Авторы: Арай Ізбай Фото: Серік Мұқыш
Бекзат өнер саналатын құсбегілікті таспалау идеясы қалай туды? Бұл жөнінде Қытайдағы қазақтар ішінен шыққан кәсіби фотограф – Серік Мұқыш былай деп әңгімелейді: «Мен ұзақ жылдар бойы фото өнерге арналған қытай тіліндегі жоғары сапалы газетжурналдарға үзбей жазылып келемін.
2009 жылы Бейжіңнен басылатын осындай бір журналды таңдай қаға, тамсана оқып отырғам. Кенет көзіме бір көрініс оттай басылды: кәдімгі қазақы киіз үйде білегіне бүркіт қондырған, беліне күміс белбеу таққан, басына түлкі тұмақ киген қазақ бүркітшісінің бейнесі. Керемет! Бірақ әлгі фотоның астына «моңғол аңшысы» деп жазып қойыпты. Бұл моңғол емес, қазақ бүркітшісі болатын. Авторы шетелдік фотограф екен. Дереу әлгі журналдың редакциясына телефон соқтым. Олар «келесі күні жауабын береміз» деді. Келесі күні жауап келді: «Бұл бізден кеткен қателік емес, фото авторы осылай жазған екен» деп суретті түсірген шетелдіктің телефон нөмірін берді. Алайда мен авторды іздеген жоқпын. Біріншіден, ағылшын тілін білмеймін, екіншіден бұл істің жауабын шетелден іздегенше қазақ бүркітшінің өзін тауып, жауабын соның өзінен алуды жөн санадым. Менің бүркітшілерді фотоға түсіру тарихым осыдан басталды».
Осылайша Серік Мұқыш Қытайда қазақтар тұратын Іле, Тарбағатай мен Алтайдың бүркітшілерін аралап, кейіннен Алтай өңіріндегі бүркітшілермен кездесіп, олармен көп әңгімелеседі. 2011 жылы халықаралық бүркітшілер мерекесі болатын Баянөлгей өлкесіне сапарлайды.
С.Мұқыштың айтуынша, шетелдік фотографтар да оған «Шындығында бүркіттің бабын тек қазақтар ғана жақсы келтіре алады» деген екен.
Сөйтіп, ол Баянөлгейдегі Халықаралық бүркітшілер мерекесін бастанаяқ суретке түсіріп, зор «байлыққа» кенелді. Еліне оралғаннан кейін сол суреттерді қытайлық басылымдарға жариялайды. Осы арқылы фотограф төрт мың жылдан астам тарихы бар құсбегілік өнерінің негізінен қазақ халқына ғана тән екенін жалпақ жұртқа жария етті.
2013 жылдан бастап өзі тұратын Алтай аймағының Шіңгіл ауданында қазақ бүркітшілердің түрлі шаралары ұйымдастырыла бастайды. Ал бұл фотолар сол Шіңгіл ауданындағы бүркітшілердің ортасынан түсірілген болатын.
Серік Мұқыш — Қытайда туып-өскен қазақ фотографы. Негізінен этнографиялық тақырыптарда жұмыс істейді.
ФОТО: ЕРБОЛАТ ШАДРАХОВ