Құстарға араша түсу үшін мысықтардың көзін құртуымыз керек пе? Екеуін де жақсы көретін азаматтың тың шешімі…
Мен сияқты бернстейн де құстарды аңдығанды ұнатады. Бернстейн – үш жасар қысқа түкті мысық. Одан бөлек ол лазерлік нұсқауыш, шашбау мен жіпке құмар. Мен болсам 33-ке келген, аң-құсты ұнататын шашы қысқа блондинмін. Қорадан табылған кезінде Бернстейн жүрмек түгілі көзін де аша алмайтын. Бұл мұрттының жолы болды және ол өзгелерден әлдеқайда ақылды сияқты көрінеді өз басыма. Мұның бірден бір себебі оның түсінігінде болуы мүмкін. Өйткені ол далада қалай болса солай қаңғырып, аш құрсақ жүрген кезі болған емес.
Бірақ өткен көктем кімнің-кім екенін көрсетті. Табиғат та, тәрбие де мысықтың тума түйсігінен асып түсе алмайды екен. Күн түстен ауған шақ, күн жылы болатын. Бернстейн шуаққа жылынсын деп ішкі аулаға жібергем. Шамалы минутқа шыққан ол бір уыс қауырсын тістеп маңғаздана келді: аузында Орталық Америкадан Орегонға дейін мыңдаған шақырым жолды артқа тастап, жұп іздеп келген 28 грамдық шұбар-ала, әдемі Свенсон сайрағы.
Табиғи түйсігіне бола Бернстейнді кінәлай алмадым. Дегенмен кішкентай құс қолыма сұп-суық болып тигенде, жүрегім мұздап сала берді.
Бірнеше жыл бұрын Смитсон институты мен АҚШ-тың Балықтар мен сирек кездесетін жануарларды қорғау ұйымы арнайы зерттеу жүргізіп, АҚШ-та жыл сайын мысыққа қанша құс жем болатынын шамалап көрген екен. Нәтиже жаға ұстатады. Мысық популяциясының саны мен жыртқыштың деңгейін мұқият анықтағаннан кейін ғалымдар төменгі 48 штатта үй мысықтары жылына 1-4 млрд аралығында, ал кішкентай сүтқоректілер 6,3-22,3 млрд шамасында, бауырымен жорғалаушылар мен қосмекенділер жүздеген миллион құс түрін өлтіретінін есептеп шығарды.
Құс өлімінің үштен екісі қаңғыбас жабайы мысықтармен байланысты. Тіршілік ортасының жойылуы мен климат өзгерісін есептемегенде, жалпы терезеге ұрылып, көлік астында қалып, пестицидке уланып, тоққа түсіп, ластанудан, жел диірмені мен тағы басқа да табиғи емес факторлардың бәрін қоса есептегеннің өзінде құс атаулы мысықтардың тырнағынан көбірек өлетіні белгілі болып отыр. Ой салатын жағдай.
Кей адамдар бұл зерттеулерге күмәнмен қарап, ғалымдарды «мысық жаулары» деп айыптаған. Көзқарасы осы жаңа дәйекпен сәйкес келген өзгелері келіскен сыңай танытты. БАҚ-та мысық пен құс жақтаушыларының, жан-жануар құқығын қорғаушы, эколог, үйде аң-құс ұстайтындар мен ғалымдардың зерттеулері қатар шыққанда кімге сенеріңізді білмей қаларыңыз анық.
Осы айқай-шудың барлығы басты нәтижені жоққа шығара алмайды: өздеріне өзге жыртқыштардан қауіп төнбейтін экожүйеге жіберілгенде мысық құс пен басқа да табиғат өкілдері өлімінің үлкен себебіне айналады.
Мұнан кейін жүргізілген зерттеулер қауіп масштабын растады. Мәселен, мысықтарының жалпы саны АҚШ-тан аз Канадада жүргізілген зерттеу нәтижесінде мысықтар жыл сайын 100-350 миллионға дейін құстың түбіне жететіні есептеп шығарылған.
Жағдай ушықса да бір түрлі түсіндіруге келмейді. Бәріміз де мысықтардың жыртқыш жануар екенін білеміз, бірақ осы күнге дейін олардың тұмса табиғатқа әсерін аса түсіне бермейтініміз анық. Тіпті, құс өлімі туралы деректер келтіргеннің өзінде көп адамдар, солардың ішінде басым бөлігі мысық асыраушылар сүйікті жануарларының құс популяциясына кері әсер ететініне әлі де күмәнмен қарайды.
Бәлкім, бұл мәселеге соншалықта бас қатыра бермеуіміз де керек шығар. Ешбір зерттеу нақты түрде мысық пен құрлықтағы құс популяциясы арасындағы байланысты ашып көрсеткен емес (аралдардағы жағдай бөлек). Көптеген фактор үшін қанаттының азаюына бір ғана себепті айрықша атап өту қиын.
BirdLife International ұйымының жуырдағы баяндамасында «Әлемдегі құстардың жағдайы тек нашарлаған, тіпті, бір кездері көзімізге күнде көрінетін құстардың өзі қазір жойылудың сәл-ақ алдында тұр» деп жазылған. Мұнда бүгінгі таңда жойылып бара жатқан түрлердің басты қаупі ауылшаруашылық пен ормандардың оталуы деп айтылады, ал жыртқыштардың әсері тек соңына қарай тілге тиек етіледі. Ал планетаны қоқыс жәшігіне айналдыруда адамнан асқан ешкім жоқ. Сондықтан әлемді құтқару концепциясынсыз мысықтарды кінәлаудан жан-жануарды сақтаудағы жауапкершілігімізді басқа арнаға бұрғаннан басқа пайдасы жоқ.
Жалпы, адамдар жабайы мысық популяциялары тым көп екендігімен келіседі. Мінсіз шешім болмағандықтан мәселе тығырыққа кеп тіреледі. Құстардан бөлек, жабайы мысықтар денсаулық, қауіпсіздік пен философиялық дилеммалар тудырып отыр. Қазір әлемде пырылдауықтар саны игеруге келетін мөлшерден асып түскен.
Іс жүзінде, мысықтарды жөнімен қалдыруға ең ықшамды дәйек осы: қанша тырыссақ та, ешқашан олардан құтыла алмаймыз. Сол себепті осы мәселеге дәл бүгін бас қатырмасақ, әлемнің жағдайы күрделене түспек.
Кей адамдар қазірдің өзінде шара қабылдауды бастап кеткен. Мысықты жақтаушылар оларды ұстап алып, стерильдеп, қайта босату бағдарламаларын кеңінен қолдануда. Қанаттыларды қорғау топтарының көбі бұл саясатқа қарсы. Жануарлар құқығын қорғаумен айналысатын «Жануарлармен әдеби қарым-қатынас құру ұйымы» (PETA) да моральдық тұрғыда мұндай бағдарламаларға қарсы. Алайда бұл ұйымдар мысықтарды қамап ұстаудан (тамаша пікір) басқа нақты ұсыныс жасай алмай келеді. Бұл екі арада АҚШ-тағы жан-жануар үйлерінде жылына миллионнан астам қаңғыбас мысық эвтаназия арқылы өлтіріледі: үлкен проблеманың көп айтылмайтын әдісі.
Жеке басым сұрақтың жауабын білмеймін. Бірақ, ұсынысым бар. Бернстейнді жергілікті ветеринарға стерилизациялауға апарғанымда оған да микрочип тағылғанын қалаған едім. Бұл шешімге ерікті түрде емес, стандарттық практиканың арқасында келдім. Күріш дәнегіндей ғана болатын чипті пайдалану қан талдауынан оңай, десе де әлемде оның үй мысықтарына тағылуы әлі де сирек жағдай болып отыр.
Егер бүкіл мысыққа микрочип тағылса оның саны азая түсетіні анық: жоғалғанын тез қайтаруға, тастандының иесін табуға болады. Мұндай шараға, әсіресе, егер осындай жарнаның бір бөлігі тиісті ресурстарымен бірге жабайы мысықтар проблемасын шешуге бағытталған жүйе мен бағдарламаларға жұмсалар болса, ақша төлеуге қуана келісер едім. Тіпті шамалы ғана, әр үй мысығына бір мәртелік жарна төлер болса – бұл мысықтың өмірі бойынша сатып алынатын азығына кететін қаражатпен салыстырғанда азғана сома – миллиардтаған доллар жиналар еді. Бұл мінсіз шешім емес екенін білемін. Алайда мысықтарды бақылауда ұстау қазіргі бейберекет жағдайды бақылауда ұстауға жақсы қадам болар еді деп есептеймін.
Жануарларды жақсы көретін ешбір адам мұндай мұра қалдырғысы келмейді. Ғаламшарымызға күтім көрсетуде бар ынтамызды салуымыз қажет, өйткені оған жауапты өзіміз.
Авторы: Ноа Стрикер
Ноа Стрикер – Орегонда тұратын құстарды зерттеуші журналист әрі фотограф. Ол жазған кітаптар қатарында «Шекарасыз құстар» туындысы бар. Мұнда ол 2015 жылы бір күнтізбелік жыл ішінде рекордтық мөлшерде 6042 құс түрін баяндаған.