..."/>
БЕЗ РУБРИКИ

Қазақ елінің таңдаулы жерлері

«Атап айтқанда, бүгінде әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орнын ашып отырған сырттан келушілер туризмі мен ішкі туризм кез келген өңір үшін перспективалық табыс көздерінің бірі болып саналады. Сондықтан біз қажетті инвестицияларды тауып салып, еліміздегі барлық туристік орында қолайлы жағдайлар жасауымыз керек».

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев, 2018 жыл.


Бүгінгі таңда елімізде сырттан келушілер және ішкі туризмді дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленуде. Оған сәйкес, туризмді дамытудың басым бағыттары ретінде Республикалық туристификация картасына енген нысандарды айтуға болады. Ол картаға республикалық маңызы бар 10 және өңірлік маңызға ие 50 нысан еніп отыр.

Астана қаласы

Астана – әлемдегі ең жас астана болып есептеледі. 1997 жылы Нұрсұлтан Назарбаев ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіруді ұсынды. 1998 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Ақмола атауы Астана болып өзгертілді.

Осы кезеңнен бастап аса ауқымды қала құрылысы қолға алынып, шаһардың қарқынды дамуы күні бүгінге дейін үздіксіз жалғасып келеді. Биыл – Астанаға 20 жыл, уақыт тұрғысынан қарағанда ол дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келген миллиондаған адамды өзіне ғашық ете алды. Мұндай танымалдықтың ең басты себебі – қаланың қайталанбас сәулеті: заманауи озық технологиялар мен дизайн нұсқаларын қолдану арқылы жүзеге асырылған айрықша жобалар, тамаша қонақүйлер, бизнес-орталықтар, көпқабатты жаңа үйлер.

«Ханшатыр» сауда, ойын-сауық кешені 2010 жылы 5 шілдеде ашылды. Құрылыс-сәулет талабына сай бұл ғимарат ежелгі Сарыарқаның қатаң климаттық жағдайымен «күресуді» көздейді. «Forbes Style» журналының нұсқасы бойынша «Ханшатыр» дүниежүзіндегі экологиялық таза ғимараттың үздік ондығына кіреді.

«Бәйтерек» Астананың дәл орталығында орналасқан. Оның құрылысы 1996 жылы басталып, 2002 жылы аяқталды. Биіктігі – 97 метр. Қазақ халқының ұғымында «Бәйтерек» жаңа, жас, берік өмірдің бастауы іспетті. Елдік тұрғысынан «Бәйтерек» тарихи тамырын сақтаған, аяғына нық тұрған және келешегіне сеніммен қараған мемлекетті сипаттайды.

«Астана Опера» театры Елорданың сәулет өнеріндегі ең соңғы шедеврлердің бірі – ретінде «Астана Опера» театрын айтуға болады. Өзінің сәулеттік әсемдігі тұрғысынан ол ғимарат әлемдегі ең әйгілі опера театрларын еш кем түспейді. «Астана Опера» театрына маньеризм мен барокко ағымдары қолданылған.

«Нұр Әлем» сферасы ЭКСПО нысандарының ішіндегі құрылысы жағынан ең ерекшесі екендігі даусыз. Сфера түріндегі диаметрі 80 метр болатын ғимараттың жоғары жағында екі дыбыссыз жұмыс істейтін жел генераторы орнатылған. 8 қабаттан тұратын «Нұр Әлем» – республикадағы болашақтың энергиясын сипаттайтын бірінші технологиялық музейі.

«Әзірет Сұлтан» – Қарағанда көз тоятындай көрікті ғимараттарының бірі – Әзірет Сұлтан көпсалалы мешіті. Мешіт ғимараты классикалық Шығыс үлгісінде салынса, ал ішкі бедерінде ұлттық нақыштық белгілері де бар.

«Қазақстан» орталық концерт залы – ОКЗ итальян сәулетшісі Манфредия Николеттидің идеясы негізінде бой көтерген. Ол – дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы жобалаушылардың бірі ғана емес, сонымен қатар құрылыста табиғи қағидаларға қатаң сүйенетіндігімен даңқы шыққан, айрықша сұранысқа ие сәулетші.

Астаналық цирк ғимараты – «Ұшатын тәрелке» ұқсатып салынған бұл ғимарат қайталанбас үлгісімен ерекшеленеді. Онда сәулеттік жоғары технологиялы эргономикалық үйлесімділік пен кеңейтілген инфрақұрылым ұштасқан.

АЛЖИР – Саяси қуғын-сүргін құрбандары мен тоталитаризмге арналған АЛЖИР музей-мемориалды кешені 2007 жылы 31 мамырда Ақмола облысы Целиноград ауданының Ақмол ауылында ашылды. Әр жылдары 18 мыңнан аса әйел азапталған, Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері – АЛЖИР, міне, тап осы жерде орналасқан болатын. Бұл – әйелдерге тағылған айып, бар болғаны олардың «халық жаулары» ретінде тұтқындалып, атылған арыстардың жарлары екендігі ғана еді. Терезесіз салынған музей ішіне жарық тек жоғарыдан түседі.


Алматы қаласы

«Медеу» мұзайдыны – Алматының басты көрікті орындарының бірі саналады. Ол теңіз деңгейінен 1691,2 метр биіктікте орналасқан. Айдындағы мұздың аумағы 10,5 мың шаршы метрді құрайды. Мұзайдыны демалушыларға қысқы спорт түрлерімен шұғылдануға мүмкіндік беретін дүниежүзіндегі жасанды мұзы бар ең үлкен спорт кешені болып табылады. Кешеннің биікте орналасуы мен мұз құюға қажетті мөлдір, таза тау суының болуы коньки спортындағы жоғары нәтижелерге жетуге мүмкіндік беріп отыр. Кешен тарихында ерлер мен әйелдер арасында 200-ден аса әлемдік рекорд орнатылған.

«Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты

«Медеу» мұзайдынынан жоғарырақ, теңіз деңгейінен 2260 метр биікте Іле Алатауының баурайында әйгілі «Шымбұлақ» курорты орын тепкен. Бірнеше мәрте ауқымды жөндеуден өткен курорт бүгінде туристерге заманауи қызмет түрлерін көрсетеді. «Шымбұлақтың» өзіне ғана тән айшықтары: бұл бағыттардың әр алуандығы, жайпақ, жұмсақ трассалардың болуы, жылдамдықпен құлдилауға арналған ФИС-трассалар бар. «Шымбұлақтағы» жылдамдықпен құлдилауға және слалом-гигантқа арналған трассалар дүниежүзіндегі ең күрделі, қиын трассаның ондығына кіреді.

Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейі

Ол еліміздің аса ірі көркемсурет музейі және бейнелеу саласындағы жетекші ғылыми-зерттеу және мәдени-ағарту орталығы болып табылады. Ондағы сан алуан, баға жетпес коллекция Қазақстанның, Еуропа мен Азия елдерінің сурет мәдениеті және осы заманғы қылқалам шеберлерінің туындылары туралы мол мағлұмат береді. Музейдің негізгі қорындағы экспонаттар саны 23 000 данадан асып жығылады.

«Көктөбе» паркі

Парк Алатау бөктерінде, теңіз деңгейінен 1100 метр биіктікте орналасқан. Таудың етегінде 350 метрлік телемұнара бой көтерген. Ол теңіз деңгейінен есептейтін болсақ, бұл әлемдегі ең биік телемұнара болып табылады. Парк аумағында дүниежүзіндегі ең биік шолу дөңгелегі (аттракцион), ТМД елдері арасынан бірінші болып «The Beatles» тобына қоладан құйылған ескерткіш пен ең биік америкалық «Fast Coaster» аттракционы бар.

Үлкен Алматы көлі – Алматы қаласынан оңтүстікке қарай 28,54 шақырым жерде, Үлкен Алматы өзенінің аңғарында, теңіз деңгейінен 2511 метр биіктікте жатқан тау көлі. Көл жер сілкінісі кезінде пайда болған. Оның ұзындығы – 1600, ені – 1000 метр. Көлді барлық жағынан тау қоршап жатыр, олардың ішінен Совет шыңы мен Озерный шыңын атап өтуге болады. Жыл маусымына байланысты көл суы жазда сарғыш-жасыл түстен – күзде көгілдір-ақық түске дейін құбылып отырады.


Ақмола облысы

«Шучье-Бурабай» курорттық аймағы – «Бурабай», «Көкшетау» және «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық парктері мен Қорғалжын табиғи қорығынан құралған. Парктердің аумағында көптеген тұщы және ащы көл, ежелгі тарихи-мәдени ескерткіштер, соның ішінде әлемге әйгілі, ЮНЕСКО-ның тізіміне енген неолит дәуіріне жататын «Ботай» қонысы орналасқан, сондай-ақ флора мен фаунаның сирек кездесетін түрлері де бар.

Бурабай теңіз деңгейінен 321 метр жоғарыда жатыр. Бұл ағынсыз көл Ақмола облысының Бурабай ауданында орналасқан. Аумағы – 10,5 шақырым, ұзындығы – 4,5 шақырым, ені 3,9 шақырымды құраса, орташа тереңдігі – 4,5 метр, ең терең жері – 7 метр. Бурабай көлі курортық аймақтағы ең көрікті жері әрі мақтанышы саналады. Ол жерде арқар, қоқиқаз, бұйрабас бірқазан және т.б. жан-жануарлар мен құстардың сирек кездесетін түрлері мекендейді.

«Үлкентүкті» сарқырамасы мен Зеренді көлі – «Үлкентүкті» сарқырамасы Зеренді және Сандықтау аудандарының аралығындағы Исаковка елді мекенінің маңайында орналасқан. Қазақстанда шоқ тоғайдың өзін орман санайтындығын ескерсек, бұл жердегі аласа тау бөктерін тегіс жапқан қарағай орманының өзін табиғаттың тамаша бір бөлігі деп дербес қарастыруға болады.

Көкшетау қаласынан 50 шақырым жерде аймақтағы әдемі көлдердің бірі – Зеренді орналасқан. Көл теңіз деңгейінен 370 метр жоғары, жағалауында қарағай сирек өскен, тамаша жағажайларымен танымал.


Ақтөбе облысы

«Керуенсарай» Ойыл ауданында орналасқан. Ғимарат XIX ғасырдың екінші жартысында Көкжар жәрмеңкесі кезінде тұрғызылған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, құрылысты ағылшындар жүргізген.

Ғалымдардың сөзіне сүйенсек, жәрмеңкеге жергілікті халықтан бөлек, қарақалпақтар, башқұрттар, Орталық Азия, Үндістан, Иран және Еуропа елдерінен де саудагерлер келіп тұрған.

«Қарғалы» су қоймасы, «Қасқыр» сарқырамасы. Қос таудың қуысында орналасқан «Қарғалы» су қоймасының әдемі жағалау аймағы өзінің қайталанбас әсемдігімен, үйлесімділігмен адам жанын өзіне баурап алады. Бұл жасанды су қоймасының тамаша жағалауы жыл сайын тынығушыларды көптеп тартып, тұмса табиғатпен етене жақын болуына жағдай жасауда. «Қарғалы» су қоймасы – Ақтөбеден 60 шақырым жерде Қарғалы өзенінің бойында орналасқан.

«Ащылысай» сарқырамасы – Ақтөбеден 120 шақырым жерде орналасқан табиғаты әсем жерлердің бірі. Сарқырама Эбита өзенінің аңғарында Үлкен Ащылысай теңізін бұру арқылы адам қолымен жасалған. Егер сіз мұнда мамыр-маусым аралығында тап болсаңыз, қайталанбас сұлулықты көресіз.


Алматы облысы

«Алтын емел» ұлттық паркі – Азияның нақ жүрегінде, Іле өзенінің алабында орналасқан. Парктің аумағындағы «Айғайқұм» деп аталатын құмды төбе – туристер үшін аса тартымды жер болып табылады. Құмды төбенің ұзындығы – 2-3, ал биіктігі 12 метрден асады. Ауа райының құрғақ кезеңдерінде ол құмнан әуезді әуен естіліп тұратындықтан, ел ішінде оны «Айғайқұм» атап кеткен.

«Алтын емелдің» ең айрықша ескерткіштерінің бірі – «Бесшатыр» деп аталатын бес үлкен қорған-обалар. Обалардың биіктігі 20 метрден асып жығылады. Ғалымдардың пікірінше жүгінсек, мұнда біздің дәуірімізге дейін шамамен VII-III ғасырларда өмір сүрген көне сақ көсемдері жерленген. Туристер арасында оны Англиядағы әйгілі Стоунхенджге ұқсататындары да кездеседі.

Шарын шатқалы – осыдан 12 миллион жыл бұрын топырақ шөгінділерінен түзілген табиғаттың айрықша ескерткіші. Шатқалдың соңғы жылдары адам көп баратын ең танымал бөлігі «Қорғандар алқабы» деп аталады. Шарын шатқалы АҚШ-тағы Үлкен Колорадо шатқалының кіші көшірмесі іспеттес.

Шонжының ыстық су көздері Алматы облысы Ұйғыр ауданының орталығы болып табылатын Шонжы ауылы Алматыдан шамамен 250 шақырым қашықтықта, «Шонжы – Қалжат» трассасы бойында орналасқан. Ыстық су көздеріндегі су – минералды, емдік қасиетке ие. Шонжы ыстық су көздері химиялық құрамы жағынан ТМД кеңістігіндегі әйгілі минералдық бұлақтардан еш кем түспейді, тіпті кей жағдайда асып түседі десек те болады.

Қорғас ШЫХО (шекаралық ынтымақтастық халықаралық орталығы). «Қорғас» ШЫХО екі бөліктен тұрады: Алматы облысы Панфилов ауданы аумағында орналасқан қазақстандық және Шыңжаң-Ұйғыр автономдық ауданының Іле-қазақ автономдық округінде орналасқан.
«Қорғас» ШЫХО жалпы аумағы – 560 га, соның ішінде 217 га – қазақстандық бөлік, 343 га – қытайлық бөлік. Орталық бөліктерінің арасындағы қатынас арнайы жаяу жүргінші-көлік өткелі арқылы жүргізіледі.

Қайыңды көлі – Күнгей Алатауы аңғарларының біріндегі туристерге кеңінен танымал орындардың бірі саналады. Суының салқындығына қарамастан, Қайыңды дайвингпен шұғылданатын жандар үшін аса қолайлы көл болып табылады. Көлдің ең басты ерекшелігі – судан ішінен түп-түзу болып өсіп тұрған шыршалар.

Таңбалы тас Алматыдан 160 шақырым жерде орналасқан Таңбалы петроглифтері Қазақстан аумағындағы ең ежелгі және ең маңызды ескерткіштердің қатарына жатады. Оның ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік құндылықтар тізіміне енуі тегін емес. Таңбалы аңғарының акустикасы керемет, ол жерде дауысыңды қатты шығармай, 100-150 метр қашықтықта бір-біріңді ести аласың.

Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Парк аумағындағы Ассы үстірті мен Түрген шатқалында ерте темір дәуіріндегі қорғандар және Есік өзенінің жағалауларында сақ қорғандары сақталған.

Түрген өзенінің оң жағалауында осыдан 10 мың жылдан аса уақыт бұрын болған күшті жер сілкінісінің белгілерін әлі де көруге болады. Бұл әртүрлі қалыптағы және түрлі бояудағы жал-жал жартастар – нағыз табиғаттың ескерткіші іспетті.

Сондай-ақ ондағы табиғат ескерткіштер қатарына Шынтүрген шыршаларын да айтуға болады, мұнда мүктің астында 30-40 см тереңдікте қалыңдығы 2-3 метр болатын мәңгілік тоң аралдары жатыр.


Атырау облысы

«Сарайшық» мемориалдық кешені. Атырау өңірі – тарихи орындар мен шежіреге толы, көне ескерткіштер мұражайы деуге болады. Облыстың әрбір ауданында туризмнің бірнеше түрін қатар дамытуға мүмкіндік бар. Оның ішінде: спорттық-әуесқойлық аң және балық аулау, этнографиялық және мәдени-танымдық, өлке тарихы, әдет-ғұрпы және салт-дәстүрімен таныстырудың мүмкіндігі мол. Сыртқы және ішкі туризмді дамыту бойынша, ең бастысы, облыстағы туристік нысандардың жағдайы толықтай талдау жасақталып, оның инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Сарайшық» мемориалды кешені – Атырау қаласынан 45 шақырым жердегі ең перспективалық туристік бағыт болып табылады. Жыл сайын «Сарайшық» мемориалдық кешеніне келушілердің саны 12-15 мың адамды құрайды. Көне қалашықтың тарихи маңыздылығын ескере отырып «Ортағасырлық Сарайшық» кешенін салу жобасы әзірленіп, көне қала жобасының ғылыми негіздемесі мен макеті жасалды.


Батыс Қазақстан облысы

«Бөкей ордасы» тарихи-музей кешені. XIX ғасырда іргетасы қаланған, мәдениет пен өнердің, білім мен сауданың орталығы болған өңір – Бөкей ордасы немесе Ішкі орда. Негізін Бөкей хан қалап, кейін оны Жәңгір хан реформалаған орданың екі ғасырлық бай жылнамасы «Бөкей ордасы» тарихи-музей кешені экспозицияларында кеңінен көрініс тапқан.

«Бөкей ордасы» тарихи-музей кешені – бұл БҚО Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылында орналасқан бірегей және жалғыз музей кешені болып табылады. Тарихи-музей кешенінің ерекшелігі сол – оның аумағында күні бүгінге дейін сақталып қалған мемлекеттің қорғауындағы ХІХ ғасырдың тарихи және сәулет ескерткіштері болып саналатын он үш ғимарат орын тепкен. Оның бесеуінде музейлер ашылған. 2003 жылы «Бөкей ордасы» тарихи-музей кешені ИКОМ мүшелігіне алынып, Парижде арнайы тіркеуден өтті.


Шығыс Қазақстан облысы

«Қатон-Қарағай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. «Қатон-Қарағай» ұлттық табиғи паркі аумағы 643 477 га құрайтын Қазақстандағы аса ірі айрықша қорғалатын табиғи аймаққа жатады. Оның аумағында табиғи, тарихи және мәдени ескерткіштер орналасқан, олардың тоғызы табиғи-қорықтық қор нысанының тізіміне енгізілген және республикалық маңыздағы мәртебеге ие.

Алакөл көлі. Бұл – суы ащы, ағынсыз, қаратопырақты жағажайы бар көл. Алакөл суының емдік қасиеті ғылыми түрде дәлелденген. Алакөл суында емдік радонның қажетті мөлшері бар. Сол себепті ғарыштан қайтқан ғарышкерлердің Алакөлде сауықтырудан өтіп отыруы тегін емес. Көлдің баға жетпес байлықтарының бірі – буын, бел, тері ауруларын емдеуде, жарақаттан қалпына келтіруде пайдаланылатын балшық.

«Бұқтырма» су қоймасы. «Бұқтырма» су қоймасы дүниежүзіндегі ең ірі жасанды су қоймаларының қатарына жатады. Ол өзінің аумағы жөнінен әлемдегі алғашқы бестікке кіреді. Аумағы – 5490 шаршы метр, орташа тереңдігі 9 метрден асады, ұзындығы 425 шақырымды құрайды. Уақыт өрнегін салған жартастар, көркем табиғат, құмдауыт қойнаулар ұмытылмас әсер сыйлары анық.

«Алтай Альпі» тау-шаңғы кешені. «Алтай Альпі» тау-шаңғы кешені – бұл Шығыс Қазақстанның туристік інжу-маржаны және қысқы демалысты жақсы көретіндер үшін таптырмас орын саналады. Ол жерде шаңғы теуіп, сноубордтпен сырғанауға да болады. Тау-шаңғы кешенінде екі бугельді және екі орындықты аспалы жолдар, күрделілігі жағынан аса қиын 10 шаңғымен құлдилайтын алаңқайы бар.


Қарағанды облысы

Ұлытау ауданы. Аудан тарихи, тәу ету және экскурсиялық туризм түрлерін дамытуға таптырмас өңір саналады. Негізгі ресурстары – Әулиетау таулары, тарихи-мәдени ескерткіштер. Ұлытау – қазақ үшін көшпелі мәдениеттің, дала өркениетінің ошағы, тарихи орталық болып табылады. Мұнда кезінде даңқты Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының ордасы болған. Қарағанды облысындағы Ұлытау ауданы Шығыс пен Еуропаға халықтардың қоныс тебу тарихына, мәдениеті мен жағрапиясын тануға айрықша қызығатын шетелдік туристер үшін өзіндік Мекке іспеттес.

Қарқаралы «Сарыарқаның інжу-маржаны» деп тегін айтпайды. Себебі мұнда түрлі табиғи және тарихи орындар, ескерткіштер өте көп. Олардың ішінен Шайтанкөл мен Бассейн көлдерін, «Жирен сақал» шыңы мен Айыртауды, Қарқаралыдан 45 шақырым қашықтықта жатқан Кент тау сілемдерін айрықша атап өтуге болады. Бұл таудың аумағында XVII-XVIII ғасырларға жататын, қола және одан кейінгі дәуірлерден қалған көптеген археологиялық ескерткіш пен табиғи орындар бар. Сондай-ақ Қарқаралы ауданы аумағында жалпы аумағы 90 323 гектар болатын «Қарқаралы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі жұмыс істейді.


Қостанай облысы

«Қарағай орманы» және «Жайлау» шипажайлары. Алтынсарин ауданының табиғи әлеуеті зор. Мұнда жасанды көлдерде бірегей минералдық шипалы сулар мен түрлі ауруларға мың да бір ем балшық көптеп кездеседі. Ол жерлерге жергілікті халықтар бөлек  ТМД елдерінен келетін туристердің қарасы көп. Шипажайларда емдік, диагностикалық, аурудың алдын алуға бағытталған қызметтердің үлкен тізбегі көрсетіледі.

«Казинтурохота» аңшылық шаруашылығы. «Казинтурохота» аңшылық шаруашылығы Арқалық қаласынан 50 шақырым жерде орналасқан. Мұнда аң мен балық аулауға аса қолайлы жағдай жасалған. Аңшылық жыл маусымына қарай ұйымдастырылады: күз бен көктемде – суда жүзетін құстарды (үйрек, қаз), қыста – қабан, қасқыр, түлкі мен қоян атуға болады.

Торғай геоглифтері. Торғай даласындағы алғашқы геоглифтер 2007 жылдың наурыз айында, Google Earth бағдарламасының көмегімен ғарыштық түсірілімдерді мұқият зерттеу барысында анықталды. «Үштоғай төрттағаны» мен «Торғай трикветрі» Торғайдың ұшы-қиырына көз жетпейтін даласы ойда – жоқ жерде жаңа ашылуларға бастама болғандығы ақиқат. Ғалымдар бұл нысандарды әлемдік деңгейдегі брендтер – Египет пирамидаларымен, Оңтүстік және Орталық Американың киелі нысандарымен, Англиядағы Стоунхенджбен байланыстырады. Бір қызығы, әлемде дәл мұндай нысандар әзірге табыла қойған жоқ.


Қызылорда облысы

«Байқоңыр» кешені. «Байқоңыр» – дүниежүзіндегі тұңғыш әрі ең ірі ғарыш айлағы. Қазақстан аумағында, Қызылорда облсында, Қазалы қаласы мен Жосалы ауылы маңында Төретам қаласына жақын орналасқан.

«Байқоңыр» кешенінің туристік әлеуеті келесі компоненттерден құралады: дүниежүзіндегі тұңғыш әрі ең ірі ғарыш айлағы ретіндегі, сонымен қатар Жердің бірінші жасанды серігін ұшырған, адамды алғаш ғарышқа аттандырған «Байқоңыр» бренді. Ерекше іс-шараларға қатысу мүмкіндігі: жеткізгіш-зымыранды шығару, тұғырға орнату, ұшуын көзбен көру. Тарихи орындарда болу: «Гагариндік старт», Ю.А.Гагарин және С.П.Королев тұрған үйлер, «Байқоңыр» ғарыш айлағының музейі.

Қамбаш көлі жағасы. Бүгінгі таңда Қамбаш көлі жағасында туризмді дамытуға 105 млн теңге инвестиция тартылып, 90-ға жуық нысан салынған. Кәсіпкерлер берілген жер телімдеріне қосымша заманауи спорт алаңқайларын салуды жоспарлауда.

Оған қоса, ішкі туризмді дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау үшін жаз маусымында балаларға арналған «Қамбаш» сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Ол жағалауға жақын орналасқан. Орталықта жатын бөлмелер, емдеу-профилактикалық ғимараты, асханасы және тренажер залы бар. Туристер мұнда катер, желкенді қайық, катамаран және гидроциклдермен серуендей алады.


Жамбыл облысы

«Айша бибі» кесенесі – XII ғасырға жататын, Қазақстан мен Орталық Азияның сәулет-құрылыс саласында теңдесі жоқ бірегей, өте қызықты сәулет ескерткішінің қатарына жатады. ЮНЕСКО тізіміне енген кесенеге 60 түрлі өрнек салынған.  Әдемілігі жағынан еш баламасы жоқ қыш тақтайшаларды жапсыру арқылы безендірілген.

«Қарахан» кесенесі. Кесене Қараханидтер әулетінің өкілдерінің бірі – Шах Махмуд Бугра Қараханның зиратының үстіне тұрғызылған.

1982 жылы «Қарахан» кесенесі Қазақ КСР тарих және мәдениет ескерткіштері тізімімен қатар ЮНЕСКО-ның да тізіміне енгізіліп, республикалық маңыз беріліп, мемлекет қорғауына алынған.

Кесенеге кіреберісте араб тілінде мынандай жазу бар: «Алладан басқа Құдай жоқ, Мұхаммед – оның елшісі». Кесененің сырты заманауи кірпішпен өрілген болса, іші мен мұнарасы, тіреулері мен терезесі қарахандық дәуірдегі кірпіштен қаланған.

«Ақыртас» сарай кешені. Бұл нысан республикалық маңыздағы тарих және мәдениет ескерткіші болып табылады.

Осынау қуаң далада зәулім сарай салуға деген ниеттің өзі келушілерді қайран қалдырады. Өйткені сарайдың маңайындағы ондаған шақырым жерде бір тамшы су жоқ. Соған қарамастан көне дәуірдің ғаламат шеберлері таудан қыш құбыр тартып, «Ақыртасқа» су жеткізе білген. Сол себепті «Ақыртасты» Египет пирамидаларымен жиі салыстырады.

Жергілікті тұрғындардың сөзінше, мұнда шипажай туризмі жақсы дамыған. «Ақыртас» тастарынан магниттік қуат алу үшін мұнда Қазақстанның барлық өңірінен, Ресейден, Канада мен АҚШ-тан келушілердің қарасы көп.


Маңғыстау облысы

Ақтау қаласы курорттық аймағы. Ақтау қаласының жағалауы 25 шақырымды құраса, 15  шақырымы жағажайлық демалысқа қолайлы саналады. Осы күні мұнда жалпы сыйымдылығы 4968 адамға шақталған 29 демалыс базасы бар.

Тарихи-мәдени туризм. Этникалық, мәдени және экологиялық туризм. Бұл салада Маңғыстау облысының туристік әлеуеті аса жоғары. Өйткені мұнда 362 әулие жерленгенін айтпағанда мемлекет қорғауындағы 13 000 тарихи ескерткіш бар. «Маңғыстау геопаркіне» дәл қазір 20-дан аса нысан кіреді. Оның ішінде: «Сұлтанепе» және «Шақпақ ата» жерасты мешіттері, «Шерқала», «Айрақты», «Қорғандар алабы», «Көкала» шатқалдары, «Ақмыш» және «Самал» оазистері, «Қызылқала» қалашығы, үш мұражай, «Отпантау» тарихи-мәдени кешені, Торыш мекені және т.б. бар.

Кендірлі курортын жүйелі дамыту жоспарына сай, аталмыш жобада жалпы сыйымдылығы 60 мың орындық  (соның 40 мыңы – туристерге және 20 мыңы – жұмысшылар мен олардың отбасыларына) 22 қонақүй мен 16 400 резиденция салу жоспарланған. Одан бөлек келушілерге түрлі қызмет көрсететін орындарды, мәселен, қалалық бөлшек-сауда орталықтарын, ашық және жабық спортзалдар, гольф алаңдарын, яхталарға арналған айлақ пен өзге де қоғамдық ғимараттарды салу көзделген.

Бозжыра – Үстірттің ең көрікті жерлерінің бірі саналады. Шағын ғана алқап үш жағынан табиғаттың таңғажайып амфитеатрымен қоршалған. Мұнда барлығы аппақ: шатқалдар, шыңдар, таулы мұнаралар, тау қорғандары да, киіз үй де. Бозжыра Маңғыстау облысының Маңғышлақ түбегіндегі Үстірттің батыс бөлігінде орналасқан.


Солтүстік Қазақстан облысы

«Қазақстан жұлдызы» алтарі. Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданына қарасты Озерное ауылында орналасқан «Қазақстан жұлдызы» алтарі СҚО-ның киелі орындарының тізіміне енген.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, 1941 жылдың жаппай аштық белең алған тұста таңғажайып оқиға орын алады. Аңыз бойынша осы жерге айдауға жіберілген поляктардың Құдайға құлшылығынан соң бір түнде ауыл шетінде балығы тайдай тулаған көл пайда болып, аштан өлгелі жатқан балықты талғажау еткен адамдар аман қалған екен. Содан бері бұл жерді католиктер айрықша құрметтеп, киелі деп санайды. Озерное ауылында «Құдай ана – әлем патшайымы» құтханасы да орналасқан.

1997 жылдың маусымында көлде Құдай ананың балықтармен бірге тұрған мүсіні орнатылып, оны Польшадағы Папа Иоанн Павел II дәріптейді. Ал 2012 жылы ол аңыз Бенедикт XVI да жетеді. Алтарьді поляк шебері Мариуш Драпиковский жасаған. Ол 12 алтарь циклінің құрамына кіреді. Алғашқы алтарь – Иерусалимдегі Крест жолында, қалғандары дүниежүзіндегі өзге де католик шіркеулерінде орнатылған.


Түркістан облысы

Түркістан – Ұлы «Жібек жолының» інжу маржаны Түркістан қаласы – тек Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар Орталық Азияның көне қалаларының бірі. Оның іргетасы 490 жылы қаланған. Мұнда кесенелер, қасиетті орындар мен сәулет ескерткіштері өте көп. Түркістан ислам әлемінде діни орталық ретінде танымал болғандықтан, мұнда туристер, табынушылар жиі ат басын бұрады.

«Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық паркінің аумағында Өгем, Қаржан таулары, Талас Алатауының сілемдері орналасқан. Парк аумағы 7 табиғи аймаққа бөлінеді және олар жерлерден өсімдіктің 1635 түрін, сүтқоректілердің – 59, ал құстардың 300 түрін кездестіруге болады.

Қасқасу шатқалы – Оңтүстік Қазақстан облысындағы ең көрікті жерлерінің бірінен саналады. Түркістан облысының Төле би ауданында орналасқан ол шатқал теңіз деңгейінен 1900 метр биіктікте орналасқан. Қасқасу шатқалы – тау-шаңғысы спортын дамытуға өте бейім. Шатқалда қар басқан сегіз бөктер бар. Ресурсы жағынан Қасқасу бес Шымбұлақтың әлеуетіне тең. Бұл жерде 25 мыңдай шаңғышы бір мезгілде сырғанай алады.

«Сарыағаш» – Көркем табиғат, жерасты сулары, тарихи ескерткіштер, бір сөзбен айтқанда, сауығып қайтуға арналған Қазақстандағы ең әйгілі шипажайлардың бірі – «Сарыағаш».

«Сарыағаш» бальнеологиялық курорты заманауи жайлы көптеген шипажайымен, минералды су шығаратын зауытымен, элиталық жүзім шарабын өндіруімен мақтана алады.


Павлодар облысы

«Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Павлодар облысының оңтүстігінде орналасқан ұлттық парк Қазақстанның айрықша қорғалатын аймақтарының қатарына кіреді. Ескірген инфрақұрылымына, ауа райының құбылмалылығына қарамастан, жаз маусымында паркке 100-150 мың адам келіп-кетеді.

Рекреациялық аймақта 40 демалыс үй бар. Олардағы жалпы орын саны – 3684. 2017 жылы 300 млн теңге демеушілер қаржысына ұзындығы 1050 метр болатын, 70 екі орынды кабиналары бар жаңа аспалы жолды орнату қондырғысы сатылып алынды.

Маралды көлі. Павлодар облысында халықаралық курортқа айналуға мүмкіндік беретін айрықша аумақтар өте көп. Бүгінгі Маралды көлінің балшығы мың да бір дертке ем. Көл балшығының құрамы мен қасиеттері әлі толық зерттелмеген.

«Мойылды» шипажайы. Павлодар облысы суы ащы көлдерге бай. Оның бірі «Мойылды» шипажайы аумағында орналасқан.  «Мойылды» курортының көпжылдық даңқы тек Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де кеңінен танымал.


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля