..."/>
ТАБИҒАТ

Қоқиланған – қоқиқаз

Фото Біләл Арслан

Қоқиқаз – қырлы төсті құстар отрядына жататын сирек құстардың бірі. Олардың бойы жер бетінде бар құстардың ішінде ең биігі, ал аяқтары мен мойны ең ұзын. Дене тұрқы жабайы сарыала қазға ұқсайтындықтан оны кейбір қазақтар «қызылқаз» деп те атайды. Қораздарының бойы 120 сантиметрге, салмағы 4,5 килограммға дейін барады.  Тұмсығының екі жақ жиегіндегі тілімделген «тісшелері» қорек іздегенде сүзгіш қызметін атқарады. Қоқиқаздың ерекшелігі сол олар топтанып өмір сүреді және кей күндері бірнеше мыңы бір жерге жиналып алып, айналаны күлгін түске бояп тастағандай әсер қалдыратын кездері де болады. Ұзын мойнының пішіні латын тіліндегі «S» әріпі тәрізді иіліп, қоқиланып тұратындықтан «қоқиқаз» аталып кеткен. Олар көп жағдайда субтроптиктік аймақтарда тіршілік етеді. Орталық және Оңтүстік Америка, Африка елдері мен Еуразия континентінде бұл құстың 6 түрі тіршілік етеді. Ал біздің еліміздегі күлгін қоқиқаздарды Шалқар көлдері, Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалаулары, Асаубалық, Қоқай, Есей, Қорғалжың, Сұлтангелді, Үлкен және Кіші Қараөткел секілді су айдындарынан көруге болады. Қоқиқаз қазақ жеріне наурыз-сәуір айларында ұшып келіп, қазан-қараша айларында жылы аймақтарға ұшып кетеді. Көбіне суы таяз, әрі өте тұзды көлдер мен теңіздерде тіршілік етіп, шаян, ұлу, балдырлар мен су өсімдіктерімен қоректенеді.

Қазақстандағы Қорғалжын қорығында қоқиқаздар арнайы заңменен қорғалып, Халықаралық табиғат қорғау одағы мен Еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілген.

Фото: Біләл Арслан

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля