..."/>
ЗЕРТТЕУ

Ұйқым келмейді

Фотограф Магнус Веннманның жеті жастағы ұлы iPad-тан мультфильм қарап отыр. Бұл – кей бала үшін қазіргі заманның ұйқы алдындағы рәсімі. Ол ұйқыны алып қашуы мүмкін! Жасанды жарық күндізгі биологиялық ырғақты реттеуге көмектесетін гармон – мелатонинді бөлуді тоқтатады.

Шынымен де! Ұялы телефоныңызды қоя тұрыңыз. Түнгі тыныш ұйқы қандай болатынын және мына көк сәулелердің оған қалай әсер ететінін түсіндіріп береміз.

Әр түні біз миымызды есеңгіретер метаморфоза күйін бастан кешеді екенбіз.

Сананы тұмшалай отырып, ми өзінің «мінезін» түбегейлі өзгертеді. Соның салдарынан белгілі уақытқа біз толықтай дерлік «сал» боп қаламыз. Алайда көз қабақ астынан көріп жатқандай ара-тұра «айналсоқтап» кетеді. Ал құлағымыздың титімдей бұлшықеттері, тыныштық кезінде де естіп жатқандай жыбырлайды. Кейде ұша алатын секілденеміз. Ажалмен арпалысқандай күй кешеміз. Бұл – ұйқы.


Америкалықтардың түнгі ұйқысы 7 сағатқа да жетпейді. Өткен ғасырда 2 сағатқа ұзақ еді. Жанталасқан заманда көбі ұйқыны дұшпан санайды.

Ұйқыны табыстың жауы деп қараймыз, бірақ қас жауымыз – хроникалық ұйқысыздық. Жа­понияда халықтың шамамен 40 пайызы түнде алты сағаттан кем ұйықтайды. Токиода түнгі дәмханалардың жұмыс істеуі – қалыпты нәрсе.

Шамамен б.з. 350 жыл бұрын, Аристотель «Ұйқы мен өң» атты еңбегінде «бұл неге бұлай» деген сауалдарға ой жүгіртеді. Одан кейінгі 2300 жылда бұл сұраққа ешкім жарытып жауап бере алмады. 1924 жылы неміс психиатрі Ганс Бергер электроэнцефалограф құрылғысын ойлап тапты. Ол мидағы электр белсенділігін жазып алып, ұйқыны зерттеу­­ді философиядан нақты ғылым деңгейіне жеткізді. Кейінгі он жылдықтағы сканерлеуші аппараттардың пайда болуы ми ішіне терең үңілуге мүмкіндік берді де, Аристотельдің сұрағын иландырар жауапқа жақындадық.

Париждегі филармонияда композитор Макс Ричер «Ұйқы» деп аталатын шығармаға жетекшілік етуде. Бұл шығарма тыңдарманның шаршағанын басуға арналған. Ол сегіз сағаттан астам уақытқа созылады.

Ұйқыны зерттеген сайын оның жан мен тәнімізге маңыздылығын тани түсеміз. Ұйықтау мен ояну циклі күн мен түнге, яғни ғаламшардың тіршілігіне бейімделген. 2017 жылы күнмен «синхронизацияланып» тұратын жасушаларымыздағы молекулярлық сағатты тапқан үш ғалымға медицина саласында Нобель сыйлығы берілді. Жуыр­дағы зерттеу нәтижелері көрсеткендей, осы тәуліктік биоритм бұзылған кезде адамның диабет, жүрек ауруы және деменция тәріздес ауруларға шалдығу ықтималдығы жоғарылайды екен. Десек те, өмір мен күн циклі арасындағы теңсіздік эпидемиялық сипат ала бастады. «Біз ұйқы қанбаудың теріс салдарын тудыратын жаһандық сынақтан өтіп жатқандаймыз», – дейді Гарвард медицина мектебінің Ұйқы мен таным орталығының директоры Роберт Стикголд. Бүгін америкалықтар орташа есеппен жеті сағаттан аз ұйықтайды. Бұл бір ғасыр бұрынғы ұйқы уақытынан екі сағатқа кем. Біз мына тынымсыз жап-жарық дүниеде ұйқыны өнімділік пен табыстың дұшпаны көреміз. Адамзатқа электр шамын сыйлаған Томас Эдисон: «Ұйқы Эдисон: «Ұйқы дегеніміз – бассыздық, жаман әдет», – деп айтқан. Ол түбінде біз ұйықтамау­­ды үйренеміз деп сенген.

Түтікшелер мен электродтарға жалғанған 10 жастағы Франчис Ахуа Вашингтон К.О. қаласындағы Ұлттық балалар денсаулығы орталығында түнгі ұйқы зерттеуі бойынша арнайы сынақтан өтіп жатыр.

Бүгін кеш бата ұйықтау ескінің жұрнағындай қабылданады. Әр түні ұйқыны «игнорға» жіберіп, ұйқы дәрілерімен, қою кофемен табиғат заңын айналып жүрміз. Қалыпты түнде біз ұйқының түрлі кезеңдерінен төрт-бес мәрте өтеміз, әрқайсысының нақты міндеті мен мақсаты бар.

1-2 КЕЗЕҢДЕР

Ұйқыға кеткенде миымыз белсенділігін сақтап, өзінің өңдеуші қызметіне көшеді, яғни ол естелік сәттердің қайсысын сақтап, қайсысын өшіру туралы шешім қабылдайды.

Бастапқы трансформация тез өтеді. Егер тәуліктік биоритміміз күндізгі жарық пен қараңғылық ағынымен байланысқан болса және миымыздың негізіндегі эпифиз түнгі уақыт екендігін білдіріп, мелатонин бөліп жатса және басқа жүйелер тізбегі үндесе әрекет етсе, нейрондарымыз бір ырғаққа көшеді.

Уашингтондағы Балалар ұйқысы клиникасында сегіз жастағы Майкл Босак қорылдауды болдырмауға көмектесетін сынақтан өтуде (бұл фото оның мазасын алмау үшін қараңғылықта инфрақызыл камераның көмегімен түсірілді). Баланың дамуы үшін ұйқы аса маңызды; сол кезде ғана өсу гармоны мен инфекцияларға қарсы күресетін протеин бөлінеді. Балалардың аз ұйықтауы диабет, шамадан тыс салмақ пен үйрену қабілетінің төмендеуіне әкеледі.

86 миллиардтай нейрон – бұл мидың жаһандық торын құрайтын, өзара электрлік және химиялық сигналдармен байланысатын жасушалар. Біздің ояу кезімізде нейрондар жасушалық «найзағай дауылын» жасайды. Ал демалғанда тегістей және ырғақпен атқылап, электроэнцефалограм немесе ЭЭГ құрылғысында байқалғанындай, мидың ішіне қарай ойысады. Сонымен бірге біздің сенсорлық рецепторларымыз бәсеңдеп, ұйқыға кетеміз.

Ғалымдар мұны 1-кезең деп атайды. Бұл – ұйқы циклінің «таяз» тұсы. Ол, бәлкім, бес минутқа созылатын болар. Одан соң мидың терең түбінен мидың сыртқы қабатын қаптап тұратын, сөйлеу мен сана қабілетіне «жауапты» қатпарлы сұр заттек – ми қабығын атқылайтын электр ұшқындарының сериясы келеді. «Ұршықтар» деп аталатын осы жарты секундтық атқылаулар ұйқының 2-кезеңі басталғанын көрсетеді.

Ұйқы кезінде жаңа естелік сәттер құрастырылады. Мида не болады? Цукуба университетінде Такеши Сакурай осы мәселені оптогенетика көмегімен зерттеуде. Лазер тышқандардың жекелеген ми жасушаларын іске қосады не өшіреді. Бұл кеміргіштер осы операция үшін арнайы өсіріліп, сыналып жатыр.

Біз ұйықтап жатқан кезде ми белсенділігі төмендемейді, ол тек басқа күйге енеді. Теория жүзінде «ұршықтар» жуыр­­да қабылдаған ақпаратты сақтайтындай және бәлкім, оны ұзақмерзімдік жадыдағы бекітілген ақпаратпен байланыстыру үшін ми қабығын қоздырады. Ұйқы зертханаларында адамдарға белгілі бір жаңа тапсырмалар берілген кезде олардың «ұршықтық» жиілігі артқан. «Ұршық» көп болған сайын, олар келесі күні бұл тапсыр­маны жақсырақ орындай түскені байқалады.

Ояу кездегі ми сыртқы стимулдарды жинауға оңтайландырылған күйде болса, ұйқы кезіндегі ми осы ақпаратты топтастырумен айналысады. Біз жай ғана ойларды механикалық түрде «құжаттап» қоймаймыз – ұйқы кезінде ми қай естеліктерді сақтап, қайсыларын өшіру ісін басқарады.


Ұйқы жадымызды қатты күшейтетіні соншалық, мәселен, титықтатқан жорықтан қайтқан әскерлер қатты ұйқыға кеткенде мұның әсерін сезеді.

Теңіз әскери күшінің офицерлерін жетілдіру мектебіндегі ғылыми сынақ. Ұйықтап тұрғаннан кейін сарбаз жарық шағылдыратын көзілдірік киіп жүреді. Құрылғы оның биологиялық сағатын күн циклі бойынша емес, жұмыс ауысымына қарай синхрондамақ.

Мұндай таңдау міндетті түрде қисынды бола бермейді. Ұйқы жадымызды қатты күшейтеді. Ол ұйқымыздың жартысындай болатын 2-кезеңінде ғана емес, жалпы түні бойына созылады. Бірақ, мәселен, титықтатқан жорықтан зорығып қайтқан әскерилер бірден төсекке құлағандағы жағдай басқаша. Нейроғалым Гина Поудің айтуынша, психологиялық зақым алғаннан кейін жүйке бірден тозып кетпеуі үшін әскерилер алты-сегіз сағат ояу болуы керек. Зерттеу нәтижелері ауыр сынақтан соң ми сабырға келіп, ақыли шешімін тапқанға дейін ұйықтау қауіпті екенін көрсетеді.

«Ұршықтар» біршама уақыт әр бірнеше секунд сайын келуі мүмкін, осы атқылаулар бәсеңдеген тұста жүрек қағысы саябырсиды. Дене температурасы түседі. Біз 3 және 4-кезеңдерге шомамыз, бұл – ұйқының ең терең тұстары.

Ұйқышыл болуымызға не себеп? Мына герметикалық камера ғалымдарға сынаққа қатысқан кісінің оттегі пайдалану мен оның зат алмасу интенсивтілігін қадағалауға мүмкіндік береді. Сынақ табиғи жарықтың мөлшері мен түсі қалай әсер ететінін анықтамақ. Ұйқы шақыратын ыңғайлы шарттарды анықтау ұйқысыздықты емдеу­дің алғашқы қадамы болмақ.

3-4 КЕЗЕҢДЕР

Тәнімізге ас қалай қажет болса, ұйқы соншалық маңызды, терең комадағыдай ұйқы, бұл – физиологиялық шаруашылық уақыты, түс көру уақыты емес.

Кез келген тіршілік иесі ұйықтайды. Үш саусақты жалқау аң күніне 10 сағат ұйықтай алады. Ал қысқақұлақ жарқанаттардың 20 сағат мүлгіп отыратындығы айтылады. Жирафтардың ұйқысы бес сағатқа жетпейді. Дельфиндерде мидың бір жартысы ұйқыға кеткен кезде, екіншісі – ояу болады, бұл олардың тоқтаусыз жүзуіне мүмкіндік береді. Үлкен ескекаяқтылар – жүзіп, кейбір құстар ұшқан күйі ұйықтай береді.

Ұйқы – миы жоқ жаратылыстарда да бар құбылыс. Медузалар ұйықтайды: олардың денесінің лүпілді әрекеті баяулайды. Планк­тондар мен ашытқы тәріздес бір жасушалы организмдер де белсенділік пен тынығудың анық циклін көрсетеді. Бұл ұйқының ежелден бар нәрсе екенін білдіреді.

«Ояу жүру алапат күш-назарды талап етеді, – дейді нейрология профессоры Томан Скаммелл, – тіршілік үшін басқаларынан озуың керек, ал озу үшін ми жасушаларын тынықтырып отыру қажет».

Адамдарда бұл терең ұйқыға шомғанда, яғни ұйқы фазасының 3-4 кезеңдерінде орын алады. 3-кезеңдегі дельта–толқындар уақыттың жартысынан аз; 4 – кезеңде жартысынан көбірек уақытқа созылады. Терең ұйқы кезінде жасушаларымыз өте көп өсу гармондарын бөледі, олар тіршілік ету барысында сүйектер мен бұлшықеттер үшін қажет. Иммундік жүйенің саулығы, дене температурасы және қан қысымы қалыпты болуы үшін де ұйқының ролі зор екендігіне басқа да дәлелдер бар. «Ұйқы жетіспеген кезде біз көңіл күйімізді дұрыс бақылай алмаймыз, жарақатымыз сауықпайды. Жануарлар аштықтан бұрын ұйқысыздықтан өледі», – дейді Бостон қаласы Бригам әйелдер ауруханасының қызметкері Стивен Локли.

Ұйқыға қарсы соғыс қараңғылықты жоюмен бірге басталды. Токио тәріздес мегаполистер қазір LED шамдардың көмегімен жарыққа жиі «шомылады». Олар электр қуатын үнемдегеннен көк жарықты көп шығарады, ал ол – ұйқының қас дұшпаны.

Ұйқының қануы деменцияның даму ықтималдығын да азайтады. Майкен Недергаардтың тышқандарға жасаған зерттеуі біздің нейрондарымыз күндіз тығыз орналасып, түнде кейбір ми жасушалары араларындағы кеңістік ұлғайып, 60 пайыз босап кетеді дегенді алға тартады. Бұл жасушалардың метаболикалық қалдықтарының, яғни нейрондар арасындағы байланысқа кедергі келтіретін және Альцгеймер кеселімен тығыз байланысты бета-амилоид деп аталатын заттектің пайда болуына оңтайлы жағдай тудырады. Тек ұйқы кезінде ғана жұлын сұйықтығы бета-амилоидтарды жуып, ағызып жібереді.

Осы «жөндеу жұмыстары» болып жатқан кезде бұлшықеттер толықтай тынығады. Ақыл-ой белсенділігі ең төмен деңгейге түседі: 4-кезең толқындары комадағы науқастардың миындағы толқындарға ұқсайды. Әдетте, біз 4-кезеңде түс көрмейміз, тіпті ауруды да сезінбеуіміз мүмкін.

«Әңгіме ми деактивациясының деңгейі туралы, ол, шынымен, айтарлықтай интенсивті, – дейді Пенсильвания университетінің Мінез-құлықтық ұйқы медицинасы бағдарламасының директоры Майкл Перлис, – 4-кезеңдегі ұйқы комадан не ми өлімінен қатты қашық емес».

Біз 4-кезеңде ары кеткенде 30 минуттай ғана боламыз. Көбіне біз 3, 2 және 1-кезеңдерден өтіп барып оянамыз.

Өздері байқамаса да, ұйқысы сау адамдардың өзі түнде бірнеше рет оянады. Бірақ бұл сәтте ми кезеңдерді қайталағанша, өзін жаңа нәрсеге бұрады.

Америкада 80 миллионнан астам адам хроникалық ұйқы бұзылуына шалдыққан, яғни олар қалыпты жеті сағаттан кем ұйықтайды. Шаршау салдарынан жыл сайын жол-көлік оқиғалары болады, көптеген медициналық қателіктің де себебі – сол.

Сөз жоқ, ұйқысыздық – ең көп таралған проблемалардың бірі, сол себепті де АҚШ-та ересектердің 4 пайызы кез келген айда ұйқы дәрісін ішеді. Олардың, әдетте, ұйқыға кетуі қиын, түн ішінде оянып кетеді. Егер ұйқы баршаға тән табиғи құбылыс болса, неліктен адамдар оған жете алмайды?

Айталық, емтихан алдындағы қобалжу, қаржылық жағдайды уайымдау неге ұйқыдан бездіреді? Оятқыш сағат пен кесімді жұмыс кестесін әкелген индустриалдық революцияға дейін бір күнгі ұйқысыздыққа келесі күнгі ұйқымен жауап беретін едік. Қазір олай емес.

Жеткілікті ұйықтамаған кезде «өртене» бастайтын мидың бірінші сегменті – мидың алдыңғы қабаты. Бұл – шешім қабылдау және проблема шешуге жауапты аймақ. Жеткілікті ұйықтамаған адамдар күйгелек, қырсық әрі есепсіз күйге енеді. «Ұйқы қашу салдарынан әрбір когнитивтік функция белгілі бір деңгейде әсерге ұшырайтынға ұқсайды», – дейді Висконсин ұйқы және сана институтының нейроғалымы Чиара Сирелли.

Жүйелі түрде түнде алты сағаттан аз ұйықтайтын кез келген адам үшін күйзеліс, психоз және инсультке шалдығу қатері өте жоғары. Ұйқысыздық артық салмақпен де тікелей байланысты: ұйқы жетіспейінше асқазан мен басқа да органдар аштық гармоны болып табылатын грилинді шамадан тыс бөледі.

Күндіз мызғып алу мәселені шешпейді, дәрі-дәрмектер де көмектеспейді. «Ұйқы монолиттік дүние емес», – дейді Джеффри Элленбоген. Джеффри – ұйқы зерттеуші ғалым әрі «Толыққанды ұйқы» жобасының жетекшісі. Жоба компанияларға жақсы тынығу арқылы жұмыс өнімділігін арттыру жөнінде ақыл-кеңес береді. «Бұл марафон емес, онсайысқа көбірек ұқсайды. Ол әртүрлі мың нәрседен тұрады. Дәрінің көмегімен ұйқы шақыру адамды тәп-тәуір арбайды, бірақ жасанды жолмен ағзаны манипуляциялайтындай оның қыр-сырын әлі жеткілікті ашқан жоқпыз».

Элленбоген «қысқа жол» әдісін қолдамайды, әсіресе ол «ұйқысыз да өмір сүруге болады» деген ұғымға қарсы. Идея супер: ұйқының қажетсіз бөліктерін кесіп алсақ, өмірімізге тағы бірнеше он жыл қосылар ма еді. Ұйқы туралы ғылымның бастапқы уақыттарында кейбіреулер түннің екінші жартысын тынығудың күйзелістік бөлігі деп есептейтін. Баз біреулер ол мүлде керек емес деп те пайымдады.

ТҮСІНІКСІЗ ТЕЗ ҰЙҚЫ

Психоздың өршіген жағдайында біз түс көреміз, ұшамыз және құлаймыз – ол есімізде қалсын-қалмасын. Сондай-ақ көңіл күйімізді де ретке келтіріп, естелік сәттерімізді жинастырамыз.

Бірақ ол уақыт, – ұйқының мүлде бөлек, бірақ аса маңызды түрі, іс жүзінде сана-сезімнің бірақ аса маңызды түрі, іс жүзінде сана-сезімнің мүлде басқа типі болып шықты.

1953 жылы Еугин Азерински мен Натаниель Клейтман парадокс, яки тез ұйқы (көз жылдам қозғалатын ұйқы фазасы – Rapid Eye Movement) болатынын анықтады. Оның алдында ЭЭГ жазылымдарындағы мардымсыз көрсеткіштерге байланысты бұл кезеңнің маңызы аса жоқ деп пайымдалып келген болатын. Алайда көздің өзіндік қимыл-қозғалысы және әрқашан осы процеспен бірге байқалатын жыныстық органдардың қозуы тіркелуімен барлық жарқын түс осы кезеңде көрінетіні түсінікті болды, ұйқы ғылымы төңкеріске ұшырады.


Жүйелі түрде түнде алты сағаттан аз ұйықтайтын кез келген адам үшін күйзеліс, психоз, инсульт пен артық салмақ дертіне шалдығу қатері өте жоғары. Ұйқысыздық сіздің денеңізге тұтастай кері әсер етеді.

Швецияда отбасылары депортацияға ұшыраған жүздеген босқын бала «шеттетілу синдромына» шалдыққан. Бұл – баланы әлемнен алшақтатып, тіпті ауыр­татын нәрселерге еш реакция бергізбейтін әрі асқорыту жүйесін бұзатын, кейде жылдар бойына созылатын кесел.

Жалпы, толыққанды ұйқы 5-20 минуттық қатты ұйқымен басталады. Әрбір ке­­йінгі циклда қатты немесе тез ұйқы уақыты шамамен екі есе созылады. Жалпы, тез ұйқы ересектерде тұтас тынығу уақытының бестен бірін алады. Ұйқыны зерттейтін ғалымдар көз жылдам қозғалмайтын ұйқы фазасының (NREM – Non-rapid Eye Movement) және тез ұйқы фазасының спецификалық бірізділігі әлдеқандай жолмен біздің физикалық және рухани қалпымызға келуімізді оңтайландырады деген тұжырым ұсынады. Жасушалық деңгейде тез ұйқы кезінде протеин синтезі шарықтау шегіне жетеді, бұл ағзаның дұрыс жұмыс атқаруын қамтамасыз етеді. Тез ұйқы, сондай-ақ көңіл күйді жақсы ұстауда және естелік сәттерді біріктіруде маңызды.

Тез ұйқы фазасын бастан кешкен сайын біз тура мағынасында естен танамыз. Анықтамасы бойынша, психоз – галлюцинациялар және елестермен сипатталатын жағдай. Кейбір ұйқыны зерттейтін ғалымдардың айтуынша, түс көру – психикалық жағдай, біз жоқ болса да көргенімізге толықтай сенеміз, түсіміздегі уақыт, орын және адамдар біздің ырқымызсыз алмасып, ғайып бола алатынына көнеміз.

Ежелгі гректерден бастап Зигмунд Фрейдке және көше торуылдаған балгерлерге дейін түс көру сиқыр мен тылсым дүние көзі боп келді. Бүгін көптеген ұйқы сарапшысы түсіміздегі спецификалық суреттер мен оқиғаларға қызықпайды. Олар эмоционалдық резонансқа толы болғанның өзінде түстер назар аударудан тыс қалған деп сенеді. Тек оянғаннан кейін ғана санасы оралған ми мағына іздеп бей-берекет үзінділерді жинай бастайды. Кей сарапшылар бұған мүлде кереғар пікір айтады.

Иракта екі рет соғыс­та болған ардагер жауынгер Майк Моррис терапиялық ит Оливпен бірге ұйықтау кезінде ЭЭГ шапкасын киеді. Зерттеуде жолдастық сезім мен ұйықтайтын адамға естілетін дыбыстардың науқастан айығуға қалай әсер ететіндігі талданады.

Түс көру кезіндегі әрекет ЭЭГ құрылғысына дұрыс «ілінбейтіндей» мидың терең түкпірінде орын алады, бірақ технология дамуымен біз физикалық және химиялық түрде не болып жатқаны туралы ой қорыттық. Түс көру NREM фазасында да болады, әсіресе 2-кезеңде, бірақ олар көбірек кіріспеге ұқсайды делінеді.

Түс көру, пайымдаулар бойынша, тез ұйқы фазасының түгелінде дерлік орын алады, әдетте бұл түнде екі сағатқа созылады, алайда өскен сайын бұл уақыт қысқара береді. Жаңа туған нәрес­телер тәулігіне 17 сағат ұйықтайды және оның жартысын тез ұйқы фазасына ұқсас белсенді ұйқы кезеңі құрайды. Іштегі нәресте ана құрсағында бір айға жуық уақыт тез ұйқы фазасына ұқсас күйде болатыны байқалады. Осы тез ұйқы фазасындағы уақыттың барлығы теория бойынша мидың бағдарламалық жү­­йесін толықтай іске қосар алдындағы сынаққа ұқсайды. Бұл процесс теленсефализация, яки функциялар кортикилизациясы деп аталады.

Тез ұйқы фазасы кезінде дене термореттеу жүргізбейді, ішкі температурамыз ең төменгі бапталған деңгейінде қалады. Ұйқының басқа кезеңдерімен салыстырғанда жүрек қағысы артып, тыныс алу қалыптан тыс өзгереді. Бұлшықеттер – көз, құлақ, жүрек және диафрамма сияқты түрлерін есепке алмағанда, қозғалыссыз күйге енеді.

Тез ұйқы фазасында мидың басқару міндеті логикалық орталықтардан импульстік басқару зоналарына беріледі. Екі спецификалық химикат – серотонин және норэпинефриннің бөлінуі толықтай тоқтатылады. Бұл екеуі де маңызды нейротрансмиттер болып табылады. Олар ми жасушаларының өзара байланысуларына қатысады және олар болмайынша біздің үйрену және есте сақтау қабілетімізге қатты нұқсан келтіріледі – біз сана-сезімнің химиялық өзгерген кү­­йіне енеміз. Алайда бұл – комаға ұқсас жағдай, яғни 4-кезеңдегідей. Тез ұйқы фазасы кезіндегі ми толықтай жұмыс күйінде болып, ояу кездегідей қуат жұмсайды.

Тез ұйқы фазасын лимбикалық жүйе басқарады. Бұл – біздің кейбір ең жабайы және негізгі инстинктеріміз пайда болатын мидың тереңіндегі аймақ. Лимбикалық жүйе­ – жыныс­тық қалаудың, агрессияның және қорқыныш сезімдерінің «үйі», алайда ол бізге қуаныш пен шаттықты, махаббатты да сездіреді.

Ми бағанасынан төмендегі «көпірше» деп аталатын кішкентай дөңес тез ұйқы фазасы кезінде мол қуат алады. Осы көпіршеден келетін электр пульстері көз-құлақ бұлшықеттерін басқаратын ми бөлігін нысанаға алады. Әдетте, көз қабағы жабық болады, бірақ көздеріміз бір жақтан екінші жаққа қозғалумен болады, ол түстің интенсивтілігіне байланыс­ты болуы мүмкін. Біздің ішкі құлағымыз да түс көру кезінде жұмысын тоқтатпайды.

Қимыл-қозғалысқа жауапты ми бөліктері де осындай, сондықтан түсімізде ұшқанды не құлағанды жиі сезінеміз. Сондай-ақ егер туғаннан соқыр болмасақ, түсіміз түрлі-түсті болады. Адам әр түс көрген жолы оның мазмұны жыныстық қатынасқа қатыс­ты болмаса да, ерлердің жыныс мүшесі қатайып, әйелдердің қынаптағы қан тамырлары толады және түс көру кезінде қаншалықты қисынсыз болса да, басымыздың ішіне теңдессіз виртуалдық шынайылық машинасы орнығып алады.

Түс көру кезінде іс жүзінде ми қозғалыс тудыруға тырысады, бірақ ми бағанасындағы жүйе мотонейрон қақпасын толықтай жауып тастайды. Ұйқы аномалдығы да болады, ол «тез ұйқы әдетінің ауытқушылығы» деп аталады, яғни мотонейрон қақпасы толық жабылмай, салдарынан көзіміз жабық кү­­йінде және ұйықтап жатсақ та түсіміздегі қимылдар өңімізге шығып кетеді. Осының кесірінен ұйықтап жатқан адам тұрып кетеді.

Жапондық «инэмури» – мызғып алудың айқын түрі. Бұл дегеніңіз, кез келген жерде отырып-ақ ұйықтай беру деген сөз. «Сіз төсегіңізде ұйықтап жатпағандықтан, әдептен ауытқымау үшін өзіңізді жағдайға сай ұстауыңыз қажет, – дейді Англиядағы Кэмбридж университетінің жапониятанушы маманы Бригит Стигер, – мәселен, жиналыста тыңдап отыр­ғандай сыңай танытасыз». «Егер сіз сандалып жүрмеген болсаңыз, – деп қосады Стигер, – кішкене «инэмури» етіп алу, тіпті сіздің бизнес ортадағы беделіңізді көтеруі мүмкін, бұл сіздің тынымсыз еңбектеніп жүргеніңізді көрсетеді.

Тез ұйқы фазасының соңында – 4-кезең соңындағыдай, әдетте, адам шамалы оянып кетеді. Егер оятқыш сағатсыз, табиғи күйде жатсақ, түндегі соңғы көрген түс ұйқымыз­­ды қорытындылайды. Ұйқыға кеткен уақыт оянудың оңтайлы уақытын анықтаса да, күн жарығы дереу ояту дабылын бере бастайды. Жарық сәулелері қабағымызға түсіп, көз торын «сипағанда» мидың супрахиазмалдық ядро деп аталатын түпкі аймағына сигнал кетеді. Осы кезде көбімізде көріп жатқан соңғы түсіміз ғайып болып, көзімізді ашамыз да шын өмірге қайта қосыламыз, әлде басқаша ма? Бәлкім, тез ұйқы фазасының ең атап өтер тұсы, осы уақытта мидың сенсорлық импульстер ағынына тәуелсіз жұмыс істеуі шығар. Құпия студияға жайғасқан суретшідей біздің санамыз тыйымсыз тәжірибе жүргізетінге ұқсайды.

Ояу кезімізде мидың жұмысы жетіп– артылады: басқаруды күтетін бұлшықеттер, сауда-саттық, хабарлама жазу, әңгімелесу бірақ ұйқыға кетіп, бірінші тез ұйқы фазасына кіріскен кезде ғаламдағы ең күрделі де аса озық «инструмент» өз қалағандарын жасау еркіне ие болады. Ол өз-өзін іске қосады. Армандайды. Бұл уақытты мидың ойнау уақыты десе болады. Осы уақытта біз, шынымен, «тірілеміз». «Тез ұйқы фазасы бізді шынайы адам ететін нәрсе деуге болады», – дейді Майкл Перлис.

Қорыта келгенде, мүмкін Аристотельден бастап бәріміз ұйқы жайын дұрыс түсіне алмай жүрген шығармыз? Ең үлкен сұрақ неліктен ұйықтайтындығымызда емес, неге ұйықтай алмайтындығмызда болса керек. Қалай десек те, өзіміздің де, ұрпағымыздың да деніміз сау болсын десек, ұйықтайтын уақытқа ерекше мән бергеніміз жөн. Осыны естен шығармайық.

Автор: Майкл Финкел, фото: Магнус Веннман


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля