..."/>
ЖАҢАЛЫҚТАР

Сізді, сізді және сізді Шымқала «қонаққа» шақырады!

Нұр-Сұлтандағы «Keruen City» сауда, ойын-сауық орталығында Шымкент қаласы әкімдігі және «National Geographic Qazaqstan» журналының бірлесіп ұйымдастыруымен «Шырайлы Шымкент!» атты фотокөрменің ашылу салтанаты өтті.

Қала күніне орайластырылған шараның ашылу рәсіміне Шымкент қалалық Туризм басқармасының басшысы Тұрар Ахметов, қалалық маслихаттың депутаттары, жеке кәсіпкерлер мен сала ардагерлері қатысады.

Көрме мақсаты – көпшілік арасында Шымкент қаласының ішкі туризмді дамытудағы әлеуетін жан-жақты көрсете отырып, қалада алдағы уақытта қолға алынғалы отырған жобаларды фотосурет тілімен жеткізу.

Халықаралық экспедиция құрамында қазақстандық археолог, географтар мен журналистерден бөлек, Тайланд елінен арнайы шақыртылған 2 фотограф пен әр салада машықтанған қазақстандық фотосурет өнерінің мамандары да болды.

«National Geographic Qazaqstan» журналының 13 қызметкерінен құралған топ мүшелері мамырдың 20-ы мен маусымның 2-і аралығында Шымкент қаласы мен қала маңындағы қырыққа жуық тарихи-мәдени орындар мен киелі жерлерді аралап шығып, 1,5 мың шақырымдық жолды жүріп өтті.

Олар қаланың ескі бөлігіндегі көне ғимараттар мен Ақмешіт үңгірі, Сайрам кесенелер шоғыры мен Қасқасу шатқалы секілді табиғаты әсем жерлердің таңғажайып көріністерін таспаға тартып алып отырды.

– Шымкент қаласы қашанда кез келген салада бастамашы, еліміздегі оң өзгерістердің қозғаушысы болып келгенін ешкім жоққа шығара қоймас. Бүгінгі көрме соған дәлел бола алады. Болашақта бұл қалада үлкен серпіліс болатынына сенім артамын, – деді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Орденбек Мазбаев.

Көрмеге келушілер Шымкент қаласы мен оның айналасында көрікті жерлер, киелі орындар, табиғи ескерткіштер мен қала тұрғындарының күнделікті тұрмыс-тіршіліктерін баяндайтын фотосуреттердің жиынтығын тамашалауға мүмкіндік алады.

-Бүгінгі көрме менің туған қалам – Шымкентімді көшіріп әкеп, сағынышымды әп-сәтте басқандай болды. Осы күндері мен Шымкенттегідей жылылықты, Шымкенттегідей қамқорлықты табу оңай емес екенін ұқтым. Әлемдегі бүкіл қала Шымкенттің үлгісінде дамитын болса, жер бетінде береке-бірлік орнап, адамдардың бір-біріне деген құрметі арытар еді, – деді Назарбаев университетінің бірінші курс студенті Анастасия Ким.

Көрме 20 күнге созылады.

Фото: Ерболат Шадрахов


Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля