2005 жылы есімі әлемге әйгілі Голливуд актрисасы Анджелина Джоли, 2010 жылы актер, продюсер Антонио Бандерас, 2014 жылы Леонардо Ди Каприо БҰҰ мен «National Geographic» қауымдастығына ғаламдық проблемаларды шешуге арналған нақты ұсыныстарымен шығып, ізгі ниет елшісі атанған. Мәселен Дикаприо атмосфераға бөлінетін парниктік газ көлемін азайту жөнінде нақты бастамамен шықса, Джоли мен Бандерас босқындар мәселесі, кедейшілікпен күрес және әр елдегі әлеуметтік теңсіздікті жоюды көздейді. Танымал тұлғалар осылайша ізгілікті істің үлгісін көрсетіп, бүкіл адамзатқа ортақ проблемаларды шешудің жолдарын ұсынған. Атақтылар арасында сондай-ақ жойылып кету қауіпі төнген аң-құстар, қорықтар мен табиғи ескерткіштерді, орман-тоғайлар мен өзен-көлдерді сақтап қалуға қаржылай қолдау көрсетіп жүргендері де баршылық. Бұл үрдіс ел алдында жүрген жандарға өмір тек жиындар мен той-думандардан ғана тұрмайтынын, ең сауапты іс барлық адамдарға шапағаты тиетін дүниемен айналысу керектігін ұқтырғандай.
Шүкір, бүгінде ел ішінде есімі әлемге танымал, аты мен атағынан ат үркетіндей белгілі тұлғалар легі қалыптасып келеді. Осыны ескерген «National Geographic Qazaqstan» журналы Қазақстанның символына баланған, қазаққа етене жақын, талай ән мен жырға арқау болған ақбөкен мен аққу, бүркіт пен қар барысы секілді аң-құсты сақтап қалуға және оларды насихаттау жобасын қолға алып отыр.
Сіздерге сұрақ! Еліміздегі қайсібір тұлға жауапкершілігі жоғары осындай іске лайықты деп ойлайсыздар?