..."/>
ЗЕРТТЕУ

Ұялшақ өнерпаз

Батыс Трагопан өте сирек, ұялшақ әрі қолға ұстатпайтын құс. Оны көрудің өзі бір ғанибет. Жергілікті халық бұл құсты jujurana, яғни патша құс деп атайды. Тұмса табиғаттағы саны 3300-ден аспайтын бұл құс тек Үндістанның Химачал Прадеш штатында кездеседі.

Режиссер Мумун Дхаларияның 2017-2018 жылдың басым бөлігін осында өткізгені де бекер емес. Мақсат джуджурана туралы деректі фильм түсіру. Бір күні құс көзінен таса жерде тығылып отырған орынға кербез аталығы жақындады. Тамақ іздеп болғаннан кейін ол аналықтардың көңілі мен бәсекелестерді үркіту үшін қойтастың үстінде, бар өнерін көрсете бастады. National Geographic зерттеушісі Дхалария 35 минутқа созылған бұл көрініске куә болып, трагопан жайлы ең ұзақ материал түсірген жанға айналып шыға келді.

Аталығы аналығына бір қырымен жақындап, бар кереметін паш етеді: басына көгілдір мүйіз шығып, құйрық қауырсындары жайылып, кемпірқосақтай шоқша сақалы ашылады. Би мәресіне жетер шақта ол кенет ғайып болып, атып шығып, аналығының үстіне секіріп мінеді. Шағылысу 10 секундқа ғана созылса да, 6-8 апта аралығында аналығы 3-5 балапан басып шығарады. Тұмса табиғаттағы популяциясы азайған сайын резерв ретінде қолда өсірілгендерінің (әзірге саны отызға жуық қана) маңызы артуда.

 


ТАРАЛУ АУМАҒЫ

Солт. Үндістанның батыс Гималайына ғана тән құстың бұл түрі емін-еркін қоректеніп, жасыруға қолайлы, адам аяғы жете бермейтін ну орман-тоғайды қалайды.

КОНСЕРВАЦИЯЛЫҚ СТАТУСЫ

Халықаралық табиғатты қорғау одағы бұл қанаттыны «осал түрге» жатқызады. Мекендеу ортасы фрагменттелген бұл құс негізінен еті мен қауырсыны үшін ауланады.


 

Авторы: Патрисия Эдмондс, фото: Мунмун Дхалария

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля