..."/>
САЯХАТ

Қауіпсіз болу құқығы

Үндістанды дүр сілкіндірген жан түршігерлік шабуылдан кейін мұндағы әйелдер қоғамдық жерлердегі зорлық-зомбылық пен қорлыққа жол берілмеуін талап етіп, өз дегендеріне қол жеткізді.

Нью-Дели кешінде ем­­­ін-еркін серуендеп бара жатқан әйел көрінісі. Дәл осы маң­да 2012 жылы бір топ жігіт автобус­та әйелді зорлағаннан кейін жал­­­­­­­­­­­­­пы ұлттық наразылық басталады. Федерал­дық үкімет жауап ретінде айыпкерлерге қатыс­ты соттың тыңдалымын тез­детіп, қауіпсіздік бастамалары үшін қор құрды.

Жас келіншектер жартылай шеңбер құрып, алтауы ұзын туникаларын тартқылап, мойынорағыштарын мазасыздана ұстай береді. Үндінің дәстүрлі қоғамында жалпыға тән кең балақ шалбардың орнына олар шағын наразылықтарының көрінісі ретінде джинсы шалбарын таңдаған. Алайда оңтүстік Делидің лашықтарында өскен кәмелет жастағы қыздар үшін бұл маңызды еді. Журналист ретінде Үндістан қалаларындағы әйелдерді қауіпсіздік бойынша хабардар етуге бағытталған бағдарламасындағы олардың прогресін қадағалап отырдым, енді, міне, 2019 жылдың басында «Ақылды әрі қауіпсіз қаланы гендерлеу» жобасының қатысушыларының шағымдарын тыңдау үшін кейбір шетелдік қонақтарды өзіммен ерте келдім.

«Әндерімізді айта аламыз ба?» – деп бірі сұрады.

Әрине, дедік біз. Қимылдарының өзгеріп жатқанын бақылап тұрдық. Көздері бізге тік қадалған күйі өздеріне ғана тиесілі хип-хоп ырғағын жасап, рэп айтуды бастады.

Менімен дауыстап қайтала, сенікі, менікі бұл қала.

Мүлкі емес біреудің жәй ғана.

Уша Вишвакарма Раджастан штатының ауылдық бөлігі боп келетін Рамгархтағы студенттерге өз-өзін қорғау техникаларын үйретуде. Вишвакар­­ма өзіне шабуыл жасалғаны жайында жер­­гілікті полиция шара қолданбаған соң «Қызыл Бригада» тобын құрды. Қазір бұл топ наразылық шеру, ақпараттық шара мен өзін-өзі қорғау тренингтерін ұйымдастырады.

20 жылға жуық Үндістанды аралап, көбіне жалғыз жүрдім. Әйелдердің маған айтқан оқиғалары мен өз өмірімдегі күнделікті оқиғалар көпшілік орынды еркектің мекені деп қабылдайтын қоғам туралы әңгімелейтін.

Жасөспірім кезімде өлшемі үлкен киім ішіне өзімді жасырып, көшеде ысқыратындардан тығылатыным есімде. Жиырма жыл өтті. Өз жұмысым бар. Бірақ әлі де көлігімнің жүргізуші орындығына еңкейе жасырынып, еркектердің сұқ көздерінен қашамын.

Үндістандағы әйелдерге келсек, қауіпсіздік статистикасы бұлдыр. Қылмыстарды тіркеу жөніндегі ұлттық бюроның хабарлауынша 2011 жылы адам өлтіру, зорлау, адам ұрлау мен жыныстық алымсақтықты қоса алғанда әйелдерге қарсы 228 650 қылмыс жасалған. Осы жылы халықаралық сауалнама Үндістанды әйел заты үшін Ауғанстан, Конго Демократиялық Республикасы мен Пәкістаннан кейінгі әлемдегі ең қауіпті төртінші ел деп бағалады. Көпшілік алдында әйелдерге деген көзқарас ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, көңілге қаяу салып келді, алайда Нирбхайя есімімен танымал Джьоти Сингхомның жағдайы Үндістанның «қатқан ережесін», яғни бұрыннан қалыптасқан «қауіп әйелдің күнделікті өмірінің бір бөлігі» түсінігін өзгертуге себепкер болды.

Нирбхая хинди тілінде «жаужүрек» дегенді білдіреді. Медицина факультетінің студенті әлемге 2012 жылы танылады, оны ішімдік ішкен алты жігіт жеке автобуста зорлап, кейін оған темір таяқ сұғып қорлап, автобустан лақтырып жіберген. Нирбхая қайтыс болды. Ересек қылмыскерлер тұтқындалды, сотталып, өлім жазасына кесілді, төрт зорлықтың бірі ғана жазаланатын елде бұл күтпеген құбылыс болды. Үнді қоғамының Нирбхаяға жасалған шабуылға деген реакциясы таңқаларлық болды, әйелдер күн өткен сайын көшеде «Қорқынышсыз бостандық!» деп ұрандата наразылық білдірді. Ұлы өзгерістің бастауы осы қозғалыс болған да шығар.

2010 жылдан бері Дели метро пойызының бір вагоны әйелдерге арнайы беріледі. Сонымен қатар тасымал жүйе­сінің көптеген станциясында арулар үшін жедел қоңырау желісі мен әйел-күзетшілері қызмет етеді. Қала билігі маусым айында көліктің неғұрлым қол жетімді болуы үшін әйел адамдарға қатынау тегін болатынын хабарлады.

Жергілікті және ұлттық агенттіктер әйел қауіпсіздігін қамтамасыз ету бастамаларына көптеп қаражат құюда. 2013 жылы билік әйелдердің қауіпсіздігін күшейту шаралары үшін 145 миллион АҚШ долларын бөлді. Қазіргі үкімет Делиді қоса алғанда сегіз ірі қаланы әйел үшін қауіпсіздігі басым, жарығы мол әрі қамқорлығы көбірек жайлы мекенге айналдыру үшін бұдан үш есе көп қаражат бөлуге уәде етті.

Жұмыстың алғашқы кезеңі басталып та кетті: қазіргі уақытта Делиде полиция әйелдерге тегін он күндік өзін-өзі қорғау бағдарламаларын ұсынуда, көпті қамтымақ жоспарда бар. Көшелерді күзету мен төтенше қоңырауларына жауап қайтару үшін Керала оңтүстік штатында «Алқызыл полиция» деп аталатын тек қана әйел адамдардан тұратын бөлімшелер құрылды.

«Алқызыл» – қалалық көлік секторындағы тек әйелдерге ғана көрсетілетін қызметтердің түсі. Алқызыл моторлы рикша әйел жолаушы үшін, метрода қыз-келіншек үшін бөлек вагондар бар. Транзиттік станциялардың бақылау-өткізу пунктерінде әдейі жақындап, жабысуы мүмкін ерлерден сақтану үшін арулар бөлек кезекте тұрады.

Үкіметтің гендерлік сегрегациясы жөнінде әлдебір күмән болғанын мойындаймын. Әйел құқығын қорғаудың жалғыз жолы осы ма? Алайда үнді әйелдерінің хэштег үндеулерін көріп көңілімді қуаныш биледі: #TakeBackTheNight ғаламдық қозғалысы елдің батыл қыз-келіншектерін ымырт түскеннен кейін бірге сыртқа шығарды. Таза ауада қауіпсіз ұйықтай алуы үшін өткен жылы 600 әйел #MeetToSleep шарасын тағы өткізді.

Кераланың «Алқызыл патрульдік» полиция офицерлері Тируванантапурамдағы тек әйел адамдарға арналған тұрғынжайға ер адамның кіріп кету оқиғасын қарастыруда. 2016 жылы ашылған, тек қана әйелдерден тұратын, 32 офицері бар бөлімше әйел мен балаларға қатысты қоңырауларға жауап береді, олар кеңес беру мен төрелік етуді талап ететін істерге мамандандырылған.

Еркек атаулының әйелдер қоғамдық орындарға жат деген түсінігін өзгерту қиын. Бірақ мұны мүмкін емес нәрсе деп айта алмаймыз. Делилік рэперлердің мына әні бүгінде YouTube-ке жүктелген:

Құлақ сал бізге, жарқын үнге.

Батылмыз, батырмыз, серуендер түнде…

Көшеде жүріп, ән салған келіншектердің камерадан тайсалмайтыны анық байқалады. Видеоның қаралымы айтарлық болмаса да ерлердің тәнті болған пікірлері көп. «Мен батыл емеспін, – дейді Риту есімді рэппердің бірі. – Бірақ, қашанғы қорқа береміз!».

Әйелдер ай сайын Делиде өтетін «Әйелдер түн жарымында жүреді» шарасына қатысады. Бастама 2013 жылдан, яғни бір әйел 24 сағат бойы қала бойымен серуендегеннен кейін басталды. Жобаның мақсаты – қараңғы түскеннен кейінгі қоғамдық орындардың қауіпсіздігін сақтау мен әйелдер­­­ге өз қаласының кез келген жерінде қорқынышсыз кезуге мүмкіндік беру. Шара Facebook желісінде ұйымдастырылып, әдетте, оған әр ай сайын төртеуден
онға дейін адам қатысады.

Мына оқиғаны да бізге Риту баяндады: «Метро пойызында тұрған кезде олар арттарынан телефонымен видеоға түсіріп тұрған ер адамды байқайды. Олар ән айтып, рэп оқып, назар аударуға тырысып баққан жоқ, олар жәй ғана әйел адам ретінде пойызда тұрған. Жолаушылар көз алдарында болып жатқан жағдайға көрмегендей сыңай танытты. Сондықтан «Хадардың қыздары» оған қарсы тұрды. Олар еркектің телефонын жұлып алып, сандалдарын шешіп ап, оны соққыға алады. «Хадар қыздары» полицияға хабар берместен бұрын ер адам қашып құтылады. Бұнымен мәселенің шешілмейтініне Риту келіседі, алайда көп жағдайда жеке бастың қауіпсіздігі ненің бұрыс, ненің дұрыс екенінен басым түсіп жатады. «Сізбен не болып қаларына ешкімнің басы ауырып, балтыры сыздамасын білсеңіз, сіз не істер едіңіз? Дәл қазіргі сәт үшін дұрыс деп шешкеніңізді істейсіз».

 

Автор: Ниланджана Боумик, фото: Саумия Ханделвал

 


Мақала авторы Ниланджана Боумик әйел адамның мүмкіндігі мен құқығын кеңейту және саясат тақырыптарын арқау ететін Нью-Делидегі қаламгеріміз. Фототілші Саумия Ханделвал да осы шаһарда тұрады, ол гендерлік және экологиялық мәселелерді қаузайды.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля