Кристиан Ослюнд
Стокгольм, Швеция
Ослюнд туып-өскен жерде биік ғимараттар жоқ, сондықтан ол досының Гонконгтағы көпқабатты үйіне барған кезде, төмендегі көрініс оған ой туғызды. Ослюнд шатырда отырып, көшеде жатқан досына нұсқау беріп отыру үшін рацияны пайдаланды. Олар осы суретті түсіруге екі күн уақытын жұмсады.
Сюжеттің қалыпты бөлігі болып табылатын құстың самғау биіктігінен суретке түсіру және одан толық репортаж жасау сіздің жұмысыңызды сонылауы мүмкін. Бір затқа жаңа қырынан қарауда бір құдырет бар.
Мэри МакГрори, Your Shot фоторедакторы
Жоғарыдан төмен
«Фотоаппаратты төмен қарат» Your Shot мүшелеріне қойылған жалғыз ереже болатын. Олардың жұмыстарын журналдың әрбір нөмірлерінен және күн сайын онлайн қараңыз.
Танвир Хассан Рохан Дакка, Бангладеш
Нөсер жауын бір топ бангладештік балақайға жартылай салынған субұрқақтың жанындағы көк-жасыл суға шомылуға тамаша мүмкіндік берді. Рохан көпірден қарап тұрып, балалар секірген сәтте фотоаппаратын сыртылдата жөнелді. «Жоғарыда тұрып, су бетіндегі көлеңкелерді түсіріп алуға келгенде менің жолым болғыш», – дейді ол.
Ая Окава Сан-Франциско, Калифорния
Аралға барған Окава елдің ерекше табиғат көріністерін төбеден шарлап, шағын ұшақпен ұшып өтті. Ол көк, сары және қызғылт түсті өзендердің (минерал араласқан ағындар себебінен болар) үстіне келгенде, суретке түсіріп алуы үшін ұшқыштың айналып ұша тұруын өтінді.
Әлем кереметтері
«National Geographic Traveller» журналымен серіктесе отырып, біз «Your Shot» қауымдастығына журналдың бірінші бетіне лайықты сурет түсіру туралы қызықты да қиын талап қойдық.
Сви Онг Ву
Сингапур
Ву бұл суретті түсіргенде, Норвегиядағы Шпицберген архипелагының арктикалық шөлінде мотошана эскпедициясында жүрген болатын. «Мен бұл кезде мұз құрылымын зерттеп жатқанмын, – дейді ол. – Мүлдем жаңа әлемге тап болғандай сезімде болдым».
«Бізге 34 000нан аса жұмыс келді. Бұл – біздің ең жоғарғы көрсеткішіміз. Мына суретте аспандағы тылсым көк түс пен мұзды құз тамаша үйлесіп тұр».
Моника Коркоран, «Your Shot» директоры
Сенім
Сіз неге сенесіз? Біз «Your Shot» мүшелерінен қандай дүниелерден шабыт алатынын сұрадық. Ол киелі жерлер, не болмаса ең қарапайым қайырымдылық іс-әрекеттер болуы мүмкін еді.
Евгений Новиков
Минск, Белорусь
«Лой Кратонг» фестивалі кезінде будда монахтары аспалы балауыз шамдар жағады. «Бұл адамды керемет шабыттандырады,– дейді Новиков. – Адамдар тілеу тілегенде өткен келеңсіздіктерін ұмытады емес пе?».
«Сенім – адамға кейде толығымен үстемдік ететін терең сезім. Менің ойымша, бұл суреттердің ең әсерлі тұсы да осы».
Элизабет Крист, фото редактор
Сретама Датта
Калькутта, Үндістан
Бір әйел Калькуттаның шалшықты көшесінде етпетінен жатыр. Бұл – үнді халқының Донди аталатын салты. Мақсаты – Ситала әйел құдайынан бата сұрау. «Бұл сурет адам сенімінің қуатты күшін көрсетеді», – дейді Датта.