..."/>
САЯХАТ

Түнекте қалдырған дүлей

41 жастағы Ясмин Моралес Торрес Ябукаодағы Эль-Негро жағажайындағы өз ауласында кір жуып отыр. Апаттан алты ай өтсе де, мұнда электр энергиясы әлі жоқ.

АҚШ тарихындағы ең ірі – «Мария» дауылынан бір апта өтсе де, Пуэрто-Рико әлі «есін» жинай алмай келеді.

«Мұндағы балықшылар апаттан әлі де зардап шегуде», – дейді Пуэрториколық Ямари Моралес Торрес. Күн сәскеден көтерілгенге дейін Ямари 14 балықшымен бірге балық аулауға қажетті құрал-саймандарын әзірлейді. «Ауланған балықты мұздатып сақтайтын ештеңе болмағандықтан, біз бірден сатуға тырысамыз», – дейді ол.

2017 жылдың 20 қыркүйегінде «Мария» дауылы Ямари мен оның отбасы тұрған Ябукоаның Плая Эль-Негро жағажайынан таяқ тастам жерді жайпап өтті. Дауыл АҚШ-тың 3,3 миллион халқы бар аралындағы электр жүйесін істен шығарды. Арада бес ай өтсе де 14 үйден тұратын осынау ауылда электр энергиясы әлі қалпына келтірілген жоқ.

2017 жылғы қыркүйектегі «Мария» дауылынан екі күн өткен соң Лиз Мариес Балтрон мен көршісі Алана Бепизарро тұратын Лоиза ауылының солтүстік шығысында сел жүрді.

Ямари қарт әке-шешесімен бірге құлағалы тұрған бетон үйде тұрады. Көрші үй дауылда толығымен бұзылған. Оның сыңар әпкесі Ясмин екі үй төмен, ағасына көрші тұрады. Олар дауылдан бұрын эвакуациялануы керек болатын. «Өмірім мәз емес, – дейді Ямари, – соған қарамастан, осында қаламын».

Тұрақтылық рухы Пуэрто-Риканың алапат апаттан қалған ізді қайта қалпына келтіруіне көмектесуде. Аралдың басты қалалық бөліктерінде бірнеше аптаның ішінде электр мен су жүйелері қалпына келтірілді. Дегенмен Эль-Негро жағажайы секілді кедей ауылдың 100 000 тұрғыны көктемді электр жарығынсыз қарсы алды.

Дауылдан бес ай өткеннен кейінгі көрініс: электр сымдары үзіліп, пальма ағаштары жолды жауып тастаған. Қуатты жел мен алып дауылдан жағажайдың быт-шыты шыққан.

89 жылдың ішінде Пуэрто-Рико бастан кешірген ең жойқын «Мария» дауылы аралды жайпап өтті. Үздіксіз жауған жауын жантүршігерлік селге ұласты. Көпірлер мен ауылдар су астында қалды. Онсыз да жылдар бойы жөнделмеген аралдың инфрақұрылымының быт-шыты шықты.

Халықтың басым бөлігі сусыз қалды. Бірнеше күн бойы Пуэрто-Рикомен байланыс жолдары кесілді. Әуежайлар жабылып, қажетті құрылғылар ұшақпен де, кемемен де жеткізілмей, жөндеу жұмыстары кешіктірілді. Апаттың салдарын реттеуге жауапты Федералды жедел басқарма агенттігінің жұмысы бір ай өтпей жатып АҚШ-та қайталанған ірі дауылдардан кейін біржола қиындады.

Электр қуатынсыз Эль-Негрода тұратын 75-тегі кейуана Ирма Торрес Родригес қолшамына жүгінуге мәжбүр. Ол күйеуімен бірге осы үйде 1960 жылдан бері тұрып келеді.

56-дағы Кармен Торрес Ривера Пунта-Сантьягодағы бұзылған пирстің үстінде балық аулап отыр. «Бұл – менің хоббиім», – дейді ол.

Нәтижесінде, АҚШ тарихындағы ең ұзақ «түнек» күндер басталды. Аралдағы көптеген үй айлар бойы сусыз қалды. Әжетханада ағызатын, душта жуынатын, кір жуатын су болмады. Адам күні бөтелкедегі суға қарап қалды, оның өзі шектеулі болатын. Жарамсыз электр пештері пропанмен ауыстырылды. Тоңазытқышсыз ас пен маңызды дәрі-дәрмектерді сақтау қиындық тудырды. Үйінде генераторы барлар ғана қараңғылықтан бірнеше сағатқа арыла алды. Қалжырататын ыстықты бір сәтке ұмыттыратын кондиционер жайлы тіпті ойламаңыз. Күнделікті қолданып жүрген заманауи технологиялар жайына қалды.

19 ақпанда электр энергиясы аралдың солтүстігі мен орталық жотасындағы шағын ауыл – Моровистің жағалауына берілді. 51 жастағы Марисол Ривера Ривас бөркін көкке лақтырып, көршілерін құшақтап, бір шыны сыраны қылғытып салды. «Мыналар қолмен жуылатын соңғы киімдер», – деп ауласында желмен желпілдеп тұрған кірді нұсқады. – Соңғы бес айдағы ең керемет жаңалықтардың алды – осы. Біз – тіріміз!» – деп қуанды ол.

Эль-Негрода құлаған үй үстінен таң атып келеді. «Мария» дауылы әкелген көшкін осынау «жұмақ» іспетті жағажайдың астаң-кестеңін шығарды.

64 жастағы Беренарда Мартинес Моралес бұзылған үйде электр қуатынсыз тұрудан әбден шаршаған. Ол Эль-Негродағы екі бөлмелі үйінде үш ересек баласымен бірге тұрады.

Электр қуаты мен су жүйесі қалпына келтірілгеннен кейін де, арал халқы апаттың салдарымен күресуге мәжбүр. «Дауыл қоғам «тіреуінің» түп қазығын суырып алды. Жұртқа сенімділік сыйлаған дүниелер жоғалды, – дейді 39 жастағы психолог, Сан-Хуандағы Албизу университетінің профессоры Доминго Маркос, – адамдар қобалжулы, уайымшыл, үрейлі». Маркустың айтуынша, халықтың шамамен 30-50 пайызы апаттан кейінгі күйзеліске, депрессия мен уайымға ұшыраған.

Соған қарамастан, Маркус оптимист болудан танбайды. «Біз өте үлкен тұрақтылыққа куә болдық. Біз ешқайда кетіп бара жатқанымыз жоқ. Қайта қалыптасудамыз, – дейді ол, – бізде бәрі жақсы болады. Қайтадан қалыпты жағдайға ұмтылмауымыз керек, өйткені жағдайымыз бұрынғыдай қалыпты болмайды».

Авторы: Дэвид Бриндли, фото: Кэрол Гази


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля