..."/>
САЯХАТ

Барша адамзатқа ортақ ғибадатхана

Шымкенттің Абай ықшам ауданындағы Қылует жерасты мешіті қазақ жеріндегі турис­тердің жиі баратын орнына айналып келеді. Ел ішінде ол жерді «Қылует» жерасты мешіті деп атайды. Жер бетінен 7 метр тереңдіктегі мешіт жергілікті халықты айтпағанда, шетелдіктерге де жақсы таныс. Интернеттен ағылшын тілінде «Ethnomuseum Kazakhstan» деп терсеңіз болды осы мешіттің мекен-жайы шыға келеді.

Қылует мешітін Кендебай Қарабдалов есімді азамат тоғыз ай бойы бір өзі қазып шығып, қазақ жерінде XXI ғасырда алғаш рет ғибадатхана ашқан адам ретінде тарихта қалып отыр.

«Мен бұл жолға бірден түскенім жоқ. Кезінде мұғалім болдым, көлікпен жолаушы да тасыған кездерім аз болған жоқ. Бірде түсімде маған аян берілді. Ол кезде маған мешіттің қазіргі қалпы алдына ала елестейді. Содан жерасты қылуетін қазуды 2006 жылы бастадым», – дейді Кендебай Қарабдалов.

Қылует бірнеше бөлмеден тұрады. Оның ең төменгі бөлігінде «Махаббат бөлмесі» орналасса, одан кейінгі бөлме – мешіт. Ол жерде адамдар құран оқып, дұға-тілек жасай алады. «Жердің үстімен жүргенге қарағанда, жердің астында адамдар жауапкершілікті көбірек сезінетіні белгілі», – дейді Кендебай ақсақал. Үшінші бөлме «аспан мен жердің арасы» деп аталады. Алғашқыларына жарық білте шам немесе электр желісі арқылы берілсе, соңғы бөлмеге жарық төбедегі футбол добының көлеміндей ғана тесіктен түседі. Кендебай Қарабдалов сөзіне қарағанда, қазақ даласында 2005 жылға дейін 20 қылует болған.

Фото: Sasin Tipchai


Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля