А.Хоннольд еш сақтандырусыз Эль-Капитан тау шыңына өрмелеп шығуға бел буды. Ал досы Джимми Чин оны камераға түсіруі тиіс. Бұл тәуекел жан достардың арақатынасына қалай әсер етті?
Егер сіз Джимми Чин, ал жан досыңыз – Алекс Хоннольд болса және ол ешқандай қауіпсіздік белбеуінсіз биік құзды бағындырып, тарихи әрекетке талпынуға бел буса, таспаға түсіруге қажетті дүниені түгендеуден басқа амал жоқ. Мақсат – Йосемити алабының Эль-Капитан шыңы. Алдымен досыңыз шамамен 900 метрлік гранит беткеймен көтеріліп бара жатқанда, сіз қатар өрмелеп оны камераға түсіру үшін әлемдік деңгейдегі альпинист-кинематографтар тобын жалдайсыз. Ешкімге сыбырласуға, түшкіруге, объективтің қақпағын түсіріп алуға, линзаны бұрауға рұқсат жоқ. Себебі оның назарын бөлетін кез келген жағдай о дүниеге аттандыруы мүмкін. Ең бастысы, ешкім Хоннольдпен оның батыл қадамы туралы сөйлеспеуі керек, ең құрығанда, тікелей. Бұл оны қобалжытпау, нық сенімділік пен аса сабырлық қасиеттерінен құралған мінсіз концентрациялы санасын мазаламау үшін қажет. Еш сақтандыру құрылғысыз өрмелеуді білдіретін «фри соло» түсінігінің орнына сіз оның таңдаулы эвфемизмі – «өрмелеу» сөзін қолдансаңыз да болады.
Сіз осы ереженің кез келген қағидасы «фри соло» орындау идеясына кереғар екенін біле тұра сол тәртіпке бағынасыз. Қауіпсіздік белбеуінсіз өрмелеу, логиканы айтпағанда, ешқандай ережеге сай келмейді, әсіресе әңгіме жар мен құз туралы болса… Альпинист құлаған жағдайда, жердің өзгермейтін, ешкімді де аямайтын тартылыс күшіне шара жоқ.
Тауға өрмелеп бара жатып, бұ дүниемен қоштасқандар аз емес, арасында таныстарыңыз да бар шығар. Досыңыздың аяқ астынан кеңістікте құлап бара жатқан жан түршіктірер көрінісін көру ешкімге бұйырмасын.
Жә, оны қоя тұралық. Досың, кей мамандар айтқандай, адамзат жасаған «ең өжет әрекет» деп атаған оқиғаны түсіріп жатқанда артық кадрлар камераңызға ілінбеуі керек.
Жары әрі кино саласындағы серіктесі Элизабет Чай Вазархели екеуі Хоннольдтің өрмелеу тарихында қалмақ ниетті Чинге бір жыл бойы маза бермеді. (Ескертпе: Ол сөзінде тұрды). «Фри соло» фильмі қазіргі таңда үлкен экранда жүріп жатыр.
«Физикалық пен интеллектуалдық қарымы күшті әрі амбициялы да қорқынышты дүниені бағындыруға деген құштарлығы тасыған Алекстей дараны таспаға түсіру – сөзсіз, біртуар жоба», – дейді Чин.
45 жастағы Чин мен 33 жастағы Хоннольд 2009 жылы алғаш рет бірге әлемдегі ең терең жарық – каньон Борнеодағы Лоу суағарына экпедицияға шығып жолыққан. Хоннольдтің албырт жүзі мен үлкен қоңыр көздері үшін Чин оған «Бамби» деген лақап ат қойған екен.
Хоннольдтің бойында қорқыныш сезімін басқара алу қабілеті мен тапсырмаға толығымен берілу қасиеті бар (мейлі, бұл 300 метрлік жартас не үңгір болса да). Мұндай қасиет Чинге де тән. Хоннольдпен таныспастан үш жыл бұрын ол Эверест шыңына өрмелеп шығып, мұзды тік беткейден шаңғымен сырғанап түскен болатын.
Борнеодан соң жігіттер сапарға жиі бірге шығатын болды. Хоннольдтің кей жеке сололарын Чин камераға түсіріп жүрді. «Ол еш ойланбастан камераға түсіруді маған сеніп тапсырды. Ал мен оны камераға түсуге мәжбүрлеп жүргендей болмас үшін, оның «кеттік» деген сөзін күтемін», –дейді Чин.
Хоннольд жеке өзі «Эль-Капитанға еркін өрмелеп шықсам қалай болар екен» деп ойша топшылап жүрген. «Халф-Доумды бағындырған соң, оған шыға алатыным анық сияқты көрінді, –дейді Хоннольд, – әр маусымның соңында «келесі жылы осыған өрмелеп шығамын» деп өзіме сөз беремін, бірақ оған көз тастаған сайын, Құдай-ау, бұл әлі де тым қорқынышты ғой деймін».
Ақыры 2015 жылы Хоннольд Чин мен Вазархелиге дайын екенін хабарлайды. Олар осы сапарды ешкімге тіс жармастан түсіруге өзара келіседі. «Ол Эль-Капитанға шығып тынайын деді ме, әйтеуір, оны бұл райынан қайтару мүмкін емес-ті. Бұл туралы ойдың өзі үрей туғызады», – дейді Чин.
Атақты шыңға шығардан бұрын Хоннольд аяқ-қолының «хореографиясын» ұштады. Чин болса, Йосемиттен өрмелеушілер тобын жалдап, ауқымды логистиканы жоспарлауды бастап кетті.
Әр тәжірибе сабағы бірнеше сағат бойы дайындалуды талап етеді. Жүздеген килолық камера, арқандар мен жабдықтарды көтерген Чин мен топ мүшелері Эль-Капитанның шығысындағы оңай жол арқылы Хоннольдтің алдына түсіп алып жүрді. Осыдан соң олар төменге түсіп, ол өрмелеген сайын онымен бірге жылжып отырды. Десе де, «әлдеқалай боп кетсе» деген ой бүкіл марафон бойы Чиннің ойынан кетпей қойды. «Болуы мүмкін апатты ойламаған кезім болған емес», – дейді Чин.
2017 жылдың 2 маусымында кешкі сағат 5-тер шамасында әбден дайын екеніне көз жеткізген Хоннольд Чиннен: «Топ келесі күні жұмысты бастауға дайын ба екен?» – деп сұрады. «Меніңше, мен бастауға дайынмын», – деді ол. Чин бұл түк еместей басын изеді. Әйтсе де, оны «қараңғы түскенше бастан асатын жұмысты бітіріп үлгереміз бе» деген ой мазалағаны рас. Алайда мен оны алаңдатқым келмегендіктен үндемедім. Ақыры Чин Хоннольдке таңертең жолығатынын айтып, досының көзінен ғайып болды.
Артынша Чин жын ұрғандай жүгіре жөнелді. Ол түсірілім тобының радио арнасына қосылып: «Бамби іске кірісті! Қайталаймын, Бамби іске кірісті!» – деп Хоннольдтің код-атын айтып, барлығын ертеңгі күні болатын істен хабардар етті.
Автор: Питер Гвин
Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationa