..."/>
ЗЕРТТЕУ

Азалы құрбандық

Осыдан 500 жылдан астам уақыт бұрын қазіргі Перу аумағында мекен еткен чиму халқы өздерінің жантүршігерлік рәсімдері барысында 269 ұл-қызының жанын қиған. Неге? Ол жағы – құпия…

Ара тотықұсының қауырсынымен безендірілген бас киіммен жерленген құрбандыққа шалынған баланың бас сүйегі. Ғалымдардың пайымдауынша, бас киімнің болуы баланың ақсүйек отбасынан шыққанын білдіреді.

Қоқыс тасталған бос далада таяз қазылған көр ішінде құрбандыққа шалынған жас баланың мәйіті жатыр. Перудің солтүстік жағалауындағы Уанчакитода Пасха мейрамы алдындағы жұма күні.

Археологияны оқып жатқан екі студент қабірдің қос тұсына етбетімен жатып, қалақпен әлденені қазып жатыр.

Археологтардың көздеріне ең бірінші болып баланың бас сүйегі көрінді. Қалақты тастап, қылқаламға ауысқан жер қазушылар бас сүйектің бетіндегі борпылдақ топырақты ақырын ғана сүріп тастап, қалған бөлігін түгелдей аршып алды да, қатты мақта кебінге оралған иықтың сүйегіне жетті. Ең соңында, баланың жанында бұратылып жатқан алтын түкті кішкентай лама қалдықтары көрінді.

Ұл мен қызға келетін қос баланың қаңқасы солтүстік Перудің құрғақ жағалауындағы жаппай жерлеу аймағында тұспа-тұс жатыр. Олар шамамен 1450 жылы Чан-чанның айналасындағы қос аймақта құрбандыққа шалынған 269 баланың екеуі ғана. Жан тапсырғандардың басым бөлігінің кеудесіне тілік жасалып, жүрегі суырылып алынған. Олардың бәрі бірдей кебінге оралған.

Трухильо ұлттық университетінің археология профессоры Габриель Пиерто қабірге үңіліп, басын изейді. «Тоқсан бес», – дейді дауыс­тап. Ол құрбандардың жалпы санын анықтау үшін санақ жүргізуде. Мына «E95» деп белгіленген қабір 2011 жылы жаппай жерлеу орнын зерттей бастағалы табылғандардың 95-сі. Осы және тағы бір құрбандық шалу аймағынан табылған 5-14 жас аралығындағы балалар мен ересектердің (ересектер саны үшеу) жалпы саны 269-ға жетті. Жантәсілім болғандардың барлығы 500 жылдан астам уақыт бұрын жіті ұйымдастырылған құрбандыққа шалу рәсімі кезінде көз жұмған. Мұндай оқиға дүниежүзі тарихында бұрын-соңды болмаса керек.

«Бұл – мүлдем күтпеген жағдай», – дейді басын шайқаған Прието. Археолог әрі өзі де әке – ол Уанчакито-Лас Льямас аймағындағы жан түршігерлік жаңалықтың мәнін түсінуге тырысуда. Сол кездегі адамдарды ақылға сыймайтын осындай әрекетке баруына нендей жағдай итермеледі екен?

Археологтар адам баласын құрбандыққа шалу фактілерін әлемнің түкпір-түкпірінен тап­қан. Құрбандарды жүздеп санауға болады. Көбіне соғыста қолға түскен тұтқындар, жерлеу рәсімінің құрбандары, қожайыны қайтыс болған жалшы немесе қасиетті ғимаратты соққан жұмысшылар. Танах інжілін қосқанда, байырғы жазбалар балаларды құрбандыққа шалу рәсімінің болғанын айғақтайды, бірақ археологиялық жазбаларда балаларды жаппай қырып салудың дәлелі аз. Уанчакито ашылғанға дейін Америка құрлығындағы балалар құрбандыққа шалынған ең үлкен аймақ Ацтек астанасы Теночтитландағы (қазіргі Мехико) Темпло Майор храмы болып келді. Онда XV ғасырда 42 бала өлтірілген.

Уайлильяс, Солтүстік Перу. Он төрт жасар Данила альпаканың баласын ұстап тұр. Құрбан болған балалардың қанқа талдауы олардың 5-14 жас аралығында болғанын әрі Чиму империясының түкпір-түкпірінен әкелінгенін көрсетті.

Прието Уанчако ауылында ержетті. Уанчакито осы ауыл аймағында орналасқан. Ол қаланың оңтүстік жағалауындағы чиму халқының астанасы болған Чан-Чанның қам кірпіш үйінділерін зерттеумен өткізген кездерін есіне түсірді. XV ғасырда, нағыз өркендеп тұрған шағында Чан-Чан қос Америка құрлығындағы ең үлкен қалалардың бірі болған. Ол Перу жағалауында шамамен 500 шақырымға созылған империяның бар күші шоғырланған мекен-тін.

Бала кезіндегі бастан кешкендерінің ықпалы Приетоны археолог болуға итермелейді. Йель университетінде докторлық дәрежесін оқып жүріп, ол тарихы 3500 жылдық көне ғибадатханада қазба жұмыстарын жүргізу үшін өз ауылына оралады.

2011 жылы жергілікті пицца дүкенінің қожайыны таңғаларлық жаңалығымен бөлісіп, балалары мен төңіректегі иттердің жақын маңдағы бос жатқан жерден құмның бетіне шығып қалған адам сүйектерін тауып алып тұратынын айтады. Ол археологтан сол жерді зерттеуін өтініп сұрайды.

Бастапқыда Прието ол аймақты ұмыт қалған зират шығар деп ойлайды. Жөргекке оралған бірнеше баланың қалдықтарының радиокөміртекті талдауы мәйіттердің 1400-1450 жылдарына тән екенін анықтағаннан кейін, археолог мұның әлдеқайда үлкен жаңалық екенін түсінеді.

Жергілікті пицца дүкенінің қожайыны Майкл Спанода Уанчакитода қазып алынған ең алғашқы бала мүрдесінің бірегей суреті бар. Ол археолог Габриель Приеттоға үйінің маңындағы бос жатқан жерден құмның бетіне шығып қалған адам сүйектері туралы айтқаннан кейін барып мұнда қазба жұмыс­тары басталды.

Прието бұл қорымның чиму халқының қалыпты жерлеу рәсімінен өзгеше жерленгенін байқайды. Балалар қабірге әдеттегісінен басқаша қойылған. Олардың денелері бұл халықтың дәстүріне сай тік отырған ке­йіпте емес, арқасымен шалқайта немесе бір жанымен бүгілген күйі жатқызылған. Оған қоса, мәйіттің жанынан чиму қабірлеріне тән әшекейлер, құмыралар мен өзге қабір тауарлары көрінбейді.

Есесіне, көп баланың жанына жас ламалар не альпакалар көмілген. Азық, талшық пен көлік қызметін атқарған бұл Анды жануарлары Чимудың ең бағалы байлығы болған. Ал ең маңызды ерекшелік: балалар мен жануарлардың кеуделері мен қабырғаларындағы көзге бірден түсетін тілік.

Прието Тьюлейн университетінің био­логиялық антропологы әрі сот сарапшысы Джон Вераноны шақырады. Вераноның Андыдағы мұндай рәсімдердің заттай айғақтарын сараптаудан ондаған жылдық тәжірибесі бар. Ол ХІІІ ғасырдағы Пунта-Лобос аймағындағы шамамен 200 ересек адам мен ұл баланы құрбандыққа шалу оқиғасын зерттеген.

Уанчакитодағы қаңқа қалдықтарын зерттеген Верано балалар мен жануарлардың қасақана бір әдіспен өлтірілгенін, олардың төс сүйегі көлденеңінен кесіліп, бұл олардың жүректерін суырып алу үшін жасалған болуы мүмкін екенін растады. Ол тілікті жасау нүктесіндегі жаға ұстатар бірізділікті анықтады, яғни пышақ жүзінің кірген-шыққандағы еш «тартыншақтық белгілері» байқалмайды. «Бұл – рәсімдік өлтіру. Ол өте жүйелі түрде орындалған», – деді ол.

Археолог Габриель Прието (бір шынтағына жантайып жатыр) мен Джон Верано (камерамен) әріптестерімен жұмыс үстінде. Уанчакитодағы қабірлердің бірі. Қазба жұмыстары аяқталған соң, археологтар жақын маңдағы Пампа-ла-Круз жерінен балалар құрбандыққа шалынған екінші қорымды тапты.

Дегенмен, Уанчакитодағы оқиғалар легін қайта құрастыру қиын, себебі археологтар мен тарихшылар чиму жайлы тым аз мағлұматқа ие. Ол өзіне қарағанда танымалдау қос өркениеттің арасында елеусіз қалып, көп адам естіп-білмеген ең алып империя болған болуы да ғажап емес. Аталған қос өркениеттің бірі – соғыс тұтқындарын қанды құрбандыққа шалғандарын керемет фрескаларында паш еткен Моче империясы болса, екіншісі шамамен 1470 жылы чимуды жаулап алып, 60 жылдан аса уақыттан кейін испандықтардың қоластына өткен Инк империясы.

Чиму халқынан ешқандай жазба қалған жоқ, сондықтан, археологиялық мәліметтерден кейін испан жылнамасына жүгінуге тура келеді. Онда инктердің патша таққа отыр­ғанда немесе көз жұмғанда жүздеген баланы құрбандыққа шалғандықтары баяндалғанымен, бұл пікірді айғақтайтын ешқандай археологиялық дәлел әлі табылмаған. Жылнамаларда чиму халқының балаларды құрбандыққа шалғаны жайлы дерек жоқ. «Осы күнге дейін чимулар осындай әрекетке барған деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген», – деді бұрын-соңды болмаған құрбан санын меңзеген Верано».

Трухильо ұлттық университетінің археология студенттері Уанчакитода көмілген бас сүйек­терді тазалап, каталог түсіреді. Солтүстік Перудің құрғақ климаты қаңқалардың көбін табиғи түрде мумиялаған, сол себепті олар жақсы сақталған.

Уанчакитодағы оқиғаға құрбандар көмілген көне балшықтың қалың болып кепкен қабаты дәлел бола алады. Қалың батпақ жауынның көп болғанын білдіреді. «Ал, солтүстік Перудің кепкен жағалауына мұндай жаңбырды, әдетте, Эль-Ниньо құбылысы алып келеді», – деп түсіндірді Прието.

Чан-чан халқы баппен басқарылған суару жүйесі мен жағажайлық балықшылықпен күн кешкен. Мұның екеуіне де климаттың салдарынан туындаған теңіз суы температурасының көтерілуі мен шелектеп құйған жауын залалын тигізсе керек. Ғалымдардың пайым­дауынша, Эль-Ниньо Чиму патшалығының саяси және экономикалық тұрақтылығына нұқсан келтірген. Ондағы дін өкілдері мен басшылар құдайларынан жауынды тоқтатуын және аласапыранды доғаруын сұрап, жаппай құрбандық шалғанға ұқсайды.

«Жаппай құрбандыққа шалынған осыншама көп бала мен жануар сол мемлекеттің атынан жасалған инвестиция саналса керек», – дейді Прието.

Депол университетінің антропология профессоры әрі бала маманы Джейн Ева Бакстер «чиму халқы құдайларына ең бағалы сыйлықты тарту етті» деген тұжырыммен келіседі.

«Бұл өз болашағың, бүкіл әлеуетің мен келешек мүмкіндіктеріңе балта шабумен бірдей, – дейді ол, – бұған дейін ұрпақ жалғастыру үшін төккен терің, күш-қуатың – балаларыңды алып қойғанда, бірге кетеді».

Уанчакитода құрбандыққа шалынған бала қабірінің жанындағы қалың балшық қабатында сақталған жас лама тұяқтарының іздері. Ғалымдар құрғақ жағалауға жауған мол жауын жаппай құрбандық шалуға әкеп соққан деген шешімге келді. Бұл Эль-Ниньо құбылысы тудырған селден құтылудың батыл әрекеті болса керек.

Балаларды құдайға ұсыну – солтүстік Перудегі колумбиялық қоғамдардан бұрын пайда болған рухтар әлемінде артықшылыққа ие болу сенімінің сарқыншағы болса керек.

Джордж Мейон университетінің антропология профессоры Хаген Клаустың айтуынша, IX ғасырда Моче (чимудан бұрын құрылған өркениет) құлағаннан кейін, аймақта балалар құрбандығы кең етек алған. Чиму үстемдік еткен Чан-чаннан бірнеше шақырым шалғайдағы территорияны бірнеше ғасыр бұрын мекен еткен моче халқы Ай ғибадатханаларында көптеген тұтқын жауынгерді құрбандыққа шалған.

Рухтарды тыныштандырып, жауынды тоқтату жедел қажеттілік болған да шығар, десе де жаппай құрбандық шалу – мұқият ойластырылған іс-шара секілді. Өміріндегі бірден-бір маңызды ресурс, қазынасы саналған жас ламалар осы оқиға үшін арнайы таңдалынып алынғанға ұқсайды.

Уанчакито топырағынан табылған бала мен лама төлінің қаңқалары. Тайпа өкілдері өз балаларын теңізге, ал ламаларды Анд шыңдарына қаратып жерлеген. Жастар Чимудың болашағы болса, ламалар да құнды сый еді. Өйткені олар маңызды азық, көлік әрі талшық көзі болған.

Францияның ұлттық ғылыми зерттеу орталығында жұмыс істейтін түйетәрізділер маманы Николя Гепфет құрбан болған төрт­аяқтылардың жақсы сақталған терілерін сараптамадан өткізді. Ол чиму халқы бұл жануарларды құрбандыққа шаларда жасы мен түсіне қарап, арнайы таңдаған болуы мүмкін деген тұжырым жасады. Рәсімге, көбіне, ашық қоңыр түсті ламалармен бірге қою қоңыр түстілері де таңдалған, ал ақ немесе қара ламалар мүлдем жоқ. «Испан жылнамаларынан білетініміздей, инк халқы да құрбандыққа шалынатын малдың түсіне жіті мән берген. Чимулардың да дәл осы принципті ұстанған болуы ықтимал», – дейді Гепфет.

Ал балалардың адам шошырлық рәсімге қалай таңдалғаны бізге жұмбақ. Зерттеу жұмыстары көрсеткендей, Уанчакитода өлтірілген ұл-қыздар жақсы күтім көрген, аштық пен аурудан аман болған. Балдыр­ған тістерінің изотоптық сараптамасы олардың кең байтақ Чиму империясының түкпір-түкпірінен жиналғанын көрсетеді. Кей балалардың бас сүйектерінің арты қалыптан тыс сопақ. Бас сүйек пішінін әдейі­леп өзгерту тек шалғайдағы кей таулы аймақтарда ғана қолданылатын әдіс болған.

Қалай болғанда да, көп сауал жауапсыз қалып отыр. Балалар қандай отбасыдан шыққан? Ауқатты ма, әлде кедей ме? Мұны тек олармен бірге көмілген дүние арқылы білуге болады. Ал ол жоқ болса, мұның жауабын білу әсте мүмкін емес. Бұл рәсімнің салдарынан қанша отбасы тұяғынан айырылды? Олар балаларын төнген апаттан құтылу үшін өз еріктерімен берді ме, әлде беруге мәжбүр болды ма? Әзірге, археологтар үнсіз қалуға мәжбүр. Дегенмен, айғақ­таушы белгілер мен зерттеу дәлелдері оларға оқиға желісін қалыптастыруға көмектесуде.

Суретші өз туындысында Чиму жендетінің кезекті бүлдіршінді Уанчакито жаппай құрбандыққа шалу алаңында күтіп отырғанын бейнелеген. Архео­логтар рәсім кезінде балалардың байлаулы болғанына ешқандай дәлел таппады. Жазығы жоқ балапандардың сылбыр әрі бағынышты болулары үшін оларға жүгері сырасы – чича берілген болуы мүмкін екені айтылуда.

Қатқан балшықта қалған табан іздері мен таңбалардың сипаты құрбандық шалу аймағында ресми шерудің болғанынан хабар береді. Кішкентай ғана жалаң аяқ табан мен төрт аяқтылардың сүйретілген іздеріне қарап, Прието мен Верано құрбандар өз ырықтарынан тыс тірідей көрге тасталып, әдейі өлтірілген деген ойға еріксіз барады. Қалдықтарда құрт-құмырсқаның болмауы балалардың кебінге мұқият оралып, бірден ламалардың жанына көмілгендіктерін білдіреді.

Қорқынышты тапсырманың ауыр жүгі бастарына тиген соққыдан көз жұмып, аймақтың солтүстік тұсына көмілген қос әйелге түссе керек. Жақын маңдағы тас үйіндісінің астынан шалқасынан жерленген ересек ер кісінің қаңқасы да табылды. Оның ерекше етті сұлбасына қарап, археологтар «жендет  болуы мүмкін» деген тұжырым жасады.

Мұндай аса қымбат құрбандық көшкін тудыратын жауынның алдын ала алды ма? Мұның жауабын білу мүмкін емес, бірақ қанды оқиға империяның құлауы алдындағы қайғылы жылдарға үңілуге мүмкіндік береді.

«Бұл айырылатын дүниенің құны жоғары болса да, барыңды берудің мінсіз үлгісі! Осы жайт Чимудың сол кездегі, сол жердегі бейнесінен хабар береді», – дейді Бакстер.

Ондаған жылдардан кейін инк әскері Чан-чан қамалына келіп, Чимуды құлатады. Уанчанкитодағы археологиялық қазба жұмыстары аяқталып, арада бірнеше ай өткенде Прието Пампа-ла-Круз деген жерде тағы да басқа балалар мен ламалардың сансыз мазарын ашқанын хабарлады. Алып ағаш кіресімен ерекшеленетін бұл жер әлдебір биік төбешіктің келесі бос жатқан бетінде орналасқан. Мекен атауы да осыдан келген.

Сәл әріректе оңтүстіктегі жағалаудың бойы­нан Уанчанкито құрбандарының құрметіне салынған жаңа ескерткіш бой көтерген. Онда жәбір көрушілердің әрқайсысына арналып жеке-жеке отырғызылған пальма ағаштарының қақ ортасында жас бала мен ламаның мүсіні тұр. Осы күнге дейін Прието кеудесіне көлденең тілік жасалып, қарапайым кебінге оралған 132 чиму балаларының мәйітін тапты. Археологтың екі аймақтан тапқан құрбандарының жалпы саны 269 бала мен үш ересек адамға, сондай-ақ 466 ламаға жетті.

 

Пампа-ла-Крузтағы чиму ақсүйектерінің қабірлерінен сирек кездесетін суреттері бар мата табылды (1). Кішкентай құдайлармен қоршалған әрі құлақтары жүгері кейпінде бейнеленген – Зат құдайы (әдетте әр қолында зат ұстап бейнеленеді) тұғыр­дың үстінде тұр. Ағаштан ойылып жасалған аюға ұқсас мүсіндер адамдар мен құдайлардың бейнесін кескіндейді (2, 3, 4). Археологтар балалардың аз жәдігермен жерленгеніне аң-таң. Саптыаяқ ұстап тұрған мүсін (3) Уанчакитода табылған мынадай ыдыста жасалған (5) жүгері сырасы чичаны ұсынып тұрған болуы мүмкін.


Приетоның әлі толық ұғына алмай жүргені – төбе үстіндегі Моче заманынан қалып, теңізге қараған мазардың қалдықтарының ішінен қазылған тоғыз қабір.

Бұл қабірлерде де чиму балалары жерленген. Алайда олардың үстінде киімі, бастарында тотықұстың қанаты мен ағаш оюлармен безендірілген күрделі бас киімдері бар. Олардың ешқайсысының кеудесінде тілік жоқ. Біреуінің ғана бас сүйегі ауыр соққыдан болса керек, қатты зақымданған.

Мен қазба аймағында болған кезде Прието бұрын-соңды ешқандай археолог кездестірмеген, бір ұшында шылдырмағы бар үлкен мыстан жасалған пышақты қазып шығарды. «Құдайым-ау, мынау не?» – деді ол ойланбастан. Мұның осында жерленген балаларды өлтіруге қолданылған пышақ болуы мүмкін бе? Сұрақтың жауабы қызық әрі қорқынышты.

Прието жаппай қырып салудың логикалық мәні мен уәждемесін ұғуға тырысып бағуда. Бір күні түскі ас кезінде ол Чиму империясын жақсы жағынан көрсететін ескі оқиғаны айтып берді. Отаршылық жылнамаларда инк пен испан шабуылдарынан кейін қамауға алынған чиму басшысы Дон Антонио Ягуардың жаңа испан басқыншыларын баға жетпес қазына жасырылған құпия орынға бастап барғаны баяндалған.

Пампа-ла-Крузтан табылған әзірге алғашқы мыс пышақ. Оның ерекше шылдырмағы бар. Жендет іске кіріскенде пышақ үрейлі үн шығаратын болған. Баланың кеудесіндегі орталық сегмент (оң жақта) мінсіз екіге бөлінген. Бұл – жүйелі ойластырылған рәсімдік құрбан шалу үлгісінің айғағы.

Приетоның айтуынша, Уанчако аңызында Дон Антонио оларға peje chico, яғни шағын қазынаның орнын көрсеткен, ал peje grande әлі ашылмағаны баяндалған.

«Меніңше, peje grande бұл – балалар, өйт­кені­­ Чиму халқы үшін ең бағалы дүние – балалары, – дейді тәрелкесіндегі күрішті шанышқымен жеп, тауысқан Прието, – олардың жаны алтыннан да бағалы болғанына менің еш шүбәм жоқ».

Авторы: Кристин Ромей, фото: Роберт Кларк

 


Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля