Соғыс оты шарпымаған, жергілікті тұрғындардың ата кәсібі қой өсіру болып табылатын Атлант мұхитындағы – Фолкленд аралдары табиғатты бұзбай сақтаудың «нағыз» үлгісін ұсынады.
Фолкленд архипелагіндегі ең қашық арал – Стипл Джейсонның жартасты жағалауынан қарсы алдымдағы ғажайып көрініске аңтарыла қарап қалыппын. Дүниедегі ең ірі үйір – 440 мыңнан астам қара қасты альбатрос мұндағы тік жартастарға ұя салады. Төмендегі жағалаудан оңтүстіктің Рокхоппер пингвиндерінің жамыраған дауыстары естіледі. Ізбедерлі каракаралар жемтік іздеп, пингвин балапандарын не өлекселерін аңдып жүр.
Бұл жердің салқын суын оңтүстік-америкалық теңіз мысықтары, касаткалар, коммерсон және оңтүстік дельфиндері мен сейвал киттері мекен етеді. Суға түссең, таңғажайып балдырлар орманы, жебедей зулаған Папуас пингвиндері мен олардың артынан қалмайтын оңтүстік теңіз арыстандары өріп жүр. Тістеуіктерін көтеріп алып, шайқасуға дайын омар крильдері теңіз түбінде тізіліп тұр.
Көрініс керемет! Не десеңіз де, мен Фолкленд архипелагіндемін. Соғыс – ортақ тақырып. Аргентина жағалауынан шамамен 400 шақ. қашықтықтағы Британ аумағы 700-ден астам аралдан тұрады. Мұнда небәрі 3200-дей адам бар. Архипелаг тарихы Франция, Испания, Аргентина мен Ұлыбритания арасындағы ұзаққа созылған жер тартысымен белгілі, соғыс жарасы әлі сақталған. 1982 жылы Аргентина бұл жерді «Мальвин аралдары» деп атап, аймаққа баса-көктеп кірген соңғы қақтығыс – Біріккен Корольдіктің қысқа, бірақ тікелей араласуымен аяқталды. Шамамен 20 000 мина табылып, ландшафтқа өртенген тікұшақтар да құлаған. Шығыс Фолклендте әлі күнге дейін Ұлыбритания әуе күштерінің қолданыстағы аэродромы бар.
Бір таңғаларлығы, осыншама қақтығыстарға және қой шаруашылығы кең қанат жаюына қарамастан, аралдар ертегідегідей көрінеді. Фотограф ретінде отыз жылдық тәжірибем бар. Дәл мұндай жақсы сақталған экожүйе өте сирек кездеседі.
Соғыс өрті шарпымаған Стипл Джейсон мен көршілес Гранд Джейсонды Фолкленд аралдары ішіндегі ең үлкен табысты тәжірибе үлгісі деуге болады. 1970 жылы британдық құс «сүйгіштің» қолына өткенге дейін шамамен бір ғасыр уақыт адам аяғы баспаған аралдарда қой мен іріқара алаңсыз жайылып жүрді. Ол аралдарды жеке қорыққа айналдырғаннан кейін өсімдіктер қайта жандана бастады. 1990 жылдары Нью Йорк хедж-қорының «азулы серкесі» Майкл Стейнхард аралдарды сатып алып, 2001 жылы жұбайы Джуди екеуі Жабайы табиғатты қорғау қоғамына қайырымдылықпен сыйға тартады. Бүгін аралдар осы қоғамның иелігі мен қарауында. Мұнда мұқият бақылау арқылы зерттеушілер мен туристердің келуіне рұқсат етілген.
Бүгінгі күнге оралсақ, айналамдағы бар нәрсе табиғаттың өміршеңдігіне куә болады. Ұзындығы сегіз шақырым Стипл Джейсон аралында құстың 48 түрі тіркелген. Бірақ әлі де болса Фолкленд аралдарындағы ерекше бай тұмса табиғатқа төнген антропогендік қауіп-қатер бар: ластану, тіршілік ортасының деградациясы, мұнай дақтары, балықшы кемелері артынан сүйретілген ілмектер және климат өзгерісі. Мұхит суы арал маңында салқын, ал қашықтаған сайын жылы болуы теңіз құстары мен судағы сүтқоректілердің азық жүйесін бүлдіреді. Аралдар маңында көбейген мұнай барлау жұмыстары да алаңдаушылық тудырып отыр. Алайда Фолкленд аралдары тұрғындарының табиғатты сақтауға деген ынта-жігері жоғалған емес.
Биолог маман ретінде ешкім тұмса табиғат және адам зардабы тиген аралдар арасындағы айырмашылықты ойлаудан өзімді әрі қоя алмаймын. Стипл Джейсон аралынан қандай түйін шығара аламыз? Егер табиғатты өз еркіне тастасақ, үміт бар, қалпына келу бар. Аралдың ылдилаған жайлауы мен мұнарлаған тауларын шарласаң мың жыл артқа сапар шеккендей боласың. Экожүйе кіршіксіз. Табиғаты бас айналдырады. Жануарлар адамнан қорықпайды.
Олардың осылай қорқынышсыз қалуына не істеп көмектесе аламыз? Егер нәзік Жер шарымызға жай ғана ресурстар көзі деп қарауымызды жалғастырсақ, оның зардап шегуі тоқтамайды. Стипл Джейсон аралын жарқын мысал әрі шұғыл әрекетке шақырту ретінде қабылдау керек. Табиғатқа қарсы соғысты тоқтатып, оның гүлденуіне уақыт беру үшін Стипл Джейсон секілді адамдар керек-ақ…
Автор және фото: Пол Никлен
Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationa