Үңгір… Осы сөзді естігенде мынадай суреттің елес берері анық. Ол жер астындағы іші тастай қараңғы әрі суық қуыс кеңістіктің көз алдыға келетіндігі. Иә, үңгірлер шынында да солай. Ғалымдар Ш.Айталиев, Р.Баймаханов пен Ә.Байбатшаның деректеріне қарағанда, Қазақстандағы мұндай табиғат ғажайыптарының саны 140-тан асады. Атап айтар болсақ, олардың ең ірілері ретінде 80-і Қаратауда, 20-ы Талас Алатауы мен Өгемде, 11-і Маңғыстауда, 12-і Сарыарқада, 5-уі Алтай мен Тарбағатайда, 6-уы Іле Алатауында деп есепке алынған.
Кезінде біз осындай үңгірлердің екеуін іздеп барып, әр кездері олардың ішіне де түсіп көргеніміз бар. Олар Оңтүстік Қазақстан облысының Қаратау сілемдеріндегі Жетіотау және Ақмешіт үңгірлері дер едік. Алдымен Жетіотау туралы айтайық. Ол аталмыш облыстың Бәйдібек ауданындағы бұрынғы «Красная Нива» кеңшарына қарайтын «Прогресс» бөлімшесі маңайындағы үлкен аңғарда. Сондағы тік беткейдің ортан белінде аузы үңірейіп көрініп тұрған үңгірге кірер болсаңыз, бірінші кезекте сізді дүр-дүр етіп шошына ұшқан кептерлер қарсы алады. Содан кейін уілдеген суық ауа бетіңізге тиіп, бірте-бірте ол денеңізді қалтырата бастайды. Үңгір аузындағы жарықтан алыстап, түкпірге қарай беттеген кезде еріксіз тоқтап қаласыз. Оған себеп, сіздің алдыңызда қараңғы да қорқынышты әрі тас-түнек сәулесіз әлемнің жатқандығы. Міне, осыдан кейін барып қол фонарыңызды іздей бастайсыз. Сөйтесіз де соның көмегімен аталмыш табиғат тылсымын өз бетіңізше танып, білуді бастайсыз.
Біздің байқағанымыз, Жетіотаудың ұзындығы 80 метр шамасында сияқты. Ал, жалпы пошымы… иә, жалпы көрінісі буылтық-буылтық боп жататын жұлдызқұрт болады ғой, міне ол содан аумайды. Тоқ етерін айтқанда өзіміз сөз етіп отырған үңгір кірген адам қайта-қайта еңкейіп өтетін жеті бөліктен тұрады. Әр бөлік киіз үйдің көлеміндей бір-бір қуыс. Сондықтан да ел оның осы құрылымына қарап, оған Жетіотау деп ат берген сияқты. Қандай дәл теңеу десеңізші!
Жетіотау – спелеологтар айтатын қадым ғасырдағы тіршілік иелерінен қалған тұрақ емес. Ол – табиғат стихиясынан туған үңгір. Ғылым тілінде оны карст дейді. Бұл таудағы үлкенді-кішілі тас айырықтарынан өткен қар, жаңбыр суларының топырақ қабатына келгенде жиналып, көлемі ұлғая келе сол жерді орып өтіп барып тоқтап, содан соң тағы осындай әрекеттер жасалып барып беткейді тесіп шығу арқылы болатын құбылыс. Жетіотаудың буылтық-буылтық бүкіл болмыс-бітімін барлап қараған кезде ол міне, жоғарыдағы ойға толық сәйкес келеді.
…Осы жерден 40-50 шақырым шамасында тағы бір үңгір бар. Сол Қаратау сілемінің етегіне орналасқан бұрынғы Леонтьевка елді мекені тұсындағы ол табиғат ғажайыбы Ақмешіт деп аталады. Тастақты төбелердің арасындағы бұл үңгірдің аузы жазықтау жерге қап-қара шұңқыр сияқты шалқая орналасқан. 1980 жылы осы жерге бізді бастап апарған әріптесіміз Жақай Ералиев бәріміз әлгі жердің жиегінен үңіліп қарағанымызда оның ішінде екі-үш қора қой сыйып кететіндей кеуек кеңістіктің бар екенін байқағанбыз. Кереметі сол, 30-40 метр тереңдіктегі оның түбінде екі түп тұт ағашы өсіп тұр екен. Олардың жапырақтары үңгір ішін мекендеген құс саңғырықтарынан бозамықтана ағарып кетіпті. Күн сәулесі жарық қып тұрған оның ішінен тағы бір байқағанымыз, әлгі тұт ағаштарынан онша қашық емес жерде дала аруы – ақбөкеннің қаңқасы көрінген. Жануар әлденеден үрейленіп, үрке қашып келе жатқанда, үңгірге құлап түсіп мерт болған сияқты.
Ал, 2016 жылы осы жерді қайта келіп көргенімізде Ақмешітті танымай қалдық. Жергілікті билік бұл маңайды жөндеп, төңірегіне асфальт жол тартыпты. Үңгір ішіне түсетін мықты айналмалы темір саты қойылған. Соның нәтижесінде ол туристер көп келетін жерге айналыпты. «Бұл табиғат туындысы геомагнитті толқындар тудыратын кедергілерден тыс жоғарғы күш-қуатқа ие, таза энергетикалық ауа ағындары шоғырланған аймаққа орналасқан», − деді жанымыздағы еріп жүрген ғалым Мұсатілла Тоқанов. − Ақмешіт үңгірінің осындай аурасы адам ағзасына оң әсер етіп, оларды бойларында жинақталып қалған кір энергиядан тазартады. Жұмыс, тіршілік тауқыметінен еңсесін көтере алмай жүрген жандардың иммундық күш – қуатын оятып, сергітеді. Жүйкеге түскен ауыр ойлардан арылтады».
Геомагниттік толқын дегеніміз не? Ол солтүстіктен оңтүстікке, шығыстан батысқа бағытталған ауадағы жолақтар. Егер жұмыс орныңыз, отырған жеріңіз, тіпті үйдегі үстеліңіз бен орындығыңыз осы геомагнитті толқын жолында орналасатын болса, онда адам ағзасы қан – тамыр, буын және ісік ауруына бейім болады. Сол сияқты жаман энергия: тіл, көз, қарғыс сөздер адам денесіне жағымсыз әсер ету нүктесі түрінде жиналады. Ал оларды тазартатын кісі аяғы сирек жететін тау, олардағы ауасы таза аңғарлар екені мәлім. Өзіміз сөз етіп отырған Ақмешіт үңгірі міне, сондай қасиетке ие. Сондықтан ол, биоэкотуризмге өз өзінен сұранып тұрған жер, − деді әңгімесінің соңында ғалым.
Үңгірлер… Бұл еліміздегі әлі зерттелмеген өзінше бір табиғат құпиясы. Жоғарыда біз олардың екеуін ғана қысқаша сөз еттік. Ал Маңғыстаудағы, Орталық Қазақстан мен Жетісудағы мұндай табиғат ғажайыптары қаншама десеңізші. Біле білген адамға бұл табиғат ғажайыптарының өзіндік пайдасы да бар. Оны интернеттен тауып оқысаңыз үңгір ішіндегі ауаның қан қысымын қалыпқа келтіретіндігі, көкжөтелді пышақ кесті тыятындығы, қолдағы жазылмаған жарадан құлан таза айықтырып жіберетіндігі туралы қысқа да нұсқа мәліметтер жетерлік. Түрікменстандағы Копет-Даг, Грузиядағы Ақ үңгір сонау Николай патша заманынан бері емдік бағытқа бейімделген болса, одан бергі уақыттарда көрші елдердегі жасалған ондай игі тірліктер қаншама. Біздің ойымыз тек Қазақстанда да осындай үңгірлердің бар екендігін айту, хабардар ету. Елге ой салу.
Авторы: Жанболат Аупбаев, фото: Қайсар Шерім