Атыраудағы «BAIZAAR Mall» ойын-сауық орталығында «National Geographic Qazaqstan» журналы мен «Каспий Құбыр Консорциумы» АҚ бірлескен «Ұлы дала киесі» атты фотокөрмесі ашылды.
Шараның ашылу рәсіміне «Каспий Құбыр Консорциумы» АҚ бас директорының орынбасары Қайыргелді Қабылдин, Атырау облысы әкімінің орынбасары, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының басшылары, облыстық маслихат депутаттары мен мұнай компанияларының өкілдер қатысады.
Көрменің негізгі мақсаты – көпшілік арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, даланың аң-құстары, оның ішінде қазаққа етене жақын киіктер туралы тұрғындардың таным көкжиегін кеңейтуге және қоршаған ортаны қорғау проблемаларына қоғамның назарын аударту.
Бұл жайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен кезекті экономикалық форумда былай деген: «Бүгінде қоршаған орта бойынша кешендік шаралар тысқары қалуда, әрине жаһандық бастама өте маңызды, алайда өзге проблемалар жетерлік, оның ішінде жабайы жан-жануарлар әлемін де ұмытпауымыз керек», – деген еді.
Қазаққа етене жақын осы жануарды қорғау және сақтап қалу ісінде «Каспий Құбыр Консорциумы» (КҚҚ) қосқан үлесі зор. Бұл компания бөкендерді ғарыштан бақылауға мүмкіндік беретін 30 дана қарғыбау сатып алуға 2016 жылы 21 миллион теңге бөлсе, өткен жылдың өзінде тек зерттеу жұмыстарына 27 миллион теңге қарастырған. Одан бөлек КҚҚ Қазақстан өз тәуелсіздігін алғалы бері ел аумағында құны 8 миллиард теңгеге жүзден аса әлеуметтік жобаны қаржыландырған.
Тас дәуірінде Батыс Еуропаға дейін тіршілік еткен сол жануар осы күні Моңғолия, Қалмақ даласы мен Қазақстанда ғана сақталып қалған. Олардың 90 пайызы қазақ жерінде мекендейді. Киіктердің тағы бір ерекшелігі – ешқашан жетім қалған лақтарын далаға тастамайды. Ал кез келген киік жолынан маңырап шыққан құралайды кездестіре қалса, жанына барып емізіп, өзімен ертіп кетеді.
«Қазақстанда бөкендердің мекендейтінін бұрыннан білеміз ғой. Алайда мына көрмеден киіктерді өте жақыннан көргеннен кейін бе мүлде бөлек әсерде қалдым. Ал олар туралы небір қызық мәліметтерді естігенде таңқалғанымды несіне жасырайын. Расында да киіктен өткен киелі аң жер бетінде жоқ па деп қалдым», – деді зейнеткер Рауза Мұратқызы.
Шара барысында киіктер туралы фотосуреттер жиынтығы көрсетіліп, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Көрме аталған ойын-сауық орталығының бірінші қабатында 2019 жылғы қаңтардың 3-іне дейін өтеді.