Желтоқсанның 1-і күнтізбеге қызыл белгімен енгеніне биыл жетінші жыл. Себебі бұл күн – әлем тарихында тәуелсіз Қазақ елінің іргетасын қалап, шекарасын шегендеген Елбасының ел алдындағы сіңірген еңбегіне құрмет ретінде белгіленген.
КСРО күйреген өліара шақта, жерінің тұтастығын сақтап қана қоймай, ел ішіндегі татулық пен бірлікті дұрыс жолға қоя білген және тәуелсіздігімізді баянды ете алған Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор. Сондықтан бұндай күнді мемлекеттік деңгейде атап өтілуі заңды да.
Тарих беттерін парақтар болсақ, Қазақстан Тәуелсіздік алған тұста ұлт тарихындағы жаңа дәуір дәл осы 1 желтоқсаннан бастау алады. Өйткені, дәл сол күні, Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы өткен жалпыхалықтық сайлауда 98,7 пайыз дауыс жинап, Тәуелсіз Қазақ елінің Тұңғыш Президенті болып сайланған болатын.
«Президент күні» ойдан шығарылған мереке емес. Ондай күн АҚШ-та да тойланады. Штаттар елінде Президент күні ХІХ ғасырдан, яғни 1880 жылдан бастап, 22 ақпан күні атап өтіледі. Себебі ол күн халқының болашағы үшін өлшеусіз үлес қосқан Джордж Вашингтонның туған күні.
Тұңғыш Президент күні елімізде көптеген шара ұйымдастырылып, мейрам ретінде тойланады.
Фото: AkordaPress