындығы белгілі. Осыны ескерген ғалымдар соңғы ширек ғасырда қоршаған ортаға аса тиімді энергияны баламалы қуат көздерінен алу жолдарын қарастырумен келеді.
Қазақстандық мамандардың есебінше, біздің еліміздегі «жасыл энергияның» үлесі өткен жылы 1 пайызға әрең жеткен, 2020 жылы – 3, 2030 жылы – 10, ал 2050 жылға қарай – 50 пайызға дейін жетеді деген ой бар. Дәл қазіргі уақытта бұл салада көшті Германия бастап тұр. Немістер тек 2016 жылдың өзінде ғана өндірілген электр энергиясының 30 пайызын баламалы қуат көздерінен алыпты.
Ал Қазақстанға келсек, бүгінде Астанада жарықты күннен, жылуды жер астынан алатын бірнеше ғимарат бар. Солардың бірі, әрі бірегейі ел ішінде «Алланың гүлі» деп аталатын – Рыскелді қажы мешіті.
Бұл ғимараттың таныстырылымы жуырда Астанада өткен «Ислам өркениетіне Қазақстанның қосқан үлесі» атты халықаралық конференцияда жасалды. Оған IRCICA ұйымы, ҚМДБ мамандары мен белгілі дін зерттеушісі Айнұр Әбдірәсілқызы басқаратын Дін мәселелері ғылыми-зерттеу және талдау орталығының өкілдері қатысты.
Әлемде теңдесі жоқ экомешіт дәл қазіргі уақытта қазақ сәулет өнерінің авангардтық-постмодернистік үлгідегі бірегей туындысы болып табылады. Астана күні қарсаңында пайдалануға берілген мешіттің басты ерекшелігі – қажетті қуат көзін өзі өндіріп қана қоймай, артық энергияны сату арқылы да қосымша табыс таба алады. «Ауласында күн сәулесінен қуат алатын 1300 шаршы метрге тең батареялар мешітке сондай мүмкіндікті беріп отыр, – дейді Рыскелді қажы мешіттің сәулетшісі Сағындық Жанболатов. – Соның арқасында мешіт өзіне қажетті мөлшерден төрт есе артық энергия өндіреді».
Қайырымдылық мақсатпен жиналған қаржыға салынған мешіттің үшбұрышты қабырғалары сүйірленіп келіп, диаметрі 26 метрлік күмбезбен жалғасып кетеді. Ал ғимараттың жалпы аумағы – 3695 шаршы метр.
Құлшылық үйінің іші өте қарапайым салынған. Күмбездің айналасына тек Алланың 99 аты жазылған жазудан басқа адамның көңілін аударатындай түрлі-түсті бояу да, ою-өрнек те жоқ. Ғимараттың бірінші қабаты толықтай ер азаматтарға арналса, ал екінші қабатында әйелдерге арналған 150 орындық алаңқай бар. Жалпы «Алланың гүлі» 750 адамға шақталғанымен, жұма намазында 1,5 мың адамға дейін сияды.
«Мешітке толықтай отандық құрылыс материалдары қолданылды, тек жарық пен жылу жүйесі ғана Австриядан арнайы тапсырыспен алдырылды», – дейді Рыскелді қажы атындағы мешіттің бас имамы Жақия қажы.
Жоба авторы – Сағындық Жанболатов бұған дейін «Мәңгілік ел» триумфалды аркасы мен «Әзірет Сұлтан» мешітінің сызбасын дайындаған.
Автор: Дәурен Құдайбергенұлы, Фото: Ерболат Шадрахов.