Үздік шыққан сурет БҰЛ – сый! Олар түсірілмейді, жазылмайды. Сол сияқты, мына сурет 2014 жылғы Рождество қарсаңында келді. Ол сиқырлы түрде Сикстин капелласында көрініс тапты. Ол құдды бір Микеланджелоның мына төбедегі «Адамның жаратылуы» туындысынан шыққандай әсер қалдырады. Алайда ол маған соншалықты қиын келгендіктен мен әлі күнге дейін сол жерден табыла қалғанымның дұрыс-бұрыстығын білмеймін.
Папа Франциск бір жыл бұрын ғана сайланған. Дәл сол уақытта Римде тұрып жатқаным бар. Менің алдыңғы жобаларымның тақырыптары оған маңайламайтын, оған қоса, Ватикан мен Папа Франциск туралы білерім де аз еді. Алайда National Geographic редакциясына бас сұққанымда, редакторға Рим папасы туралы аз-маз айтқаным бар. Редактордың бұл оқиғаны тек менің баяндағанымды қалағаны жағамды ұстатты. Көлік алдынан атып шыққан иттей қайда барарымды білмей абдырап қалдым. Мен әрі қарай не істеу керектігін де білмедім.
Менің Ватиканды шолып шығуым керек болды. Әдетте, фотографтарды Рим папасына жолатпайды. Ватиканның лауазымды тұлғаларымен бас қосқанда маған қолдау керек болып, жаныма бас редактор Сюзан Голдберг пен Римдегі үш бірдей АҚШ елшісін алдырттым. Олардың бірі – Италияның, екіншісі – Қасиетті тақтың, үшіншісі – сол жақтағы БҰҰ агенттігінің елшілері болатын. Менің өтінішім қабылданды, бірақ бір айға созылған бұл процесс шаруаның басы ғана болып шықты.
Мені Рим папасын бұрыннан бері түсіріп жүрген Ватикан тілшілері тұрған бұрышқа апарып қойды. Бұл тұстан қарағанда, Ватиканның мәрмәр өрнекті пейзаждарының қасында Рим папасы түк болмай қалады. Көп өтпей, барлық жасаған күнәларымның жазасы ретінде, дайындалып жатқан бұл мақала журналдың «мұқабасы» дәрежесіне лайық деп табылды. Бұл «қорқынышты» жаңалық эксклюзивті рұқсат алу деңгейін білдіретін.
Көмекке Рим папасының фотографы Франческа Сфорца келді. Ол – үнемі күлімсіреп жүретін қарапайым жігіт, әркім әңгімелесу үшін жолынан қалдыра беретіндіктен Ватикандағы тапсырмаларын уақытында аяқтай алмай жанығатыны да бар. Осыдан отыз жыл бұрын ол National Geographic фотографы Джеймс Стэнфилдке Ватикан туралы мақаласына жәрдемдескен. Сфорца мені қанатының астына алып, жолнұсқаушым болуға келісті. Сфорцаның жанқиярлығы мен оның менің бағыма бұйырғаны – бір ғанибет. Ватиканның лауазымды тұлғалары алғаш рет фотожурналиспен кездесу өткізуге келісімін бергенін кейін білдім.
Папа Францисктің жайдары қауіпсіздік қызметі айналасындағы көп адамға қарамастан, маған зор құрметпен қызмет етті. Бұл жігіттердің қызметіне қызығудың еш қажеті жоқ. Олар ешкімнен қауіп көрмейтін көшбасшыны күзетеді. Сфорца екеуміз Папа Францисктің батасын алуға келген құжынаған халық арасында жүріп-ақ, былайша айтқанда, аяқ астында қалып кетпейік деп, ақ тер-көк терге түстік.
Бұл мүмкіндік – маған берілген аманат, сондықтан оған қиянат жасауға болмайды. Сфорца мен оның Симон және Марио есімді қос қызметшісінің Ватикан протоколдары кезінде жанымнан қалмай қойғаны болмаса, қалған кез келген жағдайда маған еркіндік берілді.
Барынша көзге түспейін десем де ұзындығы екі метрге жуық аппаратыммен жүргенде бұл шаруа тым қиын екенін ұқтым. Мен Папаны қарсы алу үшін шеңбер түзе қалған эпископтардың ортасында әрі Микеланджело «Пьетасының» алдында тұрғанымды кеш аңғардым. Білінбей шығып кететін жол жоқ. Франциск аркадан өтіп, қол алысып жатқанда камерамды икемдеп жатқандай бола қалдым. Басымды көтергенім сол екен, дәл алдымда қолын созып, қасын көтеріп, «мені байқамай қалмасын» дегендей маған қарап тұр екен. Жиын мен жиналғандардың мәртебесі оны алаңдатар емес, маған солай көрінді.
Тапсырма соңына таяғанда журналдың мұқабасы үшін әлемнің суретке ең көп түсірілетін адамы – Францисктің ерекше суретін түсіріп алмақ болдым. Қолым шықпай жатты. Редакторымыз басқа фотографтардың да фотоларын қарай бастаған еді. Мұқабаға басқа фотограф түсірген суретті қойсақ, құрығаным. Маған сенім артып, осынау ерекше мүмкіндікті берген адамдарға қиянат жасағандай боламын. Мен таяп қалған Рождество рәсіміне үкілеген үмітімді арқалап бармақ болдым.
Жұмыс істеп жүргенімде әкемнің денсаулығы күрт нашарлай бастады. Көптен бері беті қайтқан қатерлі ісік қайтадан қылаң беріп, әкемнің сүйектерін мүжи бастапты. Бұл Рождество оның соңғысы болғалы тұр.
Кезекті Месса кезінде мен Қасиетті Петрдің алтын шатырына жабысып қалған қауіпті подиумге шығып, бір жағынан – суретке түсірумен, екінші жағынан, Индианаға қайтар жолға билет іздеумен болдым. Артынша әпкем хабарласты. Ол маған әкемнің ауруханаға түскенін айтты. Ол енді үйге қайта оралмайды екен. «Әкем тапсырмасын соңына дейін жеткізсін деп айтты», – деді ол маған. Мен тағы бірнеше күн осында қалмаққа бел будым.
Рождество күні Рим папасы құжынаған халыққа қарап сөз сөйледі. Мен осы көріністі мұқабаға айналдырсақ деп үміттендім. Алайда соңғы минуттарда кардинал күйгелектене бастады. Сфорца жағымсыз хабар жеткізді. Балконда маған орын қалмапты. Жоспар бұзылды, әкесін қиып мұнда қалған мен үшін аспан айналып жерге бір-ақ түсті.
Абырой болғанда, Папа Францискпен кездесуге тағы бір мүмкіндік туды. Жұрт тарқаған соң ол менімен амандасып, қолымды алған соң, бір-бірімізді Рождествомен құттықтадық. Содан соң ол көмекшілерінің бірін шақырды. Оның не дегенін Сфорцаның құлағы шалып қалыпты. «Ол Сикстин капелласына бет алмақ», – деді Сфорца. Мен оның артынан ердім.
Папа Сикстин капелласына бірнеше секунд қана аялдап, Микеланджелоның үздік туындысына мұқият қарап тұрғанда, залда тыныштық орнады. Менің досым әрі жебеуші «періштем» Франческо Сфорца құлағыма: «Сенің мұқабаң – осы», – деп сыбырлады. Мен камераның қақпағын ашып жатып: «Бұл Францисктің маған Рождествоға жасаған сыйлығы ма екен», – деп аң-таң болдым.
Ал Индианаға дәл уақытында оралдым.
Дэвид Йодер – «National Geographic» журналының фотографы әрі зерттеушісі. Ол өз еңбектерінде сыйақы аулаушылар, балалар циркі мен Чилидегі ALMA радио-телескоп массиві тақырыптарын қамтыған.
Авторы және фото: Дэвид Йодер
Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationa