..."/>
САЯХАТ

Петропавлдағы «тентек» пальма

Әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген тропикалық, субтропикалық ғажайып өсімдіктерді өсірумен қазір елімізде екі-ақ мекеме айналысады. Бірі – Алматыдағы академиялық ботаникалық бақ. Екіншісі Петропавлда орналасқан қарапайым ғана өсімдіктер жылыжайы. Оның бас директоры солтүстік өңірін оазистік аймаққа айналдыруға ерекше үлес қосып келе жатқан Қазақстанның еңбек сіңірген агрономы, биология ғылымының докторы, Петропавл қаласының құрметті азаматы Рязапов Равиль бабай.

Равиль Хасанұлы 1963 жылы осында еңбек жолын бастап, сол уақыттан бері жылыжайға тропикалық, субтропикалық өсімдіктер мен жеміс ағаштарын отырғызып, жерсіндіре бастайды. Қазір мұнда өте сирек мәңгі жасыл өсімдіктердің 400-ге жуық түрі жайқала өсіп тұр. Ырымшыл да діндар бабай пальмалар мен папортник, кипаристердің санын ашып айтуды жөн санамайды.

Экологиялық орталықтағы көрген жанның көз жауын алатын әсем де әдемі, ғажайып мүйістің бірі – тропикалық саябақ. Жұртшылық оны «қысқы бақ» деп те атайды. Айтса айтқандай. Әсіресе, қаңтар, ақпан айлары кездерінде тап болсаңыз, аппақ, ақшақарлы әлемнен бейне бір мәңгі жасыл өмір –  тропикалық аймаққа келгендей әсер аларыңыз анық. Мұндағылардың бәрі Равиль бабайдың қолымен өсірілген. Сондықтан оған әр өсімдік ерекше ыстық. Ішіндегі жан сырын ақтарыла айтып, аңқылдай сөйлейтін бағбан әрлі-бергі тарихты қопарғанда еш мүдірмейді. Оның айтуынша, ХІХ ғасырда Ойқалада (Петропавлдың төменгі етегі) Қасымов мешіті болған. Арғы аталары Меккеге қажылық парызын өтеуге барғанда Арабиядан құрманың дәндерін алып келіп, мешіт дәлізінде тұрған құмыраға өсірген екен.

Бұл пальманың жасы 130-дан асса да, әлі де «тентек». Осыдан оншақты жыл бұрын биіктігі 12 метрлік жылыжайдың әйнектелген төбесін тесіп шығып, бақ қызметкерлерін әуре-сарсаңға салғаны бар.

«Бұл – пальманың жабайы түрі. Отаны – Канар аралдары мен Солтүстік Африка. Ыстықты сүйеді. Биіктігі 30-40 метрге дейін жетеді. Петропавлдағысы – 12 метр. 2004 жылы жаз айларында жаңбыр жаумай, аптап ыстық болды емес пе? Соның салдары болса керек. Сондықтан ол тағы да тектентік жасамауы үшін жыл сайын ұшын кесіп отырамыз», – дейді бағбан.

Равиль ақсақал Африка, Америка, Қытай, Вьетнам, Лаос, Камбоджа, Үндістанда өсетін өсімдіктерді санамалап келеді. Веер пальмасы, динго, банан, африкалық калла, какао, лавр жапырағы, қытай лимоны, банан, бансай, туя, кактус, агава, юкки… Таусылар емес. Равиль Хасанұлы сакураның жанына келгенде оны аялай сипап, бір ауық үнсіз қалды. Білуімізше, өрік, шие, алқоры секілді жеміс ағаштарын жапондықтар сакураға жатқызады. Мұндай ергежейлі ағаштар жиынтығын бансай деп те атайды.

Равиль Хасанұлы жас кезіндегі Отан алдындағы әскери міндетін өтеудің Вьетнамда бұйыртқан тағдырына риза. Сол кездері мәңгі жасыл елдің сырлы жұмбақтары оны керемет әсерде қалдырса керек. Әсіресе, ол адамның ішкі жан дүниесімен ерекше үйлесім тапқан табиғатына қайран. Сол жолы ғой, пальманың кішкентай 32 өскінін рюкзагына салып тығып әкелгені. Сәтін салғанда олардың біреуі аналық болып шықты. Содан оның табиғат-анаға деген ерекше құмарлығы оянып, экологиялық коллекция жинауға шындап кірісті. Кубаға жолы түскенде агава, кактус, манстера, лимон өскіндерін ала келді. Егер шетелге барған жұрт қымбат та бағалы заттар әкелуге тырысса, бұл жоғарыдағыдай өсімдіктер тұқымын жинайтын әдет тапты. – Мұндай шаруашылықты ұстап тұруға қаржы қашанда жетпейтіні белгілі. Тығырықтан шығудың бірден бір жолы жас көшеттерді өсіріп, сатумен де айналысамыз. Қазір офистерді декоративтік өсімдіктермен безендіруге өтініштер жиі түседі. Мемлекеттік тапсырыстарға да қатысамыз. Өскіндерді мекемелерге өзіміз жеткізіп береміз. Ақыл-кеңес айтамыз. Ыдыстарын алып келіп, санын, түрін айтса, қалғаны біздің шаруамыз, – дейді бағбан.

Осы күндері осы экологиялық орталықтан хабардар тұрғындар баққа келіп, мәңгі жасыл аймақты көзбен көріп, ерекше әсерге бөленіп қайтатын болып жүр. Себебі Равиль Хасанұлының басты хобби – бағбандық.

Автор: Жанболат Аупбаев

Фото: Жайнар Дәркембаев, Дмитрий Ругис, Ерболат Шадрахов


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля