Сержант Вимбай Кумаяның телефонында өлі леопардтың суреті бар.
Шоқалақ жолда секірген жүк көлігінің рөлінде келе жатып, Кумая суреттен көзін алмайды. Дала мысығының мойыны осылған, ал қан-қан сирақтары салбырап тұр. «Бұл жұмысқа дейін жануарлар туралы ойламайтынмын», – деді ол.
Қазір Кумая 33-те, тек әйелдерден тұратын «Акашинга» жабайы табиғат рейнджерлер командасы аңдарды көзінің қарашығындай қорғауға алған санаулы ұйымдардың бірі. Бұл орман сақшылары Халықаралық браконьерлерге қарсы коммерциялық емес қорға қарайды. Олар Зимбабведегі Фундунду тұмса табиғат аумағын (300 км²) қадағалайды. Бұл – Замбези алқабындағы бұрынғы трофейлік аң аулау аумағы. «Акашинга» (шона тілінде «батыл», «ержүрек» деген мағына береді) 29 елдімекенмен шектесетін Фундундуды күзетеді. Ауылдардың қорыққа тым жақын орналасуын қаламаған қақтығыстар да жиі болып тұрады. Кумая леопардтың қатысы бар сондай бір мәселені шешуге бет алып барады.
Оқиға орнына жеткен Кумая ашуға мінген нөпір адамның арасына енді. Жараланған он жігіт ілби баса алға шықты. Біреуінің жағы таңылған, келесісінің қолы қан матамен оралған. Қалған сегізі Кумаяның айналасында денелеріне түскен сызат пен жырықтарын сипап тұр.
Қорық қызметкерлері леопардтың өлігін алып, жігіттердің өздеріне айып таққанда, көпшілік ашуға мінді. Жараланғандар жабайы мысықтың тап бергенін алға тартып еді, рейнджерлер болмашы жараларына қарап, «қорғандық» деген уәждеріне сенбеді. Жабайы жануарларды рұқсатсыз өлтіру – қылмыстық жаза. Алайда леопардтың терісі, тістері, тырнағы мен сүйегі қара базарда жүздеген долларға бағаланады, Зимбабвенің жұтаң экономикасында бұл бір айлық жалақыға тең.
Өлген леопардқа қатысты оқиғаны тіркеген соң, команданың ендігі миссиясы – тұмса табиғат пен адам арасындағы гармонияға жету жолдарын түсіндіру. Әйелдер жараланғандарды жергілікті емханаға апару үшін жүк көліктеріне отырғызуда.
Бұндай көріністер Акашинга миссиясының маңызды бөлшегі, ал мұндай жағдайлар оның негізін қалаушы, бұрынғы арнайы жасақ сарбазы, он жылдан астам Зимбабведе рейнджерлерді жаттықтырып жүрген австралиялық Дэмиен Мандерға да етене таныс. Оның Ирактан жиған тәжірибесі, Африканың браконьерлерімен шайқасы оған бір нәрсені үйретті: адамдар арасындағы татулық болмай, жабайы табиғатқа деген көзқарас түзелмей қоғамның етене араласып, өз үлесін қосуы екіталай.
Осы жергілікті менталитетті ұстанған Мандер «Акашинга» қатарын толықтыру үшін Фундунду төңірегіндегі ауылдарға, оның ішінде әйелдер қауымына бет бұрды. Ер рейнджерлерді жылдар бойы жаттықтырғаннан кейін ол кей жағдайларда бұл іске әйелдердің бейім келетінін түсінді. Олар браконьерлерден пара алуға әуес емес әрі орын алатын кей қақтығыс кезінде шиеленісті шешуде шебер екенін түсінді. Қандықол браконьер қолынан қаза тапқаннан гөрі аң-құстың аман-сау болғаны әлдеқайда құнды деген негізгі қағиданы ұстанады рейнджерлер.
Мандер жетім балаларды, жыныстық не тұрмыстық зорлық-зомбылықты бастан кешірген әйелдерді іздестірді. Күйеуі екі қызымен тастап кеткен соң Кумая оның жасағына қосылды. Жәбір көрген аңдарды жан жарасы бар әйелден артық кім қорғай алады деп ойлады Мандер. Малмаңдай су болған, тоңған, қарны ашқан, қалжыраған күйлерінде командада жұмыс жасау қабілетін анықтау үшін әйелдерді үздіксіз үш күн жаттықтырып, арнайы бөлімшені дайындауға арналған іріктеу курсының үлгісін жасады. Бағдарламаны толық оқып шығуы үшін курсты бастаған 37 бикештің 16-сы іріктеліп алынды. Оның үшеуі ғана оқуды тастап кетті. Біршама уақыт бұрын Мандер 189 жігітке осы секілді курсты жүргізген. Алғашқы күннің соңында үшеуінен басқасы кетіп қалды. «Біздер әйелдерді тозаққа тоғытқандай күй кешіп едік, – деді Мандер, – сөйтсек, олар оны өткеріп келген екен».
Келесі күні әйелдер таңғы астарын ішіп жатқанда Мандер алдағы түні болатын екі рейд бойынша қысқаша нұсқау берді. Ақпар бойынша, лицензиясы жоқ әлдебіреу аң атып жүрген көрінеді, тағы бір күдікті үйінде леопард терісін сатуға талпыныс жасап жүр екен.
Өз міндетін пысықтаған таңғы дайындықтан кейін Мандер рөлді тізгіндеп, төрт рейнджер мен рейдті бақылайтын полиция қызметкерімен жолға шықты.
Түн жарымында олар браконьердің үйіне жетті. Рейнджерлер көліктен атып түсіп, өз позицияларына орналасты. Күдікті оларды ішке кіргізгенде олар үйден антилопаның түріне жататын кекілбас киіктің кептірілген бірнеше терісін табады. Үй иесі кісенделіп, көлікке отырғызылды.
Рейнджерлер тәулік бойы көз ілмегеніне қарамастан, леопард терісін сатып жүргені әлі қолға түскен жоқ. «Біз шаршаған жоқпыз, – дейді Кумая, – жұмысымызды аяқтамай, шаршауға қақымыз жоқ».
Келесі күні олар леопард пен пілді өлтірген екі адамды қамауға алады. Бірнеше сағат ішінде олар браконьер құрған көптеген тұзақтарды жойып, күзеттерін жалғастырады. Осы секілді нәтижелер Мандер түйсігінің дұрыс болғанын дәлелдейді. «Мұндай әйелдер әлемді өзгерте алады», – дейді ол.
Авторы: Линдсай Эн Смит, фото: Брэнд Стэртон