Астанадағы Ұлттық әскери-патриоттық орталықта ҚР Қорғаныс министрлігінің бастамасы бойынша өткізіліп жатқан «Әскер Медиа – 2018» республикалық баспасөз фестивалі байқауының қорытындысы шығарылды. Баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы байқауға отандық бұқаралық медиа ғана емес, сонымен бірге, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері де қатысқан. Марапаттау рәсіміне Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің Қорғаныс ведомстволарының басшылары, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, ҚР Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Парламент депутаттары, Қазақстан Қарулы күштерінің ардагерлері, орталық телеарналардың, баспасөз басылымдарының бас директорлары мен бас редакторлары, блогерлер мен қоғам қайраткерлері қатысты. Әділқазылар алқасы 400-ден аса журналистік жұмысты бағалады. Шешуші кезеңге өңірлік, республикалық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 50-ге жуық қатысушысы өтті. Олардың жарияланымдары мен репортаждары жоғары деңгейлі кәсіпқойлықпен, тақырыптың өзектілігімен және мазмұндау мәнерімен ерекшеленді.
Фестиваль қорытындысы бойынша «Үздік телевизиялық бағдарлама» номинациясында «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының жүргізушісі Серғали Жарылқасынов жеңімпаз атанды. Қазылардың пікірінше «Үздік радиобағдарламаны» Мұхтар Тұртайұлы дайындады. «Шетелдік БАҚ-тағы ҚР Қарулы күштері туралы үздік материал» номинациясында «Звезда» (РФ) телеарнасының тілшісі Алексей Самолетовтың сюжеті үздік деп танылды. «Баспасөз БАҚ-тағы үздік материал» номинациясын «Индустриальная Караганда» газетінің тілшісі Фархат Кинжитаев жеңіп алды. «Ақпараттық агенттіктегі үздік жұмыс» номинациясында «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігінің тілшісі Арман Асқаров жеңімпаз атанды.
«Әлеуметтік желілер мен блог-платформалардағы үздік жұмыс» номинациясында блогер Сәуле Серікбайдың жұмысына жоғары баға берілді. Григорий Беденко үздік әскери шолушы атанды. «Үздік жас журналист» номинациясын Астанадағы орта мектептің 4-сынып оқушысы жеңіп алды. «Өңірлік БАҚ-тағы үздік материал» номинациясында «Знамя труда» газетінің тілшісі Кәмила Жұмаділова жеңімпаз атанды. National Geographic Qazaqstan журналының фототілшісі Жайнар Дәркембаев «Үздік фотожұмыс» номинациясын жеңіп алды. Оның мына фотолары үздік деп табылды.
Фестиваль қазақстандық эстрада жұлдыздары Роза Рымбаева, Әлібек Дінішев, Жұлдыз Уәлихан, Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың би және вокал ұжымдарының қатысуымен гала-концертпен аяқталды. «Әскер – Медиа – 2018» фестивалі ағымдағы жылғы наурызда басталғанын естеріңізге сала кетейік. Фестивальдің негізгі мақсаты – Қарулы күштердің ашықтылығы мен қолжетімділігін арттыру, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің Қазақстан армиясының қызметін білікті және дәйекті жария етуі болды.
inform.kz https://www.inform.kz/kz/astanada-askeri-salanyn-uzdik-zhurnalisteri-anyktaldy_a3449730