Әлем тарихын өзгерткен жағалауларға деген 45 жылдық сүйіспеншілік.
Мен Нормандияға алғаш рет 1974 жылы аяқ бастым. Ол кезде мен 27 жастағы, Францияның президенттік сайлауын түсіріп жүрген жай ғана жаңалықтар фотографы едім. Менің сапарым одақтас әскердің әуеден түсу күнінің («Д-күні») 30 жылдығына тұспа-тұс келді. Француздардың америкалық ардагерлерді әлі күнге азат етушілер ретінде құрметпен қарсы алуы мені тәнті етті – екі ел арасындағы жылы қарым-қатынас бүгін де сақталып отыр.
Сол сапарымнан бері мен бұл жағалауларға кемінде он шақты рет оралғаным бар. Келіп кеткен сайын өткеннің өшіп кетуіне қарсы тұрған киелі жерге тамсанудан танбадым. Бірге өскен жігіттердей өте қарапайым көрінетін көптеген ардагермен кездесіп те үлгердім. Олардың бастан кешкені тұнып тұрған тарих. Әрбірінде бір-бір фильмге арқау болатын ерекше оқиға бары сөзсіз.
Мен адамдарға, әсіресе, жастарға өткеннің мән-маңызын, одақтастардың Францияны азат еткені әлемді қалай өзгерткенін фото тілімен жеткізіп, генерация арасында көпір құруды борышым деп білемін. ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде Лондоннан түнгі радиохабарын таратқан америкалық тілші Эдуард Марроуды баяғыдан пір тұтамын. Омаха жағажайында қыдырып жүрген кезімде смартфонымнан оның хабарын тыңдау арқылы 1944 жылдың маусым айында болған оқиғаны көз алдыма елестеткенді жақсы көремін.
Кей-кейде тарихты ұмыт қалдыратынымыз бар. Біздің естеліктеріміз ескіріп, шаң басады, ақыры кітап беттерінде құр сөздерге айналады. Бірақ Нормандияны дәл осындай тағдыр күтіп тұр деп айтуға аузым бармайды. Жас болсын, жасамыс болсын, Омаха жағажайында жүріп, тарихты сезіне алмаған жанды көрмедім.
Мақала мен фото авторы: Дэвид Бернетт