Аргентинаның Отты Жерінің сонау ұшына таман жайғасқан Фетида бұғазы Америка құрлығының қиыр оңтүстігінде орналасқан.
Мұнда келуге бел буатындардың саны саусақпен санарлық. 2018 жылдың ақпан айының салқын әрі бұлтты күні біз Hanse Explorer атты кемемізден үрмелі қайығымызды суға тастап, қоңыр балдыр қабаты мен су қайтқанда пайда болатын құмды қайраңдарда тұрып қалмас үшін оны Фетида арқылы жағалауға бағыттадық.
Бұл менің Аргентина үкіметі мен Отты Жердің жергілікті басқармасы, сондай-ақ Патагония теңізін сақтау форумымен бірлескен National Geographic қоғамының «Тұмса теңіздер» экспедициясына жетекшілік еткен кезім еді. Жанымда 2004 жылы форумның негізін қалағандардың бірі, ғұмырын Аргентинаның теңіз сүтқоректілерін зерттеуге әрі қорғауға арнаған ескі досым әрі әріптесім Клаудио Кампанья бар болатын. Біздің мақсатымыз – ғылыми деректер жинап, Аргентина суларында жаңа қорғалатын теңіз қорығын ашуға түрткі болатын фильм түсіру болды.
Мұндай қорықтарды, яғни теңіздегі ұлттық парктерді ашу – өмірімнің мәні. Соңғы онжылдықта «Тұмса теңіздер» жобасының тобы жергілікті ниеттес қауымдастықтармен серіктестік құра отырып, 5 000 000 шаршы шақырымнан астам мұхит суын балық аулау және басқа да қатерден қорғауға атсалысты. Экспедиция барысында біз Тынық мұхитының маржанды риф аралдарынан Арктиканың мұзды архипелагтарына дейін әлемнің түкпір-түкпірінде суға сүңгідік.
Отты Жердің шетіне экспедиция жасау, әсіресе, мен үшін маңызды еді. Өйткені мені бұл жермен тарих байланыстыратын. Сонау 1973 жылы менің досым әрі ғылыми жетекшім Пол Дайтон мұнда жаңашыл зерттеу жасаған болатын. Азынаған поляр желдері, бұршақ пен қарға қарсы қазіргі құрғақ костюммен емес, ескі заманның гидрокостюмдерімен төтеп берген Пол достарымен бірге Фетида бұғазы мен оның шығысындағы Эстадостың (Статен-Айленд) айналасында суға сүңгиді. Олар алып теңіз орамжапырақтары мен жағалауларды көмкерген қоңыр балдырлы ормандарының астында тіршілік ететін омыртқасыздарды өлшеп, санап шықты. Бұл суасты тіршілік ортасын бұрын-соңды ешкім зерттемеген, ал біздің алға қойған мақсатымыздың бірі – Пол жасаған зерттеуді қайталау еді. Мен біздің мұхиттарымыздың өзге бөліктеріндегі жаппай балық аулау мен климат өзгерісінің кесірінен орын алған көңіл толқытар өзгерістерге куә болғанмын. Олардың арасындағы ең елеулілері: маржанды рифтердің ағаруы мен өлуі және Солтүстік мұзды мұхитындағы мұздардың жаз маусымында еріп азаюы. 45 жылдан кейін біз мұнда су астынан не табамыз деп келдік?
Клаудио екеуіміз жағажайға аяқ баса келе үлкен қорым үстімен жүріп бара жатқанымызды аңғардық. Әр қадам басқан сайын аяғымыздың астындағы байырғы теңіз арыстандарының сүйектері шытырлап сынып жатты. Бұл – ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы аңшылардың қалдырған мұрасы. Теңіз арыстандары мен мысықтары көбіне терісі мен теріасты майы – ворваны үшін жас-кәрі деп бөлместен өлтірілді.
Пол Дайтон арқасында кезінде Аргентина үкіметі бұл жануарларды заңмен қорғауға алғанымен олардың саны әлі де қалпына келген жоқ. Зерттеушілерге сенсек, жергілікті теңіз арыстандарының бүгінгі таңдағы саны осыдан 70 жыл бұрынғы санынан бес есе аз екен. Оған репродуктивті ұрғашылардың азаюы мен балық кәсіпшілігі себеп болса керек.
«Бұрындары адамдар оларды тікелей сұлата берсе, – дейді Клаудио, – қазір, біз оларды аштан қатырып жатырмыз». Фетида бұғазына шығар алдында үш күн бұрын біз Ушуая портынан ұзындығы 110 метрлік алып балықшы кемесін де көрдік.
Жағалауға жақынырақ маңның ауа-райы жылдың басым бөлігінде қатал болатындықтан, Фетида шығанағы мен Эстадос аралында суға түсетіндер сирек кездеседі. Алайда, біз мұнда салыстырмалы түрде тыныш маусымда келгендіктен, аралдың айналасында екі апта бойына сүңги алдық.
Суық әрі қоректік заттарға толы су алып балдыр ормандарын, ал ол өз кезегінде ғаламшардағы ең керемет теңіз экожүйесін қоректендіріп отыр. Олардың теңіз түбінен көтерілгендегі биіктігі 45 метрге дейін жетіп, күніне жарты метрге дейін өсе алады. Алып теңіз балдырлары судың бетіне жеткеннен кейін де өсуін тоқтатпай, шатыр түзейді.
Пол қолмен жазылған дәптерлерін қуана сканерлеп, көшірмесін бізге ұсынды. Дәптердің беттері 1973 жылғы жан-жақты зерттеулерге толы. Біз оларды құдды қазынадай алып жүрдік. Алып теңіз орамжапырақты ормандар судың бетінде бірдей болып көрінгенімен, судың астында мүлдем басқа.
Пол әр кіші шығанақтың өз ерекшеліктерінің, яғни экологиялық даралығының барын анықтапты. Бір шығанақта теңіз орамжапырақтары бір не екі ғана былқылдақ денелілердің түрімен көмкерілген болса, басқа шығанақта ұсақ жұмсақ маржандармен көмкерілген.
Біздің таңданысымызға орай, әр шығанақтағы теңіз орамжапырақтары әлі күнге дейін сол тіршілік иелеріне пана болып қалыпты. Бұл жақта соңғы елу жылдағы океанографикалық жағдай сол қалпында сақталған секілді. Жаһандық жылыну мұнда өз қолын сұға қоймаған сияқты. Бұл ғажап сыйлықтай көрініп, кеудемді қуаныш кернеді. Сонымен қатар, біз мұндағы тіршіліктің қайнаған көрінісіне қайран қалдық. Мұндағы суасты әлемінің әр шаршы сантиметрінде тірі организмдер бар болып шықты. Теңіз ақ пен сары жөкелер, бедерлі алқызыл теңіз орамжапырақтары мен мұз кәмпит тектес қабықтыларға толы. Ал, алып теңіз орамжапырақтары үстеріне жайғасқан мидийлердің салмағынан теңіз табанына қарай жантайған. Көк жұлдыз балығы, ұлу, гермит шаяндары мидийге тойып алғаны көзге ұрады.
Бір күні біз дайвингтен үзіліс алмаққа бекініп, құрлықтық жағалаудың аумағынан тысқары жатқан бассейнге сүңгуге бел будық. Яганес бассейні – бір-бірімен байланысқан алып мұхит экожүйесінің жүрегі. Ол Чили мен Аргентинаның оңтүстік нүктесінен Антарктидаға дейін Тынық, Атлант пен Антарктида суларын қамтып жатыр. Біздің арамыздағы инженер Бред Хенниг өзімен бірге бірнеше National Geographic Dropcam камераларын алып келді. Оның әйнек (боросиликат) сферасында аса жоғары сапада түсіретін камералар мен жарық шамдары қатар орнатылған. Құрылғының салмақты бақылау жүйесі бар, ол камераны судың астына түсіріп, бірнеше сағаттан соң теңіз түбінің біз көрмеген олжалы кадрларын кері алып шығады.
Dropcam камералары сенімімізді ақтады. Бред бізге камераға түсірілген видео эпизодтарының кейбіреуін көрсеткенде, көзіміз шарасынан шыға жаздады. Азулы балық, мерлуз бен басқа да теңіз түбіндегі балықтар Бредтің Dropcam камераларына жабыстырған жеміне қарай ағылыпты. Бассейндегі бұл балықтардың көбі шамадан тыс ауланған. Мына көргеніміз, адам баласы мұрша берсе, олардың әлі де жандана алатынын білдіреді.
Экспедициядан соң біз гидрокостюмдерімізді ресми костюмге ауыстырып, Патагония теңіздерін сақтау форумы және Томпкинстің табиғатты қорғау ұйымдары серіктестерімізбен бірге Аргентина үкіметімен келіссөзге бет алдық. Латын Америкасындағы «Тұмса теңіздер» жобасының директоры Алекс Муньос Яганес су паркін ашу жобасына қолдау көрсетуі үшін біздің экспедициямыздың нәтижесін үкіметке ұсынды. Сондай-ақ біз алғаш рет Буэнос-Айрестегі экспедициямыз туралы деректі фильмінің тұсауын кесіп, Яганес пен Отты Жердің ғажайыптарын Аргентина басшылары мен азаматтарының назарына ұсындық.
Дауылпаз Эстадостағы айдарлы оңтүстік пингвиндер тобының үстінен ұшып бара жатыр. Жоғалу қаупіндегі бұл пингвин түрінің дүниежүзіндегі 10 пайызы осында өмір сүреді.
Желтоқсанда Аргентина парламенті осы ұсынысты талқылау үшін кезектен тыс сессия шақырды. Бәріміз қобалжыдық. Біз Ұлттық парк әкімшілігі мен үкіметтегі кей шенділердің аталмыш аймақты қорғау идеямызды қолдайтындарын білетінбіз. Дегенмен, Аргентина заңына сәйкес, паркті құру жөніндегі заң жобасын Өкілдер палатасы мен Сенаттың мақұлдауы қажет еді.
Қызу талқылаудан соң Өкілдер палатасы желтоқсанның бесінде дауыс беріп, Заң жобасы 196:0 дауыспен мақұлданды. Бұл – өз басым бұрын-соңды ешқандай елден көрмеген айрықша қолдау еді. Сенат соңғы келісімін 12 желтоқсанда берді. Парктің заң жобасына қол қойылғаннан кейін Клаудио маған телефон шалып: «Бүгін барша аргентиналықтар үшін қуанышты күн», – деді. Бірақ бұл тек аргентиналықтардың ғана қуанышы емес. Бұл бүкіл адамзаттың жеңісі еді. Қос мемлекет басшыларының арқасында енді әлемнің түкпіріндегі мұхиттың алып экожүйесінің тұтастығы ұзақ уақыт қаз қалпында сақталмақ.
National Geographic зерттеушісі Энрик Сала – «Тұмса теңіздер» жобасының негізін қалаған адам. Үкімет басшылары, ҮЕҰ-дар мен жақсы адамдардың арқасында 5 000 000 км2 астам аумақ қорғауға алынды. Енді мұнда тіршілік қайта жанданбақ.
Мақала мен фото авторы: Энрик Сала