Сәуірдің шық басқан таңында Франк пен Куки есімді британиялық екі спелеолог Борнеоның қалың ормандарынан бірнеше метр төмендегі үңгірге түсті.
Гуана құстарының саңғырығы қатқан үйіндінің жанынан, әрі ақшыл тас бағаналардың галереясын тамашалай түсіп бара жатып, бұл жұп тарихта қаламыз деп үміттенді. Рэйсер-Истер үңгір жүйесінің бір бөлігі б.т. Рэйсер үңгіріне апаратын өткелді табу үшін олар ең әуелі Клиэруотер деп аталатын жүйенің ішіндегі Уиндс үңгірін өткеру керек еді.
Екеуін байланыстыру арқылы ғаламшардағы ең ұзын жерасты лабиринті шыға келеді. Команда мүшелері су қабырғаны бұрғылап, бұрандамасын орнатып, арқандарын іліп алып, төменге түсіп жатқанда табысқа кенелу ықтималдығы жоғары көрінді.
Олар Клиэруотердің 226 шақырымға созылып жатқанынан, ал кей каверналарда долы өзендердің барынан хабардар еді. Мәселен Рэйсер-Истер системасындағы кей үңгірлер жолаушы тасымалдайтын ұшақты оп-оңай сыйдырады. Қысқасы, Гунунг-Мулу ұлттық паркінің дәл астында жер бетіндегі ең үлкен әктас жарықтар, ең кең туннельдер мен кімді болмасын таңғалдыратын алып үңгірлер бар.
Егер сіз өте ылғалды әрі ыстығы тасыған түнектен, тура сондай қап-қараңғы үңгірге жетуге асығатын зерттеуші болсаңыз, арманыңыз Борнеода орындалады.
Ал, енді қос үңгір жүйесінің бір-біріне жалғасып, біртұтас алып әлемге айналатын тұсында Франк пен Кукидің батпақ кешіп жүргенін елестетіңіз. Бұл сізге қызық емес пе? Ал, спелеологтар үшін бұл керемет олжа. Бір-бірімен байланысқан мұндай жерасты үңгірлер жүйесі мен екі алып тоғысатын нүктені анықтау атыңызды тарихта қалдырар еді.
Жер қыртысының сонау тереңіндегі Рэйсер үңгірінде көзделген межеге жету үшін қарсы тараптан өзге топ жақындап келеді. Көп ұзамай үңгірдің қабырғасын бұрғылаған екі топ бір-бірін естиді. Бұл – екі үңгірді жалғау арқылы рекорд орнату үмітінің талпынысы.
Мен болсам, оларға жақын тұрған ұңғымаға құлағымды түріп, бір-екі күн бұрын ғана адам аяғы алғаш басқан кең галереяда отырмын. Оның іші байырғы пәк қалпында еді. Іші биік сталагмиттер мен саңырауқұлақтан аумайтын әктастарға тола екен. Үңгірдің ішінде басқа дыбыстар да жоқ емес болатын. Менің жанымнан су алапқа сылдырап ағып жатты, ал төбемнен өмірінің көбін шымқай қара ұңғымаларда өткізетін шырылдаған мыңдаған майда қара құс, яғни салангандар сілекей, мүк пен балшықтан жасалған ұяларына қарай ары-бері ұшып жатты.
Табан астындағы әлдебір тұңғиықта Франк пен Куки тарихи оқиғаға атсалысып жатты. Тұрған шудың кесірінен бұрғыларының дыбысы құлағыма жетпей жатты. Онда тұрған ештеңе жоқ. Үңгірді зерттеу басқа спорт түрлеріне қарағанда түрлі құпия мен оларды ашуға деген ықыласқа толы. Кейде қолыңыздан келетін жалғыз дүние – қараңғылықта ненің қылаң беретінін күту ғана. Сондықтан, мен арқаммен жатып, жарығымды өшіріп, сұр қарлығаштардың төмен ұшып өткенін тыңдаумен болдым. Оның маған жақын ұшқаны сонша, қанаттарының қағысының жүзіме тигенін сезіп жаттым.
Бұл өте әсерлі жер. «Планетамыздың қай тұсында осыншалықты зерттелмеген мекен бар? Үңгір зерттеуіне келгенде Борнеоға жетер жер жоқ», – деп өз сұрағына өзі жауап берді Энди Эвис.
70 еңсерген Эвис елу жылдан аса уақытын әлемнің ең шалғай әрі таңғажайып жерасты жүйелерін зерттеуге арнап, өз саласындағы басқарма комитеттерінің түгеліне үңгір жазбалары қалай тіркелетінін, «ең үлкен» мен «ең терең» атауларының қалай берілетінін анықтауда өз үлесін қосқан. Былайша айтқанда, ол үңгірлерді қорғауға әрі олардың үңгірге ынтық спелеологтар үшін ашық болуына өмірін арнаған. Қай жағынан алсақ та, Эвис жерасты әлемінің тура мағынадағы елшісі іспетті.
Тропикалық орманда таң атты. Эвис парк басқармасының жанындағы зерттеу стансасының аузында жерасты әлеміне еніп кетуге дайын тұр. Шатырдан соққан қалжырататын желдің үні жәндіктердің ызыңын естіртпейді.
Жарықты түсіргенде сүрлеу жолдың бойындағы ұлу мен құрбақалар көлеңкеге тығылды, ал құстар сайрап, шулап қоя берді. Эвис Борнео секілді ауа температурасы 26 градусқа жететін «ыстық» үңгірлерге арналған термо леггинсін киді.
«Әрине, мен бастағанда мұндай жабдықтар болмады, – дейді Эвис шұлықты нұсқап, – немесе мыналар». Ол маңдайшасына саптыаяқтай жарық орнатылған қызыл шлемін қолына алды.
«Ол кездері біз қараңғыда сүріне-қабына әрең жүретінбіз. Біз ашқан дүниелеріміздің шегі мен шетін біле бермеуші едік».
1979 жылы Эвис Борнеоға тропикалық ормандары мен тәуелсіздігін алған Малайзияның жаңадан ашылған Гунунг-Мулу ұлттық паркін зерттеу үшін арнайы жасақталған британиялық экспедицияның мүшесі ретінде келген. Спелеология ол кезде салыстырмалы түрде спорттың жаңа түрі болатын. Эвис пен тағы төрт кісіден құралған топты экспедиция басшылары орманның көптеген қазыналарының арасында алып үңгірлердің барына көз жеткізгеннен кейін ғана шақырған.
Эвис пен достары қабілеттерін Британияның тар әрі суық үңгірлерінде ұштады. Оған кереғар Борнео үңгірлері Эвис пен әріптестерін басқа жағынан сынады.
Түскен алғашқы үңгір деректерін тіркеу арқылы олар рекорд орнатқанын аңғарады. Бұл сол күнге дейін адам көріп, ішіне түскен көлемі жағынан ең алып үңгір болып шықты. Аузының биіктігі 150 метрге жететін Бұғы немесе Gua Rusa үңгірінің үлкендігі сондай күн сәулесі үңгірдің төріне дейін жетеді екен. Қалыпты циркуляцияның арқасында таза ауа да бар болғандықтан, жарық пен қараңғылықтың арасындағы ортаға бейімделген қызықты әрі тамаша тіршілік әлемі қалыптасқан. Үңгірдің төбесіне жабысқан есепсіз жарқанат пен бұл жерді мекендеген құстардың фекалиялары тарақан, шаян, құртқа пен түрлі микробтарға таптырмас ортаға айналды.
Британиялық зерттеушілер тобы Бұғы үңгірінің үш шақырымдай қашықтыққа созылып жатқанын анықтады. Сол ашылудан кейін бұл бағыт он жыл бойына әлемдегі бізге белгілі ең үлкен үңгір жолы саналып келді. Бүгінгі таңда, туристер үңгір ішінде төселген тақтай жолмен серуендеп, ымырт үйіріле қолдарына сусындарын алып оның кіребесіне жиналады. Туристер шапалақ ұрып, миллиондаған жарқанаттың мұржадан шыққан түтіндей көкке сызыла көтерілгеніне куә болады.
Бұғы үңгірінің сыртқы көрінісі жердің астында ненің күтіп тұрғанын меңзейді. Мулудағы үш айдың ішінде гидтердің көмегімен спелеологтар аймақтың көне әктастарына алып баратын көптеген үңгір тапты.
Кей үңгірлер аласа бұталар мен бұтақтармен көмкерілген, түсініксіз жарықшақты жартас күйінде басталады. Жоғарғы биіктікте Мулу тауын дәл ортасынан тесіп өтетін осынау үңгірлер, әдетте, көнелеу әрі құрғақ болып келетін.
Төменгі үңгірлердегі нөсер науаларынан аумайтын байырғы алып жыныстарда жаңбырдың суын жерасты өзендеріне бағыттайтын үлкен жыралар бар. Өзге үңгірлерден жастау олар шамамен жүз мыңдаған жыл бұрын қалыптасқан. Әктас құрылымдармен қапталған бұл үңгірлер – балық, құс, жылан, бозғылт шаян, қаптаған жәндік пен өрмекшілердің мекені.
1979 жылы алғашқы жерасты экспедициясы кезінде Эвис пен оның әріптес спелеологтары 50 шақырымдық соқпақты зерттеп шықты, бұл бұрын болмаған ерлік. Шамамен 40 жылдан кейін Эвис өткенді жымия есіне алды.
«Бір мезетте осыншалықты көп зерттеу жасаған өзге экспедиция жоқ, – дейді ол. – Мулу бізді өзгертті».
1979 жылғы сапар Борнеоны зерттеуге түрткі болды. Содан бері спелеологтар Мулуға алыстан ағылып келе бастады. Солардың көбін Эвис өзі бастап келді. 2017 жылы 13-ші сапарында ол 30 адамдық топ жинады. Оған көптеген Мулу ардагерлері мен ұлы Роберт те қосылды. «Біз кемінде 50 шақырымға созылатын жаңа соқпақ табатын шығармыз, – деп топшылады Эвис, – менен басқа мұны ешкім, ешқашан жасай алмайды». Екі аптадан кейін онымен Мулуда жолыққанымда мен оның сенімділігі бәсеңдегенін байқадым. Экспедиция үш негізгі топқа бөлініпті. Олардың екеуі тропикалық орманның шалғай аудандарынан жаңа сүрлеулерді іздесе, «Байланыс тобы» деп аталған үшіншісі картаны оқып, әртүрлі үңгір жүйелерінің қай тұста тоғысатынын анықтауға күш жұмсады.
Әзірге, Эвис жұмыстың баяу жүріп жатқанын, армандаған үңгірлердің байланысқан торабы таптырмай кеткенін айтты. Бұл байланыстыру аймағын Франк пен Куки кейіннен анықтауға тырысып көрді. Эвис түңілгенін білдіргенімен, оның тобы 10 шақырымнан аса жаңа соқпақты ашқан, алда одан да зоры бар еді.
Келесі күні таңертең мен Эвистің шағын тобына қосылдым. Біз «Сәттілік үңгірі» деп аталатын Гуа Насиб Багусқа жол тарттық. Бұл үңгірде мына жалғаннан ада Саравак қуысы бар. Қалған британиялық зерттеушілермен бірге Эвис бұл нысанды 1981 жылы таудың бойындағы өзенді жағалап жүріп ашқан.
Бірнеше сағат бойы өрмелеп, созыла-сүйретіле, төбеге жорғалаған спелеологтар өзеннің жерге сіңіп, ғайып болатын бір тып-тыныш тұсына жетті. Келе сала олар өлшеуіштерін алып, сыртқы қабырғаға тезірек жетуді ойлап, қапастың ішін зерттей бастады.
Дегенмен, қабырға табыла қоймаған соң, кілт бұрылып, басқа әдіске ауысты. Олар бүйір қабырғамен кездесеміз деп ойлаған еді. Олардың тас-төбелерінен салангандардың дауысы, ал аяқтарының астынан өзеннің сылдыры естілді. Қабырға әлі де көрінер емес. Маңдайларындағы жарықтарының сәулесі қараңғылыққа сіңіп, жоқ болды.
17 сағаттық зерттеуден соң «Сәттілік үңгірінен» алқам-салқамы шыққан, суға малынған адамдар шыға бастады. Олар сағаттап бір жерді айналшықтап жүрген не әлдебір ғажап жаңалық ашқан болулары тиіс.
Кейін Саравак қуысының Жердегі бізге белгілі ең үлкен тұйық кеңістік екенін дәлелдеді. Оның ұзындығы – 600 метр, ені – 435, ал биіктігі 150 метрді құрайды. Ол Ұлыбританияның ең танымал спорттық аренасы Уэмбли стадионынан екі есе үлкен кеңістікті алып жатты.
«Сәттілік үңгіріне» қарай тропикалық ну орманнан өтіп бара жатып, мен «Есуас Фил» лақап атымен белгілі Филип Роуселл атты өршіл зерттеуші әрі спелеологтан көптеген рекорд жасалып қойылған, әбден зерттелген осы маңға несіне келе беретінін сұрадым. Ол маған келген бойда үңгірлердің бар құпиясын ашу мүмкін емес екенін айтты.
«Елеусіз қалдырылған дүние көп мұнда. Әсіресе, үңгірдің тым үлкен көлемінен алғаш келгендердің жағаларын ұстап кетуден басқа амалдары болған жоқ», – дейді Филип.
Оның айтуынша, Саравак қуысының үлкендігі сонша, онда жаңа сүрлеулердің болмауы мүмкін емес. Анығырақ айтқанда, оның төбесін ешкім әлі зерттемеген. Үңгірлер шахталар секілді төменге қарай оңай құлдилайтын туннельдерге ұқсайды деген ой тартымды. Десек те табиғи үңгірлер түзу емес әрі олар тастардың жылжуына, судың шаюы мен т.б. хаостық құбылыстарға қарай кеңейіп, кішірейіп отырады.
Жердің астында «жоғары» мен «төмен» түсініктерінің терең мағынасы бар. Егер әлдебіреу үңгірдің төменгі аймағын зерттеп жатса, басқа спелеолог жоғарғы тұсын зерттеп жатқан болуы мүмкін. Фил жоғарғы жағын зерттеуге машықтанған.
Филдің ешкімнің батылы жетпейтін үңгірлердің қабырғаларына өрмелеумен аты шықты. Ол Эвиспен бірге Саравак қуысының төбесіне шығуға бел буады. Екеуі үй шатырындағы жасырын жолдар секілді үңгірдің үстіндегі туннельдерді зерттеуге кіріседі.
Біз ормандағы бұралаң жолды жүріп өткенше нөсер де құйды. Ол аяқ астынан үдеп, жауынның даусы сөзімізді бір-бірімізге естіртпестей күйге жетті. Көп ұзамай орманның іші бұлыңғырланып, тасқын судың ішінде жоғалып кетті. Шелектеп құйған жаңбыр өзінің суымен тіршілік иелерін бір-бірінен бөліп тұрғандай.
Бір сағаттан соң біз «Сәттілік үңгірінің» аузына жеттік. Онда биік әктас қабырғаның жарығынан өзен бастауын алыпты. Үңгірге кіріп, алға тартып кеттік. Алдымен балтырымызды аймалаған мұнтаздай таза су санымызға, кейін кеудемізге дейін жетті.
Өзен жағалай жүрген сайын жол кеңейіп, үңгірдің төбесі пойыз туннеліндей биіктікке көтерілді. Әрі-бері ұшып жүрген жарқанаттар мен құстар ара-тұра біздің маңдайымыздағы жарығымыздың сәулесіне ілігіп қалады. Көп ұзамай өзен көпіршіктеніп, өткір әктас арналардың арасынан буырқанып, бізді құс экскременті толған тастарға қарай итерді.
Жолдың қауіптілігі соншалық, кей спелеологтар ағысқа қарсы жүре алу үшін қабырғаға арқан бекітіп өтті.
1600 метрлік долы суды артта қалдырған соң, өзен жерге сіңіп жоқ болды да, біз Саравак қуысының кең алаңына тап болдық.
Бәріміз бірдей шамдарымызды жоғарыға қаратсақ та алып күмбездің көмескі белгісінен басқа ештеңе көре алмадық. Жарығымызды үңгірге қайта бағыттасақ, тіптен ештеңе көрінбейді. Эвис пен достарының былтыр осы кеңістікте қалай адасқандарын енді түсіндік.
«Айналаңызға көз салсаңыз, ескі аяқ іздерімізді байқайсыз, – дейді Эвис күліп, – олар жан-жаққа бытырай қашқан тышқанның іздері сияқты шашыраңқы».
Қатты әсер еткен үңгірлер есте жақсы қалады екен. Оның қабырғасы мен тасы, тіпті өрмекшілері де есімде. Ең бастысы, жарық болса болды. Әккі фотографтарға да осы керек. Шындығында, фотоаппараттың жарқылы үңгірдің ішін жарықтандырған кез болмаса бұл жер қара түнек.
Уақытты өлшейтін күннің жарығы болмаған соң, біз оны ішкі тәбет сағатымызбен өлшеп отырдық. Шай ішіп, тамақ не шоколад жегіңіз келетін уақытты сіз бірден сезесіз.
Үңгір кіреберісінде Фил қабырғаға бұрандамаларды орнатып, төбесіндегі шошайған шоқыға жол сала бастады. Қалғандарымыз үңгірдің төменгі жағын зерттеуге кірістік. Алға қарай жүріп, ғаламшарымыздың бізге белгілі ең үлкен жабық кеңістігінің тереңдігін өлшеумен болдық.
Тас төбемізде сұр қарлығаштар үздіксіз бажылдасып жатты. Олар оқта-текте біздің кеудемізге қонып, өздерін сипауға қарсы болмады.
Түн ауа біз тегіс жартастың бетіне көрпемізді төсеп, кепсін деп арқанға шұлықтарымызды жайып қойдық. Үңгірдің іші ылғалды әрі жылы еді. Лагерь құрған маңнан майда әлденелердің жылтылдағанын байқадық. Ол есепсіз көп өрмекшінің көздері болып шықты. Кейбірінің үлкендігі менің алақанымдай болатын.
Бір күні Фил екеуіміз қасымызға Бен есімді жас спелеологты алып, үңгірден шығар басқа жол іздеп, қуыстың сол жағын барлап шықтық. Саравактың үлкендігі сонша, оның әртүрлі тарапы бар. Біз солардың бес-алтауын ғана жүріп өттік. Қабырғалары үккіштің тістеріндей өткір әктас лабиринттің ішіндегі балшық қойтас үйіндісінен өтіп, қауырсынмен көмкеріліп, қи үйіндісімен қапталған, тыныштығынан жан түршігетін бұл жер құс, өрмекші, шегіртке, қырықаяқ секілді түрлі тіршілік иелерінің өлуге келетін моласына ұқсайды.
Оның арғы жағында үңгірдің жылы әрі тыныш тұсы созылып жатыр. Сұр қарлығаштар жұмыртқаларын құр еденге баса беретін. Судың сылдыры мен осында жол тапқан құстарға қарағанда басқа кіреберістің бары анық еді. Бірақ біз оны таба алмадық. Амал жоқ, бұл істі болашақ спелеологтарға тапсырдық.
Ақыры, Эвистің тобы рекордтық ашылымға қол жеткізе алмады. Балшыққа белшесінен батқан Франк пен Куки үңгірдің табанын тоқпақтап, бұрғылап жүріп, Клиэруотер үңгір жүйесін жалған үміт сыйлаған көршісіне қоса алмады. Дегенмен, олар экспедиция барысында 23 шақырымдық жаңа соқпақты тауып, картаға түсірді.
Мен Борнео сапарымнан кейін араға бірнеше апта салып Британияға оралған Эвиспен сөйлестім. Ол Гунунг-Мулу ұлттық паркіне қайта оралып, қос үңгірді өз қолымен қосуды жоспарлап жүргенін айтып қалды.
«Біз өте жақын қалып едік», – деді ол.
Ол мұны рекорд жасау үшін немесе оның осы саланы жалғастыруына себепші болған танымалдылық үшін жасап жатпағанын айтып бақты. Эвис үңгірлер жайлы күндіз-түні ойланып жүріпті. Джунглидің астындағы оқиғаларына оның балалары әбден қаныққан.
«Меніңше, сүрлеудің 50%-ы ғана ашылған. Оның бар көлемін білгің келмейді ме? Мулу – ерекше мекен. Мен оның астында ненің барын білгім келеді және оның барлық бөліктерінің бір-бірімен қалай байланысып жатқанын білуге ынтықпын. Мулу ғұмырымның лабиринтіне айналды», – дейді Эвис.
Автор: Нил Ши, фото: Карстен Питер