Көктем келісімен әлемнің түкпір-түкпірінде қаулап өсетін кәдімгі бақбақ гүлінен тосап, шарап пен шипалы сусын жасап ішетін елдер де баршылық. Олардың ішінде бақбақты отбасы мүшелерін сәтсіздіктен қорғаушы, денсаулықты сақтаушы «күннің егізі» деп санайтындары да бар. Расымен де ол гүл күн шығыстан шыққанда шығысқа, төбеге келгенде басын тік көтеріп, ал күн ұясына батқанда жабылып қалатын қасиетке ие.
Бақбақ – астралы гүлдер тұқымдасына жататын көп жылдық гүл. Біздің елімізде ол гүлдің дәрілік бақбағы мен көксағыз бақбағын жиі кездестіруге (әлемде бақбақтың бір мыңға жуық түрі бар) болады. Бұл гүлдің қай түрі болмасын негізінен шалғынды, көгалды жерлер мен тау бөктерінде өседі.
Сәуір-мамыр айларында гүлдеп, маусымда дәнектері піскен бойда желмен тарайды да, ал қураған тамыры мен сабақтары мал азығы ретінде пайдаланылады.
Ал оның құрамында С және В2 витаминімен қатар, кальций, фосфор, темір, магний және марганец секілді минералдар мол болғандықтан Швейцария, Чехия мен Францияда қолда өсіріледі. Бақбақтың сөлі тәбет ашып, ас қорыту жұмысын реттеп, қанды тазартса, ал одан жасалған тағам түрлері бауыр мен зат алмасу қызметін жақсартады.
Фото: Ерболат Шадрахов