Қазақ елінің картасында «тас» деген ұғымға анықтауыштық сипат берген тау атаулары өте көп. Олар мәселен: Сынтас, Үйгентас, Әулиетас, Сандықтас, Қызылтас деген үлкенді-кішілі жоталар мен шоқылар. Бұл аз, десеңіз Жұмбақтас пен Айғайтас дегендер және бар.
Біз бүгін, міне, осылардың ішіндегі Айғайтас туралы айтпақшымыз. Алматы облысындағы Райымбек ауданының Шалкөде жайлауындағы осы бір алып шоқы туралы аңыз да, алыпқашпа әңгіме де көп. Солардың дені әсіресе 1723 жылғы жоңғар шапқыншылығы мен 1916 жылғы үркіншілікке байланыстырылып айтылады. Айғайтас, міне, сондай қиын-қыстау кезеңдерде шолғыншылардың елге түнде от жағып, күндіз түтін салып хабар беретін қарауыл, күзет төбесі болған екен. Оның үстіне бұл «бақылау мұнарасының» ұшар басында өзіндік бір ерекшелік бар деседі аңшылар. Ол сондағы жақпартастардың арасындағы сызат, саңылаудан ызылдап өткен жел әсерімен аталмыш шоқының уілдеп-гуілдеп дыбыс шығарып тұратындығы. Еліміздегі осы тұрпаттас жоталардың жоғарыдағыдай қасиеттерге ие екенін ғалым Е.Қойшыбаев та жоққа шығармайды. Ол өзінің 1985 жылы «Мектеп» баспасынан жарық көрген «Қазақстанның жер-су аттары сөздігі» кітабында: «Айғайтас – таулы үстіртті мекендер аты (Қазақстанның оңтүстік және солтүстік аймақтарында кездесетін атаулар). Кезінде «жар салынатын», «дабыл қағылатын» дәстүрлерге байланысты немесе «жаңғырық беретін» тастар», – деп анықтама берген.
Табиғаттың осы бір сыйының тарихы мен бар қадір-қасиетін Мұқағали Мақатаев ағамыз да анық айтып, дәл бейнелеп беріп кеткендей. Ол өзінің «Атамекен» поэмасында:
«Айғайтас» – «Шалкөденің» шаңырағы,
Ақ отау ақша бұлтты жамылады.
Жат жаққа жұрт үдере көшкен кезде,
Жабырқап тас та болса аңырады.
«Айғайтас» – тас емес тек айғайлаған,
Ғұлама қарт– жұрт үшін қайғы ойлаған.
Халықтың үні жатыр кеудесінде,
Бір кезде: «Елім –айлап» ойбайлаған.
«Айғайтас» – албандарға атамекен,
(Оны мен шежіредей атап өтем)
Ертеде ел шетіне жау тигенде,
Айғайлап хабар беріп жатады екен – дейді.
Өзіміз сөз етіп отырған тас шоқының түр-тұлғасы қандай? Кескін-келбеті ше? Ол нені көзге елестетеді? Бұл сұрақтарға жазушы Ғабдол Слановтың «Айғайтас» романындағы суреттеулер жауап бере алатын сияқты. Ол кісі 1967-1968 жылдары арнайы тапсырыспен осы Шалкөде жайлауына келіп, шекара бойындағы елдің кешегі, бүгінгі өмірін бейнелейтін шығарма жаза бастаған. Алғашқы бөлімдері «Жұлдыз» журналының 1969 жылғы сандарында жарияланып, кейін бітпей қалған сол романда Айғайтас туралы мынадай жолдар бар.
«Тас» деген атау мұның деңгейіне де бара алмайды. Жалпақ-жайлау төрінде, кемінде жүз шақырым алыстан аңқиып көрінетін оқшау тұрған едәуір биік тау. Жуандау біткен бас жағын батысқа беріп, сүйірлеу біткен құйрығын шығыс жаққа сүйрете сұлаған дара биік.
Биіктігі де едәуір бар, жан-жағы бірдей тік беткей. Қанжайлау, Таужайлау деп аталатын дөң жайылымның алшысынан жатса да басына не беткейлеріне мал жайылған емес. Айдыны мықты, шығыстан батысқа қарап, басын жерге салып дөңкиген алып бір қызыл шұбар жолбарысқа ұқсайды. Жон арқа, төбесі де өсімдікке бай емес, тықыр көгі аралас, шұбар тастары ирек сұсты. Алыстан-ақ айғайлап, оқшау да одағай көрінеді. Айрықша бір пысы бардай, адырайған қалпынан шошына ма кім біледі, маңындағы ел де биігіне аяғын жиі салған емес».
…Сол Айғайтас міне, осы. Ол бұрын да осылай болған. Қазір де солай тұр. Келешекке де біз көрген биік қалпында бара бергей.
Авторы: Жанболат Аупбаев, фото: Серікжан Мұрәсілов, Рысбек Сәрсенбай