Авторы: Джереми Берлин Фото: Евгения Арбугаева
Танзанияның солтүстік-шығысындағы Усамбара тауының биігінде жүрсең, өткен шаққа өтіп кеткендей күй кешесің. Орманның ұйпа-тұйпасын шығарған модернистік үйлер, жергілікті флорамен мидай араласып кеткен Еуропалық ағаштар мен дәрілік өсімдіктер, қолданысқа дап-дайын күйде тұрған зертхана құрал-саймандары мен іші лық толы кітапханалар… Мұның бәрі – бүгінде уақыт кеңістігінде қалып қойған – Амани Хилл зерттеу стансасынан қалған дүниелер. Фотосуретші Евгения Арбугаеваны екі жыл бұрын Сібірден Шығыс Африкаға жетелеп әкелген тылсым да – осы. Оның мақсаты өткен шақты құжаттап, «осы бір қараңғы һәм тылсым мекеннің ахуалын беретін» бейнелерді дүниеге әкелу.
Арбугаеваны бұл жерге Осло Университетінің антропологы Вензел Гейсслер шақырған болатын. Ол құрамында ғалымдар, тарихшылар мен өнер адамдары бар халықаралық топпен соңғы бірнеше жыл бойы тропиктегі көне зерттеу стансаларымен шұғылданып жүр. Біріккен Корольдіктің зерттеу консулдығымен қаланған жобаның мақсаты осынау постколониалды ғылыми-зерттеу орындарында тұрып, жұмыс істеп келген адамдардың естелігін, әсері мен болашағын саралау болып табылады.
Аманидың әлі де қирап тұрған ештеңесі жоқ. Егде жастағы қарауылдар, кітапханашы мен бірер зертхана қызметкерлерінен тұратын штаттағы 34 адамның барлығы әлі күнге дейін суы мен жарығы жоқ үйлерде күн кешеді. Олар стансаның әлі де жұмыс істеп кететін күні туады деп үміттенеді. «Амани колониалды халыққа мұраға қалған ғылым мен прогрестің елесі болып өмір сүріп жатыр, — дейді Гейсслер. — Қаржыландыру 1980 жылдардың басында тоқтаған кезде, арман-мұрат та сонымен бірге кетті. Мұндағы адамдардың ой-санасында әлеуетті болашақ идеясы әлі де болса өмір сүріп жүр».
Амани немістердің ботаникалық бағы мен кофе плантациясы есебінде 19 ғасырдың соңында құрылған болатын. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ол Британияның безгек зерттейтін институтына айналды. Аталмыш мекемені 1979 жылы өз қолына алған Танзания ұлттық институт қызметкерлер жалақысын әлі күнге төлеп келе жатыр.
«Осы бір жердің көңіл-күйін, қасиеті мен әдемілігін» дәл бүгінгідей көз алдымызға әкелу үшін Арбугаева жан салып жұмыс істеді. Ол «жаратылыстану мен ауру түрлері жайлы шаңға көмілген кітаптарды майшамның жарығымен оқимын» деп қаншама күнін сарп етіп, зейнетке шыққан зертхана қызметкері Джон Мганганы тыңдаудан жалықпады.
«Ол әңгіме айтқанды жақсы көретін, – дейді Евгения. – Осында жұмыс істейтін адамдарды көз алдына қайта-қайта елестетеді. Джон «ауыз толтырып айтатын ғылыми жаңалық ашсақ, жоқ дегенде, соның басы-қасында жүрсек» деп армандайды. Оның Аманиден ажырағысы жоқ. Өткен күндерді қатты сағынады».
Гейсслер Арбугаевамен бірге жұмыс істеудің пайдасы ұшан-теңіз, өйткені ол «қызметкерлердің айтқан естеліктеріне қайта жан бітіре алады» дейді.