Қатерлі әрі қызыққа толы сапар Ауғанстанның бейбіт өмірі мен қазіргі шиеленісті көрсетеді.
Оның шашы күлгін түске боялған. Үстіне спандекстен тігілген көйлек киіпті. Ол жалғыз билеп тұр. Жергілікті емес әлдебір бойжеткен Азияның тастақты жүрегі саналатын Тәжікстан мен Ауғанстанды бөліп жатқан Пяндж өзенінің жағасында, қияндағы елсіз аймаққа аялдаған көлігінің үстінде жалаңаяқ бұраңдайды. Памир тауларының оңтүстік қиырындағы бұл мекен – есірткі тасымалдаушылар үшін жер жаннаты. Көлікте Еуропалық одақтың нөмірі бар. Ал ондағы бойжеткен кім? Көне хиппилер соқпағының кешіккен табынушысы ма? Дәруіш? Кіріптар? Саяхатшы? Жиһанкез? Болжап білу мүмкін емес еді.
Орталық Азия таулары арасында айдан аса сапарлап, шала құрсақ әрі денесі күстенген, әлсіреген есегін тебініп, ілбіп бара жатқан мен сәлемдесу ретінде тер сіңген баскиімімді көтердім. Мен әлемді аралап келемін. Бес жыл бойы «Жұмақтан шыққан жол» деп аталатын жоба аясында Жерді шарлап жүрмін. Бұл – Тас дәуірі кезінде жайлы мекен іздеп ғаламшарды аралаған алғашқы ата-бабаларымыздың ізімен жүре отырып баяндайтын жоба. Тоқтаусыз, күні бойы өзеннен өтіп, құрлықты ай бойы кезіп, 34 мың шақырымға созылған жолды жүріп өту барысында күнде бір таңғажайып оқиғаға куә боласыз. Сондықтан жапан далада билеп тұрған қыз мені таңғалдырған жоқ.
«Оған қарап өзімді кәрі сезіндім», – деп налыды фотограф Мэтью Палей Кеңес өкіметі салып кеткен шаңдақ жолмен баяу ілбіп бара жатқанда.
Палей – Ауғанстанның Вахан дәлізін кесіп өтетін сирек сапардағы серігім. Бұл – Гиндукуш таулы жоталарының артында жасырынған, ұмыт қалған мекен. Күнде таңертең ол құрысқан арқасын жазу үшін жол үстінде йога жасайды. Ал мен үшін орта жас белгісі – ноутбугімдегі үлкейтілген қаріптер болатын. Бірақ өзімді кәрі сезінген емеспін. Әлемді аралау бала күніңді қайта оралтады. Бес не алты жылдан кейін баруды мақсат еткен Отты жер архипелагіне жеткен кезде жаңа туған сәбидей боламын. Соңыма қарадым.
Палей Пяндж өзенінің елсіз жағасында қолын құлаштап жайып жіберіп, тірсегін бір-біріне соғып Вахан биін билеп жүр. Таудан аққан салқын судың арғы жағы – Ауғанстан.Сол арғы бетте Палейдің биін қызықтап жиналып қалған кең балақты қоңыр шалбар мен қоңыр жейде киген бірнеше Вахан қойшысы оның қимылын қайталап тұр. Ауғанстанда бәрі билейді. 2000 жылдары соғыс кезінде Солтүстік альянсы әскери колоннасымен, миналарға түсіп қалмас үшін Т-55 танкісінің артынан «конго тізбегі» секілді қадамымызды санап басып, Кабулға билеп кірдік. Ол кезде осы сапарым әлі басталмаған.
Ауғанстандағы Вахан дәлізі – Тәжікстан мен Пәкстан арасында жатқан, Батыс Қытайдың басын қырау шалған тауларына дейін 320 километрге созылған әрі Жердегі ең алыс елсіз мекеннің бірі. Ресей мен Британия XIX ғасырдағы өздерінің азиялық империясын бөлу үшін жасаған буферлік аймақ, география, геосаясат пен уақыт құрсауында ұмыт қалған жер іспетті. Мұнда 17 000-ға жуық фермер мен көшпенді халық өздерінің ортағасырлық жайылымдары мен тас қабырғалы ауылдарында тіршілік кешіп жатыр. Бұл – менің Оңтүстік Азияға кіретін нүктем.
Біз Тәжікстан шекарасын Ишкашимда кесіп өттік. Соғыс тілшісі ретінде Ауғанстан шаңын «жұтқалы» бері 16 жыл өте шығыпты. Бұл жақтың менің есімде қалғанынан ауылы алыс екен.
Менің Ауғанстан туралы естеліктерім «hilux» пикаптарының үстіндегі қарулы адамдар мен 230 килограммдық бомбаның зақымдарынан құралған. Керісінше, кедей, мүлде оңаша, қауіп-қатерден қалқан болып тұрған Гиндукуш арқасында Вахан дәлізі бейбітшіліктің оазисі секілді көрінеді. Адамдары бір табын өгізді айналдыра айдап, ежелгі тәсіл бойынша астық бастырып жүрген бидай алқабынан қорықпастан өттік. Олар ұнды көне су диірменімен тартады. Жергілікті вахан фермерлері ақкөңіл исмаилиттер әрі олардың әйелдері орамал тақпайды. Қарлы шыңдарға жауынгерлер емес, тау барысы иелік етеді. Ешкім мылтық асынбайды. Бұл – Ауғанстанның ауылдық жерінің нағыз үлгісі.
«Қазір біз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған дәуірдеміз, – дейді қойшы Дервиш Әли. – 1990 жылдары шай да таппайтын едік. Қазір өмір жақсы».
Әлидің қонақжай әйелі Кушнамамаш бізге дәнді тандыр нан пісіріп берді. Шатырымызды олардың шөпті ауласына орнаттық. Тізілген теректер самал желмен тербеледі. Ваханның тымырсық табиғаты жасыл революцияны бастан өткергендей. Егілген ағаштар коньондардың бір кездегі жалаңаш табанын басқан. Кейбір вахандықтар алғаш рет өздерінде өскен қызанақ пен асқабақтың дәмін татты. Бұл – климаттың өзгеруінің арқасы. Өріктер екі ай бұрын гүлдеді және мұздықтар еруінің кенеттен артуы суаруды жеңілдетті.
Бір күні Гиндукуш пен Памирдегі мұздықтар еріп бітеді де, ұмыт қалған аштық қайта оралады. Алайда Вахан сүрлеусіз атыраптарында жаяу өткен сол жарқын күндер өзім сезбеген, бірақ өмір бойы іздеген Жерұйығым секілді көрінді. Қарғалар ашық көк аспанда айнала ұшып жүр. Қыркүйекте шығыс Вахандағы қырғыз көшпенділерінің жоғары жайылымдары күн сәулесін көне кәріптас секілді көрсетеді. Үй көлеміндей қойтастар жалаңаш тау сілемдерінде алып айна секілді жарқырайды. Олардың беті жоғалғанына көп болған мұз жартастар әсерінен әйнектей жылтыр күйге енген.
Мұз дәуірлері циклмен қайталанады. Келесі мұз дәуірі Әлидің кішігірім қожалығын түк қалдырмай жойып, шамамен 40 жыл бұрын Вахан жайылымдарында Кеңес өкіметінің танкілері қалдырған терең іздерді оп-оңай тегістеп тастайды. Олардың ізі жаңа түскендей көрінеді. Уақыт өте келесі бір вахандық астық бастырып, бидайды собығынан ажырату үшін өгіздерін айдап, менің санауым бойынша әр таба нан үшін 3600 айналым жасайды. Мұның бәрі шеңбер секілді айналып келеді.
Менің сапарым да радиусы әлемнің қақ ортасына апаратын шеңбер тәріздес.
Таңертең 23 қыркүйекте мұзды тұманды қақ жарып, екі есекке жүгімізді артып, Иршад асуынан өтпекке сапарға шықтық. Бұл жапан даладағы биік өткел Ауғанстан мен Пәкстанды бөліп тұрған Гиндукуш пен Қарақорым жотасының түйісетін тұсына жақын.
Осындай қысқы дауылда тауға шығу оғаш әрі бағыттан жаңылдырады. Бұл қатқан әрі қатты құлама теңізге өрмелеумен тең. Біз мұндай жағдайға лайықсыз жазғы аяқкиімдерімізбен сол «бриллиант» толқындарды тепкілеп, аяқ тірейтін жер саламыз. Қар қауіпті жыраларды жасырып жатыр. Кейде есектер мұзға тайып құлап, қайта тұруға талпынбайды. Біз олардың беліне ұстап, аяққа тұрғанша көтереміз. Бұл қайталана бергеннен кейін қатты титықтатты. Жиі адасып та кеттік.
Иршад асуы теңіз деңгейінен 4979 метр биікте жатыр. Ақыры оған күн батқанда бір-ақ жеттік. Палей шаршаңқы қалыпта жеңіс биін орындады. Мұздай ауаны жұтып едім, өкпемді ұстараның жүзімен тіліп өткендей болды. Ықтасын мен отсыз бұл ара шатыр тігуге қауіпті еді. Бірақ бізде басқа амал болмады. Біз темірдей қатқан арқандармен алысып жүріп, болаттай берік жерге шатырымыздың қазықтарын қақтық. Менің мұз қатқан шалбарым, тіпті ұйықтайтын сөмкенің ішінде болса да түні бойы еріген жоқ. Қараңғыда желпілдеген брезентпен есектерді орау үшін азынаған далаға бір-ақ рет шықтым. Басымда орнатылған шам сәулесінен олардың маған қадалған ренішті көздерін көрдім. Мен оларға қарай алмадым.
Келесі күні түнде Гиндукуштың шығыс шетінде шатыр тігіп жатқанымызда қарапайым киінген пәкстандық қорғаныс күштері қамауға алды. Біз бұған дейін Пәкстанға Иршад арқылы кіру жоспарымыз туралы құзыретті органдарға хабарлаған болатынбыз. Қолымызда алдын ала алған визамыз бар еді. Бірақ АК-47 автоматтарымен қаруланған әскерилер тыйым салынған аймаққа өткенімізді айтып тұрып алды. Олар бізді жақын маңдағы қала Гилгитке әкелді. Қамауға түстік. Кереуетінде дөңбекшіген Палейдің тығып ұстаған мобильді телефонынан фильм көріп, француз акцентімен сондағы сөздерді қайталағанын естідім: «Көз үшін көз шығару бүкіл әлемді соқыр қылады».
«Мэтью, Гандиді барлау қызметінің қауіпсіз үйінде көріп жатсың ба?» – деп сыбырладым.
Келесі күні таңертең қарапайым киінген агенттер бізді Пәкстаннан кететін алғашқы ұшаққа отырғызып жіберді. Кейіннен мұның бәрі қателік екені мәлім болды. Қағаздан кеткен қате. Бірнеше күн ішінде Пәкстанға қайта оралып, тоқтап қалған әлемдік сапарымды қайта жалғастыруға рұқсат алдым. Бірақ шыжыған араб қаласына келіп қонған түні бұтымда әлі сол алба-жұлба қысқы шалбарым болатын. Өзімді ыңғайсыз сезіндім. Әуежайдың шулы иммиграциялық кезегінде есі кіресілі-шығасылы болған мен күнге күйген қолымның сыртына қарадым. Содан кейін Иршад асуының төбесіндегі кешті есіме алдым.
Бозарған күн шеңбері боранды бұлттар арасынан жылт етіп көрінді. Шамамен екі минуттай айналаның бәрі күмістей жылтырап тұрды. Алтын мен күміске малынған білік Қарақорымға шашылып, әлемнің жиегіне созыла қаз-қатар тізілген қар пирамидаларының төбелерін нұрға бөледі. Бұл менің жүрегімнің сөнген үмітін қайта тұтатқан жарық тәрізді. Бұл бүкіл адамзатпен бірге жаңа мемлекетке қарай қадам басып бара жатқанымды елестетті.
Автор: Пол Салопек, фотограф: Мэтью Палей
Пол Салопек Chicago Tribune газетінің тілшісі болып жүргенде екі рет Пулитцер сыйлығын жеңіп алды. Өңірді 1999 жылдан бері аралап жүрген Мэтью Палейдің Вахан дәлізін түсірген суреттері соңғы рет журналдың 2013 жылғы ақпандағы санында жарияланды.
Мақала коммерциялық емес National Geographic ұйымының арқасында жарыққа шықты.
Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationa