..."/>
ЗЕРТТЕУ

«Сүйгіш қоңыз іздеймін…»

АҚШ-та өлімшіл Trypanosoma cruzi паразитінің адамнан адамға жұғу оқиғасы сирек кездеседі. Алайда иттер бұл жағынан осал болып шықты. Жуырда жүргізілген зерттеуде жарылғыш заттарды іздейтін иттер Шагас ауруына тексерілді. Аурудың еш белгісі байқалмаса да, иттердің 7 пайызынан астамынан инфекция табылған. «Олардың жүректерін тексергенімізде, жүрек ауруы белгілерін байқадық», – дейді зерттеу директоры әрі Техас штатының A&M университеті жанындағы ветеринарлық медицина және биомедициналық ғылым колледжінің доценті Сара Хамер. Техас штатында да осы шамалас нәтиже шыққан. Ғалымдар адамдарға қарағанда иттерге көбірек қатер төніп тұрған болуы мүмкін деген қорытындыға келгенімен, инфекцияның иттерден адамдарға өту ықтималдығы өте төмен екен.

Бүкіл әлем бойынша 10 миллион, ал АҚШ-та шамамен 300 мың адамға инфекция жұқтырған жәндік туралы мәлімет неліктен аз?

Оңтүстік Америкада жүрген әпкемнің алма жеп өліп қала жаздағанын ұмыта қойған жоқпын. Бұл бала кезім еді.

Кейін белгілі болғанындай алма бұзылған болып шықты. Ондағы әлдебір жәндік әпкемді шағып алса керек. Нью-Йорктегі дәрігер Тиа әпкемнің кеселіне Шагас ауруы деген диагноз қойғандықтан оны бағып-қағуымызға тура келді. Оның кейінгі өмірі аурухана есігін тоздырумен өтті. Әпкемді ауруханаға әкеткені әлі көз алдымда. Бір аптадан кейін ол көз жұмды. Ол уақытта әпкем 59 жаста еді. Мен Шагас ауруы сирек кездесетін кесел деп ойлағам. Қателесіппін.

1909 жылы оны алғаш сипаттаған бразилиялық дәрігердің аты берілген Шагас ауруы бүгінде АҚШ-та кең етек жайғаны соншалық, ол тіпті Зика вирусын жолда қалдырады. Ал Батыс жартышарда Шагас індеті безгектен сегіз есе көп таралыпты.

Жыл сайын бұл кесел 10 мыңдай адамның өмірін жалмайды. Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының (АБААО) шамалауынша, АҚШ-та осы дертке шалдыққандардың саны 300 мың екен. Олардың көбі, әпкем сияқты, Оңтүстік не Орталық Америкада я болмаса Мексикадағы тұрмысы төмен отбасыларында туып-өскен. Олардың басым бөлігі Шагас ауруының өте айлакер микроорганизм – Trypanosoma cruzi деп аталатын паразиттен жұғатынынан бейхабар.

Ол адам ағзасына триатомид қандаласы деп аталатын жәндік арқылы өтеді. Ауруды бастапқы кезеңде емдеу оңай. Алайда дертке шалдыққандардың басым көпшілігі өздерінің науқас екенін кеш білетіндіктен толықтай емделіп шығатындардың саны бір пайызға да жетпейді. Паразит адам ағзасында өмір бойы ешбір белгі бермей тіршілік етуі мүмкін. Бірақ инфекция жұқтырғандардың 20-30 пайызының жүрегінде ақау болады. Шагаспен ауыратындар жүрек аритмиясы (қалыпты ырғағы бұзылған) мен сол жақ асқазанның аневризмасына шалдығады.

Бұл кеселдің тағы бір қорқынышты тұсы сол, T.cruzi плацентаға беріледі. Болжам бойынша АҚШ-та жылына шамамен 315 сәби осы індетпен дүниеге келеді екен.

Әпкем қайтыс болғаннан кейін мен көп ұзамай Колумбияның Богото қаласына бардым. Бұл 2014 жыл еді. «Сүйгіш қоңыз» (триатомид қандаласы) ауруын қырық жылдан астам уақыттан бері зерттеген Анд университетінің биологы Фелипе Гулға жүгіне отырып, бұл жәндіктердің үйде, көбіне, азық іздеп алысқа бармай-ақ, үйреншікті ортада тіршілік ететініне көз жеткіздім. Оның «жемтігі» адам, ит, кенгуру, опоссум мен коала секілді қалталы жануарлар не жанат та болуы мүмкін. Қандала құрбандарын таңдамайды әрі оның шаққан жері ауырмайды. Ондай зиянкестер Латын Америкасының ауылдық жерлеріндегі саз балшықтан тұрғызылған үйлердің қабырғаларында тіршілік етеді. Олар қоректенуге түн мезгілінде шығады. T.cruzi паразиті қандала шаққанда емес, одан қалған кішкене жараға жәндіктің фекалиясымен  бірге ағзаға енеді.

Гулдың айтуынша, Шагас ауруының тамырына балта шабу үшін тұмса табиғат туралы ұмытуымыз керек екен, ал ол әсте мүмкін емес. Бұл паразит ежелден бар. Гул мен халықаралық зерттеушілер тобы T.cruzi паразитін Перу мен Чили шөлдерінен табылған 9 мың жылдық мумияларда да бар екенін анықтаған.

Бала кезден Шагас ауруы туралы естіп өсіп, құбыжық қоңыз мені өлтіре алатынын білгендіктен болар мен оны көруге мүлде құлықты емес едім. Бірақ қорқынышыммен бетпе-бет келуіме тура келді. Бұл зиянкестермен мені Гулдың зерттеу жұмыстары бойынша көмекшісі таныстырды. Ол кезде күн ызғарлы болатын. Ол мені жарығы күңгірт, жанға жағымды жерге алып кірді.

Бөлмедегі шкаф сөресінде триатомид қандалалары салынған әйнек құтылары тұр. Жалпы өңі қаралау келген олардың кейбірінің қарын тұсында кәріптас оюлары бар. Rhodnius prolixus тәріздес кейбірінің ұзындығы шамамен екі сантиметр, Panstrongylus geniculatus сияқты басқалары одан да ұзынырақ екен. Сүйгіш қоңыздар қатты ашыққан кезде ұша да алады. Біз кіргенде олар жабық тұрған құтының аузына қарай өрмелей бастады. «Біз тамақ береді деп ойлап жатыр», – деді серігім.

АҚШ-та бұл ауруға жалпы шалдыққандар саны шамамен 300 мың адам болғанымен осы күнге дейін жергілікті қоңыздардан бұл вирусты жұқтырғандар саны 75 ғана. Ендеше сырттан келген Шагас ауруы туралы неліктен әлі күнге дейін аз білеміз? «Бұл кедейлердің ауруы», – дейді кардиолог Шеба Мейманди. Оның тобы Латын Америкасында туған 9 мың адамды осы ауру бойынша скринингтен өткізіпті. Инфекция жұқтырғандардың басым көпшілігінде өзге де бас қатырар мәселелер шаш етектен болып шықты. Иммиграциялық ахуал, диабет ауруы, жұмыстан айырылып қалу қаупі… Меймандидің пациенттері жүрек ауруы әбден асқынғанда келеді. Шагас адамнан адамға оңай жұқпайтындықтан, бұл кесел көбіне латынамерикалықтар арасында жиі кездеседі. Оның негізгі себебі – бейқамдық.

АҚШ азаматына тұрмысқа шыққан оңтүстікамерикалық Джанет басына түскен оқиғаға дейін Шагасқа мән бермей, еш тексерілмеген екен. Заң мектебінің түлегі тегін жарияламауды өтінді. Оның әкесі де сіңлісі де осы кеселді жұқтырыпты. 2015 жылы екінші ұлына жүкті болған кезде ол жансақтау бөліміне түсіп, отызыншы аптада дүниеге келген ұлында T.сruzi паразиті бары

анықталады. Шақалақтың салмағы небәрі 1,8 келі және жүрегінде тыртық ұлпасы бар болып шықты. «Балама паразитті жұқтырғанымды білгенімде төбемнен су құйып жібергендей күй кештім», – деді ол маған.

АҚШ-тың Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінің жаңа туған нәрестелерді скринингтен өткізу туралы нұсқаулығына Шагас ауруы енбесе де дәрігерлер Джанеттің ұлын емдей алды.

Безднидазол дәрісі инфекция жұққан балалардың сауығып кетуіне көмектесе алатындықтан 2017 жылы АҚШ-тың азық-түлік және дәрі-дәрмектерді қадағалау басқармасы аталған дәріні балаларға пайдалануға рұқсат берген. 1960-1970-ші жылдары ойлап табылған безднидазолдың хроникалық Шагас ауруы бар адамдарға кері әсер ететінін айтпағанда бұл расымен жақсы жаңалық. Шагас кеселін емдейтін басқа да дәрі бар, ол – нифуртимокс. Бірақ оның да өз шектеулері жоқ емес. Қалай болса да бұл кесел туралы мәлімет әлі де аз.

Мен әпкемнің уланған алма жеп, инфекция жұқтырды деген түсініктен әлдеқашан арылғанмын. Алайда шынайы көрініс бала кезімде мен ойлағаннан әлдеқайда күрделі болып шықты. Кедейшілік пен иммиграция, әлеуметтік мәселелер мен ғылым тоғысқан тұс екен бұл…

Дейзи Эрнандез «Төсегімнің астындағы бір кесе су: ғұмырнама» еңбегінің авторы. Ол Огайо штатындағы Майами университетінің доценті. Оның «Сүйгіш қоңыз іздеймін» деп аталатын кітабы жақында Tin House Books баспасынан жарық көрмек.

 

Авторы: Дейзи Эрнандез

 


Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля