..."/>
САЯХАТ

Ядролық сынаққа қарсы ел!

«National Geographic» мұрағатынан алынған мақала. 1993 жылдың наурыз айында халықаралық басылымда жарық көрген шолу көптен күткен тәуелсіздікке енді ғана қол жеткізіп, дербес ел ретінде тәй-тәй басқан ел болмысын айшықтайды. Мақала Кеңес өкіметі билеген тұстары жұпыны күй кешіп, бас амандығы үшін «мақұлдан» өзгені білмейтін халықтың атом сынағынан көрген қасіретін баяндайды.

Туғаннан бет-жүзі өзгелерге ұқсамайтын 13 жастағы Берік Сыздықов Қазақстанның солтүстік-шығысындағы бұрынғы Семей ядролық сынақ аймағында тұрады. 1949-1989 жылдар аралығында мұнда 500-ге жуық атом қаруы сыналған. Кезінде Ресейге үстемдік еткен жауынгер түркі тайпаларының ұрпағы болып табылатын қазақтар жетпіс жылға созылған Кеңес Одағы билігінен шыққаннан соң өз Тәуелсіздігін жариялап, мол қазыналы табиғи ресурстарын игеруді өз қолына алды.

Қазақта Марат Имашев секілді адамдарға арналған балладалар бар. Мен оны сәлбен иісі аңқыған жалғыз шоқының үстінде жолықтыр­дым. Ол киіз үйінің жанында тұрып малын санап шықты. Иелігінде 650 қой, бір жылқы мен көшкенде қолданатын көлігі – қос түйесі бар екен.

Қазақтың шопаны Американың ковбо­йынан аумайды. Өлең-жырларда оларды көк аспан астында еркін өскен халық қаһармандары ретінде суреттейді. Өз өлеңінде шопан тау бөктеріндегі жайылымдарда жүрген кезінде сүйіктісінің оны ұмытпауын сұрайды. Қазақстанның жаңа елтаңбасының дәл ортасында шаңырақ бейнеленген. Ол – киіз үйдің уықтарын біріктіріп тұратын дөңгелек ағаш.

Мараттың мал жайып жүргеніне бір ай болыпты. Малы таудағы көкті жеп біткенше ол шамамен 96,6 шақырым жерді жүріп өтіп, тағы екі апта жайлауда болады. «Мен ешқандай карта қолданбай-ақ жолымды табамын. Ата-бабамыз бұл үстіртте ғасырлар бойы мал жайып келген», – дейді ол.

Романтика? «Тауда көретініңіз тек шаң-тозаң, қар мен жаңбыр», – дейді мен ертесіне кездестірген Ерлан есімді жүзін күн қақтаған шопан. Осыны айтып ол мұңын шаға бастады: «Жарым, балам, мен – бәріміз мал бағып, айына бар болғаны 1500 сом (5 доллардан да аз) табамыз. Отбасымда маған қарап отырған сегіз адам бар. Сегіз!».

Ерлан орысша сөйлеп тұр еді, қалған екі бақташы оны қазақшалап сыбап алды. Досым олардың сөзін маған аударып берді: «Америкалыққа мұңыңды несіне шағып жатырсың? Ол саған көмектеседі дейсің бе? Айтпақшы, біздің алты ай бойы жалақысыз отырғанымыз­­ды оған айтпа!».

Бұл қазақтың қуанышы мен қайғысын қатар паш еткен сұхбат болды. АҚШ-тың үштен біріндей жері бар осынау кең даланы мекендеген халық Тәуелсіздігімен бірге үлкен қиындықтарға да тап болды. Кеңес Одағының экономикасында Қазақстанның мол табиғи ресурстарын Украина мен Ресейдегі зауыттарға тасымалдайтын жүйе болған. Ескі жүйе жоғалғалы жаңасы әлі ойлап табылмады. Ресей секілді Қазақстан да инфляция мен жұмыссыздыққа тап болған. Көптеген ауылдық отбасында бала саны көп. Ата-аналар балаларын жұмыс тапсын деп қалаға жіберуде. Қаладан жұмыс таба алатыны шамалы.

Өскемендегі кен өндіру зауытында жұмыс істейтіндердің дені – орыстар. Олар аэронавтика өнеркәсібі үшін аса маңызды металл болып табылатын өңделмеген титан бөліктерін сұрыптауда. 1930 жылдары Сталиннің бастамасымен қалалар индустрияландырылғанымен, қазақтар ауылды тастап зауытқа келуге асықпаған. Алайда тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, олар мемлекетті басқаруды тез арада өз қолдарына алып, ұзақ уақыт бағынышты болған ана тілін қалпына келтіруге күш салып келеді.

Тәуелсіздік алу – ядролық қару сынақтарынан зардап шеккендерге Одақтан көмек келмейді деген сөз. Ресурстарды Мәскеуден тікелей басқару арқылы пайдалануды да ешкім қалпына келтірейін деп тұрған жоқ. «Негізі, бұрыннан да Мәскеуден көмектің келіп жарытқаны шамалы, – дейді экология басқармасының басшысы Мараш Нұртазин, – себебі Қазақстан Кеңес Одағы үшін отар ел есебінде болды».

Мырыш пен қорғасын еріту пештері мен уран сүзгіш диірмендер Шығыс Қазақстан қалаларының экологиясын мүшкіл жағдайға түсірді. Оңтүстік-батыс Қазақстандағы тартылып қалған Арал теңізі экологиялық апат болып қалып отыр. Проблеманы тудырған – мақта шаруашылығы. Кезінде Сырдария мен Әмудария өзендері теңізге құятын, бірақ олардың суы кең мақта алқаптарын жаппай суғаруға бұрылып, пестицид пен тыңайт­қыштарға толы алқаптардан аққан су Арал теңізіне жетті.

Көлдің жалпы ауданының 40 пайыздан астамы тартылып қалғандықтан, теңіз табанына жиналған «У» буланып – ауаға, денсаулыққа зиян бұл препараттар жауын-шашын арқылы айналаға тарады. Ғалымдардың айтуынша, осы себепті адамдардың иммундық жүйелері әлсіреген. Мұнда тамақ обыры, гепатит пен тыныс алу жолдары аурулары өзекті проблемаға айналған.

Мәскеуден түн ортасында шыққан аэрофлот мені үшкір мұздықтарын күн аймалаған Тянь-Шаньнің төбесінен алып өтіп, Қазақстан астанасы Алматыға әкелді.  Астананың атауы жай ғана «алмалы мекен» дегенді білдіреді.

Қазақтар орыс империясының қарамағына 1800 жылдары кірді. Орыс патшалары Еуропадан қоныс аударған казактарды Азияның сауда жолдарының сақшысы етіп тағайындайды. Ресей үкіметінің қазақ жеріне деген қызығушылығы қашан да жоғары болған. Ресейдің қарамағына өтуді қазақ хандарының кейбіреуі – қолдаса, басқалары қарсы күрескен. Ал ХІХ ғасырда орыстар мен украиндер лек-легімен келіп, қазақтың тың жерлері мен шабындықтарын игере бастады. Ата-бабалары большевиктік революция кезінде көршілес Моңғолияға қоныс аударғандардың көбі ұлт құру мақсатында атамекендеріне қайта оралды. Солтүстік Қазақстанның даласындағы киіз үйлерінде тұрып жатқан мына топ мемлекеттің мал бергенін күтуде.

Қазіргі таңда бұл атау қалаға лайық емес сияқты, өйткені ол шетелдік бизнес өкілдеріне толы. АҚШ-тың мұнай-газ компаниялары мен еуропалық фирмалар; Қытайдың сауда делегациялары,  ал италиялық Fiat компаниясының инженерлері  Орталық Азияның нарығы үшін шағын көліктер құрастыруға дайын.

Мұның барлығы – ұзақ уақыт Кеңес Одағының қоластында болған Қазақстан үшін бас қатырарлық жағдай. Үкімет капиталистерге қақпасын айқара ашқанымен, елдегі ленинизм әлі кете қоймаған. Кеңес Одағының ұлылығының көрінісін паш етіп, көптеген ғимараттың арасынан қола Ленин қызғалдақты алаң үстінен қолын сермеп тұр. Ол мемлекеттік кеңселерде кеше ғана шынайы коммунист болған бюрократтардың төбесінен шұқшиып тұрғандай.

«Біз Марксизм мен Ленинизмнің бұрыс­тығын ұғындық. Алайда өткенді бір күнде ысырып тастай алмаймыз», – дейді Парламент депутаты. Кеңес Одағының құлпы ашылғанда Қазақстан ұзаққа созылған қамаудан босатылған тұтқындай алаңдаулы күй кешті. Мәскеуден бостандық алғанына қуанғанымен қазақтар толық тәуелсіз болып кеткен жоқ. «Саясат дейсіз бе? Ол біздің шаруа­мыз емес», – дейді Ерлан. Дегенмен саясат да өзгеру үстінде.

Қазақтар дегеніміз кімдер өзі? Жауап біреу: Шыңғыс хан мен оның жаулап алу жорықтарының салдарынан моңғолдарға тән ерекшеліктерді бойына сіңірген көшпенді түркі халқын «қазақ» дейміз. Жанымдағы досымның бұған басқаша түсініктемесі бар: «Жеті атасын білмеген қазақ қазақ емес». Ертеректе қазақтар көшпелі тұрмыс кешкенде халық болашақ күйеу баланың рулас болмауына баса назар аударған. Бұл салт әлі де сақталған.

Қытай мен шығыс елдерінен мата артқан дөңгелекті дүңгіршектер ел астанасы – Алматыға жаңа сән үлгісін алып келді. Тауар көп болғанымен, қымбат затты қалтасы көтеретін сатып алушылар аз. Ал Розовка секілді мемлекеттік дүкендерде таңдау аз болғанымен, тауар бағасы арзан.

Коммунизмге дейін қазақтар мұсылмандықты ұстанған, бүгінде, халық қайтадан ата дінге оралуда. Олар дәстүрлі сүннет жолын ұстанады. «Мен қызымның хиджаб кигенін қаламаймын», – деді маған жергілікті имам.

Қазақтардың тағы бір ерекшелігі – қатты орыстанғандығы. Қазақтың түркі, араб, парсы тілдерінен енген тектері орыстың «ов», «ев», «индерімен» аяқталады. Мәселен, менің бір досымның тегі – Құмаров, ал аты Тоқтархан.

1917 жылғы көтеріліс кезінде қазақтар Тәуелсіздік алуға алғашқы қадамын жасап көрді, бірақ ол сәтсіз аяқталып, ел 1920 жылға дейін Мәскеу мен большевиктерге тәуелді болып келді. 1929 жылы ұжымдастыру басталғанда халық малын коммунистерге өткізгеннен гөрі бауыздағанды жөн көрді. Малдарын өздері өлтірмесе, партизандардың сұлататынын халық білді. Ұстаздар мен дін қызметкерлері басқа республикалардағыдай не ГУЛАГ-қа айдалды, не ату жазасына кесілді. Сол жылдары шамамен үш миллион қазақ қырылған. Көбі ашаршылық құрбанына айналды.

Солтүстік үшін Сібір секілді, Кеңес Одағының көптеген халқына Қазақстан «халық жауы» деп айыпталғандар айдалатын лагерьге айналды.

Мәселен, 1941 жылдың күзі Мария Захнердің әлі есінде. Түнгі уақытта Кеңес сарбаздары үйіне баса-көктеп кіріп келіп, оған бес баласымен бірге таңертең көшуге дайын отыруын ескертіп кетеді.

Қазақстанның солтүстік-шығысындағы Шар қаласында тұратын 83 жастағы Мария мені үйінде жылы шыраймен қарсы алды. Көптеген шалғай ауылдағы секілді үйге су тартылмағаны болмаса, іші таза әрі жинақы.

«Менің орысшам нашар», – деп ол кешірім сұрады. Ол Украинаның қарқынды дамып жатқан неміс ауылында тұрғандықтан орысшаны аса қажет етпепті. Бұл немістердің арғы тегі 1700 жылдары Ресейге Ұлы Екатеринаның арнайы шақыртуымен қоныс аударған. 1941 жылы нацистік Германия әскері Кеңес Одағына басып кіргеннен кейін Сталин кеңестік немістерге «сенімсіздікпен» қарады.

Ауыл халқымен бірге Мария ең кішкентайы үш апталық сәбиін қосқанда төрт баласын ертіп, мал артатын эшелонға мінеді. «Менің күйеуім онда болған жоқ», – дейді ол. Неміс­терді соғыста Қызыл әскерге окоп қазу үшін алып кеткен. Ол күйеуінен бір-ақ рет хат алған, ал одан кейінгі тағдырынан мүлде бейхабар.

Семейдің Диагностикалық орталығындағы үй секілді безендірілген аурухана балалардың қорқынышын сейілтіп, оларға жайлылық беретіндей. Күн сайын ондаған баланың радиациямен уланған-уланбағаны тексеріледі. Дәрігерлер обырдың жиілеуі мен басқа да аурулардың ең басты қозғаушы күші – жақын маңдағы ядролық сынақ аймағы деп есептейді. Кейбіреулер иммундық жүйенің радиациямен улануы атомдық АИВ инфекциясына серпін берді деседі.

«Біз алты аптадай жол жүрдік. Тамырымен қопарып алып әкеткендей адамдарға толы вагондар шығысқа жол тартты. Пойыз тоқтағанда біз тез арада тамақ әзірлеуге асығатынбыз. Алайда артынша: «Тез, вагонға!» – деген бұйрық естілетін. Менің кенже балам аштықтан көз жұмды. Емшегімнен сүт шыға қоймаған соң балаға қатқан нан бергеннен басқа амалымыз қалмады, – деп Мария көз жасына ерік берді. – Сол уақытта көп адам ажал құшты. Тоқтаған кезімізде сарбаздар өлгендерді көмдіру үшін қолымызға күрек ұстататын. Бірақ қазір олардың молаларының қайда екенін анық айта алмаймын».

Меніңше, қазақтардың саны бұдан былай артатын сияқты. Олар Үкіметті басқарады. Орыс тілінің қолданылу аясының кеңдігі мен әлемдік келіссөздер жасауда маңызды рөлге ие екеніне қарамастан, қазақ тілін жалғыз ресми тіл ретінде жариялады.

Мұндай қадамдар кей топтарды алаңдатады. Өз мүддесін қорғау үшін олар саясатқа араласа бастады. Қысым тетігі болып табылатын этникалық қозғалыстар ұйымдас­тырылып, саяси партиялар құрылуда.

Орыстарда «Единство» көшбасшысы, сөзі көп геолог Юрий Старцев бар. Ол: «Орыс тілі де ресми деңгейге көтерілмейінше, орыс тілінде сөйлейтіндер мемлекеттік мекемелерде жұмыс істей алмайды және барлық құжат қазақ тілінде толтырылатын болады», – деп есептейді.  Ол менің «орыстар мұнда өздерін ұзақ уақыт қожайын сезінген жоқ па» деген пікіріме ашуланып кетті. Кезінде қазақтар оларды «үлкен аға» деп атаған. Юрий бұған келіспегенімен, шындық – осы.

«Азат» қозғалысының дөңгелек жүзді, мұртты басшысы Сәбетқазы Ақатаевтан орыс­тар аяқ тартады. Сәбетқазы маған мынадай мақал айтты: «Орыспен дос болсаң, айбалтаң жаныңда болсын». Ол Ресеймен шекараны жауып, сауданы Азияның басқа елдерімен жүргізуді ұсынады. Қазақстандық орыстар қала берсе болады. «Біз олардың Қазақстанның жаңғыруына араласқанын қаламаймыз», – дейді ол.

Үкімет басшылары бір тілділік заңының әуежайдағы билет сату кеңселерінен бастап қоғамдық жерлерде жайлап іске асырылатынына уәде береді. Алайда орыс ұлтшылдарының айтақтауы­мен мәселені ушықтырушылар Мәскеуден шетелдегі орыстарды қорғауын сұрап үндеу тастауда. Ресейдің қауқары көпке жетеді.

Алматының солтүстік бағытымен жүргенде мыңдаған шақырым жердегі орталық Азияның шексіз кең даласы – Целиноградқа жеткенімде сағат түнгі ондар шамасы болатын. Жері дастарқан бетіндей теп-тегіс Целиноградтың игеру қаласы. 1954 жылдан бастап Никита Хрущев Кеңес Одағын астықпен жеткілікті қамтамасыз ету үшін бұл жерге көз тігеді. Орыс, украин, белорусьқа толы трактор іспетті техника артылған эшелондар келіп, 24,3 миллион гектар шабындық жер жыртады. Құрылысшылар мемлекеттік кеңселерді бағаналы ғимараттар етіп тұрғызды. Хрущев прогрестің орталығында ғибадатханалар болғанын қалады.

Арақ қалай судай ақса, идеология да солай кең насихатталды. «Біз тағы біраз тер төксек, жаннатқа жетеміз деп ойладық, – деп есіне алды Виктор Михаилов, – біз бұл елге болашақты алып келе жатқанымызға сендік».

Джейкоб пен Стейзел Роза Бекер бір-бірін Ивановкада тапты. Қазақстанның қалған 1 млн этникалық немістері секілді олардың да ата-бабалары Ресейдің ішкі аудандарына ІІ Екатеринаның шақыртуымен келген. 1941 жылы Германия КСРО-ға баса-көктеп кіргенде олар Сібір мен Қазақстанға жер аударылды.

Ол біраз қысылып тұрып: «Өміріміз босқа өтті. Бізге үміт берген жүйе күйреді. Енді адамдар: «Мұнда не үшін келдіңдер? Сендер біздің шабындықтарымызды жойдыңдар. Малымыз көп еді, енді оларды жаятын жайылым жерлер қалмады», – дейді.

Осыны айтып, ол жылай бастады.

Хрущевтің тың игеру бағдарламасы бес жылдық мақсаттарға жете бермейтін. «Бізде техника жеткілікті болмады, – деп комбайн бригадирі есіне алды. – Біз егін жинауды тамызда бастап, қар түскенде алқаптан кететінбіз. Қалғанын келесі көктемде жинап алуға тырысатынбыз. Астыққа қамба жасау алдын ала ойластырылмаған, сол себепті астықты үйіп-үйіп алқапта қалдыратынбыз».

Жел топырақтың құнарлы қабатын ұшырып әкетті. 1964 жылы Хрущев биліктен қуылғаннан кейін, науқан күшін жоғалтты. Бүгінгі таңда кезінде егін алқабы болған бірнеше миллион шақырым жер қайтадан шабындыққа айналған, ал Целиноград атауы қайтадан көне қазақша Ақмола атауын иеленді.

Мен аты ферма болғанымен, заты ұқсамайтын қожалықтың иесі Мұрат Ысқақовпен таныстым. Бұл жерде қамба да, Мұраттың өзіне арналған үй де, оның серіктестері – төрт бауыры мен отбасына арналған баспана да жоқ.

Есесіне, құрал-жабдық жетерлік. Бес комбайн, бес трактор, жүк көлігі, вагондар мен жылқылар толып тұр. «Біз малымыз бен бидайды сатқан кезімізде үйдегілер: «Өзімізге көп айлық берейік, – деді. – Ал мен, жоқ, өзіміз жеке жұмыс істегіміз келсе, жұмыс машиналарымыз көп болуы керек дедім». Мұрат осылай дейді.

Сарбаздар түн жамылып мыңдаған украин, поляк, балтық, тіпті Кеңес Одағының сонау шығысындағы кәрістердің есіктерін қағып, қорқынышты жайтты хабарлаған. Көшуден бас тартқандар қара жер мен түрмеден бірақ шықты. Қазіргі таңда 17 миллион Қазақстан халқының 40 пайызы ғана – қазақтар. Орыстардың үлесі – 38 пайыз, немістердің саны бір миллионға жетеді, яғни бұрын жеткен. Бүгінде олардың көбі Германияға қоныс аударған.

Бұған бір себеп – кеңестік көліктерінің жиі бұзылатындығы. Мұраттың механикаға соншалықты маңыз беруіне шаруа қожалығы да себеп болса керек. «Біз қазір баймыз, – деді ол масаттана. – Біз комбайндарды 17000 рубльге сатып алдық. Қазір олардың құны бір миллионнан асады».

Бүгінде құрал-жабдықтар қымбат әрі тапшы. Тракторлар мен комбайндарды жасау саласы тоқырауға ұшыраған. Жаңа фермер құралдарды үстінен қосылатын үстеме бағасынан 120 пайызға қымбатқа сатып алады.

Жергілікті басқарма жекеменшік ауыл шаруа­шылығын құптайтын өлкеде туған Ысқақовтардың жолы болып, инфляциядан бұрын өз кәсіптерін дөңгелетіп әкетті. Әйтпесе, құрал-жабдықтың тапшылығынан бұл салада жетістікке жету мүмкін емес. Мұрат 1989 жылы Қызыл ту мемлекеттік фермасынан 8,5 шаршы шақырым жерді – жалға, 800 мың рубль қарызға алған. Ол соманы Мұрат өткен жылы қайтарды. Қазір ол қамба салуды жоспарлауда.

Біз нан, қаймақ, шұжығы мен қымызы қойылған жер үстелі бар киіз үйге демалуға кірдік. «Балаларымыздың болашағы үшін өз бетімізбен әрекет етпекке бел будық, – дейді Мұрат, – мемлекеттік фермаларға қарағанда, мұнда олардың жерге деген дүниетанымдары басқаша қалыптасады. Олар мықты шаруа болып шығады».  Балалар жалға алынған жерге мұрагерлік ете алады, бірақ жерді сатып ала алмайды. Қазақстанның бұрынғы коммунист заң шығарушылары толыққанды капитализмге әлі көше алмай отыр.

Қазақстан мен жалпы барлық жерде тәжірибелі бюрократтар тиімсіз мемлекеттік және ұжымдық фермалардан құтылғысы келеді (біріншісі – мемлекеттік кәсіпорын, екіншісі – орындалуы қиын жекеменшік жерлерді біріктіру). Қалайша?

Кейбір ферма қожайындары мәселенің шешімі ұжымдық жұмыста деп есептейді, яғни әрқайсысысын үлескер иемденетін үш не төрт кіші фермалардан тұратын алып бір ферма құру қажет. Өкінішке қарай, шаруа қожалықтарында нағыз фермерлерге қарағанда администратор, есепші, мал дәрігері, тіс дәрігері сияқты қосалқы қызметкерлер саны көп. Олар қалай басқарсын? Тарап кеткен ферма зейнетақыны төлеуді қалай жалғастырмақ?

Жергілікті халық «атомдық» деп атайтын мына көл күндіз жалтырап жатыр. Ол Семейдің оңтүстік-батысынан 104,6 шақырым жерде орналасқан. 1968 жылы таяз жерасты қондырғылары жарылыстарынан мұнда резервуар пайда болған. Радиацияның көп бөлігі желдің өтіндегі ауылдарға таралды. Кеңес өкіметі ондаған ядролық қондырғыны «бейбіт» мақсатта жарған.

Отбасылардың көбі балалардың күндізгі күтімі немесе бір айлық демалыс секілді мүмкіндіктерден қағылып қалғылары келмейді. Мен барған фермалардың бірінде жұмысшылар сағат 11 болмайынша алқапқа бармайтын болып шықты. Естимісің, Айова! «Адамдарды колхозға біріктіру керек, – дейді басқа бірі, – мүмкін оларды кетуге де мәжбүрлеу керек шығар».

Кеңестік дәуірдегі ядролық қарудың сынақ алаңындағы кей жарылыстардан 80,5 шақырым қашықтықтағы қалалардың қабырғалары шытынайтын. Атом сынағының штаб пәтері орналасқан Курчатов қаласындағы сарбаздың айтуынша, сол сынақтар кезінде Жер 470 рет шайқалды. 1990 жылы қоғам белсенділерінің ықпалымен билік ядролық сынаққа мораторий жариялады.

«Жарылыстардың 116-сы ғана ауада болды, қалғаны – жерасты сынақтары. Олардың екеуінің ғана табиғатқа зияны орасан болды», – дейді әлдебір полковник.

Бұл – пікірталас тудыратын мәселе. «Адамдар сынақ қолшоқпарына айналды. Бұл қылмыс болатын… Нағыз фашизм», – дейді Қазақстанның бас экологі Нұртазин.

Маған ауыл тұрғындары өздеріне ештеңе түсіндірместен әскери дәрігерлер келіп, тексеру жүргізгенін айтты. Илья есімді егде кісі: «1969 жылы дәрігерлер мені ауруханаға алып кетіп, қанымнан сынама алды. Бірақ маған жақ ашпады. Маған жасаған бар жақсылықтары – тісімді емдеп бергендері», – дейді. Ол аузын ашқанда күміс тістері жарқ етті.

Мен Курчатовтан қарағанда көшелері шаң, орталығында қаңырап бос қалған мешіті бар Долон ауылына жол тарттым. Ол 1949 жылғы тамыздағы кеңестік атом жарылысы болған жерасты сынақ орнынан 96,6 шақырым қашықтықта орналасқан. Бір топ ғалымдардың айтуынша, соңғы минутта жел бағытының өзгеруінің салдарынан Долон мен басқа ауылдарға бомбаның радиоактивті қалдықтары жеткен.

Людмила Шахворостова аспандағы жарқ еткен отты көрмеген. «Сол сәтте мен үйде едім», – дейді. Дегенмен өміріндегі қайғылы оқиғаға сол жарылысты кінәлайды.

Дала салтын ұстанған қазақ бұғы өсірушілері көктемде олардың мүйіздерін шетелге сату үшін кеседі. Кептіріліп, ұсақталып, қанмен араластырылған мүйіздерді корей мен қытай өкілдері емдік қасиеті үшін сатып алады.

63 жастағы шаршаңқы көрінген ер мінезді әйел Шахворостова ханым біз отырсын деп ауласына орындықтар алып шықты. Аулада отырғанымызда ұлдарының бірі бізге ұрлана қарап жүрді. Анатолий мен Александр ересек көрінгенімен, әлі бала. Анатолий көп сөйлемейді. Ал Александр – мылқау.

«Дәрігерлер маған мұның себебін ешқашан түсіндірген емес, – дейді ол. – Анатолий 1956 жылы туған. Ол шамамен үшке келгенде мен оның жақсы сөйлей алмайтынын аңғардым. Александр 1958 жылы туған.

Бір жарым жасқа келгенде оның да кеш дамып жатқанын байқадым. Бұған сену өте қиын болды. Басқа балалар мектепке барғанда, мен өз балаларыма қарап, көз жасым көл болатын. Мен Құдайға да сыйындым, адамдарға да жалындым, бірақ маған ешкім көмек қолын созбады».

Адамдардың уайымдары арта түсті, бірақ олар көкейдегі сауалдарына 1989 жылға дейін жауап ала алмады. Сол жылы денсаулық сақтау мамандарынан құралған тексеруші комиссия мен азаматтар аймақтағы халықтың хромосомаларының зақымданғанын және өлі туу деңгейінің жоғарылағанын жариялады. Баяндамада болашақта лейкемия мен қалқанша безі обырының артатыны да айтылған.

1991 жылы болған сәтсіз демократиялық төңкерістен кейінгі көрініс. Сталин зұлымдығынан ада орыс қыз бұрынғы кеңес диктаторының қажеті болмай қалған мүсінін қызық көруде. Төрт айдан кейін КСРО тарих болып қалады. Денсаулық сақтау комиссиясының баяндамасына сенсек, қазір сынақ алаңына жақын маңдағы ауылдарда мүгедек балалардың саны 150 пайызға артқан. Долон әкімі ауылда ең кемі төрт үйде дамуы кеш балалардың барынан хабар берді.

Ол өз-өзіне келіп, көз жасын сүртті. «Мықты болуың керек. Бұлай жатып, өмірмен қош айтыса салуыңа болмайды», – деді ол.

Шахворостова ханым Ленин көшесінде тұрады.

Авторы: Майк Эдуардс, фото: Герд Людуиг


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

 

«Уа, жаратқан ие, біз көрген зұлматты енді ешкімнің басына бере көрме! Қасиетті Жер-Ананың қасіретті азалы үні әлі естіліп тұр!». Бұл Семей қаласында 2001 жылдың 29 тамыз күні ашылған «Өлімнен де күшті» монументінің астында жазылып тұрған үндеу!

Ядролық полигонның 500 мыңға жуық құрбанына арналған құлыптастың биіктігі – 25, ені – 10 метр. Қазақ даласы мен халқын зар жылатқан саңырауқұлақ тәрізді монументтің төменгі тұсында қаршадай сәбиін қауіп-қатерден көлегейлеген ана бейнесі ақ мәрмәр тастан қашалған.

Фото: Жайнар Дәркембаев


Ядролық сынақтар тарихына қатысты зерттеуімізді журналдың арнайы қосымшасынан оқи аласыздар.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля