Инд өзенінің лайлы сағалары, орталық жазықтықпен ирелеңдей аққан қасиетті Ганга, суы ауан аққан Брахмапутра… Мұның барлығы су қорына бай Солтүстік Үндістан өлкесі. Сан жетпейтін жылға мен канал, батпақ пен бөгет, кең жайылған өзен-су халық ең тығыз орналасқан аймақты асырап, елдің шөлін басып отырса да, бұл ең көп су дағдарысын басынан кешіріп отырған жердің бірі.
Өткен жылы Үндістан үкіметі елдің жартысына жуығы, яғни кемінде 600 млн. адамның ауыз су тапшылығына тап болып, ластанған су пайдаланатынын анықтады. Жыл сайын 200 мыңға жуық үнділік судың ластануы кесірінен көз жұмады. Жиырмадан астам мегаполис, соның ішінде Дели, Бангалор мен Хайдарабад екі жылға жетер-жетпес уақыт ішінде жерасты су қорын тауысады деген болжам да бар.
Мадхья-Прадеш штатында жүріп, 12 жасар шопан Шайлендрамен кездестім. Үкімет өзінің су ресурстарын қайта бөлу жөніндегі түбегейлі жоспары бойынша Чандал өзенін басқа су жолдарымен байланыстыруды жоспарлап отыр. Енді ол мұнда ешкілерін суара алмасы анық.
Жасыл революцияның сорғылары мен пестицидтері құнды жерасты су ресурстарын сарқып, сәні мен салтанаты жарасқан Пенджапты бедеулік пен қатерлі ісік «астанасына» айналдырды. Саны артып келе жатқан халық үшін Раджастхан мен Мадхья-Прадеш штаттарында тереңнен алынатын су ұңғымалары қазылып жатқанымен халықтың денсаулығы барған сайын нашарлап барады. Суды бүлдірген флюорид минералының кесірінен тұрғындар тістерінің түсі кетіп, сүйектері қисая мүжіліп барады екен.
«Су қорының таусылып бара жатқанын сезбеу мүмкін емес», – дейді белгілі үнді фотографы әрі менің жаяу серуенімдегі серіктерімнің бірі Арати Кумар-Рао.
Автор мен фото: Пол Салопек