..."/>
ЗЕРТТЕУ

Кэйтидің жаңа жүзі

Операция алдындағы кеш. Бүлінген беті «реконструкцияланған» Кэйти жаңа бет-әлпетке ие болатындығына қобалжулы екендігін ыммен білдірді. Ол өзін еркін сезінген осы сәтті Рональд МакДональд үйінде танысқан құрбысы Диана Доннарумма мен Карни Вейдпен бөлісуде.

Бұл оқиғаға бейқам қарау оңай емес. Десек те, осы бір қыздың бет трансплантация операциясы туралы айрықша әңгімемізді оқуға шақырамыз. Өйткені бұл оқиға бүкілімізге өнеге болуы тиіс! Адамның бет-жүзі эмоциялар калейдоскопын көрсетіп, оның иесі туралы сыр шертеді.  Бұл – біздің сенсорлық әлемге ашылатын есігіміз, ол көруге, иіскеуге, дәм татып, естуге және самал желді сезінуге мүмкіндік береді. Он сегіз жасында Кэйти Стаблфилд бетінен «айырылып» қалды. 21 жасқа келгенде дәрігерлер Кэйтиге жаңа жүз «қондырды». Әңгімеміз жанды жаралаған жарақат, даралық, сабыр, жігер мен таңғалдырар медицина ғаламаты туралы болмақ.

Хирургиялық жолмен кесіп алынған көздері жұмулы, аузы ашық күйінде жатқан адам беті.

Он алты сағат бұрын Кливленд клиникасында хирургтер одан үш күн ерте құқықтық-медициналық түрде өлі деп жарияланған 31 жастағы әйелдің бетін алуға арналған күрделі операцияны бастаған-тұғын. Артынша олар осы бет-әлпетті 21 жастағы қызға «орнататын болады». Соңғысы үш жыл бойы осыған зәру болып келді.

Кенет үнсіздік жайлаған хирургтер, дәрігер-практикант пен медбикелер әлгі бет-әлпетке қадала қарап қалған. Қан жүгірмеген жүз семіп барады. Тәннен ажыраған уақытынан соң өткен әр секунд сайын ол әлдебір ХІХ ғасырдағы «өлім маскасына» көбірек ұқсайды.

Пластикалық операцияда тәжірибесі мол ардагер маман Франк Папей хирургиялық тақтайшаны қолғап киген қолымен еппен алып келеді.

Кэйти Америка Құрама Штаттарында бет трансплантациясы жасалған ең жас пациент болмақшы. Бұл – осы клиникадағы осындай үшінші әрі әлемдегі қырқыншы ең ұзақ операция. Осы эксперименталдық операциядан кейін Кэйти қалған ғұмырында зерттеу субъектісі болып қалады.

Ұжым мүшелері сыпырылған беттің екі өмір арасындағы күйін құжаттап жатқан кезі. Охайо штатындағы Кливленд клиникасында трансплантациялау операциясы он алты сағатқа созылып, хирургтер бетті донордан «шешіп алудың» күрделі тапсырмасын аяқтады. Жұмыстың көрінісі мен тым күрделілігінен топ кенет үнсіздікке шомды. Енді хирургтерді бұл бетті Кэйти Стаблфилдке «орнату» үшін 15 сағаттық операция күтіп тұрған болатын.

Жүзге көз салған Папейдің бойын әлдебір құрмет сезімі шарпып өтті. «Мына ғаламатқа қараңыз, кей адамдар басқалары үшін жақсылық жасап, жүрегін, өкпе-бауырын, тіпті бетін де басқаға береді» – деп ойлады ол. Ол ішінен алғыс-батасын айтып, қолындағы бет-әлпетті келесі «өмірімен» қауыштыруға асықты.

Біз жаратылыс ішіндегі эксклюзивті топ мүшесіміз: айнаға қарап өз жүзімізді танимыз. Бізден басқа тіршілік иелері арасынан адам тәріздес приматтар, Азия пілдері, Еуразия сауысқаны мен афалиналар ғана өз-өздерін тани алады. Өзінің шағылысқан бейнесіне қарағанда адамдар ғана толқу-таңданыс сезімін білдіреді.

Бетіміздің әжім-қатпарын мұқият қараймыз да, оның қандай да бір өмірдің тартуы екенін байқамаймыз. Олар тұлғалықты айқындап даралайды, эмоцияларды көрсетеді, мән-мағынаны жеткізеді, өмірге қажетті қарапайым функцияларды орындайды және сезіміміз арқылы өмірдің дәмін таттырады.

Біз бет-бейнені іздеп туамыз. Ана құрсағынан шыққан алғашқы сәттерінен шақалақ адам бетіне қарай бұрылады. Сәбилер бетіміздегі мимикаларды бақылап, оларды қайталайды. Адамның беті туралы осы жіті зерттеу – бәріміздің қызығушылық тудыратын мәселені түсінуіміздің алғышарты.

Донордың беті Кэйтиге толықтай орнықтырылғаннан кейін хирургтер оның маңдайын теріге сызылған сызық бойымен кесе бастады. Оның мойнынан бастап, қан тамырларын, сүйектері мен жүйке талшықтарын жалғау операциясы жалғасты. Қан тамырлары мен жүйке талшығын жалғау үшін микрохирургтер адам шашындай ғана жіпті пайдаланады.

Біздің бетіміз – бұл өзіміздің ішкі сезімімізге, яғни кім екеніміз бен мына өмірдегі орнымызға жалғайтын сыртқы образымыз. Кей қоғамда адам беті тұмшаланып, жасырылады. Кейбірі – татуировка мен тыртық салу арқылы бетіне назар аударуға тырысады. Қазіргі заманда адам беті суретші кенебіндегі бояудай пластикалық операция мен косметика арқылы құбылта беретін күйге жеткен. Біздің бетіміз өмір тарихымызды баяндайды. Бетіміз бізді ата-бабамызбен, ұрпағымыздың болашағымен байланыстырады.

Жеке бастың ең қарапайым деңгейінде бет-жүзіміз басқалар үшін төлқұжатымыздағы фото қызметін атқарады. Бірақ сонымен бірге ол – басқалар үшін бізді жақынырақ танудың әрі сол фотоның ар жағында кім тұрғанын анықтаудың жолы.

Айнаға қараңыз. Бетіңіз арқылы не істеуге болатынын ойлап көріңіз. Өзіңіз жақсы көретін адамдарды сүйе аласыз, алманы тістеп, ән шырқайсыз, күрсініп те, жаңа шабылған шөптің иісін сезіп те, жаңа туған сәбиіңізге де қарай аласыз. Сезімдерімізді білдіруден бөлек, тіл арқылы сөйлесу қабілетімізді қолдануға бетіміз көмектеседі. Парқына бармастан сөйлесе отырып, сансыз бет қимылын құбылтамыз.

Енді сол таңдай қақтырар беттің астында не болатынын елестетіп көрейік. Эмоцияларды шығарып, сөйлеуді орындау үшін 43 миметикалық бұлшықетіміз жұмыс істейді. Бетіміздің екі жағында төрт негізгі бұлшықет бар. Олардың көмегімен жағымыз қозғалады. Одан бөлек жұтуға және сөйлеуге көмектесетін кешенді тілдік бұлшықетіміз бар. Сондай-ақ бетіміз қан тамырларының қабаттарынан, сезу мен моторикалық жүйке талшықтарынан, шеміршектерден, сүйек пен майдан құралады. Бас сүйек жүйкелері моторикалық бұлшықеттерді басқарып, сенсорлық ақпарды миға тасиды. Осы арқылы біз көреміз, естиміз, иіс пен дәмді ажыратып, теріге тигенді сезінеміз.

31 сағаттық процедура аяқталды. Практикант-хирург реанимация бөлімінде жатқан Кэйти басының қозғалмауы үшін еппен бекітуде. Көзді қорғау үшін оның көз қабағы жабылған күйде тігілді. Трансплантациялау операциясы аяқталғаннан кейін Кэйтиге әлі де қосымша операциялар мен сауығу үшін ұзақ уақыт қажет.

Қайтадан айнаға қараңыз. Бетіңізге көз салыңыз.

Ал, енді одан айырылсаңыз не боларын ойлап көріңіз.

Бетінен айырылған кезде Кэйти небәрі 18 жаста еді. Бұрынғы фотоларына көз салсаңыз күлімсіреп тұрған өзі жас, өзі сұлу аққұба реңді қызды көресіз.

«Мен ешқашан өзімді сұлумын деп ойлаған емеспін», – деді ол маған бір күні. Анасы Алесия бұған таңданбады: «Кэйтидің басқаға мейірімі зор, бірақ өзіне сынмен қарайтын жан».

Әпкесі Оливия МакКей: «Кэйти қорқу дегенді мүлде білмейтін әрі жүзінен күлкі кетпейтін», – деді маған. Ол айналасындағылармен әзілдеп сөйлескенді жақсы көретін. Бұл ағасы Роберт екеуіне тән қасиет еді. Бірақ есейген сайын Кэйти жетістікке жету үшін өзін аямайтын. «Ол тіпті айналысып көрмеген спорттың барлық түрінен ең үздік болуды қалайтын, – дейді Оливия, – оқуда да озат болғысы келді».

Кэйти жоғары сыныпқа ауысқан кезде оның отбасы екі рет қоныс аударды. Олар Кэйти өскен Флорида штатынан Кентуккиге көшті. Бір жылдан кейін, яғни Миссипиге көшерде Кэйти Кентуккиге үйренісіп қалған болатын. Педагог әрі дін қызметшісі болған әкесі Робб пен Алесия шағын христиандық академияға мұғалім болып орналасады. Кэйти 11-сынып оқушысы болып қабылданып, өзінің сыныптасына ғашық боп қалады. Олар отбасын құру туралы сөз ете бастайды. «Ол сол жылы тез бойжетті, екі рет көшкеннен кейін ол тұрақтылық пен жүйелілікке дайын болды деп ойлаймын», – дейді Оливия.

Кэйтидің бет трансплантациясына 1 жыл, 1 күн қалды. Көктем. Кэйти әке-шешесімен бірге Кливленд клиникасы маңындағы саябақта жатыр. Мүгедек арбасына таңылған ол саябақ кезгенді ұнатады. Бұл Кэйтидің ауруханада бір ай жатып, сыртқа енді шыққан кезі еді. Көзді қайта орнына келтіру үшін оған медицинада «дистракциялық құрылғы» деп аталатын аппарат орнатылған. Соңғы үш жыл ішінде ол он-он бес рет ауруханада жатып шықты.

Мектептің соңғы жылында Кэйтидің өмірі астаң-кестең болды. Бір жыл бұрын ол соқыр­ішектен операция болып, ол асқынып, өт қабын алып тастауға тура келді. Араға екі ай салып мектеп директоры келісімшартты жаңартпайтынын айтып, аяқ астынан Алесияны жұмыстан шығарады.

Артынша 2014 жылдың 25 наурызында Кэйти жігітінің телефонынан басқа қызға жазған хатын оқып қояды. Жігітінен мұны түсіндіруді талап еткен кезде ол қарым-қатынасын үзіп кете барады.

Ашу пен ызаға булыққан Кэйти Робертке барып долдана хабарлама жазып, мазасы қашады. Роберт анасына қоңырау шалады. Екеуі сыртта Кэйтидің жағдайы туралы сөйлесіп отырғанда Кэйти жуынатын бөлмеге кіріп, Роберттің аңға шығатын мылтығын алады да жағының астына тақап, шүріппені басып жібереді. Роберт қарындасын қанға малынған күйде көреді. «Бетінен сау-тамтығы қалмаған еді», – деп ол осы жайтты еске алды. Уақыт өтсе де жан жарасы әлі жазылмаған.

Сол оқ оның бет-жүзін ұрлаған кесірлі ұрыдай болды. Кэйти маңдайының жартысынан, мұрнынан, екі ұртынан басқа аузынан, төменгі және үстіңгі жағынан, сондай-ақ бетінің алдыңғы бөлігінен тұтас айырылды. Көзі орындарында қалғанымен қылиланып, қатты жарақат алды.

Кэйтидің бес аптадан кейін Кливленд клиникасына келгендегі жағдайы осы еді. Оның алғашқы операциясы Теннесидегі клиникада жасалып, сол жерде дәрігерлер оны аман алып қалады. Алайда олардың үңірейген жараны оның асқазанынан алған тіндік трансплантантпен жабуға тырысқан әрекетінен түк шықпады.

Кэйтидің бет трансплантациясына 1 жыл, 2 күн қалды. Алесияның ауруханада жатқан Кэйти үшін арнаған бір күні оны тамақтандырып, аузын сүртіп, күтумен өтеді. Кэйти арнайы кесемен ішетін, өйткені еріні болмағандықтан сұйықтың аузынан ағып кетпеуін қадағалауы қиын еді. Көзін бір-біріне жақындату үшін дәрігер күнде келіп, дистракциялық құрылғыны бұрап кететін. Ол құрылғы беттің ортасындағы сүйекке бекітілген.

Осы клиникада Кэйтиді қараған бірінші дәрігер Браян Гастман оны қоларбаға көтеріп жатып, «аман қалар ма екен» деп ойлады. Ол сондай кішкентай еді. Аман қалғанның өзінде істелінуі керек барлық реконструктивтік операция үшін денесінен жеткілікті тін шығар-шықпасы екі талай еді. «Оның миы физикалық ортаның ықпалына қауқарсыз болып қалды, яғни конвульсия, инфекция мен басқа да проблемалар туындауы оңай еді», – деді Гастман.

27 жылдағы білімі мен тәжірибесінде бұл оның бет жарақаттары ішіндегі ең қауіптісі әрі қорқыныштысының бірі болды. Бетіндегі жарақатты айтпағанда оқтың маңдай бөлігіне, көру жүйкесі мен гипофизге тиген жойқын күші бассүйек пен миді зақымдаған. Гипофизге келген зақым салдарынан гармондар мен натрий деңгейі қалыптан тыс артты. Бұл өлімге дейін апаруы мүмкін. Кэйтидің күтімін мойнына алған Гастман пациенттің ауруын емдеу үшін эндокринологиядан бастап, психиатрияға дейін әр саланың 15 маманының басын құрады.

Трансплантацияға дейін 9 ай, 21 күн қалды. Түскі асқа сорпа берілді. Көру қабілеті шектелгендіктен, ол аузын әрең табатын. Жуырда ғана операция жасалғандықтан оған көп тамақ жеуіне тыйым салынды. Дәрігерлер көздің орналасуын жақсартқан дистракциялық құрылғыны алып тастады.

48 жастағы Гастман бас, мойын, тері мен қауіп-қатер деңгейі жоғары тіннің қатерлі ісік ауруларының алдын алуға маманданған. Пластикалық хирург ретінде ол ісікті алып, қалпына келтіру-сауықтыруды қадағалаумен айналысады. Робб пен Алесия дәрігер Гастманның Кэйтиге өз қызындай қарағаны туралы айтады. «Алдымен айтарым, өз отбасымнан біреу болсын, Кэйти болсын, сезімтал, эмоционалды адамдардың қатарынан емеспін, – дейді ол сақтықпен, – бірақ Кэйтидің алдындағы жауапкершілікті сезінемін. Мен осы үшін дәрігерлікті таңдадым, оқыдым».

64 жастағы Папей Дерматология мен плас­тикалық хирургия институтын басқарады. Бет трансплантациясы бойынша көп жылғы еңбек өтілі оны топтың ішінен тәжірибе мен даналық тұлғасы ретінде ерекшелейді.

Трансплантацияға дейін 6 ай, 4 күн қалды. Кэйти көру дәлдігін тексеретін құралды ұстап отыр. Кливленд клиникасының оптометрисі Роберт Энгель қасаң қабығын тексеріп, оның бір көзіндегі жылжып кеткен көз линзасын ауыстырды. Ол Кэйтидің қабағын көздің ішіне қарай қайырылған кірпіктерден қорғайды.

«Адамдар бізді косметик деп ойлайды, – дейді ол, – бірақ пластикалық операция мен бет трансплантациясында біз – инноватормыз, біз – адам жүзін ретке келтірушіміз».

Көптеген операция курсы ішінде Гастман мен дәрігер-мамандар тобы Кэйтидің жағдайын тұрақтандырып, бетін «жамады». Олар шытынаған сүйектерді қалпына келтірді. Мұрын қуысын жасап, миын қорғау үшін жасанды мұрын жасап, сан тінінен жоғарғы ернін салды. Иегі мен төменгі ерні үшін өкше сіңірін пайдаланды. Дәрігерлер титан мен ет жалғанған фибуладан оның төменгі жағын құрастырды. Көздерін бір-біріне жақындату үшін Кэйтидің бассүйегіне дистракциялық құрылғы қойды.

Трансплантацияға дейін 6 ай, 3 күн қалды. Кэйти осы клиникада беті ауыстырылған алғашқы екі пациентпен жолықты: олар – Шон Фидлер мен Конни Калп. «Қорқу сезімі – қалыпты нәрсе. Бәрі жақсы болады, тек уақыт керек», – деді Фидлер. Ал Калп: «Уа­йымдама! Бетіңе әжім түсіп кетпесін», – деп әзілдеді.

Кэйти бұл түрін ешқашан көрген емес. Бірақ қолымен сипап-сезу арқылы шамалайды.

Ол өзінің бұл түрін «Шрек» деп атайды.

Кэйти үшін 2014 жыл қиын жыл болды. Оның өз-өзіне қол жұмсаған әрекеті мен артынан болған операциялардың ешбірі есінде жоқ. «Бұрын ешқашан маған ондай ой келген емес. Жағдайды естігеннен кейін не істерімді білмедім, – дейді ол, – отбасымды осындай жағдайға душар еткенім үшін өзімді сондай кінәлі сезінемін».

Робб пен Алесия клиника жанындағы Рональд МакДональд үйінің қолдан жасалған асүйі бар студия көлеміндегі бөлмесіне көшті. Бет трансплантациясын зерттеу үшін клиника оның күтімінің көбін федералдық бюджеттен төледі. Күнделікті шығындар үшін туған-туыстары мен достары ақшалай көмектесіп, қаражат жинады. Робб бір реттік уақытша жұмыстармен айналыса бастады.

Кэйти олардың тұрақты жұмысына айналды. Ол ауруханада болған кездері отбасыдан кемі бір адам әрдайым оның жанынан табылатын. Ауруханада болмаған кездері олардың күндері дәрігердің тағайындаған емімен, сауықтыру шаралары және Кэйтиге көмектесе алатын әлдебір жаңа нәрсені іздеумен өтетін. Ине терапиясы. Массаж. Мануалдық терапия. Жеке жаттықтырушы. Диетолог. Музыкалық терапия.

Трансплантацияға 6 ай, 1 күн қалды. 21 жасқа толған күн. Торт та, шам да бар. Өзгелердің оның түрі туралы сыбыр­ласқанын байқаса да, олар отбасы болып мейрамханаға баратын. Ол көбіне мұңға батып, түк естімегендей сыңай танытатын.

Мен Кэйтимен алғаш рет ем алып жүрген кезінде – пластикалық хирургия бөлімінің күту залында әке-шешесімен отырған кезде кездестім. Бұл оқиғадан кейінгі екінші жыл болатын. Мынау – заманауи медицинаның көптеген оғаш «қиылысының» бірін білдіретін үлкен жарық бөлме. Мұнда бетінде ауыр жарақаты мен тыртықтары бар пациенттер ботокс жасатуға келген клиенттермен бірге өз кезектерін күтеді.

Кэйти бетінің төменгі бөлігіне хирургиялық маска киіп, ашық түсті бас шарфын тағыпты. Ол қолымнан ұстап, жақсы көңіл күймен: «Сәлем!» – деп айтты. Әңгіме барысында оның осы жерде өзін толықтай қолайлы сезінетіні көрініп тұрды. Бәлкім, сол жердегілердің қай-қайсысы болсын өзінің бет-әлпетіне көңілдері толмайтындығынан шығар.

Робб «Биг Мак» деп атайтын олар тұратын үйге барған кездерімде Кэйтидің тек артқа қарай иілген креслода отыратынын байқадым. Алесия оның қасынан ұзамайтын.

Трансплантацияға 9 ай, 22 күн қалды. Кэйти мен әкесі «Have I Told You Lately That I Love You» әнін шырқап, би билеуде. «Бұған дейін мен ата-анаммен осыншалық көп уақыт өткізіп көрмеппін», – деді махаббат пен мейірімге бөленген Кэйти. Ал әкесі: «Өмірде бізді құзға тастап, тәнімізді паршалайтын жайттар болады. Бірақ біз сол жерден бастап жаңа өмір бастаймыз деп ойлаймын».

Кэйти ара-тұра пікірін білдіріп не әзіл айтып, отбасы сипаттаған күлкілі Кэйтиді еске салып қояды.

Бір күні біз дін туралы сөйлескенбіз. Олардың отбасы үшін бұл жат тақырып емес-тұғын. Кэйтидің басына келгені олардың иманына соққы болғанымен, сенім жоғалған жоқ. Алесия эмоцияға ерік берген сәтте Робб интеллектуалдық дискуссияға қарай тартады. Алесия сезімге булыққанда Робб оған аяулы көздерімен қарайды.

Осындай кештердің бірінде Алесия маған Кэйтидің басына бәле келеді деп үш ұйықтаса түсіне кірмегенін айтты. Иә, Кэйти сезімтал болатын, меланхолик, бірақ сонымен бірге ол юмордан құралақан емес болатын.

Не нәрседен қателік жіберді? Алесия қызының тәрбиесінде «кемшілік жіберген мен» деген оймен өзін кінәлаудың азабына жиі түсіп кететін. Бір нәрсе оның ойынан шықпай қойды: өз-өзіне қол жұмсау – импульсивтік әрекет.

«Осы бір сәт… Бір ғана мезет бүкіл өмірімізді өзгертті», – дейді Алесия.

Соншалықты алысқа бармай-ақ, 2004 жылдың өзінде Кэйтидің «Шрек» деп аталған бет-әлпетіне жасалған қалпына келтіру операциясы соншалық ауыр жарақат алған адам үшін қолдан келген теңдесіз араша болатын. Бұл ең қабілетті деген пластикалық хирургтің ең биік деңгейі болатын.

Бір жылдан астам уақыт күткеннен кейін донор табылды: Адриа Шнейдер. Сандра Беннингтон көз жасын тыя алмай Адриа туралы әңгімелеп отыр. «Анасы, яғни менің қызым есірткіге әуес болып, Адрианың ағзасында туғанынан есірткі болған», – деді Сандра. Ол қайтыс болардың алдында есірткі тәуелділігінен айықтыру орталығында емделген. «Ол келген кезде біз апалы-сіңлілі адамдардай күліп-ойнап отыратын едік».

Бұл жағдай 2005 жылы өзгерді. Сол жылы француз хирургтері әлемдегі тұңғыш жартылай бет трансплантациясы операциясын жүзеге асырды. Алайда мұны жүзеге асыруға болатынын көрсетіп, көп жылын зерттеуге арнап, ақыр аяғында осы процедураны алғаш қолға алған Кливленд клиникасының ғалымы еді.

Бұл жобаға 1995 жылы клиникаға келген Мария Семеньев жетекшілік етті. Ол – 2004 жылы осындай ота жасауға ресми мекемелік рұқсатқа ие болған дүниедегі алғашқы маман. Төрт жылдан кейін осы клиниканың хирургтер тобы, соның ішінде Мария Семеньев те бар, Америка Құрама Штаттарындағы алғашқы бет трансплантациясы операциясын жүзеге асырды.

Қазір Чикагоның Иллинойс университетінде істейтін Мария бет трансплантациясы туралы алғаш 1985 жылы Мексикада қайырымдылық шарасы кезінде ойлағанын айтады. Ол жерде Мария қатты күйгеннен саусақтары еріп кеткен кейбір балаларға операция жасаған.

«Санамның түбінен олардың қолына ота жасай алатын болсақ, неге бет-жүзге жасамасқа деген ой келді», – деді ол маған.

1954 жылы алғаш адам бүйрегі ауыстырылып салынғаннан бері дәрігерлер адамның ішкі органдарын трансплантациялау операцияларын табысты жасап келеді. ХХ ғасырдың соңына таман васкуляризация­ланған композиттік аллотрансплантант, яғни бет, қол мен адам денесінің басқа да бүтін емес органдарын трансплантациялау термині пайда болды. Алайда адамның бетін сол күйі трансплантациялау көпшілік үшін тым ұғынықсыз түсінік еді.

Кэйтидің бас дәрігерлері Браян Гастман мен Франк Папей оның иегін, қастары мен маңдайын сақтай отырып, жартылай трансплантация жа­сауды жоспарлаған болатын. Алайда операция барысында олар Кэйтидің түрі бұдан да жақсырақ болатынын түсінді, өйткені донордың беті үлкенірек әрі тері түсі қоңырқайлау еді. Мұның қалай көрінетінін ата-анасына көрсету үшін, Гастман мен Папей Кэйтиді «жаңа бетімен» фотоға түсіріп алды.

Медицина саласындағылардың көбі бұған мысқылмен қарағанмен, Семеньев жүздеген тәжірибе жасай отырып, дегеніне жақындады. Ол хирургиялық әдістер мен анастомоздың жалғау-тігу үлгілерін, яғни екі тамыр не жүйкені қосу тәсілдерін сынақтан өткізіп, трансплантантты қабылдамау жағдайын болдырмау үшін жаңашыл иммуносупрессивтік стратегияларды ойлап шығарды. Егеуқұйрыққа жаңа бет салу арқылы жануар бетін трансплантациялау операциясы табысты орындалғанын алғаш жариялаған осы – Мария Семеньев.

2002 жылға қарай дәрігерлер мен зерттеушілер енді бұл пікірмен санасатын болды. Британдық медицина журналы «Лансет» «Бет трансплантациясы: қиял ма, әлде болашақ па?» тақырыбында мақала жариялады. «Концепция есеңгіретерлік болуы мүмкін», – деп жазады мақала авторлары. Дегенмен бет трансплантациясы, олардың айтуынша, болашақта ықтимал нәрсе болудан қалып, хирургтер үшін міндетке айналуы әбден мүмкін.

Этиктер өлшеп-тартып, көбі бет трансплантациясы арқылы пациенттердің өмірін жеңілдетеміз деп жүргенде олар үшін көптеген қауіп-қатер тудыратынын алға тартты.

Сондай-ақ дененің көзге көрінетін бөліктерін трансплантациялау жұртшылықтың биотехнологиялық инновацияларға қатаң эмоционалдық реакциясымен қатар жүреді. Бәрін қойғанда, трансплантацияланған жүректі ешкім көрмейді, тіпті пациенттің өзі де. Бет транспланциясы 1997 жылы шыққан «Бетсіз» (Face/Off) триллерін еске салады. Фильмде Федералдық тергеу бюросының агенті Джон Траволта мен террорист Николас Кейдждің беттері ауысып кетеді.

Папей пластикалық хирургия институтының төрағасы болғаннан кейін Марияға барып, оған операцияны жасауға ұсыныс еткенін айтты.

Операция бөлмесінен шыққан дәрігерлер Алесия мен Роббқа жаңа ғана түсірілген фотоларды көрсетіп, донордың бетін түгел салудың артықшылығы мен кемшілігін түсіндірді. Бетті толық орнатса, жақсырақ көруге, яғни Кэйтиге әлеуметтік ортада өзін жайлырақ сезінуге мүмкіндік бар. Бірақ осыншалық көп мөлшердегі теріні трансплантациялау ағзаның оны қабылдамау қатерін арттырады.

«ОПЕРАЦИЯ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА!» – деді Гастман 2017 жылдың 4 мамырында Кэйтидің бөлмесіне кіріп келе жатып. Ол түннің көп бөлігін соңғы әзірлікті жасаумен өткізіп, тыным таппады.

Кэйтидің еріндерінен қалған болар-болмас екі шеткі бөлік езу тартуы үшін жоғары тартылды. Ақыры ол жаңа жүзге ие болмақшы.

Гастман Кэйтиге бұл қадамға тек өзі үшін емес, болашақтағы өзі сияқты басқалары үшін де барып отырғанын айтты. «Әр осындай жағдай арқылы біздің тәжірибеміз кеңейе түседі. Ал сенің жағдайыңда біз бұрын жасалған 39 бет трансплантация операциясынан жақсырағын жасайтын боламыз, өйткені біз көп нәрсе үйрендік», – деді ол.

Сақтандыру компаниялары бет трансплантациясы операциясы үшін ақша төлемейді, өйткені мұндай операция әлі де тәжірибе түрінде болып есептеледі. Қорғаныс министрлігі АҚШ Қарулы күштерінің сауықтыру медицина институты (ҚКСМИ) арқылы осы операцияның орындалуына септігін тигізді. Аталған институт қол трансплантациясы операцияларына қолдау көрсетеді.

2008 жылы құрылған Әскери және жеке институттар консорциумы трансплантация, тін мен сүйек регенерациясы, сондай-ақ жаңа иммуносупрессивтік терапия әдістері жөніндегі зерттеулерді қарқынды жүзеге асыруда. 2015 жылы жарияланған ғылыми-зерттеуде Ирак пен Ауғанстандағы 4000 сарбаз бетінен жарақат алғанын, олардың ішінде 50 сарбаздың жарақаты тым ауыр екені айтылады.

Кливленд клиникасына 4,8 миллион АҚШ доллары аударылды, оның екі миллионы бет трансплантациясын зерттеуге арналған. Мария Семеньев үміткерлермен сөйлескен болса да, бүгінге дейін ешбір әскери қызметкерге бет трансплантциясы жасалған емес. Марияның айтуынша, олар операциядан бас тартқан. «Олар – мінезі тастай қатқан адамдар, олар үшін жарақат ізі – ерліктің белгісі. Сарбаздар әскери қызметте қалғанды қалайды», – дейді Семеньев. Ал өмір бойы иммуносупрессияны талап ететін бет трансплантациясы олардың бұл қалауына тұсау болар еді.

Кэйти адам ағзасын зерттеудің ерікті субъектісі бола алғанға дейін Гастман, Папей мен клиникадағы өзге мамандар Стаблфилд отбасына Кэйти үшін жаңа жүз «орнатудың» не нәрсе білдіретінін түсіндіруге бірталай сағат уақыт жұмсады.

«Функцияларды – тамақ жеу, сөйлеу, мұрын арқылы тыныстау, көз жыпылықтату қабілеттерін қалпына келтіру сыртқы түрден әлдеқайда маңызды», – деді Папей маған. Осы айтылған сөз осындай ыңғайсыз тақырыпты көтеруіме түрткі болды. Бет транплантациясы жасалған пациенттердің көбі көрікті көрінбейді. Олардың беттері мұз болып қатқан маскадай әрі кішкене қисық сияқты көрінеді. «Мен шамадан тыс сыншылмын ба?» – деп сұрадым.

«Жоқ. Сіз шындығын айтып отырсыз. Сіздікі дұрыс деп ойлаймын, – деді ол, – олардың түрі ешқашан бұрынғы қалпына келмейді. Көпшіліктің алдына шыға алады, бірақ бұрынғыдай көріне ме? Жоқ. Тыртыққа толы түрлеріне қарағанда жақсырақ көрінеді, алайда қаншалықты деңгейде? Ол құбылмалы келеді». «Олардың қалай көрінеміз деген уайымдарын сейілту – қызметкерлеріміздің ең ауыр жұмысы», – деді Папей.

Трансплантациясына 1 жыл, 9 ай, 18 күн қалды. Кэйтидің отбасы оның жаңа келбетіне үйренуге міндетті. Өйткені бұл дәрігерлердің қажырлығын талап еткен еңбек. Оның басынан кешкенді түсіну үшін осы келбетке бір-ақ рет көз тастасаңыз жетеді. Алайда өзі «Шрек» деп атаған мұндай түрмен өмір сүру – үлкен арпалыс. «Өзгелер маған циклоп не әлдебір құбыжыққа қарағандай болады», – деді ол.

Психиатр Коффман үміткерлерді процедураға іріктеп өткізумен айналысады. Оның міндеті – пациенттердің психологиялық тұрақтылығын, барлық қатер пен белгісіздікті түсінулерін, медициналық режимді ұстанулары мен олардың саналы келісімдерін алу. Коффман – сабырлы терапиялық қасиеті бар жан және Кэйтиге ерекше қамқорлықпен қарайды. Кэйти ауруханада болған күндері оның палатасына соқпай өтпейді.

«Өз-өзіне қол жұмсау мәселені күрделендіре түседі», – дейді Коффман.

«Бұл бізге ауыр жүк арқалатады. Кэйти қайтадан осындай қадамға бармай ма?» – деп сұрадым Коффманнан. Ол: «Иә, – деп жауап берді. – Меніңше оның мінезі тұрақтанды. Сол уақыттан бері қандай да бір өз-өзіне қол жұмсау туралы сөз қозғаған емес». Бірақ ол Кэйтидің импульсивті эмоциямен әрекет еткенін атап өтті.

Коффман мен басқа мамандар қатерді алдын ала анықтап қойды. Олардың ішіндегі ең үлкені –трансплантантты қабылдамау ықтималдығы. Тұтас орган трансплантациясына қарағанда бетті ауыс­тыруда көптеген тін, бұлшықет, жүйке мен қан тамырлары, сүйек пен тері қатысты болғандықтан қауіп деңгейі де жоғарырақ. Кэйти өмір бойы әсері күшті имминосупрессивтік дәрілерді ішіп тұруға келісім беруі керек болады. Ал бұл оны инфекциялар мен ауруларға қарсы әлсіздендіре түседі.

2016 жылы Парижде өткен конференцияда Коффман бет трансплантациясы тобының бір мүшесі мораторий жариялауға шақырғанын естіген. Ағзаның трансплантантты қабылдамауын болдыртпайтын дәрі-дәрмектің салдарынан пациенттер күткеннен зор қиыншылықтарға тап келіп, кейін тағы да операциялар қажет болған. Өлім деңгейі де артқан: бірдей уақытта трансплантация жасалған 36 пациенттің алтауы көз жұмған. Коффман қайтып келген кезде Кэйтиге күте тұруды ұсынған. «Ол қауіп-қатер мен өлім ықтималдығын түсінетінін айтып тұрып алды», – дейді Коффман.

Коффман мен басқа мамандары Кэйти мен оның ата-анасына операцияның эксперименталды әрі таңдамалы екенін қайта-қайта түсіндірумен болды. Бірақ Кэйти операцияға таңдамалы деп қарамады.

Таңғы 7:30-да 11 хирург бөлмеге жиналды. Ақырғы тексеріс ретінде Гастман жазылған тақтаға жапсырылған тексеру парағын мұқият қарап шықты. Гастман мен Папей клиниканың бет трансплантациясындағы жетістігі оның топтық жұмыс істеу әдісінің арқасы екенін атап өтті. «Топ ретінде біз ұжымдық даналыққа иеміз», – дейді Папей. Бірнеше айдың ішінде әр екі апта сайын хирургтер клиниканың мәйіттер зертханасында практикадан өтеді: бір топ – «донордың» бетін сылып алса, екінші топ – сол бетті «пациентке» салады.

Донор операция үстеліне әкелінді. Желдеткіш оның органдарын «тірі» сақталуы үшін бет маскасы арқылы оттегі беріп тұрды. Оның терісі жылтыр, қоңырқайлау екен. Мұрны сүйірлеу, шашы қара. Адам органдарын сатып алатын ұйымның өкілі топқа донордың беті алынғаннан кейін хирургтар оның бауырын, бүйректері мен өкпесін, сондай-ақ зерттеу үшін жатырын алуды күтіп тұрғанын айтты.

Алдымен бет хирургтері іске кірісті. Алайда егер донордың жағдайы ауырлай бастаса, басқа хирургтер донорлыққа берілген органдарды алуы үшін бұл топ өз жұмыстарын тоқтатады.

Сағат таңғы 8:17-те Гастман донорға бірінші боп пышақ тигізді, ол донордың тамағына оттегі түтікшесін кіргізу үшін тесік жасады. Бет маскасы алынғаннан кейін медбикелер донордың бетін тазалап, операцияға дайындады. Гастман беттің төменгі жағы мен бір құлағынан екіншісіне дейін сызық сызып, алдын ала белгілеп қойды. Бұл – скальпельмен кесу жеңілірек болуы үшін қажет процедура. Алдағы 16 сағатта төрт хирургтің үшеуі – бәрі де көздеріне оташы көзілдірігін киген күйінде донордың үстінде иіле жұмыс істейтін болады. Олардың айналасында практикант-дәрігерлер әр қимылды бақылап тұрды.

Алдымен хирургтар көздің мүйізгек қабығын қалпына келтіру үшін донордың көздерін шығарып алды. Артынша олар бассүйек пен ми жүйкесін оқшаулап, мұқият кесіп алуға арналған ұзаққа созылған жұмысты орындады. Бұл жүйкенің бет сезімдерін білдіретін бұлшықеттерді басқаратын моторикалық талшықтары мен тілдің дәм сезінуіне, түкіруге, сондай-ақ жылауға мүмкіндік беретін бездерге қызмет ететін сенсорлық талшықтар болады.

Трансплантациядан кейін 1 жыл 29 күн өткенде. Кэйти көзін жұма алады, мұрнын шүйіріп, ернін жиыра да алады. Хирургтер оның төменгі жағын сәйкестендіріп, жақын арада тыртықтарды азайтатын, сондай-ақ көз қабақтарына да ота жасамақ. Оның беті өз функцияларын қалпына келтіруді жалғастырады. «Бұл менің қалыпты бетіме ұқсамаса да, бұл менмін», – дейді Кэйти.

Одан кейін Кэйтиге салу үшін Папей үстіңгі жақты түгелдей, ал төменгі жақтың бір бөлігін, бет сүйектің көбін, шеке қуыстары үстіндегі маңдай сүйектің бір бөлігі мен көз ұяшығының түптерін, оның айналасындағы көзжас сүйектерін кесіп алды. Сүйек көрінетін жерлерде ол түрлі араларды пайдаланды.

Ақыр соңында олар қан тамырларына көшті. Беттің қансыз қалу уақытын барынша азайту үшін бұл әрекет ең соңынан жасалады. Олар көктамыр мен күретамырды ажыратып, Кэйтидің тамырларымен байланыстыру үшін белгілеп қойды.

Донорға жасалған операция басталғалы төрт сағаттай өткенде олар Кэйтиге көшуге дайын болды. «Біз саған асқан күтім көрсететін боламыз, – деді Гастман Кэйтиге, – мақсатымыз – сол, оянған кезіңде «қашан бастаймыз» деп сұрайтын боласың».

Анестезия Кэйтиді ұйқыға батырғаннан кейін Гастман оның бетіне сызықтар сызып, алғашқы ота мен трахеостомияны жасады. Одан кейін тағы екі хирург үшеуі алдыңғы екі жылда жасалған бет реконструкциясының көбін қайта ашуға көшті. Практикант-дәрігерлер үстелдің айналасына қаумалай жиналды. Сағаттар жылжып жатты. Монитор үздіксіз шиқылдап тұр. Хирургтер жұмыс барысында жаймен сөйлеседі. Медбикелерде тыным жоқ: құралдарды алып береді, мониторларды тексереді. Папей мен операциялық топ ақырғы қан тамырын кесіп, донордың бетін алған кезде сағат түнгі 00:11 болған еді. Дәрігерлер бетті Кэйтиге қондырды. Олар кідірместен қан тамырларын жалғай бастады. Ота біткен кезде бет түгелдей алқызыл түске енді.

Олар бетті мойын тұсынан жалғады. Жұмыс донордың сүйектерінен басталды. Оларды Кэйтидің сүйектеріне қосу үшін пластиналар мен бұрандаларды пайдаланды. Енді жүйкелердің кезегі келді. Арнайы оқудан өткен микрохирургтер ішіндегі өте-мөте нәзік талшықтарды бүлдіріп алмауға тырысып, шаштай жұқа хирургиялық жіппен қабықтардың ұштарын тікті. «Осылайша, жүйкелер жалғанып, бір-бірімен «сүйіседі»», – деп түсіндірді Папей. Олар тек моторикалық жүйкелерді тігіп, ал сенсорлық жүйкелердің өзара жалғануын өздеріне қалдырды. Өздерінің алғашқы бет трансплантациясы операциясы кезінде бассүйек пен ми жүйкелерінің бесінші жұбы жалғанбады. Бұл – бет пен бастың негізгі сенсорлы жүйкесі. Солай болса да, пациенттің сезу қабілетінің көбі қайта қалпына келді. Бұл олардың таңданысын тудырды. «Мұның қалай болғанын мүлде білмейміз», – деді Папей маған.

Таң атты. Көп ұзамай Папей мен Гастман операция бөлмесінен Робб пен Алесия сөйлесуге шықты. Олар бір тәулік не одан да ұзақ уақыт көз ілмей, тағатсыздана күтіп отырған болатын. Гастман бәрі ойдағыдай деп сендірді, бірақ бет өлшемдері әртүрлі еді. Сол себепті де өте маңызды шешім қабылдау керек болатын.

Операция тобы тек жартылай бет трансплантациясын жасауды ұйғарған болатын. Дәрігерлер Кэйти бетінің көп бөлігін сақтап қалғылары келді, бұл оның бұрынғы Кэйти сияқты көрінуі үшін жасалатын талпыныс еді әрі ауыстырылып салынатын жат теріні қабылдамау қауіпін азайтатын. Бірақ олар донордың бетін Кэйтиге салған кезде хирургтер бет формасының дұрыс отырмағанын көрді. Кэйтидің басы донордан кішірек болғандықтан, оның тыртық ұлпасы орын алып тұрды. Донордың барлық бұлшықеті мен тамырларына орын жеткіліксіз болып шықты әрі донордың тері түсі қоңырқайлау екен.

Хирургтер кеңесе бастады. Көпшілік Кэйтиге донордың бетін толық салу керек деп ойлады. Осылай істегенде оның түрі жақсырақ көрінетіні анық еді. Топтағылардың бірнешеуі бұлай еткен кезде Кэйти трансплантантты қабылдамау­­ға қарсы күшті дәрілердің көбірек дозасын ішуге мәжбүр болатынын айтып, қарсылық білдірді. Одан да жаманы сол, қабылдамау жағдайында денесінде реконструкциялық операция үшін жеткілікті тін мөлшері болмайтын еді.

Трансплантациядан 20 күннен кейін. Дәліздердегі күнделікті жүрістерінің бірінде Кэйти физиотерапевт Беки Вано мен физиотерапия студенті Николь Блисспен жаттығып жүріп, ән айтуда. Трансплантацияға дейін Кэйти миына келген зақым кесірінен сандарындағы спазмнан арылу үшін жүруді қайта үйренуі қажет еді.

Гастман мен Папей осы таңдау туралы Робб пен Алесияға айтты. Олар Кэйтидің әке-шешесіне қыздарының бетіне жайыл­ған толық беттің суретін көрсетті. Гастман бетті толық орнатқысы келетінін айтпады. Өйткені Кэйти – өзінің қалай көрінетінін ойлайтын қыз. Ал Папей барынша аз донор терісі салынғанын қалайды. Мақсат – қатерді азайту мен Кэйтиде қалған қабілеттерді сақтау.

Алесияның алаңдау­шылығы арта түсті. Ұзақ кідірістен кейін Робб міңгірлей: «Меніңше ол бетінің толық болғанын қалар еді», – деді. Алесия ойындағысын айта салғысы келді. «Жоқ, жоқ, жоқ! Бұл – сіздердің жұмыстарыңыз. Шешімді сіздер қабылдауларыңыз керек».

Алесия: «Сіз не ойлайсыз? Ішкі сезіміңіз не айтады?» – деп сұрады.

«Айтқанымдай, қайсысын таңдасаңыз да сіздікі дұрыс болар еді деп ойлаймын», – деп Гастман сабырлы жауап қайырды.

«Қайсысын таңдасам да қателесуім мүмкін бе?» – деп сұрады ол.

Дәрігерлер оларды жалғыз қалдырып кеткенде, Робб пен Алесия беті жартылай қондырылған, тыртықтары көзге ұратын және тері түсі басқаша Кэйтидің ояған кезде не айтатынын ойлап көрді. Ол «сонда мен бұдан да жақсырақ көрінуім мүмкін еді, бірақ сіздер осылай шештіңіздер ме» деп сұрар ма еді, – деді Робб. Алесия қызының өзіне не деп айтатынын ойлады: «Мен сыртқа шығып, көпшілік ішінде ешкім қарамайтын біреу болғым келеді». Олардың жауабы дайын еді.

Сағат түскі 3-те, яғни донорға операция басталғанына 31 сағат өткенде, хирургтар бетті толықтай «қондырып», терінің үстіңгі қабатын тігіп бітірді. Медбикелер, практикант пен дәрігерлер, қызметкерлерге дейін қол шапалақтады. Енді бұл бет – Кэйтидікі, енді ол таңданыс тудырмайды. Ол тынышталғандай көрінді. Гастман Кэйтидің отбасына операцияның сәтті өткенін айтуға кетті. Ол оларға енді үйге барып қыздарын сүйіп, жылайтынын айтты.

Алдын ала Гастманнан фотоларды көрген Робб, Кэйтидің палатасына өзге туыс­тарымен кірген кезде таңданған жоқ. Роберт қарындасының иегінде кішкене ұяшық бар екенін айтты. Алесия былай деп ойлады: «18 жасқа дейін түрің басқа болды, 18-ден 21-ге дейін – басқа, енді, міне, мына бет-әлпетке ие болдың». Ол Кэйтиді осы күйі қабылдауға тырысты, бірақ елестете алмады. Ол қызының бұрынғы өңін аңсады.

Желдеткіші бар, тамырға құятын түтікше мен шиқылдаған мониторлар тізбегі жалғанып жатқан реанимациялық бөлімдегі палатасында жатқан Кэйти эксперименталдық субъект тәрізді көрінеді. Негізі, расымен де ол солай.

Шамамен екі аптадан кейін дәрігерлер Кэйтиді қоларбаға отырғызып, операция бөлмесінен алып шықты. Физиотерапевт оны тұрғызып, дәлізбен жүргізді. Жүріп келе жатса да Кэйти мамыр айының көп бөлігін ұйқыда өткізгендей сезінді. Ешқашан толықтай айналасына зер сала қараған емес.

Беті қатты ісіп кеткендей, дөңгеленіп тұрғандай сезілді. Папей оның тәмпіш мұрыны бар екенін және онысы анасына ұқсайтынын айтты. Ол анасынан: «Адамдардың тоқтай қалып, аруақ көргендей қарауын доғара ма?» – деп сұрады.

Кэйтидің басынан ауыр күндер, тіпті одан да зоры өтті. Кейде ауру азабы жан төзгісіз болатын. Қоректендіру түтігіне амалсыз жалғанған ол кейде қарнының ашқанын айтып жылайтын. Анық сөйлей алмайтындықтан Алесия оған тақта мен маркер алып берген еді. Ол «езілген картоп», «сені жақсы көремін», «ауырып тұрмын» деп шатпақтап жазып беретін.

Хроникалық қабылдамау Кэйти үшін әрқашан қатер болып қалады, алайда ауруханада өткен үш айдай уақыт ішінде трансплантантты қабылдамаудың жедел жағдайы болған жоқ. Алдағы бір жарым жылда оған тағы да үш күрделі операция жасалуы керек. Алдымен дәрігерлер оның шеке қуыстарын тазалап, көздерінің астына титаннан жасалған тор қояды. Одан кейін қабылдамау жағдайында кейбір артық тері мен тінді алып тастайды. Ал ақырғы үшінші операцияда оның төменгі жағы қысқартылады, тілі алға қарай тартылып, таңдайына имплантант қойылады. Дәрігерлер осының арқасында Кэйти әлдеқайда анығырақ сөйлейді деп үміттеніп отыр.

«Беті ауыстырылып, тым жақсы көрінетін мына адамдардың фотоларының барлығы қайталама операциядан кейін түсірілгенін естен шығарма, – деп түсіндірді Гастман оған жиі келетін кездерінің бірінде, – бұл уақыт алады».

«Дәрігер Гастман, – деді Кэйти, – бетімді түзеткен кезде омырауымды да ұмытпағаныңызды қалаймын».

Алесия күлген күйі еңкейіп Кэйтиге әлдене деп сыбырлады.

«Аха, сізді қызартып жібердім!» – деді Кэйти.

Трансплантациядан 7 ай 16 күннен кейін. Клиникадан ұзап шыққан алғашқы сапарында Кэйти Пеория қаласында тұратын әпкесі Оливия МакКейге қонаққа келді. Ол жиені Люкті ұстап отыр. «Мен тағы айығамын деп үміттенемін, – дейді Кэйти, – және ол мені көргенде қорықпайтын болады». Кэйти көзі енді жасаурамайды. Көздің ылғалын сақтап, оны ауырт­пас үшін қорғауыш қабықша тағуы керек.

Біз емдеуді пассифті әрекет пен иммундық жүйенің жұмыс істей бастауын күту деп ойлауға бейімбіз. 2017 жылы 1 тамызда ауруханадан шыққан Кэйти үшін демалыс артта қалған еді. «Көз жетерлік келешек үшін сен – кәсіби пациентсің», – деді оған Гастман.

Олардың бәрі өздерін бостандыққа шыққандай сезінді. Бірақ олай емес еді. Алесия мен Робб енді Кэйтидің күтушілеріне айналды, бұл – тәуліктік жұмыс. Олар үйлеріне өздерімен бірге екі жарым беттік күнделікті қабылданатын дәрілер тізімін ала кетті. Қабырғаға ілінген үлкен күнтізбе медициналық тағайындауларға толы. Физио­терапия. Реабитациялық терапия. Брайль сабақтары. Логопедиялық терапия.

Әсіресе, сөйлеу жаттығулары қиын болды. Кэйтидің аузының көп бөлігі донордікі болатын. Бұрынғыдан тек тіл мен жұмсақ таңдай қалып, олар дұрыс жұмыс істемеді. Тілі тістеріне тимеді. Операциядан бұрын Кэйтиді түсіну қаншалықты қиын болса, кейін де мүмкін емес дерлік болды. Алесия мен Робб оны аударатын. Бірақ кейде өздері де ойланып қалатын. Кэйти өз дауысының жазбасын тыңдап: «Бақа сияқты естіледі екен», – деді.

Оның бұрынғы бет бұлшықеттері түгелдей келмеске кетіп, донор бетімен алмастырылды. Ол бет-әлпетінің қозғалғанын сезе алмаса да, жаттығу жасау міндет болды. Жүйке айына үш сантиметрге өсіп, ақыр аяғында сезу мен моторикалық басқару қабілеті оралады, бірақ ол қалпына келуі үшін кемінде бір жыл қажет деп ескертті Гастман. Аузын жауып ұстау табиғи түрде орындалмады, басқалар ескерткеннен кейін ол саусағымен иегін итеретін.

Кэйти дұрыс көрмесе де, Стаблифилд отбасы Кэйти қайтадан көре алатын болады деген үміттерінен бас тартпады. Олар Питсбург университетіндегі зерттеуге иек артады, ол жердегі ғылыми топ 10 жыл ішінде көзді түгелдей ауыстырып салудан үмітті.

Олар донордың бетін күнде көретін, бірақ ол кейіп Стаблфилд отбасы үшін жұмбақ болып қалды. Олар ол адамның есімін, қалай көз жұмғанын не қалай өмір сүргенін білмейтін. Кэйти сол қыз бен оның отбасын жиі ойлайтын.

Ол Кэйти күтіп жүрген үшінші донор болатын. Екі мәрте донор табылып, клиникадағылар Стаблфилд отбасына хабар берген еді. Екі жолы да донорлар «пайдаға аспады». Ішкі орган күтетін пациенттер үшін сәйкестіктің жалғыз талабы органның өлшемі, қан тобы мен кейбір органдар үшін тін типі болса, бет трансплантациясы үшін жынысы бірдей, тері түсі ұқсас, жас шамасы жақын әрі донор осы маңайдан болуы шарт.

АҚШ-та 120 мыңнан астам адам түрлі органға мұқтаж. Алайда олардың күткендері келе бермейді: орта есеппен, күніне 20 пациент күту кезінде көз жұмады. 2014 жылы ұлттық трансплантант жүйесінде органдар қатарына бет те қосылды, кезектің қашан келерін ешкім болжай алмайды.

Кэйтидің дәрігерлері донордың есірткіні шамадан тыс пайдаланудан қайтқан әлдекім болуы мүмкін екендігін айтқан болатын. Мемлекет деңгейінде бұл эпидемия қолжетімді органдар санының артуына әкелді: жуырдағы зерттеу есірткіні шамадан тыс пайдаланудан қайтыс болған донорлар саны 2000 жылдан 2016 жылға дейін он есе артқанын көрсетті. Кэйтиге келер болсақ, оның доноры да шамадан тыс дозадан көз жұмған.

Lifebanc деп аталатын аймақтағы орган сату ұйымы донор мен пациент туралы ақпаратты құпия ұстайды. Егер бір тарап келесі жақпен байланысу үшін хат жазса Lifebanc оны жеткізеді. Келесі жақ жауап беруді өздері шешеді. Кездесу үшін екі тарап та келісім берулері тиіс.

Хат арқылы Стаблфилд отбасы Кэйтиге берілген беттің бұрынғы иесі Адриа Шнейдер екенін және оның әжесі Сандра Беннингтон олармен кездескісі келетінін білді. Қаңтар айындағы жексенбі күндерінің бірінде ертеңгісін Кэйти мен оның ата-анасы Сандрамен кездесті. Сандра қобалжулы еді. Ол Кэйти жалғыз өзі диванда күтіп отырған төргі бөлмеге кірді. Кэйти үстіне жаңа көйлегін киіп, көзіне сәнді күн көзілдірігін таққан болатын. Сандра Кэйтидің фотосын көрген еді. Кэйти мен оған жасалған операция туралы ой оның мұңын жеңілдетуге көмектесетін.

Беті ауыстырылған пациенттер емделу кезінде метаморфозадан өтіп, оларға орнатылған бет жаңа «қожайынның» бет құрылымына қарай бейімделеді. Жаңа әлпет жаңа организммен біте қайнасып кетеді. Сондықтан Кэйти Адриа сияқты емес-тұғын.

Сандра оның қолынан ұстады. «Сенімен кездескеніме қуаныштымын, – деді ол, – сен керемет көрінесің». Кэйти: «Бізге берген керемет сыйлығыңыз үшін рақмет», – деп жауап берді. Сандра оны түсініңкіремей, оған қарай еңкейді. Алесия қызының айтқанын қайталады.

Адриа орган доноры ретінде тіркелген болатын, бірақ Lifebanc ұйымы Адрианың бетін донорлыққа сұраған кезде Сандра бастапқыда не істеу керектігін білмеді. «Адриа өзінің басқа органдары мұқтаждарға берілуін қалады. Ендеше, бетін неге бермеске? Менің жауабым сол еді. Осындай шешім қабылдағаным үшін қуаныштымын», – деді Сандра.

Робб пен Алесия оларға қосылған кезде Сандра аз-кем Адриа туралы айтып берді. Сандра оларға Адрианың тағдыры дүниеге келген сәттен бастап қаншалықты ауыр болғанын, ағзасындағы есірткі, есірткіге тәуелді анасы, Адрианы төрт жасынан бері бауырына басқаны, 11 жасында асырап алғаны, сондай-ақ анасының 13 жасында дүниеден озғаны туралы айтпады.

Оның орнына Сандра Адрианың аттарды, иттер мен балаларды жақсы көргенін айтты. Адриа көз жұмғанда артында қалған 15 жастағы ұлы туралы айтты. Ол оның ұлына анасының әлпетін басқа біреу «тағып» жүргенін қалай айтуды білмегенін жеткізді.

Ол егер Адриа Кэйтимен таныс болғанында оған көмектескені үшін ерекше қуанар еді деп айтты. Сонымен бірге Кэйтидің орнында да болғысы келетінін, сонда өзін жақсы көретін ата-анасы мен бауырлары болатынына қуанатынын айтты.

Трансплантациядан 8 ай 23 күннен кейін. Кэйтидің қалыпты да мәнді өмір сүруіне көмек көрсетуге өздерін түгел арнаған Робб пен Алесия төрт жылдан астам уақыт өмірлерін «паузаға» қойды. Шаршап-шалдықса да, Құдайға деген сенімінен айырылмай, Кэйтиді соңы жоқ емдеу-терапияларына тасыды. Олар алдағы жақын келешекте Кэйтидің дәрігерлері мен Кливлендтегі клиника маңына қоныстанбақ.

Сандра Кэйтидің бетін ұстап көрді. «Соншалықты көрікті көрінесің», – деді ол. Ол аздап Адрианың түрін шырамытты, бірақ бұл Алесияның Кэйти күлімдеген кезде қызының бұрынғы жүзін көргеніндей ғана болды.

Кэйти қалған өмірін қиын болса да осы ауыстырылып салынған  бетпен өмір сүретін болады. Медициналық жетістіктіктер тез дамиды. Тіпті дәрігерлер де алда оны не күтіп тұрғанын болжай алмайды.

2,8 миллион АҚШ доллары көлемінде қаражат бөлінген Семеньев иммуносупрессивтік дәрілердің баламаларын зерттеуде. Ол жаңа тінді қабылдамауға қарсы дәрі-дәрмектерді қажетсіз ететін жартылай донор, жартылай пациент жасуша табудан үміті зор.

Трансплантациядан кейін он төрт ай өткенде Кэйти дәрігерлері үш ірі ревизия­лық операция жасады. Сондай-ақ олар оның бетін кішірейтіп, тыртықтарды азайтып, сондай-ақ көз қабақтарын түзететінге ұқсайды.

«Оның ағзасы ешбір қарсы реакцияны көрсетпегеніне қуаныштымын, – деді Папей маған, – бірақ маған оның көз орбитасы ұнамай тұр. Біз оның көруі бұдан жақсырақ болады деп үміттенген едік».

Гастман онымен келісті: «Біз түзеткеннен кейін жағдай өте жай оңаларын білеміз. Бірақ біздің қолымыздан келері сол болмақ. Ол алған жарақат – осы уақытқа дейінгі бет трансплантациясы жарақаттары ішіндегі ең ауыры. Біз оның барлық бұлшықетінің міндетті түрде қозғалуын болжай алмаймыз, ол мүмкін емес те».

Біздің кейіпкер тоқтаған жерінен қайта жалғастырмақшы. Әуелі колледждегі оқуы бар. Ол бастап­қыда оны онлайн оқып, содан кейін, бәлкім, консультация саласында мансап құра жатар. «Маған көп адам көмектесті, енді мен басына күн туып, тағдыр тәлкегіне түскен өзге мұқтаж адамдарға қол ұшын созғым келеді», – дейді Кэйти. Ол жасөспірімдермен өз-өзіне қол жұмсағандардың азабы мен өмірдің құндылығы тақырыбында әңгімелесуден үміттенеді.

Әзірге, оның мақсаты – денсаулығын қалпына келтіру.

«Мен әлі мәреге жеткен жоқпын», – деді ол жуырда анасына.

«Жаным, сенің өмірің әлі алда», – деп жауап қатты анасы.

Автор: Джоанна Коннорс, фото: Мэгги Стибер және Линн Джонсон


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля