..."/>
ЖАҢАЛЫҚТАР

Жоқ! Ұмытуға болмайды

Қазақстан Республикасының мәдени саясатын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында «Бейнелеу өнерін, декоративтік-қолданбалы өнерді, дизайнды, сәулетті шығармашылық кластер ретінде қарастыра отырып, оның көпшілік санасында халық пен уақыттың көрнекі бейнесі ретінде орын алатынын ескеру қажеттілігі, бұл ерекшелік ұлттық мәдени брендтерді жасау мен ілгерілетуде негізгі нысандардың бірі болып табылатындығы» айтылады.

Жуырда елордада өткен ҚР Ұлттық музейінде Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» және «Алаштың 100 жылдығы» арнайы медальдарының иегері, талантты суретші Алмас Сырғабайдың шығармашылық көрмесі мұның жарқын мысалы бола алады.

Ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарының рухына арналған жаңа көрме «Жоқ, ұмытуға болмайды!» деп аталған. Бас тақырыптағы алға ұмтылған жылқы бейнесін қызыл түсті қарға-құзғындардың қаумалауы қазақтың ұлттық азаттығы үшін басын өлімге тіккен Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның көркем бейнесін астарлы ишаралайды.

Суретшінің бояуы дегдіп үлгермеген жаңа туындыларын бұлайша атауында үлкен мағына жатыр: ХХ ғасырдың басы қазақ халқының жойылып кетуіне шақ қалған ең қасіретті кезеңі болатын.

Сол кездегі алаштық ояну – ұлттық ренессанс құбылысы, үш революциялық толқу, азамат соғысының дүрбелеңі, тұтас бір халықты жер бетінен жойып жібермек болған ашаршылық пен жаһандық соғыстар өрті, төрт мәрте жүргізілген репрессия толқыны – осылайша тасыр да тасмаңдай ғасырдың ең таңдаулы жиырма сәтіне назар аудартады.

Қазақ табалдырығынан бір қолында оқтаулы маузерімен аттап кіріп, керегені кескілеп, туырлықты тілгілеп, шаңырақты шайқалтқан қанды оқиғалар желісі ел-жұрттың көз жасын құрғатпаған күйінде жай отындай асқақ рухты Желтоқсанға дейін шеру тартады.

Ақ пен қара, қара мен қызыл, қызыл мен ақ, ақ пен қызыл: алмасқан түстер арқылы дәуір келбетін шынайы көрсетуден бөлек, зұлымдық пен ізгілік, жамандық пен жақсылық, қатыгездік пен жанашырлық, қорлық пен рахат, бақыт пен сорды бейнелеуде астарлы мағына жатыр.

Автор саяси қуғын-сүргіннің жан төзгісіз ауыр азаптарын бастан өткерген шерменде тағдырларды азалы бояуға шебер көшірген.

Алмас Сырғабай шендес­тіруге де шебер. Қоғалы көлдер, қом сулар – құтты қоныс болған қазақ даласының тыныш түнінде ай жылап тұр, түрме тозағын көрген аналардың бастары қосылып бір үлкен балбалтас құрайтын азалы бейнесі, жазықсыз жандардың қанын судай ағызған кесірлі жүйенің кеспірсіз жыландай ысылдауы, көртышқандар мен атжалмандар жайлаған ортада қу тізесін құшақтаған ана образы, іш құрылысын шынжырлап тастаса да айға атылған арғымақтың атойы, көне дүниеден үзілмей келе жатқан тарихымызды оқытпайтындай етіп балбалтастарды тікенекке орап тастауы – айта берсек көп, санасында саңылау бар барша адамзат баласына үлкен ой жүктейді.

Жиылған жұрттың көп тамашалағаны – тікенек сымдар тартылған құс ұясы мен ондағы жұмыртқа тағдыры. Астары терең, мағынасы зор инсталяциядан әркім өзінше ой алып, пікір сабақтары хақ. Балбал тастар дәуірінен бері біртұтас жүйе болып қалыптасқан қазақ шаңырағы, ұлттық отбасылық құндылықтар, этнопедагогиканың айнымас қағидаларының жат, бөтен пиғылдардың кесірінен ластануы, суық қолдардың килігуінің салдарынан өз ұясына, отбасына орала алмаған құс екеш құстың тағдыры арқылы ұлттық трагедияны шарықтау шегіне жеткізе алуымен автор шеберлігі айқындала түсті.

Әр сызықпен сөйлеткен сырлы суреттері мен иір-ирек ойларға жетелер инсталяциялары тамашалаушысына тарихтан сыр ұқтырып, болашақтың жарқын болуы үшін нағыз адамдық қалыпта бейбіт өмір кешуге шақырады.

Алмас Болатханұлы Сырғабаев 1979 жылы Алматы облысы Райымбек ауданында дүниеге келген. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін тәмамдаған. Республикалық «Ұлан» балалар мен жасөспірімдер газетінде көркемдеуші редактор болып қызмет жасаған.

Мұқағали Мақатаев өлеңдеріне «Когда, спять лебеди», «Райымбек! Райымбек» поэмаларына иллюстрациясы мен кітаптарын безендірген. «Диалог Еуразия» платформасының ұйымдастыруымен Түркия мемлекетінің үш қаласында (Ыстамбұл, Бурса, Измир) шығармашылық жеке көрмесі қойылды.

 

Мәтін: Заңғар Кәрімхан


Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля