Пост пен твит арқылы аузымызға келгенді айта беретін болдық. Бұл – эволюцияның кесірі!
«Сені бауыздау керек. Құрттап, ыдырап кеткен денеңді шошқаларға тастау керек». Британдық кәсіби теннисші Кайл Эдмунд 2017 жылғы турнирде жеңілгеннен кейін беймәлім Facebook қолданушысы осылай әрі баспаға шығаруға келмейтін бұдан да сорақы һәм дөрекі пікір білдіріпті.
Кэмбридж университетінің классикалық ғылымдар профессоры Мэри Бирд ертеде еркектердің әйелдердің үнін күшпен басып отырғанын жариялағанда әлдебіреу Твиттерде: «Мен сенің басыңды шауып, қорлаймын», – деп қоқан-лоқы көрсеткен.
Биылғы Мартин Лутер Кинг күні қарсаңында беймәлім Твиттер қолданушысы елу жыл бұрын Кингті мерт еткен адамға тамсана: «Джеймс Эрл Рэй, жаның жаннатта болсын! Ақ нәсілділер үшін жанын берген шын күрескер», – деп жазған. Сол айдың ішінде АҚШ президенті Дональд Трамп өз парақшасында «Оның атом бомбасы түймесі Ким Чен Ын атом бомбасына қарағанда, әлдеқайда үлкен әрі қуатты», – деп жазады. Бұл желіде бірнеше аптаға созылған пікірталас туғызды. Трамп Солтүстік Корея басшысын: «Зымыран-бала», «есуас жігіт», – десе, Ким Трампты: «Гангстер» және «АҚШ-тың ақылы кем кәрі қақпасы», – деп атады.
Бүгінгі таңда интернет – мәлімет тез тарайтын алаң. Әлеуметтік желідегі агрессияның ушыққаны соншалық, АҚШ-тағы Ақ үйдің мүшелері жылына бір рет «Ұлттық сыпайылық күнін» атап өтуді ұсынған. Бірақ ол келемеж бен мысқылдың астында қалған болатын.
Бұл адам табиғатының, асылында, жиіркенішті әрі аң секілді қаскөй екенін білдіре ме? Жоқ. Бүгінгі қоғамда жек көруден туған қылмыстың, саяси бөлінушілік пен ащы сын айтудың өз кульминациясына жеткені жасырын емес. Әсіресе, желіде бұл анық байқалады. Бұл желінің адам табиғатының шынайы болмысын паш ететіндіктен туындап жатқан жайт емес.
Эволюциялық антрополог ретінде қызмет етіп жүріп мен адамзаттың соңғы 2 млн. жылда таяқ пен тас ұстаған маймыл тектес топтардан қалай көлік, ракета, ұлы өнер туындыларын, ұлттарды ғаламдық экономикалық жүйелерді ойлап табатын тұлғаларға айналғанын жылдар бойы зерттедім.
Біз бұл жетістікке қалай жеттік? Санамыз кеңейіп, ынтымағымыз артты. Біз жүкті жұмыла көтеріп, түрлі қоғамдық қатынас құрып, мәселені креативтік жолмен шешуге мәжбүрміз. ХХІ ғасырда бұл – барлығымыздың бойымызға тән мұра.
Мен желідегі агрессияның артуы адамның эволюциялық әлеуметтік дағдылар жиынтығының, әлеуметтік желілердің қарыштап дамуының, бізді қоршаған өзіндік саяси және экономикалық ортаның резонанстық комбинациясымен байланысты деген уәж айтар едім. Бұл комбинация желіде адамдардың барған сайын отқа май құйып, бір-бірін балағаттауларына жол ашып отыр.
Толығырақ түсіндіріп кетейін. Мәліметті қабылдауымыз, тәжірибе мен әрекетіміз біздің айналамызға және күнделікті кіммен қарым-қатынас жасағанымызға, яғни отбасымызға, қоғам мен мекемелерге, наным-сенімімізге, үлгі тұтар тұлғаларымызға байланысты қалыптасады.
Аталмыш дүниелер, тіпті біздің нейробиологиямызға да әсер етеді. Біздің миымыз бен денеміз үнемі кішігірім өзгерістерге ұшырап отырады, сондықтан біздің әлем жайлы көзқарасымыз ең көп кіммен қарым-қатынас жасайтынымыздан және ең көп қайда баратынымыздан хабар береді. Бұл процестің эволюциялық тамыры тереңде жатыр. Оның нәтижесі «ортақ шындық» деп аталады. Өзге тіршілік иелеріне қарағанда, сана мен тәжірибе арасындағы байланыс адамзатқа кез келген жерде, кез келген істі бірге тиімді жасауға көбірек септігін тигізеді. Осы себепті біз – жаратылыс иелерінің арасындағы ең жолы болғандарымыз.
Бүгінгі таңда «кім» сөзі өмірдегі шынайы тұлғаға қарағанда, виртуалды, әлеуметтік желілердегі достарды меңзейді. Шын өмірдегі әлеуметтік қарым-қатынасқа қарағанда, Twitter, Facebook, Instagram желілерінен қабылданатын ақпарат легі көбірек. Жақындарыңмен тілдесуге қарағанда жарнама қаптаған 24 сағаттық БАҚ-ты көп тыңдаймыз.
Біз арамызда өте үлкен әділетсіздік пен бөлінушілік тудыратын саяси және экономикалық құрылымдарға негізделген күрделі қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Ол арамызды ажырататын көптеген қате түсінік көрсоқырлыққа апарып соқтырады. ӘЖ байланыстырумен қатар, оқшауландыруда. Мұның нәтижесі не болмақ?
Тарихқа үңілсек, бірлік болған кезде ғана біздің бір-бірімізге деген қайырымдылығымыз мейірімділігіміз бен байланысымыз артқан. Желіде беймәлім атпен қарым-қатынас жасау әрі бетпе-бет қатынастың болмауы адам арақатынасындағы теңдікті бұзды. Бұл, өз кезегінде, агрессияның айқын көрінісіе жол ашты. Әсіресе ешқашан жүздеспейтін адамыңмен жүз жыртысу әлдеқайда оңай. Егер бұған ешқандай шектеу қойылмаса, әлеуметтік желілерде агрессия, арсыздық, қырсықтық одан бетер белең алуы мүмкін.
Виртуалды әлемде біз араласатын адамдар бізге әсер етпей қоймайтындықтан келесідей заңды сұрақ туады: Біз қандай қоғам құрғымыз келеді? Осылайша, санамызға әсер етіп жатқан «кімдерді» қалай өзгерте аламыз деген сұраққа жауап агрессияны азайтуға жол ашпақ.
Адамның даму үрдісінің өзге жануарларға қарағанда сәтті болуының басты себебі – бірігіп, әртүрлі жолмен ауқымды байланыс орнату қажеттігін ұғынғандығында. Әлемнің қалай жұмыс істейтінін бақылау, оны қалай дамытуға болатынын жобалау мен сол көзқарасты шындыққа айналдыру (ең құрығанда, тырысып көру) – тек адамзатқа тән әрекет.
Проблеманың шешімі, міне, осында жатыр. Біздің тұла бойымызда агрессияны жоятын әрі ынтымақтастықты нығайтатын табиғи қасиет бар.
Мыңжылдықтар бойы адамдар қорлау мен балағаттау секілді қоғамға жат, ұят қылықтарды жұмыла жазалап отырған. Желіде ниеті түзу адам ойының өзі үлкен дауға түрткі болуы мүмкін. Дегенмен жеке тұлғаның ойланбай берген жауабына қарағанда, негізделген топтық шектеу агрессияға төтеп беруде тиімді құрал болуы мүмкін.
#Meetoo (мен де), Time’s Up (сәті келді), Black Lives Matter (қара нәсілділер маңызды) қозғалыстарын есіңізге түсіріп көріңіз. Бұл мысалдардан көпшіліктің әлеуметтік желіден тек жақсы жаңалықтарды таратып, жағымсыз жаңалықтарды таратпауын талап ете алатынын байқаймыз.
Флоридадағы Марджори Стоунман Дуглас атындағы жоғарғы мектептегі атыс оқиғасынан кейін белсенді студенттердің бастамасымен Твиттер арандатушыларына тосқауыл қойылды. Мыңдаған адам алаңға «жетер» ұранымен шығып, нео-нацистік көтерілістер азайған.
Расында да, әлем ашушаң болып бара жатыр, бірақ бұл біздің қанымызда бар қасиет болғандықтан орын алып жатқан жоқ. Біз заманауи қоғамға қажетті ауыр жұмыстарды келісілген түрде шешпегендіктен агрессия артуда, яғни бәріміз қорлық, зұлымдық, араздыққа жұмыла қарсы тұрып, қоғамдық мінез бен әрекетті қалыптастыруымыз керек. Өмірде де, әлеуметтік желілерде де баршамыз осылай әрекет етуіміз қажет.
Авторы: Августин Фуэнтес
Эдмунд П. Джойс марапатын алған National Geographic зерттеушісі әрі грант иегері Августин Фуэнтес – Нотр-Дам университетінде антропология пәнінің профессоры. Ол – «Нәсіл», «Моногамия», «Саған айтылған жалған сөздер: Адамның табиғаты туралы бүліншілікке бастайтын аңыздар» мен «Шығармашыл ұшқын: Елестету адамды қалай ерекше етті» секілді бірнеше кітаптың авторы.
Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationa