..."/>
САЯХАТ

Қойнауы сырға толы батыс Қазақстан

Еліміздің солтүстік-батысында орналасқан, жалпы аумағы 151,3 мың шақырым құрайтын Батыс Қазақстан облысы өзінің жағырапиялық орналасуы жағынан туризмді дамытуға аса қолайлы өңір болып табылады. Облыс Қазақстанның Атырау және Ақтөбе облыстарымен, Ресей Федерациясының Саратов, Волгоград, Орынбор, Самара, Астрахань секілді бес бірдей губерниясымен шекаралас жатыр. Сондай-ақ, Орал қаласы аумағындағы Жайық өзені Еуропа мен Азия құрлықтарын екіге бөліп тұр. Сондықтан, Батыс Қазақстанды Еуразия кіндігіндегі облыс деп нық сеніммен айтуға болады.

Жайық, Шаған және Деркөл өзендерінің қойнауындағы Орал шаһарының іргетасы ресми деректер бойынша 1613 жылы қаланды делінеді. Алайда, сулы-нулы жерде оған дейін отырықшы ел болмады дегенге сену мүлде мүмкін емес еді. Оның үстіне шаһар маңында ортағасырлық сауда қаласының болғаны жайында Х ғасырда араб тарихшысы Әл Идриси жазып кеткен екен. 2001 жылы «Ақсай-Үлкен Шаған-Атырау» газқұбырын тарту кезінде Оралдан 12 шақырым қашықтықтан XIV ғасырдағы көне қаланың орны табылып, оған 2005 жылы «Жайық қалашығы» деген атау берілді.  Яғни, күні бүгінгі дерек бойынша Оралдың жасы 700 жылдан асып жығылады.

Қазақстанның өзге қалаларынан Оралдың басты ерекшелігі бұл еуропалық және азиялық мәдениеттердің бір-бірімен ғажайып үйлесім табуында деуге болады. Мәселен, қаланың орталық бөлігі XVIII-XIX ғасырларда салынған орыс избаларынан, күйдірілген қызыл кірпіштен салынған түрлі көне ғимараттардан тұрады. Император II Екатеринаға қарсы Емель­ян Пугачев бастаған шаруалар көтерілісінің бесігі болған шаһарға әр жылдары орыстың ұлы ақындары А.Пушкин, И.Крылов, этнограф В.Даль, жазушылар В.Жуковский, М.Шолохов, опера әншісі  Ф.Шаляпиндердің табаны тиген.

Ұмытылып бара жатқан киіз басу өнерін Жайық бойының ісмер қыз-келіншектері жаппай жандандыруға ниетті. Оған қажетті шикізаттың барлығы өзімізде бар, тек енді ынта мен табандылық қана қажет дейді олар.

Сол секілді, бұл өңір қазақтың күй өнерінің атасы Құрманғазы мен күй анасы Динаның, Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың, жыр алыптары Жұбан Молдағалиев пен Қадыр Мырза Әлінің, дүлділ әншілер Мұхит пен Ғарифолла Құрманғалиевтің, актриса Хадиша Бөкееваның туған топырағы.

Облыстың аз ғана бөлігін орман жауып жатса да, Орал Қазақстандағы жасыл желегі мейлінше мол қалалардың бірі болып есептеледі. Сондай-ақ, қалада туристерге қызмет көрсететін ондаған қонақүй («Шағала», «Парк отель», «Пушкин отель», «Құрмет» т.б.), түрлі бағыттағы ресторан-дәмхана («Пражские ночи», «Слабода», «Эль-дивиньо», «На высоте» т.б.) жұмыс істейді.

Туризмнің дамуына оң ықпал ететін факторлардың бірі – жетілген жол инфрақұрылымы. Жол – өмірдің күретамыры десек, Батыс Қазақстан облысы аумағымен Орал – Атырау, Самара – Шымкент, Орал – Орынбор, Орал – Саратов тас жолдары өтеді. Олардың бойында да жолаушыға сервистік қызмет көрсететен көптеген қонақ үй мен дәмхана бар.

Өңірлерді дамытудың берік негіздерінің бірі ретінде Президент туризмді дамытуды атап өтті. Туризмді дамыту үшін қажетті инфрақұрылым жүргізуді, соның ішінде жол салып, білікті мамандар даярлауды қамтамасыз етуді тапсырды. Батыс Қазақстан облысы бойынша туристік орындарды тамашалауға келген адамдардың саны өткен жылмен салыстырғанда 18,4%-ға көбейген. Өңірдегі киелі орындардың туристік маршруттары, облыстың интерактивті картасы дайындалды. «Бөкей ордасы тарихи-өлкетану музейқорығы, «Жұмағазы Хазрет» кешені, «Алаш Орда» музейі­нің 3D-моделді виртуалды турлары жасақталды. Аталған орындарға инфрақұрылым тарту мәселесі қолға алынуда. «Орал» халық­аралық әуежайын жаңғырту жұмыстары шілде айында басталды. Сондай-ақ облыс орталы­ғында халықаралық қонақүйдің құрылысы да басталды. Бұл жұмыс­тар міндетті түрде туризм­нің дамуына өз үлесін қосары анық, – деді таяуда өткен туризмді дамыту туралы жиында Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев мырза.

Жайық өзені жағасында бой көтерген биіктігі 50 метр стелланың әу бастағы атауы «Сүңгі және Ту» болған екен. Шынында да бір бөлігі сүңгіге, екінші бөлігі желбіреген туға ұқсайтын ескерткіштің тарихы төмендегідей. 1971 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті Азамат соғысына және Ұлы Отан соғысына Орал өңірінен аттанған боздақтардың есімдерін мәңгі есте қалдыруға шешім қабылдайды. Нәтижесінде, аталмыш стелла 1980 жылдың 9 мамырында салтанатты жағдайда ашылады. Оның жанындағы мәңгілік алау даңқты Мамаев қорғанынан әкелінген.
Шаһардағы ең көне шіркеу. Жайық казактары собор құрылысын 1740 жылы бастаған. Құрылыс мәскеулік сәулетшілердің көмегімен 1751 жылы аяқталған. Құдаймен оңаша қалып, жан-дүниеңді тазартуға ықпал ететін құлшылық орнына кезінде Оралға келген орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің өзі бас сұққан. Кеңес билігі тұсында храм облыстық музей кешенінің бір бөлігі болып, тек 1988 жылы ғана православие шіркеуіне түпкілікті қайтарылған.

Батыс Қазақстан облысы, бірінші кезекте, турис­тер үшін көптеген мұражайларымен (облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, Е.Пугачев мұражайы, А.Пушкин мұражайы, М.Мәметова мұражайы, М.Шолохов мұражайы, Алашорда мұражайы, табиғат және экология мұражайы т.б.) және «Қазақстанның киелі жерлері» картасына кірген  кесене-кешендерімен тартымды. Солардың ішіндегі ең шоқтығы биігі – Бөкей ордасы тарихи-музейлік қорығы.

Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылында орналасқан мұражай-кешенінің тарихы XIX ғасырдан бастау алады. Кешен құрамында: 1828 жылы салынған Хан Сарайы, 1867 жылы ашылған Казначейчество, 1868 жылы ашылған Тарғын учас­келік мектебі, 1883 жылы ашылған қыздар мектебі сынды тарихи-архитектуралық ғимаратар және 1835 жылы салынған хан мешітінің негізінде қалпына кел­­­тірілген мешіт ғимараты бар. Оған қоса, кейінгі жылдары Орда ауылынан 4 шақырым жерде орналасқан Жәңгір хан, дәулескер күйші Дәулеткерей Шығайұлы, этнограф-ғалым Мұхаммед-Салық Бабажанов кесенелері де музей құрамына берілді.

Демалыс саябағы аумағынан ағып өтетін Шаған өзені үстінен жаяу көпір салу идеясы сәтті жүзеге асты. Енді қала тұрғындары мен қонақтары көпір арқылы өзеннің қарсы бетіне қатынап, ондағы веложолақта саулықтарын шыңдауға мүмкіндік алды.
Орта Азия сәулет үлгісімен салынған 1800 адамдық мешіт 2005 жылы қарашада, ораза айттың алғашқы күнінде ашылды. Ғимараттың биіктігі 14,45 метр. 41 метрлік екі мұнарасы ғимарат шатырынан тіке бой көтерген. Мұнара мозайкамен әшекейленіп, ақ түспен боялып, ұшар басына жарты ай белгісі қойылған. Күмбездің биіктігі 7 метр, 8 қырлы шыныдан жасалынған. Шынылы күмбез Германияда арнайы тапсырыспен жасалған. Салмағы 22 тонна. Күмбез үлкен залдың ауасын реттеп отыру үшін түйме арқылы ашылып жабылады.

Орда өңірін тұңғыштар мекені деп ауыз толтырып айтуға әбден болады. Мұнда қазақ даласында тұңғыш ашылған мектеп, дәріхана, қазынашылық мекемесі орналасқан. Сондай-ақ, фотоөнерін елімізге алғаш әкелген белгілі этнограф Шәңгерей Бөкеев түсірген фотосуреттермен де осы жерден танысуға болады. Музей-кешеннің қорында жалпы саны 16 мыңға жуық аса құнды жәдігерлер сақтаулы.

 

Мақаланың авторы: Тоқтар Кенжеғалиев
Фото: Мақсат Шағырбаев, Михаил Шпигельман, Мейірбек Тажкуранов

Жайық – Еуропа мен Азияны бөліп тұрған Орал тауы секілді қос құрлықтың ортасында орналасқан өзен. Орал, Атырау қалалары арқылы өтіп, Каспий теңізіне құятын өзеннің жалпы ұзындығы 2428 шақырым болса, 1084 километрі Қазақстан аймағында орналасқан.
Жәңгір хан ставкасын құм басып қалмас үшін 1832 жылдан бастап Орданың айналасына қылқан жапырақты орман еккізе бастаған. Орда орманы кейін мемлекет қарауына алынып, тәлімбақтар жасақталып, селекторлық жұмыстар нәтижесінде Нарын қарағайы дүниеге келді. Қазір Орда ауы¬лының маңайында 16405 гектар орман қоры бар. Жергілікті орманшылар хан ісін жалғастырып, жыл сайын 15 гектарға қарағай көшеті, құм көшкінін тоқтату мақсатында 80 гектарға ағаш егеді.
Орал қаласында отандық және шетелдік бүркітшілердің қатысуымен түрлі деңгейдегі турнирлер жиі өтеді. Қыран баптап, сұңқар салу қазақтың бойына сонау бабалардан берілген ата кәсіп, тарихы тереңнен тамыр тартатын тамаша дәстүр болып табылады. Сол себепті, «қансонарда бүркітші шығады» деген тіркес ұлтымыздың санасына әбден сіңген.
Торыатбас тауы Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында орналасқан. Оның етегінде сирек кездесетін емдік шөптердің көптеген түрлері өседі. Бұл жер әсемдігімен көрген жанды таңдай қақтырады. Таудың етегінде сирек кездесетін дәрілік өсімдіктер өседі.
Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля