Қиядағы құздан күркіреп тұрып құлап ағатын арынды да айбынды осы бір күміс моншақты су бұрқақтары көп елде кездесе бермейтін құбылыс. Ол тек аспанмен таласқан таулары бар аймақтарда ғана, сондағы алып шың құздардың қар мен мұз басқан жақпартасты жоңдарында ғана пайда болатын табиғат туындысы. Ғажабы сол, сарқырама деп аталатын осындай сұлу да сиқырлы көріністерден жаратушы иеміз біздің Қазақ елін де кенде етпеген. Оған Алатаудағы Аюлы, Жоңғар қақпасындағы Мұздыбұлақ, Алтайдағы Көккөл, Тянь-Шаньдағы Күркілдек су құламалары анық дәлел.
Осылардың ішінен жұртшылық Аюлы сарқырамасын жақсы білуі мүмкін. Олай дейтініміз, Алматы қаласынан небәрі 44 шақырым жердегі Түрген аңғарында орналасқан бұл табиғат нүктесін тамашаламаған турист, ондағы 30 метрлік су құламасының сұлбасын салмаған суретші кем де кем. Жоңғар жотасындағы Мұздыбұлақ сарқырамасы туралы да осыны айтуға болады. Бір ғана мысал, сіз «Қазақфильм» шығарған «Заманай мен Аманай» киносын білесіз бе? Білсеңіз, сонда көрген жанның есінде көпке дейін қалатын алып жартас бар. Міне, сол кинокадрдағы мың сан моншақ себезгілеген су құламасы осы Мұздыбұлақ сарқырамасы. Ал енді Алтайдағы Көккөлге келер болсақ, ол туралы әңгіме қысқа. Себебі, биіктігі 72 метрлік бұл табиғат ғажайыбы туралы Қазақ Совет Энциклопедиясының 6 томы мен жазушы Әлібек Асқаровтың «Алтай» атты кітабында егжей-тегжейлі жазылған. Оқырман олардан Қазақстандағы ең биік осы сарқыраманың ерекшелігі неде, қасиеті қандай, ол қалай, қай уақытта пайда болған деген сұрақтарға толық жауап ала алады.
Жоғарыдағы табиғат феномендерінің ішінде жұртшылыққа әлі белгісіз бір су құламасы бар. Ол Тянь-Шаньдағы Күркілдек сарқырамасы. Алматы облысының Райымбек ауданындағы Шұбартал жайлауында орын тепкен оның биіктігі 54 метр. Құз-қия жақпартастар мен ну орман, қалың шыбырдың арасында орналасқандықтан да оны көп ешкім білмейді. Білмегендіктен де Күркілдек деп аталатын бұл сарқырама туралы теледидар мен баспасөзде әлі ештеңе айтылмай, жазылмай келеді. Ал көрінісі әсем-ақ! Тұрған жері де тамаша!
Әрине, Қазақстандағы біз сөз етіп отырған сарқырамалар Гиннестің рекордтар кітабына енген Анхель ғажайыбы емес. Венесуэладағы оның биіктігі 1054 метр ғой. Сондай-ақ біздің жоғарыдағы сөз еткен су құламалары ТМД елдерінің арасында бірінші орын алатын Тальниковая сарқырамасымен де жарыса алмайды. Ол 600 метрлік құздан құлайды емес пе. Немесе өзіміздің Орталық Азия республикаларын алып қарайық. Бұлардағы ең үлкен сарқырама Қырғызстанның Ош облысындағы 300 метрлік Арысланбоб деп есептеледі. Осы табиғат феномендерінен хабардар кей адам біздің жоғарыдағы 30, 54,72 метрлік Аюлы, Күркілдек, Көккөл сарқырамаларын көріп, көңілінің қоңылтақсып қалары анық. Бірақ бұлар мүлде жоқ болса қайтер едік. Қалай дегенде де бардың аты бар ғой. Ендеше сол бар дүниемізге барып жүрміз бе? Мәселе сонда.
Авторы: Жанболат Аупбаев, фото: Досжан Балабекұлы