Еліміздің солтүстік-батысында орналасқан, жалпы аумағы 151,3 мың шақырым құрайтын Батыс Қазақстан облысы өзінің жағырапиялық орналасуы жағынан туризмді дамытуға аса қолайлы өңір болып табылады. Облыс Қазақстанның Атырау және Ақтөбе облыстарымен, Ресей Федерациясының Саратов, Волгоград, Орынбор, Самара, Астрахань секілді бес бірдей губерниясымен шекаралас жатыр. Сондай-ақ, Орал қаласы аумағындағы Жайық өзені Еуропа мен Азия құрлықтарын екіге бөліп тұр. Сондықтан, Батыс Қазақстанды Еуразия кіндігіндегі облыс деп нық сеніммен айтуға болады.
Жайық, Шаған және Деркөл өзендерінің қойнауындағы Орал шаһарының іргетасы ресми деректер бойынша 1613 жылы қаланды делінеді. Алайда, сулы-нулы жерде оған дейін отырықшы ел болмады дегенге сену мүлде мүмкін емес еді. Оның үстіне шаһар маңында ортағасырлық сауда қаласының болғаны жайында Х ғасырда араб тарихшысы Әл Идриси жазып кеткен екен. 2001 жылы «Ақсай-Үлкен Шаған-Атырау» газқұбырын тарту кезінде Оралдан 12 шақырым қашықтықтан XIV ғасырдағы көне қаланың орны табылып, оған 2005 жылы «Жайық қалашығы» деген атау берілді. Яғни, күні бүгінгі дерек бойынша Оралдың жасы 700 жылдан асып жығылады.
Қазақстанның өзге қалаларынан Оралдың басты ерекшелігі бұл еуропалық және азиялық мәдениеттердің бір-бірімен ғажайып үйлесім табуында деуге болады. Мәселен, қаланың орталық бөлігі XVIII-XIX ғасырларда салынған орыс избаларынан, күйдірілген қызыл кірпіштен салынған түрлі көне ғимараттардан тұрады. Император II Екатеринаға қарсы Емельян Пугачев бастаған шаруалар көтерілісінің бесігі болған шаһарға әр жылдары орыстың ұлы ақындары А.Пушкин, И.Крылов, этнограф В.Даль, жазушылар В.Жуковский, М.Шолохов, опера әншісі Ф.Шаляпиндердің табаны тиген.
Сол секілді, бұл өңір қазақтың күй өнерінің атасы Құрманғазы мен күй анасы Динаның, Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың, жыр алыптары Жұбан Молдағалиев пен Қадыр Мырза Әлінің, дүлділ әншілер Мұхит пен Ғарифолла Құрманғалиевтің, актриса Хадиша Бөкееваның туған топырағы.
Облыстың аз ғана бөлігін орман жауып жатса да, Орал Қазақстандағы жасыл желегі мейлінше мол қалалардың бірі болып есептеледі. Сондай-ақ, қалада туристерге қызмет көрсететін ондаған қонақүй («Шағала», «Парк отель», «Пушкин отель», «Құрмет» т.б.), түрлі бағыттағы ресторан-дәмхана («Пражские ночи», «Слабода», «Эль-дивиньо», «На высоте» т.б.) жұмыс істейді.
Туризмнің дамуына оң ықпал ететін факторлардың бірі – жетілген жол инфрақұрылымы. Жол – өмірдің күретамыры десек, Батыс Қазақстан облысы аумағымен Орал – Атырау, Самара – Шымкент, Орал – Орынбор, Орал – Саратов тас жолдары өтеді. Олардың бойында да жолаушыға сервистік қызмет көрсететен көптеген қонақ үй мен дәмхана бар.
Өңірлерді дамытудың берік негіздерінің бірі ретінде Президент туризмді дамытуды атап өтті. Туризмді дамыту үшін қажетті инфрақұрылым жүргізуді, соның ішінде жол салып, білікті мамандар даярлауды қамтамасыз етуді тапсырды. Батыс Қазақстан облысы бойынша туристік орындарды тамашалауға келген адамдардың саны өткен жылмен салыстырғанда 18,4%-ға көбейген. Өңірдегі киелі орындардың туристік маршруттары, облыстың интерактивті картасы дайындалды. «Бөкей ордасы тарихи-өлкетану музейқорығы, «Жұмағазы Хазрет» кешені, «Алаш Орда» музейінің 3D-моделді виртуалды турлары жасақталды. Аталған орындарға инфрақұрылым тарту мәселесі қолға алынуда. «Орал» халықаралық әуежайын жаңғырту жұмыстары шілде айында басталды. Сондай-ақ облыс орталығында халықаралық қонақүйдің құрылысы да басталды. Бұл жұмыстар міндетті түрде туризмнің дамуына өз үлесін қосары анық, – деді таяуда өткен туризмді дамыту туралы жиында Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев мырза.
Батыс Қазақстан облысы, бірінші кезекте, туристер үшін көптеген мұражайларымен (облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, Е.Пугачев мұражайы, А.Пушкин мұражайы, М.Мәметова мұражайы, М.Шолохов мұражайы, Алашорда мұражайы, табиғат және экология мұражайы т.б.) және «Қазақстанның киелі жерлері» картасына кірген кесене-кешендерімен тартымды. Солардың ішіндегі ең шоқтығы биігі – Бөкей ордасы тарихи-музейлік қорығы.
Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылында орналасқан мұражай-кешенінің тарихы XIX ғасырдан бастау алады. Кешен құрамында: 1828 жылы салынған Хан Сарайы, 1867 жылы ашылған Казначейчество, 1868 жылы ашылған Тарғын учаскелік мектебі, 1883 жылы ашылған қыздар мектебі сынды тарихи-архитектуралық ғимаратар және 1835 жылы салынған хан мешітінің негізінде қалпына келтірілген мешіт ғимараты бар. Оған қоса, кейінгі жылдары Орда ауылынан 4 шақырым жерде орналасқан Жәңгір хан, дәулескер күйші Дәулеткерей Шығайұлы, этнограф-ғалым Мұхаммед-Салық Бабажанов кесенелері де музей құрамына берілді.
Орда өңірін тұңғыштар мекені деп ауыз толтырып айтуға әбден болады. Мұнда қазақ даласында тұңғыш ашылған мектеп, дәріхана, қазынашылық мекемесі орналасқан. Сондай-ақ, фотоөнерін елімізге алғаш әкелген белгілі этнограф Шәңгерей Бөкеев түсірген фотосуреттермен де осы жерден танысуға болады. Музей-кешеннің қорында жалпы саны 16 мыңға жуық аса құнды жәдігерлер сақтаулы.
Мақаланың авторы: Тоқтар Кенжеғалиев
Фото: Мақсат Шағырбаев, Михаил Шпигельман, Мейірбек Тажкуранов