Дәм тартып, аяқ астынан Грузияға сапар шектік. Жаздың аптап ыстығынан жалығып жүргенде бұл бір керемет дүние болды. Күн бесіннен ауа ұшағымыз Қап тауын қаптай өтіп, Тбилисиге бауырын төседі. Қазақстандық бір топ журналистер мен блогерлерді Грузия Туризм ұлттық әкімшілігінің ресми өкілдері әуежайда күтіп тұр екен. Грузинше білетін жалғыз сөзім – «Гамарджобаны» (Сәлеметсіз бе!) меймандос әріптестерге жаудырып кеп жібердім. Қазақстандықтарды қарсы алып, шығарып салып үйренген Торнике Очигава есімді грузин жігіті де (кейін ол кісімен әбден дос болып кеттік) «Салам алейкум» деп қояды қос қолын қатар ұсынып жатып.
Өз басым Грузияға алғаш аяқ тигізіп тұрмын. Бұрын қалай болғанын білмеймін, сондықтан ештемесін салыстырып айта да алмаймын. Алайда «Грузиндер қатты өзгеріпті», «Батысша дамып жатыр екен», «Полицейлері пара алмайды екен» деген сынды сөздерді қанша естіп жүрсем де, санамның терең түпкірінде «әй, бәрібір өзіміздің ар жақ, бер жағымыздағы посткеңестік ел шығар» деп ойлайтынмын. Қатты қателесіппін. Бұл жерден сіз Азиядағы Еуропаны көресіз десем, бір мысқал да артық айтқан болмас едім. Мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі, рухы бізден әлдеқайда алыстап кеткен ел екен. Тіпті, бір кездері Кеңестің тар ноқтасына бастары қалай сыйғанына таңым бар. Бізді Тбилисидің орталық алаңына жақын маңдағы бесжұлдызды қонақүйге жайғастырды. Иә, кәдімгі ереуілдер кезінде, халыққа лық толатын «Бостандық алаңының» жанында жатырмыз. Шақырушы тарап қонақжайлықтың жарқын үлгісін көрсетіп бағуда. Алғашқы күні Тбилиси маңындағы Мтацминда паркін («Киелі тау» деген мағына береді) көрдік. 32-38 градус көлбеу қозғалатын вагонмен 500 метр биік тау жотасына көтерілдік. Алматының Көктөбесіне ұқсас жер екен. Бірнеше ғасырлық тарихы бар көне «Верико» мейрамханасынан ас-су іштік. Айтары жоқ, алғашқы күніміз аса жақсы өтті. Мақаланың осы тұсында бұл сапарды ұйымдастырған Эйр-Астана ұлттық әуе компаниясы мен Грузияның ұлттық туризм әкімшілігіне алғыс айту этикалық норманың ең ізгі әдебіне жататын шығар деп ойлаймын…
Ал Мцатминда жотасында орналасқан «Нариқала» қорғаны – Тбилисидің «жүрегі һәм жаны» саналады. «Нариқала» сөзінің өзі моңғол немесе көне түркі тілінен енген болуы мүмкін деген де болжам бар екен. Менің құлағыма бұл сөздің грузин тіліндегі транскрипциясы «Нарин-қала» болып естілді. Аудармасын сұрағанымда, жолбасшымнан: «грузин тілінде нақты мағынасы жоқ, бірақ мынаған саяды», – деген ұзақтау жауап алдым. «Қазақстанда да табиғаты таулы осыған ұқсас Нарынқол деп аталатын жер бар», – дедім мен. Шынымен де, бұл екеуінің арасында қандай да бір байланыс бар ма екен? Ол-дағы бір зерттеуге тұратын қызық тақырып сияқты.
Осы таудан еңсесі 22 метрлік «Грузия Анасы» ескерткіші менмұндалайды. Ол Тбилисидің ту биігіне шығып, алысқа көз тастаған кейуана кейпінде бейнеленген. Мүсінші – Элгуджа Амашукели оны қаланың 1500 жылдығына орай 1958 жылы жасап, сол үшін Мемлекеттік сыйлық алыпты. «Грузия Анасы» бір қолына – сусын құйылған кесе, бір қолына – қылыш ұстап тұр. Оның сыры «Егер бізге достық ниетпен келсең, қонағымыз етіп төбемізге көтереміз, ал қастық пиғылың болса, мына қылыштан ажал табасың!» деп түсіндіріледі.
Грузин рухы
Төбесі толған қорған, қойнауы толған орман Грузин жерін ары қарай да бірнеше күн араладық. Жолбасшыларымыз Мака мен Торнике аңқылдаған жақсы жандар екен. Білмейтіндері жоқ, көзге көрінген нәрсенің бәрінің тарихын айта жөнеледі. Ал ең бастысы, олардың Грузияны шексіз сүйетіндігі әр сөз, әр іс-әрекетінен көрініп тұрды.
Мака Макатсария – қызуқанды грузин қызы өзінің туып-өсіп, балалық бал күндері өткен жері қазір оккупанттардың қолында қалғанын айтып, ауық-ауық мұңая күрсініп жүрді. Сан себептермен сөзін түгел айта алмаса да оның тұңғиық жанарынан көп нәрсені аңғаруға болар еді… «Грузиядан қандай сыйлық алып кеткіңіз келеді? Меніңше сіз бір нәрсені анық алып кете аласыз, – деді Мака. – Ол – грузин рухы. Соны өзіңізбен міндетті түрде еліңізге ала барыңыз!».
Біз бірнеше күннен кейін Қазбек шыңына шығып бара жатқанымызда да Мака «анау таулардың ар жағында менің туған жерім жатыр» деп, мұң аралас отты жанары асу асқан бұлттарды қимай шығарып салып тұрды. Менің жүрегім ауырып кетті…
«Барбарест» мейрамханасы
1914 жылы Барбара Джорджадзе атты әйел кісі грузин тағамдарының алғашқы кулинарлық рецебі кітабын жазыпты. Онда 800-ден астам тағамның аты-жөні, жасалу технологиясы баяндалады. Кеңестік идеологтар бұндай мазмұндағы әдебиеттерді әдейілеп жойып жіберіп отырған. Сондықтан бұл кітап ізсіз жоғалды деп саналып келген еді. Алайда осыдан бірнеше жыл ғана бұрын сол кітаптың бір данасы кездейсоқ жағдайда табылады. Ол дереу ағылшын тіліне аударылып, мамандар ондағы ас мәзірлерін қайта жаңғыртыпты. Нәтижесінде кейбір мүлдем ұмытылып кеткен тағам түрлері дастарханға қойылып, грузин мәдениетінің игілігіне айналады. Іскер азамат Андреа Кураспебианидің отбасы Барбара ханымның құрметіне Тбилисидің ортасынан «Барбарест» деген мейрамхана ашыпты. Іші шетелдік туристерге лық толы екен. Ол жерден тәтті соуспен бұқтырылған ханбалық етін жеу бақыты бізге де бұйырды.
Халал асханалар көбейіп жатыр
«Тбилиси 40 рет жермен жексен болып, 40 рет қайта жаңғырған», – деді Торнике. Бәлкім солай да шығар?.. Еуропа мен Азияның арасын жалғағандықтан мұнда әр түрлі мәдениеттің әсері байқалады.
Әйгілі Орта Азиялық қолбасшы Жалал ад-дин Мәңгіберді бірнеше рет жаулаған Тбилисиде шығыс стиліндегі архитектуралық ғимараттар әлі күнге сақталып қалыпты. Солардың бірі – Шығыс моншасы. Оның күкірт аралас арасан суының атағы алысқа жайылған. Ең ғажабы, бұл монша әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Уақыт тығыздығына байланысты оған барып түсе алмай кеткеніме өкінемін. Моншаның тау жағына қарай Тбилисидегі жалғыз мұсылман мешітінің мұнарасы көрінеді.
Грузияға келген қандастарымыздың ең әуелі қиналатыны асхана болуы мүмкін деп ойлағам. Себебі, грузиндер талпақ танау етін жейтін ел ғой. Алайда кейінгі кездері Иран, Израил (еврейлер де шошқа етін жемейді), араб елдерінен келген туристердің көбейгені соншалық, мұнда халал асханалар мен мейрамханалар қанат жайып үлгеріпті. Тбилисиде мені нихаб киген туристердің ерекше көптігі таңғалдырды. «Ресейліктер келмей қалды-ау» деп қапаланған грузиндер жоқ. Есесіне ағылшын, арабтілді туристер иін тіресіп жүр. Қазбек шыңына асар ауда – тау үстінде «Халал» деген жазуы бар дәмханалар тұрды. Көпшілігінің иесі әзірбайжан, түрік, өзбек ұлтының өкілдері. «Неге біздің қазақ жігіттері осында келіп ресторандарын ашып қоймайды екен» деген ой санамда жылт ете қалды.
Жалпы Грузия жері қазақ туристері үшін қолайлы бағыттардың бірі болып саналады. Біріншіден, жақын. Шамамен 4 сағатта ұшып жетіп барасыз. 2 сағаттық қана уақыт айырмашылығы бар. Екіншіден, сырымыз да, мұңымыз да ұқсас.
Үшіншіден, басқа елдерге қарағанда бағасы қолжетімді. Парктер мен музейлерге кіру билеті шамамен – 3-5 лари. (Бір лари – 150 теңге). Туризм саласында қызмет ететіндердің көпшілігі орта буыннан жоғарғылар болғандықтан, көпшілігі орысша жақсы біледі. Алайда жасөспірімдер орыс тілін түсінбейді десе де болады. Боржомиге барар жолда өзен жағалай жүгіріп бара жатқан бір топ баланы тоқтатып, әңгімеге тартпақ болдым. Арасында бір де бірі орысша түсінбеді, есесіне ағылшынша ағып тұр екен.
Инжир шатқалы мен ондағы сарқырама, Шығыс моншасы, Нарикале шоқысындағы «Грузия Ана» ескерткіші, аспалы жол, әйгілі Резо Габриадзе режиссердің күн сайын сағат 12-00-де ашылатын қуыршақ мұнарасы, «Құрғақ» аталып кеткен көпір үстіндегі жайма базар, Грузияның ежелгі астанасы Мцхета қаласы, Мцхет кафедралдық соборы, Әскери стратегиялық маңызы бар Гория (Сталин сонда туған) қаласы, Тастан қашалған Уплесциха қаласы – осының бәрі Тбилисиге барсаңыз, тамашалауға тұратын орындар. Өз басым осының бәрін егер тағы бір қайтара көру мүмкіндігі болса, жібермес едім. Грузиндер христиандыққа дейін зороастризм дінін ұстанған. Сондықтан ол дәуірдің ескерткіштері де мұнда жетіп артылады.
«Қазақтарды өз бауырымыздай көреміз»
Грузияның бұрынғы Мәдени мұралар министрі Николас Вачеишвили мырзаны жүзім суғарып жүрген жерінен «ұстап алдым». Өте қонақжай жан екен. Қарапайым бір ауылда тұрады. Үйіне шақырып, бізді аста-төк қонақ етті. Грузин халқының жүзім өсіру бойынша ұмыт болған 6 көне технологиясын тірілтіп отыр.
Боржоми курортты қаласын қақ жарып, Боржомула өзені ағып жатыр. Ұйымдастырушылар бізді мұнда 7 жұлдызды қонақүйге орналастырды. Кеңестік үлгідегі қолапайсыз санаторийлердің жұмысы толық тоқтатылып, орнына осындай ем-шараның барлық түрін көрсететін заманауи қонақүйлер салыныпты. 2 орынды қонақүй бағасы – 140 доллар. Егер 7 күннен көбірек аялдасаңыз, ем-шараның барлық түрі тегін көрсетіледі. Біз тоқтаған жерден 3-4 шақырым тауға қарай ыстық «жабайы арасан» бар екенін білдік. Жергілікті адамдардың айтуынша, ең таза, ең шипалы су сонда көрінеді. Осынша жерден келіп тұрып оған түспей кетсек, саяхатшы атымызға сын емес пе, таңғы сағат 5-те тұра салып әлгі жерге әріптестермен бірге тартып отырдық. Шатқалдың бұралаң жолымен жаяу жортып отырып 40 минут дегенде оған жеттік. Айналасын абаттандырып, хауыз жасап қойған екен, кассаға 5 лариді лақтырып жіберіп (800 теңгедей) хауызға сүңгідім де кеттім.
Шомылып жүргенімде бір грузин кісі қайдан келгенімді сұрады. «Қазақстаннанмын» дедім. «Бәрекелде! Әскерде Қиыр Шығыста қазақтармен бірге болдым. Ғажап жігіттер еді. Біздің мінезіміз бір-бірімізге ұқсайды ғой білесіз бе? Посткеңестік елдердің ішінде біз қазақтарды өзімізге жақын санаймыз. Алматыны жақсы көреміз. Амандықтарыңызды тілейміз», – деп ағынан жарылып жатты әлгі кісі.
Жер астынан қайнап шыққан (+38 градус) шипалы су денеңді балбыратып, буыныңды босатып тастайды. Бір кезде арасан суы қып-қызыл қанға боялып кетті. Мұнысы несі? «Бәлкім, бұл да бір жаратылыстың құдіреті шығар» деп қоям. О, тоба! Сөйтсем судағы өз қаным екен, мұрнымнан дірдектеп ағып «боржомимен» араласып жатыр. Хауыздан атып шығып, суық суға жүгірдім. Әлгінде тереңге сүңгігенде қатты бірдеңеге мұрнымның үстіңгі терісін аямай жырып алыппын. Ыстық судың ішінде дененің ауырғаны білінбейді екен ғой, шомылып жүре бергем. Қатты ауырмағанымен әп-сәтте дөңкиіп ісіп шыға келді. Оған қарауға уақыт жоқ. Қанды тоқтатып, пластырь жабыстырып қойдым да қайта сүңгідім. Осылайша, Грузиядан наркескен намысы бар, рухы биік тау халқына мұрнымызбен де ұқсап қайттық.
Грузияға қалай баруға болады?
Астана мен Алматыдан «Эйр Астананың» бірнеше ұшағы күн сайын қатынайды. Бағасы 320 доллар шамасында. Қазақстандықтардың көбі жазда Тбилиси, Боржоми, Кахетия, Батуми, қыста Бакурьяни мен Гудаури тау шаңғы курорттарына барады екен. «Эйр Астана» өкілдері былтыр Қазақстаннан Грузияға 77 мың жолаушы ұшқанын, ал 2019 жылдың алғашқы 6 айында жолаушы тасымалдау өткен осы кезеңмен салыстырғанда 7%-ға өскенін мақтанышпен жеткізді.
Тбилиси – Мұстафа Шоқай тұрған қала
Алаш арысы Мұстафа Шоқай бабамыз большевиктермен күресе жүріп, 1919-21 жж. Тбилисиде тұрған екен. (Бұл кезде Грузия өз тәуелсіздігін жариялап үлгерген болатын.) Зерттеушілердің жазуынша, онда ол бас редактор болып қызмет атқарған көрінеді. Кеңес үкіметі әкеле жатқан ауыр қасіретті алдан-ала сезініп, «Борьба», «На рубеже», «Шапақ», «Вольный горец» – «Независимый горец», «Янги Дунья» газеттерінде өзінің отты мақалаларын жариялапты. Кейін деректерден білетініміздей, ол Түркияға, ары қарай Еуропаға өтті.
«Жүз жасаған Жамбыл ақын кешегі.
О, керемет, Грузияға барғанда…» демекші, бір кезде Тбилисиге Жамбыл Жабаев та барған екен. Ол Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» дастанының 750 жылдығына байланысты сапары болса керек-ті. Онда жарықтық Жәкең жаңа туған бір нәрестеге Жамбыл деп ат қойған деседі. Бірақ ең өкініштісі, уақыттың тапшылығынан осы деректерді індетіп іздеп табуға еш мұрсат болмады. Бәлкім, Тбилисиге жолыңыз түсіп жатса, ол жайында енді Сіз айтып көрерсіз?..
Авторы – Мақсат Ясылбайұлы, фото – Екатерина Кошко
Астана-Алматы-Тбилиси-Алматы-Астана 2019 жыл