Каспий итбалығы… Өзіміз сөз етпек болып отырған бұл мақұлық өзінің тегін қазіргі уақытта Солтүстік мұзды мұхит жағалауына түгел дерлік тарап кеткен тюленьдер тұқымынан алады. Олар осыдан миллиондаған жылдар бұрын, әлі Каспий теңізі пайда болмай тұрған кездері, Солтүстік мұзды мұхит пен Паратетис теңізінің аралығын мекен еткен екен. Ал бұдан бес миллион жыл шамасында қазіргі Қара теңіз, Каспий және Арал теңіздері аумағын алып жатқан Паратетис мұхиттан іргесін біртіндеп бөліп ала бастайды. Кейінірек ол әлемге әйгілі мұхитпен аралықтағы су арнасын үзген соң, ондағы итбалықтар да ұлы айдыннан біржола алшақтап қалады. Бұдан кейін арада тағы миллион жыл өткен кезде Каспий жоғарыда аталған құрылымнан да бөлініп шығып, планетадағы ең ірі тұйық су бассейніне айналды.
Қазіргі кездегі Каспий теңізін мекен ететін итбалықтың зоологиялық тұрғыдағы жіктелуі былай. Олар жыртқыштар тегіне, сүтқоректілер санаты мен ескек аяқтылар түріне және аңдар тобына жатады. Бұған қоса, ол әлемдегі құлағы жоқ итбалықтар қатарына кіреді. Денесінің ұзындығы 120-150 сантиметр болса, салмағы 40-60 килограмм тартады. Оның қорегін су астындағы үйір-үйір болып жүретін ұсақ балықтар, негізінен килька құрайды. Бұларды тюлень 80 метрге дейінгі тереңдікке сүңгіп аулайды. Өмір сүру мерзімі 50 жылға дейін баратын ол әрбір 2-3 жылда бір күшік туады. Сөз етіп отырған тіршілік иесін ғалымдар мен жергілікті тұрғындар нерпа деп те атайды. Осылай делініп жүрген итбалық Каспий теңізінің барлық мүйісіне кеңінен тараған. Бірақ мұнда жыл мезгілдеріне қарай жаппай болып жататын маусымдық орын алмастыру кезеңдеріне байланысты олардың су айдынының белгілі бір аумақтарына көбірек жиналатын кездері болады. Мысалы, жазда тюленьдердің негізгі бөлігі теңіздің суы терең оңтүстік жағына қарай ауады. Тамыздың аяғында солтүстік пен шығыс бөлікке қарай шеру тартады. Ал жаппай үдере көшу қараша-желтоқсан айларында жүзеге асады. Тап осы уақытта Каспийдің теріскей қапталын жайлап алған тюленьдер теңіз аралдарының құмды шағылдары мен шығанақтарын басып қалады. Олар мұнда мұз қатқанға дейін тіршілік етеді. Қаңтар айында өзді-өзі үлкен топ құраған ұрғашы итбалықтар солтүстік-шығыс айдында жүзіп жүрген мұз сеңдеріне бет алады. Сол жерде қаңтардың аяғынан ақпанның ортасына дейінгі аралықта күшіктейді. Үстерін жұмсақ, аппақ түк жапқан шақалақтар жалаңаш мұздың үстінде жатады. Сол кезде бұл күшіктердің әрбірінің ұзындығы шамамен 60-65 сантиметрдей, ал салмағы 3,5-4 килограмм төңірегінде болады. 3-4 аптаға дейін енесінің сүтімен қоректенген олар осыдан соң өз бетімен өмір сүруге әрекеттенеді де наурыздан бастап түлей бастайды. Ал сәуір, мамыр айларында теңіз бетінен мұздар толық кеткен кезде, итбалықтар үйір-үйір болып топ құрайды. Сөйтеді де, тағы да оңтүстікке шеру тартады.
Итбалықтың Каспийдегі осы бір ерекше түрі қазір құрып кетудің қаупінде тұр. Соңғы 100 жылда оның саны 90 пайызға дейін қысқарған. Егер ХХ ғасырдың басында өзіміз сөз етіп отырған теңіздегі тюленьдер 1 миллионнан артық болса, тиісті ведомстволық мекемелердің аэротүсірілім арқылы анықтаған 1989 жылғы деректері олардың 400 мың мөлшерінде екенін, 2005 жылы 111 мыңға түскенін, ал 2012 жылы 100 мыңнан да аса алмай қалғанын көрсетіп беріп отыр. «Бұл неліктен?» – деген сұрақ туады осы арада. Оның күрт азайып кетуінің себептері көп. Бұған кезінде оларды аямай, бейберекет аулаудың кері әсері болды. Содан соң теңіздің ластануы. Браконьерлер құрған аулардан келген залал да аз емес. Ақыр соңында теңіздегі тюленьдерге қажет азық-түліктік базаның өзгеруі жағдайды кәдімгідей қиындатып жіберді.
Енді әңгімені осылардың алғашқысы – итбалықтарды аулаған кәсіпшіліктердің залалы мен зардабынан бастайық. Ондай артельдік шаруашылықтар Каспий су айдыны аумағында түу сонау 1867 жылдан бастап жұмыс істеген. «Не үшін?» – дейсіздер ғой. Терісі киімге, майы сабын өндіруге қажет шикізат сол кезден күні кешеге дейін өте өтімді тауар болған. Әзербайжан Ғылым академиясының бөлім меңгерушісі Саид Гусеинов тюлень аулау ХІХ ғасырдың соңындағы әр жыл сайын 30-40 мың бас көлемінде болса, ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде бұл цифрдың 110 мыңға дейін жеткенін, содан кейінгі кезеңде 50-40 мыңға түсіп, бертінде 20-15 мың деңгейімен шектелгенін айтады. Ал бізде ше?
Бұл сұраққа жауапты жазушы Сәбит Мұқановтың 1954 жылы жарық көрген «Саяхаттар» кітабынан табамыз. 1947 жылы Сәбең өзін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына ұсынған сайлаушылармен кездесу үшін Гурьев облысына барады. Сонда Форт-Шевченко қаласындағы балық тресінің директоры Кривохижин деген адаммен кездеседі. Сөзден сөз туып отырып тақырып трестегі әр жылдары ауланған балық көлеміне келіп тіреледі. Оған жауап берген директор теңіздің бұл мүйісінде сазан, қортпа, шабақ қана емес, тюлень кәсіпшілігі де бар екенін айтып, нақты мәліметтер келтіреді. Сондағы цифрларға қарағанда, 1934 жылы мұндағы шаруашылықтар 118 мың итбалық аулаған. Содан кейінгі әр жылда жоспар орындау 50 мыңнан төмен түспей келіп, 1946 жылы кездейсоқ көтеріледі. Колхозшылар орталыққа 85 мың итбалық жөнелткен.
Құжаттарға қарап отырсақ, мемлекет тарапынан берілетін жоспарлы түрдегі тюлень аулау тапсырмасы 1960-1980-жылдар аралығында бәсеңдей бастапты. Бұған сол кездегі РСФСР, Әзербайжан және Қазақстан ғалымдарының дабылы, итбалықтан алынатын май мен теріге балама шикізаттардың табылуы әсер еткен тәрізді. Ал 1990-жылдары… Одақтың ыдырауы, соған байланысты түрлі мекемелер арасындағы байланыстардың үзілуі тюлень аулау кәсіпшілігінің қажетсіз екенін көрсетті. Содан бастап мұнымен шұғылданатын мекемелер тарап, олардың шхуна, баржа, қайықтары Форт-Шевченко айлағында еш әрекетсіз тұрды да қойды. Шіріп, тот басқан соң металл қалдығына өткізілді. Сөйтіп, тюлень аулау тоқтатылды.
Жоғарыда біз итбалықтардың өсіп-өнуіне зиянын тигізіп жатқан теңіздің ластануы деген пікір айтқан едік. Енді соған келер болсақ, мәселе былай. Каспий суы ауыр металдардан құралатын улы химикаттардың әсерінен, сондай-ақ, су құрамына жат элементтер түрлерінен бүлінуде. Ал ол қайдан келеді? Бұған антропогенді және табиғи деп аталатын екі фактор әсер ететінін айтады 2013 жылы Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институты шығарған «Каспий аймағы: көкейкесті проблемалар» атты жинақта. Мұның біріншісіне адамның тіршілікке қажет өндірістік-шаруашылық әрекеттері, мысалы, сөз еткен өңірден мұнай-газ өнімі сияқты минералдық байлықтарды алу кезіндегі теңіз суының бүлінуі жатады. Табиғи фактор деп аталатын екінші себепті біз теңіз деңгейінің шектен тыс көтеріліп келе жатқанынан іздестіреміз. Осының салдарынан Каспийдің Атырау мен Маңғыстау өңірлеріндегі жағалауға жақын жерлері су астында қалуда. Ал бұл деген кешегі мұнай өндірген ұңғыма-скважиналар, ондағы кенттердің шайынды сулар жинақталған тоспа-катакомбалары мен уранның ашық қалған карьерлері және ауыл төңірегі мен мал фермалары жанындағы төбе-төбе боп үйілген қоқыстар деген сөз. Осылардың бәрі теңіз деңгейінің көтерілуіне байланысты су астында қалып, айдынды ластауда. Мұның салдары итбалықтардың иммунитетін әлсіретіп, олардың арасында жұқпалы аурулар таратуда. Оның дәлелі 1999 жылдан бері ұрғашы тюленьдердің бедеулікке ұшырауы және оқтын-оқтын қырылып қалуы.
Сөзіміз құрғақ, жалаң болмас үшін біз мынадай баяндау тәсіліне көшуді жөн көріп отырмыз. Ол – Каспий суы ластануының «күнәкары» – антропогенді және табиғи факторлар тізбесінің бәріне емес, басты-басты екеуіне бір-бірден мысал келтіру. Сонда әңгіме нақты болмақ. Олай болса, бірінші, теңізден алынатын мұнайдың сол өндірілген жер немесе суға әсер ететін «әттеген-айынан» бастайық. Бұл туралы осыдан біраз уақыт бұрын ғалым Жанұзақ Әкім тюленьдердің Маңғыстау жағалауларындағы кезекті қырылуына байланысты Қазақстан баспасөз клубы өткізген дөңгелек үстел басындағы пікіралысуда былай деген-тін. «Теңіздер мен аралдардағы мұнай өндіру кезінде апатты жағдайлар болып тұрады. Мәселен, «Энрон» компаниясы Аляскада 50 мың тонна мұнайды төгіп алды. Мексика шығанағында да сондай оқиға болды. «Бритиш петролеум» Антарктикада жағалауында ондаған мың тонна қара алтынын мұхитқа кетіріп қойды. «Озық технология» деп қанша мақтасақ та техниканың аты – техника. Ең таза дегеннің өзінде мұнайдың 0,1 пайызы сыртқа төгіліп отырады екен. Егер біз, мысалы, жылына Каспийден 100 миллион тонна өнім өндірсек, ешқандай апат болмаған күннің өзінде соның 10 мың тоннасы теңіз суына технологиялық қалдық боп жайылады деген сөз. Енді: «Ал сол, яғни, шартты түрдегі жоғарыда аталған 10 мың тоннаның экологияға қандай зияны болуы мүмкін?» – деген сұраққа келейік. Бір ғана мысал, ашық мұхитқа шығып жатқан Мексика шығанағында ондаған мың тонна мұнай төгілгенде, соның зардаптарын жоюға 10 жыл уақыт кеткен. Ал, Каспий тұйық теңіз екені белгілі. Екінші, Қазақстанның акваториясы мұнда өте таяз. Тереңдігі 2-15 метр аралығында. Басқасын былай қойып, жоғарыдағы екі жағдайды еске алғанда, теңіздегі тіршілік иелерінің қазіргі ахуалына осылардың өзі өте ауыр тиіп жатыр-ау деген ойға келесің».
Енді Каспийдің ластануына табиғи фактор тудыратын көңілсіз көріністерден бір мысал келтірейік. Ол – теңіз деңгейінің көтерілуіне байланысты қайраңда қалып қойған мұнай ұңғыма-скважиналары. Жасыратыны жоқ бұлар әбден пайдаланылып болған дегеннің өзінде оның әрқайсысында қалдық қара май және жинақталып қалған газ бар. Бұл – қатер. Қауіп. Неге десеңіз, мұндай ұңғыма-скважиналар баяу жарылатын миналар сияқты. Бір күні құбырлардың асығыс бекітілген тұсы тесіліп, мұнай мен газдың бұрқағы атқылауы мүмкін. Ал ол деген теңіздегі тіршілік иелерінің қырылуы, өз күнін өзі көріп жүрген балықтар мен тюленьдердің өмір сүруін тоқтатуы. Мұны біз емес, осы істің маманы, бұрынғы Мәжіліс депутаты Еркін Шпанов айтып отыр. 2014 жылдың 23 сәуіріндегі тиісті ведомстволарға жолдаған хатында ол төмендегі жайларды ашына баяндайды. «…Оларды (мұнай телімдерін – авт.) құрлықта бұрғылады. Алайда, теңіз деңгейі көтерілген 90-жылдары ұңғыма-скважиналардың бір бөлігі су астында қалды. 2004 жылы бұлардың қауіпті дегендерін жою бағдарламасына мемлекет 3 миллиард теңге бөлді. Бес жыл ішінде 47 ұңғыма жойылып үлгерілді. 2009 жылдан бастап жұмыстарды қаржыландыру тоқтатылды. Қазіргі кезде қанша ұңғыма-скважинаның бар екенін ешкім білмейді, өйткені, ешқандай зерттеу жүргізілген жоқ. Әртүрлі дерек көздері Атырау облысының аумағында, теңіздің солтүстік бөлігінде цифрлар 1400-ден 2000-ға дейін өзгеріп тұратынын айтады. Қараусыз қалған ұңғымалардың мәселесі тек аталған облыста өткір болып тұрған жоқ. Бұл көршілес Маңғыстау өңірінде де мәз емес. Онда 229 ескі ұңғыма су астында қалған. Бұл мұнайлы аймақтың ортақ қасіреті. Мамандар 10 жылда металдың тот басатынын айтады. Сондай жағдайда бір кездері асығыс жауып кеткен ұңғымалардың құбырлары ерте ме, кеш пе тесілуі мүмкін. Әсіресе, тұздылығы жоғары су ортасында тұрғандары өте қауіпті. Сондай ұңғымалардан мұнайдың ағуы Оңтүстік – Батыс, Тәжіғали және Прибрежный кен орындарында болды. Оларды консервация жасау орасан күш-жігерді қажет етеді».
Міне, сол кездегі Мәжіліс депутаты Еркін Шпанов шырылдағандай, Каспий суы ластануының көкесі қайда жатыр? Бұған анықтама беру артық қой деп ойлаймыз. Бізді толғандыратыны: «Осыдан 5 жыл бұрын ғана көтерілген сол мәселе алға жылжыды ма?» – деген сауал. Қаражат бөлініп, жұмыс қолға алынып жатса, оны қазіргі топан-сел ақпараттардың ішінен неге көрмейміз, қалай естімейміз? Мүмкін Үкімет бұл бағыттағы іс-шараны онша дабыра қылмай атқарып та жатқан шығар. Бірақ, бізге белгілісі, осы уақытқа дейін «баяу жарылатын үнсіз мина» – 2000 ұңғыма-скважинаның бәрін тастай ғып толық бекітіп үлгермегеніміз анық. Себебі, оның алдындағы, яғни, 2004-2009 жылдары бар болғаны 47 ұңғыма әрең жабылып, қауіпсіздендірілді ғой. Ал мына 2000 скважина…
…Жә, мақаламыздың басында біз Каспийдегі итбалықтардың мүшкіл жағдайына әсер ететін келеңсіздіктердің қатарына тюленьдер талғажу ететін қоректік заттардың азайып кетуін де қосқан едік. Енді сол жөніндегі ойымызды шиырып айтайық та әңгімемізді аяқтайық. Ол былай. Егер бұрын мұндағы итбалықтар негізінен осы судағы килькалардың алуан түрлерімен қоректеніп келсе, қазір көбіне-көп бұзаубас балықтарды талғажу ететін болды. Ал Каспий килькалары 2002 жылы теңіз түбіндегі сейсмикалық өзгеріске байланысты кездейсоқ шығып кеткен газдан қатты зардап шекті. Сөйтіп, олардың мөлшері бірден 40 пайызға кеміп кетті. Бұл – бір. Екінші, кейбір шет мемлекеттер қазір біздің мұнайды танкерлер арқылы тасиды. Жерорта, Қара теңізден келетін олар Каспийдегі Ақтауға жеткенге дейін жүгі жоқ бос кеме аударылып кетпес үшін цистерналарына су толтырып алып келеді. Маңғыстау портынан мұнай алар тұста әлгі суды айлаққа төгеді. Ал онда Каспийде жоқ медуза қоңызы бар. Бұл жәндік уылдырық пен кильканың жауы. Осыдан келіп біздің тюленьдердің тамағы азаю үстіне, азаюда. Сол себепті, бүгінгі таңда итбалықтардың өздеріне қажетті мөлшердегі калорияны ұстап тұруы үшін бұрынғыға қарағанда, екі есе көп күш жұмсауына тура келіп отыр. Бұдан кейін олар азбағанда қайтсін! Міне, осындай антропогенді және табиғи факторлардың салдарынан Каспий теңізіндегі тюленьдер соңғы 16 жылда 5 рет қырылды. Бұлардың ішіндегі 2000 жылғы көрсеткіш адам шошырлық. Сондағы мамыр-маусым айларында Қазақстан, Ресей, Әзербайжан және Түрікменстан жағалауларынан итбалықтардың 30 мыңнан астам өлі денесі табылды. Оның 10 мыңы Қазақстанға қатысты су айдынынан шыққан. Статистика содан кейін теңіздің біз жақтағы бөлігінен 2001 жылы 6 200-дей, ал 2007 жылы 1000-ға жуық тюленьнің өлгенін айтады. 2012 жылғы цифрда нақтылық жоқ. Оны мамандар дөп басып айта алмай отыр. Бұл жерде біз теңіздегі зардап шеккен басқа тіршілік иелерін ауызға алғымыз келмейді. Әңгіме тек тюленьдер туралы болып отыр. Осының бәрі демесек те дені Каспий суы ластануының қалыпты деңгейден бір жерде 1,5, екінші жерлерде 3,8 есе артып кеткендігінен туған келеңсіздік екені анық.
Теңіз айдынындағы итбалықтар… Олардың қазіргі жағдайы қандай? Енді осы сұраққа нақты жауап беруге тырысып көрелік.
«Өткен ғасырдың 80-жылдарының ортасында зерттеушілер Каспийдің Қазақ шығанағындағы Кендірлі түбегінен тюленьдердің ірі жатағын тапқан еді – дейді республикамыздағы Гидробиология және экология институтының директоры, биология ғылымдарының кандидаты Мірғали Баймұқанов. 2018 жылдың 18 қыркүйегінде «Курсив.кз» тілшісіне берген сұқбатында. – Бірқатар жылдар бойы біз оны бақылауға алып, тюленьдердің тіршілігі мен өсіп-өнуі жөнінде едәуір мәліметтер жинастырдық. Бәріміз тізе қоса отырып, осы жатақты сақтап қаламыз деген үмітте болдық. 2009 жылы біз ол жерден 700-ге жуық тюлень санаған едік. 2016 жылы бар-жоғы 500-дейі, бір жылдан кейін бірнеше ондығы ғана қалғанын байқадық. Ал 2018 жылы бірде-бір тюленьді кездестіре алмадық. Біздің пікіріміз бойынша, бұл – өте қауіпті белгі. Жағдайды апатты деп айтуға болады. Мұндай көрініс жалғыз Кендірліде ғана емес, Каспийдің қазақстандық бөлігінің барлығына да ортақ деп білеміз».
Тюленьдер Кендірлі түбегін көктем мен күзде түлеу және жатақ үшін пайдаланған. Олардың санының бұл жерде күрт құлдырауын ғалымдар, ең алдымен браконьерліктің көбеюімен байланыстырады. Моторлы қайықтардың шуы, құрылған аулар, мылтықтың үні мен арал жағалауының бекіре тұқымдас балықтарды соятын орынға айналуы тюленьдерді өздерінің тұрақты жатақтарын тастап кетуге әкелуі әбден мүмкін. Ал олардың басқа аралдардан кету себептері туралы ғалымдар әртүрлі болжамдар айтады.
«2011 жылы Дурнев аралында 30 мыңға жуық Каспий тюлені шоғырланды. Бірақ бес жыл өткеннен кейін олардың саны едәуір азайып кетті. Біз мұны теңіз деңгейі суының төмендеуімен байланыстырған едік. Осы жағдайға орай өздері үшін өте қолайлы аралға жету қиындығы туындаған болар деп есептегенбіз. Өйткені мұндай аралдардың жатақ ретіндегі маңызы осындай өзгерістерге байланысты жойылатыны бар. Ал былтырғы жылы біз ол жерден бірде-бір тюленьді кездестіре алмадық, тіпті іздері де қалмаған», – дейді сөзін жалғаған ғалым.
Мамандар тюленьдердің азаю себептерінің ішінде мұзжарғыш кемелер әсеріне ерекше алаңдаулы. Солтүстік Каспийдегі аңдардың өсіп-өнуі кезінде корабльдер олардың мұз үстіндегі балалайтын жатақтары қасынан өтеді.
«Теңіздің бұл бөлігінде мұзжарғыш кемелердің тюленьдер үйірімен соқтығысқанын дәлелдейтін ғылыми жұмыстар бар. Мұның өзі итбалықтардың тікелей өліміне, сондай-ақ күшіктердің анасынан айырылуына немесе көз жазып қалуына әкеледі», – дейді әңгіме иесі.
2015 жылы Гидробиология және экология институты Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп, Каспийдің қазақстандық секторындағы тюленьдер жатақтарын анықтау жөнінде зерттеу жұмыстарын жүргізген. Нәтиже көңіл көншітерлік емес. Теңіз бетінде тюленьдер үшін оңаша және қауіпсіз орындар барған сайын азайып келеді. Тіпті мұндай орындар таяудағы уақыттың өзінде құрып бітуі мүмкін деген ой түюге болады.
«Келесі зерттеуді біз үстіміздегі, яғни, 2019 жылдың көктемі мен күзінде жүргізуді жоспарлап отырмыз. Бірақ үлкен бір проблема, бізді қаржыландыру, өкінішке қарай, айтарлықтай қысқарды. Қазір қосымша көздерді іздестірудеміз. Каспий тюлені, шынымен де өте азайып кетті ме, әлде олар басқадай бір жаңа аралға көшті ме, мұны неғұрлым ертерек анықтап, нақты жауабын беруіміз керек», – деді сөзінің соңында Гидробиология және экология институтының директоры Мірғали Баймұқанов.
Каспий тюлені… Ол экономикалық жағынан соншалықты пайдалы демесек те, түр ретінде бағалы аң ғой. Орталық Азияда жоқ, Қазақстанның батысында ғана бар, өзіндік ерекшелікке ие тіршілік иесі. Ол сонысымен құнды. Бүгінде осы бейкүнә, момын жануар қамқорлыққа зәру.
Авторы: Жанболат Аупбаев, фото: Сәкен Ділдахмет