..."/>
ТУМА ТҮЙСІКТЕР

Қысқышың қандай, жігітім?

nationalgeographic_2175213

Мына құм шаяндар «Gulf Specimen Marine Lab» ғылыми-зерттеу орталығында және Флорида штатының Панасея ауданындағы қоғамдық аквариумда түсірілген.

Ұрғашы теңіз шаяны өзіне лайық аталықты қалай таңдайды деп ойлайсыз? Қысқышына қарап таңдайды екен.

Ұрғашы шаянның кішкентай ғана симметриялық қос қысқышы болады. Ал аталық шаянның бір қысқышы кішкене, екіншісі тым үлкен болып келеді. «Үлкен қысқыш ұрғашының көңілін аулауға арналған», – дейді Луизиана штатындағы Николс университетінің теңіз биологы Закари Дарнелл. – «Бірқатар аталық шаяндарды сынап, олардың қазған індерін тексерген ұрғашы шаян, ең ақырында қысқышы көңілінен шыққан аталықты іздеп табады. Бәлкім, қысқышы үлкен теңіз шаянының дене тұрқы да ірі және басқаларына қарағанда шапшаң шығар». Оның бұлай деуінің себебі, аталық шаян денесінің жартысындай қысқышын емін-еркін сермей алса, шағылысуға да шамасы жетеді деген сөз.

Сосын қос шаян жағажай бойындағы іннің ішінде шағылысқан соң ұрғашысы жұмыртқалары жетілгенге дейін сонда болады. Ал аталық шаян қайтадан сыртқа ирелеңдей шығып, ініне басқа ұрғашыларды кезек-кезек алып келеді. Дарнелл жүргізген зерттеу барысында аталық қысқышының ұрғашыларды еліктіруден бөлек тағы бір қызмет атқаратынын анықтады. Ол ыстық құмда термореттеуіш қасиетіне ие екен. Қысқыш арқылы ішке енген ауа ыстықты бәсеңдетіп, дене температурасын төмендететін көрінеді. – Патрисия Эдмондс

МЕКЕН ЕТЕТІН ОРНЫ: Тропикалық және қоңыржай климаттағы жағалауды мекендейді

ҚОРҒАЛУ ЖАҒДАЙЫ: Тізімге енгізілмеген

БАСҚА ДА ДЕРЕКТЕР: Шаяндардың шамамен 100 түрі құм шаяндарынан тұрады

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля