Күн батқан соң дереу көлікке мініп, жауынның құйып тұрғанына қарамастан жолға шықтым. Арқандалған пілдердің жанынан өтіп, балшық жолменен бес сағат бұрын болған жерге қайтып келдім. Ол кезде қақ төбедегі шақырайып тұрған күнді елемеген туристер піл үстіне мініп, мәз-мейрам болып жүрген еді.
Әлеуметтік желілердің әсерінен экзотикалық жануарларды көзбен көру науқаны белең алып келеді.
Жол еміс-еміс қана көрінеді. Ағаш шарбақтың бағаны жолымды кесті. Жаңбыр суының бетон еденмен үш үлкен сұр аяқтың астына қарай ағып жатқанын көрдім. Төртінші аяқ еден үстінде көтеріліп тұр. Оған металл тікенді кісен тағылып, шынжыр байланған. Байғұс піл шаршап аяғын жерге қойған кезде тікендер тобығына батады.
Миина төрт жастан енді асты. Пілдің жасымен санағанда ол әлі бала. Оның махауты (бағушысы) Хаммон Конгхо маған Миина тебе беретіндіктен оған тікенді кісен тағып қойғанын айтқан болатын. Конгхо Тайландтың солтүстігіндегі Чиангмай қаласы маңындағы Майтаман піл бағында Миинаға оның 11 айлық кезінен бері қарап келеді. Ол кісенді күндіз ғана тағып, кешке алып тастайтынын айтқаны есімде. Бірақ қазір түн.
Осы түнгі сапарымда жанымда жүрген Майтаман қызметкері Джин Лаошеннен неліктен кісен әлі тағулы екенін сұрадым. Ол білмейтінін айтып, басын шайқады.
Майтаман турист қаптаған Чиангмайдың ішіндегі және айналасындағы көптеген аң бақтарының бірі. Адамдар пілдердің тұмсықтарына өрмелеп әлек. Махауттардың анкусы (ұшында үшкір металл ілмегі бар ұзын шыбық) бұйрығымен пілдер камералардың тырсылы астында әлгі туристерді тұмсықтарына отырғызып, жоғары көтереді. Олар дротик лақтырылғанын не үлкен футбол добы тебілгенін көру үшін махауттардың планетамыздағы ең ақылды жануарлардың бірін – пілдерді айдауға салғандарын тамашалайды.
Миина шоу көрсететін 10 пілдің бірі. Дәлірек айтқанда, ол суретші. Конгхо күніне екі рет қылқаламды Миинаның тұмсығының ұшына қыстырып, болат шегені оның бетіне басады. Сонда ғана піл негізгі бояуларды қағаз бетіне жаға бастайды. Көбіне ол Миинаға саваннадағы жабайы піл суретін салғызады. Артынша бұл суреттер туристерге сатылады.
Миинаның тағдыры Тайландтағы шамамен 3800 және Оңтүстік-шығыс Азиядағы басқа мыңдаған тұтқын пілдің өмірімен бірдей-ақ. Ол шамамен 10 жасқа дейін шоу көрсетеді. Содан кейін ол мінетін пілге айналады. Туристер оның арқасына байланған орындыққа жайғасып, күніне бірнеше мәрте серуендейтін болады. Миина 55-75 жас шамасында туристерді қыдыртуға халі жетпей қартайып не ауырып қалғанда ғана дүниемен қош айтысады. Бағы жанып жатса, ол бірнеше жыл зейнеткерліктің дәмін татуы мүмкін. Ол өмірінің көп бөлігін шынжырға байланған күйде қорада өткізеді.
Миинадай жануарларды көру үшін Майтаман сияқты жабайы табиғат өкілдерін көрсететін көрнекі орындар дүниенің әр түкпірінен келетін туристерді қызықтырады. Мұндай орындар үлкен қарқынмен дамып жатқан туризм индустриясының майшелпегі болып табылады. Он бес жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда шетелден келетіндер екі есе артқан.
Жабайы табиғат туризмі жаңа нәрсе емес, алайда әлеуметтік желілер бұл индустрияның отына көсеу салып отыр. Кезінде фотоальбоммен шектелген суреттер әлеуметтік желі арқылы жаппай таралады. Жаңа мыңжылдықта туылғандардың шамамен барлығы саяхаттау кезінде әлеуметтік желілерді пайдаланады. Олардың селфилерінен көптеген қызықты дүниелерді көруге болады. Бұл жануарларды жақыннан көруге шақыратын вирустық жарнама болып табылады.
Әлеуметтік желілер көріп-танысу мүмкіндігін берсе де, ол камера объективінің артында не болып жатқанын көрсетпейді. Адамдар, әдетте, жан-жануардың осы туристік мекендерде Миина сияқты не одан да мүшкіл халде тіршілік ететіндігінен хабарсыз.
Фотограф Кирстен Люс екеуміз гүлдене дамыған түрлі туристік орындардағы, соның ішінде жануарларға жақсы қарайтынын айтып қоймайтын жерлерде сол жануарларға қалай күтім көрсетіліп жатқанына перде түріп қарау үшін жолға шықтық.
Майтаманнан шыққаннан кейін бұратылған жолмен жоғары қарай көлікпен бес минут жүрдік. Келген жерімізде «Піл эко-даласы: мұнда пілдер сенімді қолда» деп жазылып тұр екен. Мұнда пілге мініп серуендеу қызметі де, шоу да ұсынылмайды. Келушілер ағаштармен қоршалған көкорай шалғынды далада пілдерді тек бақылай алады.
«Эко-даланың» меймандар дәптерін мақтау сөзбен толтырып тастапты. Мұнда олар шынжырсыз пілдерді көре алады және өздері этикалық принциптермен істейтін мекеме деп сенетін мекенге қолдау көрсеткендері үшін бұл жерден жақсы әсерде шығады. Көпшіліктің білмейтіні сол, «Эко-даладағы» пілдер бір күнге жақын жердегі Майтаманнан алдырылады. Іс жүзінде, екеуі де – бір бизнес.
Бір жолы мұнда Миина да әкелінген, бірақ ол орманға қашуға тырысты.
Миина Калампиджит – Майтаман мен «Эко-даланың» қожайыны. Ол батыстықтарға қызмет көрсету үшін 2017 жылдың қараша айында «Эко-даланы» ашқан. Айтуынша, оның қарауындағы 56 пілге жақсы күтім көрсетіледі, ал олардың арқасына адам отырғызып серуендету мен перформанстары қимыл үшін аса қажетті жаттығу болып табылады екен. Сондай-ақ ол махаут тікенді кісен таққалы бері Миина пілдің мінез-құлқы жақсарғанын айтады.
Кирстен екеуміз дүниежүзінде туристердің тұтқын жануарларды тамашалаған сәттеріне талай куә болғанбыз. Тайландта туристердің жолбарысты құшақтағандарын, ал Амазонка өзенінде жалқау аңның төлімен селфиге түскен жасөспірімдерді көрдік.
Көптеген туристер мұндай кездесулерді ұнатқанмен, сол ересек жолбарыстардың тырнақтары қағылып тасталатынынан да, оларға есірткі берілетінінен де хабарсыз. Болмаса, туристер үшін әрқашан еркелеткенді қалайтын мәулендер бар, өйткені бұл мысықтар тез көбейеді. Бірақ олардың туғаннан кейін бірнеше күнде-ақ анасынан тартып алынатынын да білмейміз біз. Ал адамды арқасында тасып, өнерін ортаға салып, шоу көрсетіп жүрген пілдердің бала кезден қамшының астында жүргенін біледі деп ойлайсыз ба бұл туристердің? Ал тірідей ауланып, бірнеше апта қамауда қалған амазониялық аңдардың көп жағдайда өлетінін сіз білесіз бе?
Ел аралап жүріп, жануарларға қандай күтім көрсетілетінін сұрағанымызда шындықпен үйлесе бермейтін жауап алатынбыз. Осылайша жануарлардың жапа шегіп жүргені жүйелі түрде жасырылатыны әшкере болатын.
Бұл индустрияның экономикасы көбіне адамдардың өздері тамашалаған, мінген не тамақтандырған жануарлардың осы тірлікті қызық көреді деген жалған түсінікке тәуелді.
Мұның табысты болуының бір сыры, туристердің, әдетте, өздерінің жануарлардың жанын қинап жатқан болуы мүмкін екенін ойламауында. Достар мен трендмейкерлердің соқыр жарнамалары жабайы табиғат аттракциондарына деген құмарлықты оятып жатыр. Осы проблемада әлеуметтік желілердің рөлі белгілі бір деңгейде мойындалды. 2017 жылдың желтоқсан айында National Geographic қоғамының зерттеуінен кейін Instagram жаңа функция енгізді: #slothselfie және #tigercubselfie тәріздес ондаған хэштектердің бірін басқан не іздеген пайдаланушыларға олар қарайтын контент жануарларға зиянды болуы мүмкін деген ескерту шығады.
Армандарды фотоға түсіретін ресейлік фотограф! Клиенттерін сирек кездесетін аң-құспен суретке түсіретін Ольга Баранцеваның инстаграм парақшасының биосында осылай деп жазылған. Оны осы танымал әлеуметтік желіден кез келген адам таба алады.
18 жасқа толған туған күніне орай Саша Белова фотограф Баранцеваның көмегімен бір топ қасқырмен фотосессияға түсті.
Бұл жолы Ольганың клиенттері бес адамнан құралған Кравцовтар отбасы. Бесеуі де бірдей дірілдеген күйі Степан есімді аюдың қасына барып тұрды.
Баранцеваның айтуынша бір-екі халықаралық басылым оған 2015 жылы шыққан кезде ол жұлдыз болып шыға келген. Сол кездері әлеуметтік желіде оған тіркелгендер саны 80 мың адамнан асып түсіпті. «Мен адамдар мен аңдар арасындағы гармонияны көрсеткім келеді», – дейді ол.
Күздің қара суық күнінде, екі жарым жасар Александр Левин Степанның табанын жасқана ұстап тұр.
Аю иелері Юрий мен Светлана Пантелеенко маймағын тунецпен еркелетеді. Осылайша бала оның қасына бара алады. Шырт және нәзік достық кадры дайын.
Пантелеенколар Степанды тамақтандырып, табандарын әрі-бері бұрып, қозғалтып отырады. Осы сәттерде Баранцова әрбір сәтті пайдаланып, Александраны суретке түсірумен болады. Шырт және Ресейдің ну орманындағы дәл бір ертегідегідей бала мен аю көрінісі оның инстаграм желісінде.
Тағы бір күні дәл сол орманда Кристен екеуміз 12 бойжеткенмен бірге фотоға түстік. Олардың инстаграмдағы фотоблогтары өте ұқсас. Модельдер үкі, қасқыр мен түлкілерді құшақтап, суретке түсе берген. Сылқым арулар Баранцева сияқты оған жазылғандар қатарын молайтуды ойлайды. Шын аю соның бір жолы. Ол үшін қыздардың әрқайсысы Пантелеенколарға 760 доллар төлепті.
Степанның жасы 26-да. Аю үшін егде жастағы аңымыз ауыр қозғалады. Пантелеенколардың айтуынша, олар Степанды үш айлық кезінде бір шағын зообақтан сатып алыпты. Ол сұранысы көп фото мен видеоның сәні мен мәні. Бұл оны асырауға қажетті ақша әкеледі екен.
Светлана Пантелеенконың инстаграм лентасындағы видеосында «Махаббат пен жақсы тағам кез келгенді қонжыққа айналдыра алады :-)» деп айтылады.
Дәл осылайша әлеуметтік желі жергілікті жануарлар туризмінің дербес бір мысалын алып, әлемге паш етеді.
Жылы «қара балық» деректі фильмі шыққаннан кейін ол Америка жұртшылығының жедел әрі шешімді реакциясын тудырды. Фильмде Флорида штатының «Теңіз әлемі» океанариумында тіршілік ететін байғұс касаткасы оқиғасы арқылы жыртқыш киттердің тұтқындағы мүшкіл халі жайлы айтылады. Оған барушылар қатары сиреп, акциялары құлдырап кетті.
Джеймс Риган «Қара балық» деректі фильмінде көрген нәрселерден көңілі қалғанын айтады. Мен онымен Dolphin Quest Oahu дельфинарийінде кездестім. Джеймс жұбайы екеуі бірге афалина дельфиндерінің шағын бір тобымен 30 минут жүзу үшін 225 АҚШ долларын төлеген. Dolphin Quest Oahu – Гавайдағы екі дельфинарийдің бірі, мұнда алты дельфин бар.
Афалиналар дүниежүзінде кең етек жайған бұл индустрияның негізі болып табылады. Қамауда ұсталатын және жабайы табиғаттан ауланып әкелінетін олар – дельфинмен жүзу қызметін ұсынатын мекемелердің негізгі табыс көзі. Олар бассейндерде тіршілік етіп, туристердің көңілін аулайды. Осындай ойын-сауық мекенінің танымалдылығы көпшіліктің дельфиндердің азап шеккен өмірін түсінбейтінін көрсетеді.
Кейти Риган бала кезінен дельфиндермен жүзгенді ұнатады екен. Ол комплекстің қонақүй аумағында болғанына дән риза, өйткені олар дельфиндерге қалай күтім көрсетіліп, тамақтандырылғанын көре алады. Жолдасы «Қара балық» деректі фильмі туралы қайтадан сөз қозғай бастағанда Кейти келіспеушілігін білдіріп: «Арманымды сұмдыққа айналдырмашы!» – деп қысқа қайырды.
Дельфинарий президенті әрі теңіз сүтқоректілері ветеринары Рая Стоун табиғат қорғау жобаларына қаражат бөлетінін және меймандарға теңіз сүтқоректілері кезігетін қауіп-қатерлер туралы ақпарат беретінін айтады.
Стоун Dolphin Quest дельфинарийі жануарлардың қауіпсіздігі және амандығымен айналысатын American Humane коммерциялық емес ұйымы тарапынан «Гуманистік мекеме» деп танылғанын тілге тиек етті (National Geographic қоғамының негізгі иесі Walt Disney компаниясы да Орланда штатындағы парктерінің бірі «Эпкоттаға» ұйымдастырылатын кейбір туристік экскурсияларында дельфинмен кездесуді ұсынады. Компанияның айтуынша олар дүниежүзі бойынша 230-дан астам мекемені аккредитациядан өткізген «Зообақтар мен океанариумдер ассоциациясы» коммерциялық емес ұйымының стандарттарын ұстанады).
Жоғары стандарттарға сай, ветеринарлардың қарауындағы, теңіз сүтқоректілері үшін шынымен гуманистік мекен бе деген сұрақ қызу пікірталас тудырады.
Dolphin Quest президенті Стоун бұл сұраққа «иә» деп жауап береді.
Ал сыншылар, соның ішінде дельфиндерді қамауда ұстауды қолдамайтын АҚШ Жануарларды қорғау қоғамы Стоунның бұл жауабымен келіспейді. Олар бұл мақұлықтың үлкен қашықтарға жүзуге және күрделі әлеуметтік топтарда тіршілік етуге жаратылған, мұндай шарттарды қоршаулы бассейн алмастыра алмайды деген уәж айтады.
АҚШ-тағы кейбір туристік орындар өз дельфиндерін өсіреді, өйткені мемлекет 1972 жылдан бері тұмса табиғаттан дельфин аулауға тыйым салған. Бірақ басқа жерлерде дельфиндер әлі де ауланып, қолға үйретілуде.
Қамауда ұсталатын жануарлардың күтімі туралы ешбір заңы жоқ Қытайда «әртістерін» жабайы табиғаттан аулап әкелетін дельфинарийлер бизнесі гүлденіп тұр: мұнда қазір 78 теңіз сүтқоректілері паркі бар және тағы 26 парктің құрылысы жүріп жатыр.
Қара теңіз дельфиндерін көру үшін Мәскеуден жүздеген шақырым қашықтықтағы, теңізден алыс Калуга тұрғындарына қаладан шығуына қажеті жоқ. «Торговый квартал» сауда орталығының көлік тұрағында ақ үрмелі аквариум бар. Бұл – Мәскеудің көшпелі дельфинарийі. Ол балалардың секіріп ойнайтын, түсі өңіп кеткен батутына ұқсайды.
Ең арзан билет орнының өзі су шашырайтындай аралықта. «Балаларым мәз-мейрам», – дейді бір келіншек.
Атойлаған атмосфераның ортасында өте таяз әрі өте лай көрінетін су бетінде сылбыр жүзген екі дельфин жүр.
Ресей – көшпелі дельфинарийлері бар санаулы елдердің бірі (тағы бірі – Индонезия). Дельфиндер мен белухалар сусыз өмір сүре алмайтындықтан бір қаладан екіншісіне тасу үшін оларды үлкен ванналарға салады. Олар өліп қалғанға дейін күндерін осылай көшумен өткізеді. Мұндай шоуларға шектеу жоқ, өйткені Ресейде теңіз сүтқоректілерінің күтімін реттейтін заңнамалық тәртіп қарастырылмаған.
Бұл шоу-бағдарламалар теңіз мақұлықтарын сататын Ресейдің жаһандық саудасын қыздырып тұр. Қара теңіздің афалиндерін аулауға заңмен тыйым салынған, алайда ресейлік балықшылар ақсеркелер мен косаткаларды заңмен бекітілген квота бойынша ғылыми зерттеу мақсатында аулай алады. Ел бойынша аквариумда өсірілетін бекіре балықтарының кей түрлерін сатуға заң рұқсат етеді. Ғылыми зерттеу мақсатында Ресейде жылына он екі не сол шамада косатка аулауға болады. 2018 жылдың сәуір айынан бері үкімет оларды экспорттауға тыйым салғанымен миллиондаған ақшаға сатуға болатын Ресей косаткалары заңсыз ауланып, Қытайға экспортталып жүр деген күдік жоқ емес мемлекеттік тергеушілерде.
Хауыздардағы косаткалар көшпелі шоу үшін тым үлкен. Оған, әдетте, дельфиндер мен ақсеркелер өнер көрсетеді. Мәскеу көшпелі дельфинарийі мен белухалардың шоу-бағдарламасы қожайындары Сергей Кузнецов пен Олег Белесиковке бөлек-бөлек қоңырау шалып, дельфиндер мен белухалар қайдан келетінін сұрағанымда екеуі де тұтқаны қоя салды.
Ресейдегі он шақты көшпелі дельфинарий жарнамасы мынаған саяды: өмірі мұхит көрмей өтуіңіз мүмкін болса, ең болмағанда оның өкілдеріне куә болыңыз!
«Біз болмасақ, кім көрсетеді?» – дейді көшпелі дельфинарийлердің бірінде істейтін Михаил Олешин.
Жабайы жануарларды пайдаланатын туристік орындардың иелері мен басшылары қолда асыраған аң-құс ұзағырақ өмір сүретінін айтады. Өйткені оларға жыртқыштар мен экологиялық факторлар қауіп төндірмейді-міс. Шоу қожайындары өздерінің күтіміндегі жануарлар өмір-бақи олармен бірге болатынын, олар бір отбасы екенін мақтана айтады.
Алла Азовцева Ресейде көп уақыттан бері дельфиндерді үйретумен келеді. Ол басын шайқап, былай деді: «Ар-ұятыңа қарсы шыққан оңай емес. Байғұс жануарларға қарап жылағым келеді». Қазіргі уақытта Анна «Москвариум» океанография және теңіз биологиясы орталығында пилот киттерді үйретіп жүр. Аталған орталық Еуропадағы ең үлкен дельфинарий б.т. (оның көшпелі дельфинарийлеріне еш қатысы жоқ).
Анна теңіз сүтқоректілеріне түрлі трюктер үйретуге 30 жыл өмірін арнаған. Алайда осы кәсіпте жүріп, ол жоғары интеллектуалдық, әлеуметтік жаратылыс иелерінің шағын ванналарда оқшауланған күйі мағынасыз тіршілік кешуге мәжбүр екенін түсінгенде жүрегі ауыратын жағдайға жеткен.
«Мен дельфиндердің ахуалын физикке көше сыпыртып қойған жағдайға теңер едім, – дейді ол, – өнер көрсету мен жаттығудан басқа кездері олар басын салбыратып суда жатады. Бұл өте үлкен күйзеліс».
«Ресейдегі көптеген аквариумдық шоулар туралы адамдардың білмейтіні сол, қолға түскеннен кейін, көбіне, олар ұзаққа шыдамай өліп қалады. Әсіресе, көшпелі шоуға қатысатындары», – дейді Анна. Москвариум емес, жалпы Ресейдегі осы индустрия туралы көсіле келе ол «әртістері» өлгеннен кейін ешкімге білдірмей әрі заңсыз түрде жаңаларымен ауыстыратын көптеген дельфинарийлерді білетінін айтты.
2003 жылдан бері Қара теңіз дельфиндерін ойын-сауық мақсаттарына аулауға тыйым салынған. Алайда, Азовцеваның ойынша, дельфиндерін тез әрі арзан бағаға көбейткісі келген дельфинарий қожайындары сол жақтан заңсыз ауланғандарын сатып алып, оны идентификациялайтын микрочипті өлгенінен алып, жаңасына таға салады.
«Адамның аты – адам, – дейді Азовцева, – олар бір мүмкіндік көрген кезде, оны пайдаланады». Анна өз ойын ашыққа шығаруға бел буыпты, өйткені ол адамдардың өздері сүйсіне тәнті боп жүрген көптеген теңіз сүтқоректілерінің қалай келетіні, қандай шарттарда ұсталатыны туралы шындықты білгендерін қалайды.
«Жұмыстан шығарса, шығара берсін, – дейді ол батыл түрде, – адамның артында түк қалмағанда ғана ол нағыз жанкешті болады».
Тайландтың Мьянмамен шекарасындағы Тай жақтың қыратты бөктеріндегі шексіз бассейннің шетінде отырмын. Бұл курорттық қонақүйдегі бөлменің бір түндік құны – бір мың доллар.
Судан шыққан пілдер көкорай шалғын жайылымды кезіп жүр. Қасымда отырған қыз – 20 жасар Стефани ван Хаутен. Оның космополиттік өмірбаяны мен ажарлы келбетінен-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Ол блоггер. Инстаграмда өте белсенді. Оған жазылғандар көп болғандықтан демеушілері де бар деген сөз. Ол жарнама жасау арқылы гардеробын жаңартып, банк шотын толтырып, көп саяхаттайды. 2018 жылы көптеген әлемдік брендтер әлеуметтік желілердегі белсенділер арқылы жарнамаға шамамен 1,6 млрд АҚШ долларын жұмсаған.
Ван Хаутен бұрын осы Anantara Golden Triangle Elephant Camp & Resort демалыс орнында болған. Бұл жолы ол блоггер ретінде шақырылған. Ол мұнда пілдермен пикник жасап, инстаграмда қатары көбейіп келе жатқан 25 мың адамнан асатын фоллоуерге пост жазады. Есесіне оған жүздеген доллар жеңілдік жасалады.
Көк жамылған Анантарада даласындағы шипажайда 22 пілдің көбі арқандалып тұр. Ұзындығы 30 метрден асатын арқанның арқасында олар айнала кезіп, бір-бірімен араласа алады. Десек те, олар келген қонақтарға өздерін ұстатып, қастарында йогамен айналысуға қарсы болмауы керек.
Мен Ван Хаутеннің жүздеген фотоларды қалай өңдегенін байқадым. Ол Боу есімді өзінің сүйікті пілімен түскен фотоны таңдап, оған «менің таңғажайып жаратылыс иесімен махаббат хикаям» деп пост жазып, #stopelephantriding хэштегін тіркеп қойды. Оған жазылғандар суретті ұнатып, пост дереу мыңнан астам «лайк» жинады. Пікір жазылып, жүрек көзді смайликтер қаптап кетті.
Анантараға байлар мен беделді блоггерлерден басқаларының қолы жете бермейді. Балама тәжірибені бастан өткергісі келген кез келген адам гуглдан айталық, «Тайланд піл қорығы» деп іздеп көрсе болады.
Туристердің жануарлармен этикалық тәжірибені бастан кешіп көруге деген сұраныстың артуымен пілдерді дәл жанынан көріп-араласу қызметін ұсынатын, көбіне, өздерін «қорық» деп атайтын анағұрлым қолжетімді мекемелер пайда болды. Пілдермен суға шомылу – туристер пілдерді балшыққа шомылдырады, өзенде үстеріне су шашады – сұранысы артқан қызмет түріне айналды. Көптеген демалыс орындары мұны пілге мініп серуендеу не піл көріністерін тамашалауға альтернатива ретінде ұсынады. Алайда үстіне мінгізе салатын не шоу қоятын пілдер сияқты, суға шомылатындары да айтқанға көнетін болуы үшін белгілі бір деңгейде таяқ тәрбиесін көреді.
Тайландтың шығысындағы шағын Бантакланг қалашығында қарапайым үйлер қызыл күрең жердің сәнін келтіріп тұр. Әрқайсысының алдында отырып-жатуға және теледидар қарауға арналған кең, бамбуктен жасалған тапшан бар.
Алайда менің бірінші байқағаным пілдер болды. Кей үйлерде біреуден болса, басқаларында бес пілге дейін бар. Пілдер брезент не металл шатыр астында болмаса ағаш көлеңкесінде көбіне бөлек-бөлек тұрды. Барлығына дерлік толарсағынан шынжырмен не тұсаумен – алдыңғы екі аяғына тағылған кісен – байланған.
Банталанг – пілдер ауылы деген атымен танымал. Бұл бүкіл Тайланд үшін піл үйретудің және сатудың нағыз орталығы.
«Үй пілдері», – дейді Сри Сомбун теледидарды өшіріп жатып. Ауладағы тапшанының алдында екі айлық піл төлі анасының айналасында ойнап жүр. Сомбун жолдың арғы бетіндегі, ағашқа байланған өзіне тиесілі үш жасар аталық пілді көрсетті. Ол тұмсығын шайқап тұр. Сыртынан қарағанда алжасып жатқандай.
Сумбуннің айтуынша, ол үйретіліп жатыр екен және сурет салуы жақсара бастапты. Ол сатылып кетті десе де болады. Тағы кішкенеден кейін ол оңтүстіктегі туристік орындардың біріне «жұмысқа орналасады».
Тайландағы 2800 тұтқын пілдің жартысынан астамы осы Банталанг пен Сурин провинциясындағы оны қоршаған өңірден шыққан. Туристер ағылып келе бастаған кезден көп уақыт бұрын ол піл саудасының орталығы болатын. Жабайы табиғаттан ауланған бұл алыптар ағаш тасуға үйретілетін. Қазір, жыл сайын қараша айында провинцияның басты қаласы Суринде жүздеген піл көрмеге шығарылып, саудаланады.
Бір күні кешкісін мен Джаккраван Хомбуал мен Ванчай Салангаммен бірге отырдым. Екеуі де 33-те және бала кезден дос. Бантаклангтегі адамдардың жартысына жуығы, солардың қатарында Хомбуал да бар, піл ұстамайды. Олар бала пілді асырап, турист көңілін көтеруді үйреткендері үшін бай-бағлан піл ұстаушылардан азын-аулақ ақша алады. Түн жамылысымен айналамызда мыңдаған термиттер қаптап кетті. Олар тапшан үстіндегі жалғыз шамға үйіріліп қалыпты. Әңгімеміз пілді үйрету тақырыбына ауысты.
Phajaan – бұл бірнеше аптаға дейін жалғасуы мүмкін пілдің рухын басып, қолға үйретудің дәстүрлі әрі қатыгез процесі. Тайланд пен Оңтүстік-шығыс Азияда жабайы пілдерді үйрету үшін баяғыдан осы әдіс қолданылып келеді. Жер бетін басып жүрген елдегі ең үлкен сүтқоректі мұны әлі күнге дейін бастан кешіруде. «Пхаджаннан» өтетін пілдер арқанмен байланып, тар ағаш қапасқа қамалады. Қолға әбден үйрету үшін оған тамақ бермей, қайта-қайта ілмек, шеге және балғамен ұрып қорлайды. 2012 жылдан бері үкімет елге әкелінетін пілдердің негізгі көзі – көршілес Мьянмадан заңсыз піл импортына қатаң шаралар қолданып келеді.
Мен олардан қолда туған піл төлінің сағын сындырып, қалай үйретілетінін сұрадым. Олардың айтуынша, шамамен екі жасқа келгенде махауттар анасын ағашқа байлап, бала пілді бөліп әкетеді. Бір-бірінен ажырағаннан кейін бала піл оқшауланады. Құлағын ілмекпен ұрып қинау арқылы олар оған бұйрықты орындауды үйретеді: солға, оңға, бұрылу, тоқтау. Салангамның айтуынша, үстіне отырғызуды үйрету үшін пілдің алдыңғы аяқтары байланады. Бір махаут ілмекпен арқасынан ұрып, екіншісі алдыңғы аяқтарға байланған арқанды тартады екен. «Пілді тәрбиелеу үшін ілмекті пайдалану керек, осылайша ол неден қорқу керектігін білетін болады», – дейді ол.
Адам жанының қиналғанын біз боздау, қалтылдау, бақырып жылау мен ащы дауыс шығару сияқты жалпыға ортақ белгілер бойынша анықтаймыз. Жануарларда мұндай белгі жоқ. Көптеген жануарлардың көз жасы безі болмайды. Көптеген мақұлықтар, мысалы, ауланатын аңдар жыртқыштарға осал көрінбеуі үшін инстинктивті түрде ауырғанын жасырады. Жан-жануардың жаны қиналғанын түсіну қиын, көп жағдайда, мүмкін емес.
Бірақ олардың ауырғанды сезетіні екі бастан белгілі. Барлық сүтқоректілердің нейроанатомиясы ұқсас келеді. Құс, бауырмен жорғалаушы мен қосмекенділердің бәрінде ауруды сезетін рецепторлары болады. Жуырда ғана жаңа туған сәбилерге қарағанда балықтардың ауырғанды көбірек сезетіні белгілі болды. Төрт жастағы адам баласы денесін шымшығанда айқайлау арқылы ауырғанын білдіреді. Төрт жастағы піл аяғы ауада дірілдеп, жаңбыр астында тұра береді.
Дүниежүзі бойынша үнсіз қиналатын барлық жануарлардың ішінен маған маза бермей жүрген екеуі бар.
Екеуі де Бангкоктен 25 шақырымдай жердегі Самутпракан қолтырауын фермасында күнелтіп жүр. Біреуі төрт жастағы Глуай Хом есімді піл болса, екіншісі Хай Хем есімді қартайған жолбарыс. Оның жасы 22-де. Піл стадион астында, үлкен мысық өмірін фото-студияда қысқа шынжырмен байланған күйде өткізді. Екеуінен де жан қиналысының анық белгілері байқалады: басында үлкен қанаған жарасы бар алыптың көздері артқа қарай айналған, ісініп кеткен бір аяғын көтере беріп ол әбден шалдығып, бүгіліп тұр. Ал жолбарыстың парадонтальдық абсцесінің асқынғаны сонша, жағының төменгі бөлігін инфекция жеп қойған.
Бұл орынның қожайыны Утен Янгпаракорнге осы жануарлар туралы сұрау үшін хабарласқанымда олардың өліп қалмай жүргендері оларға мұнда жақсы күтім көрсетілетінін айғақтайды деп жауап қатты. Артынша сотқа шағымданатынын айтып, сес көрсетті.
Кирстен екеуміз Тайландтан оралғаннан кейін Бангкокте тұратын тайландтық аудармашымыз Рин Джиренуваттан Хом мен Хемнің жағдайын тексеруді өтіндік. Ол Самутпракан фермасына барып сағаттар бойы фото-видео жібере отырып, оларды бақылады. Алты ай өтсе де піл тірі болып шықты. Ол сол күйі аяғы табиғи емес қалыпта бүгіліп тұр екен. Қасындағы пілдердің құр сүлдері қалған. Жолбарыс та шынжырға байланған күйі қараңғы бұрыштағы еденде жатыр. Адамдар келген кезде ол шынжырын сылдырлатып, кері бұрылады екен.
Авторы: Наташа Дейли, фото: Кирстен Люс
Наташа Дейли National Geographic журналының тілшісі әрі редакторы. Кирстен Люс Нью-Йоркте тұратын фрилансер-фотограф. Олар осы мақаланы жазу үшін алты елді аралап шықты.