..."/>
САЯХАТ

Арктика бүккен сыр

Франклиннің экспедициясы барысында апатқа ұшыраған қос кеменің бірі «Террор» 2016 жылы арктикалық Канаданың Киң Уильям аралынан табылды. «Террормен» бірге суға кеткен тағы бір шағын экспедиция қайығы теңіз түбінде кемеден
аз ғана қашықтықта жатыр.
Тьерри Бойер, Parks Canada ұйымы

1845 жылы Солтүстік-Батыс өткелін картаға түсіру үшін сапарға аттанған Джон Франклиннің тобы ұшты-күйлі жоғалды.

Ғасырлар бойы Солтүстік-Батыс өткелі сағымдай болып келеді. 1497-1498 жылдары өз кемелерін осынау беймәлім әлемге аттандырған Джон Каботтың ойлағаны жүзеге аспай қалды. Мартин Фробишер, Генри Гудзон мен Джеймс Кук талпыныстарынан да түк шықпады. 1845 жылдың мамырында танымал британ зерттеушісі, әрі теңіз офицері сэр Джон Франклин Атлант пен Тынық мұхиты арасынан Арктика су бассейндерімен өтетін жолды ашпақ болады. Британ адмиралтействосының тапсырмасымен Франклин мен оның 133 адамдық тобы Темза өзенінен солтүстік полюсті зерттеуге арнайы жасақталған «Эребус» пен «Террор» атты қос алып әскери теңіз кемесімен жолға шықты. Бұл – Арктиканы зерттеу талпынысының ең қайғылы оқиғасының бастауы еді.

Былай қарағанда, экспедиция мінсіз жоспарланғандай көрінген. Зерттеу тобы жас әрі ісіне тиянақты профессионалдардан құралған-тұғын. Темірмен қапталған кемелер Виктория дәуірінің соңғы технологиясымен жабдықталған еді (бу қозғалтқышы, ыстық су мен алғашқы дагеротип камералары). Кемелерде кемінде үш жылға жететін ас-су болды.

Алайда бұл шағын жылжымалы кемелер Арктиканың мұзды теңіздерін бағындыруға шамасы жетпеді. Экспедиция сонау солтүстіктің залым, мұз басқан түкпіріне аттанды. 1846 жылдың қыркүйегінде қос кеме бір жарым жылдай уақыт солтүстік полюстің қытымыр аязында Киң Уильям аралының солтүстік-батысындағы теңіз мұзының құрсауында қалды.

1848 жылдың сәуіріне дейін сапарға шыққандардың 24-і көз жұмады. Олардың арасында Франклин де бар. Қалғандары кемелерін тастап, экспедицияның жаңа басшысы Фрэнсис Крозьеге еріп, бір мың шақырымнан астам қашықтықта болуы мүмкін тері сату бекетіне, Бак өзеніне қарай бет алады. Бұл туралы Киң Уильям аралындағы тасты пирамидаға қалдырылған шағын ғана хаттан белгілі болды. Бұл – Крозье қалдырған, бізге белгілі  соңғы жазба.

Аман қалғандарды табу мақсатымен бірнеше іздеу операциясы ұйымдастырылғанымен бұдан түк шықпады. Жоғалған экспедиция мүшелерін табу үміті өшкен кезде көпшілік экспедиция­ның тағдыры жайлы ақпаратқа қол жеткізуге тырысты. Олар қараусыз қалған өлген адамдардың сүйектерінен бастап, мата мен десертке арналған күміс қасықтарға дейін жүздеген жәдігер тапты. Инуит аңшылары бір топ ашыққан адамның мұздың бойымен ауыр шаналарды сүйретіп бара жатқанын көргендерін, кейінірек адам жеу фактілеріне де куә болғандарын айтып жатты. Британ халқы бұл қауесетке сенбеді, сол себепті де Франклин экспедициясы толассыз ғажайып пен аңызға арқау болып келді.

Экспедиция жәдігерлерінің қатарында 1859 жылы Киң Уильям аралында тастанды қайықтан табылған көк түске боялған қар көзілдіріктері, хронометр, христиан әуендері жазылған кітап бар. 1878 және 1879 жылғы зерттеу кезінде құрлықтан Британ флотына тән бәтеңке де табылған. Бұл – бізге мәлім экспедиция тобы жеткен ең алыс нүкте.
ҰЛТТЫҚ ТЕҢІЗ МУЗЕЙІ, ГРИНВИЧ, ЛОНДОН (БӘРІ)

2014 жылы тура инуит куәгерлері көрсеткен Киң Уильям аралының оңтүстігіндегі таяздау судан «Эребус» табылды. Екі жылдан соң канадалық инуит рейнджері Сэмми Кохвик зерттеушілерді «Террорға» жол бастап барады. Parks Canada ұйымының археологы Райан Харристің айтуынша, «Террордың» жақсы сақталғаны сонша, оны елес кемеге теңеуге болады.

Канаданың Нунавут округі әкімшілігінен қолдау тапқан екінші зерттеу тобы аймақтан табылған өзге де маңызды айғақтарды талдап жатыр. Онтариодағы Ватерлоо университетінің археологы Дуглас Стентон бастаған ғалымдар Франклиннің адамдары шатыр құрған, тамақтанған, көрпе мен аюдың терісіне топтанып оранған жерлерін картаға түсіре бастады. Бағыттарды анықтау, адамдардың сүйектері мен одан алынған артефактілерді сараптамадан өткізу арқылы Стентон әріптестерімен бірге экспедицияның ең соңғы қайғылы күндеріне көзімізді ашпақ.

Кохвик Арктиканың Йоа Хейвен ауылындағы суық әрі қатал күндердің бірінде «Террордың» алғаш рет гидролокатор экраннан көргендегі қуанышын еске алды. Аймақтағы инуиттер секілді Кохвик те жоғалған экспедиция туралы оқиғаларға әбден қанық. Оның өзі де сондай экспедициялардың біріне мүшелік еткен. Киң Уильям аралының батыс жағалауында досымен бірге балық аулап жүріп, ол судың бетінен үлкен ағаш білікті байқайды. Кохвик оны кеменің діңгегі шығар деп топшылайды. 2016 жылдың қыркүйегінде ол Канаданың коммерциялық емес Арктикалық зерттеу қорының мүшелерін әлгі орынға бастап барады. Бірнеше сағат теңіз табанын гидролокаторымен зерттеген соң, Кохвик пен әріптестері 25 метрдей тереңдіктен «Террорды» табады.

Бүгінде Parks Canada ұйымы қос кемені де су бетіне шығаруды жоспарлауда. Теңіз мұзы «Эребустің» артқы жағын шайып, Франклиннің кабинасындағы жәдігерлерді  көміп жатса, қалың шөгінді «Террордың» үстіңгі палубасын басуға шақ қалған. Десе де кеменің рөлі мен фальшборттары сол күйі зақымданбағандай көрінеді. Терезелері мен люктерінің көбі бүтін болғандықтан, каютадағы дүниелер аман тұр.

Франклиннің кемелері канадалық Арктика мұзының құрсауында 19 ай бойы қалған. Аман қалғандар жаяу құтылмақ болғанымен,
хабар-ошарсыз кеткен. 2014 пен 2016 жылы табылған кемелер бұл оқиғаның мән-
жайын ашып беруі мүмкін.

Апат орнын зерттеу жұмыстары бірнеше жылға созылмақ. Осылайша, ғалымдар ұзаққа созылған пікірталасқа нүкте қоймақ ниетте. Тарихшылар Франклин адамдарының көбі 1848 жылы Бак өзеніне ессіз бет­алыс кезінде көз жұмды деп есептеп келген. Алайда 1980 жылдары зейнеттегі теңізші, әрі тарихшы-жазушы Дэвид Вудман британия­лық Колумбиядағы Порт Кокитламда инуит куәгерлері берген деректерді сараптамадан өткізді. Сараптама нәтижесінде, экспедиция кезінде Франклин адамдарының санаулысы ғана көз жұмғаны анықталды. Есесіне, Крозье өзінің жазбасын қалдырғаннан кейін олардың көбі кемеге қайта оралып, әрі қарай оңтүстікке бет алған. Қос кеме су астына кеткен кезде, аман қалғандар аң аулап күн көрген. Осылайша, экспедицияның соңғы мүшесі 1850 жылдары көз жұмған.

Дегенмен, 30 шақты инуит куәгері берген мәлімдемелердің түсініксіз және қарама-қайшы тұстары жетерлік. Мұның бір себебі – аудару барысындағы қиындықтар. Сондықтан, Parks Canada ұйымының зерттеу тобы кеменің апатқа ұшырағаны туралы журнал мен қолжазба деректерді қалпына келтіріп, экспедиция барысында қайдан қате кеткенін анықтауға тырысуда.

Британияда қайтыс болған адамдардың отбасылары олардың қалай мерт болғанынан әлі күнге дейін бейхабар. Алайда сұрақтың жауабы табылатын күннің ауылы алыс емес сияқты. Стентон өз тобымен бірге қаңқа қалдықтарының үлгілерін алып, оларды Онтариодағы Лейкхед университетіне жіберген. Ондағы генетиктер 26 экспедиция мүшесінің ДНҚ үлгісін алды. Қазіргі таңда Стентон қаза болғандардың тірі ұрпақтарының ДНҚ үлгілерін жинауда. Тарихи және заманауи ДНҚ кесінділерін салыстыру арқылы ол әріптестерімен бірге кей мәйіттерді идентификациялаудан үмітті.

Бір ғасырдан астам уақыттан кейін алғаш рет ғайып болған экспедиция оқиғасының сыры ашылатынына үміт зор. Осынау үкілеген үміт шалғайдағы Йоа Хейвенге мүмкіндіктердің жаңа легін тудыруда. Жас инуиттер Франклиннің кемесі апатқа ұшыраған аймақты бақылау және тонаушылардан қорғау үшін жұмысқа орналасуда. Шенеуніктер күндердің күні Франклиннің атышулы кемесінен табылған дүниелер жұрттың назарына ұсынылатындай етіп жергілікті музейді кеңейтуге ниетті.

 

 

Авторы: Хизер Прингл

Жарнама
Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля